07.07.2024

Елімізде білім саласындағы үштілділік мәселесіне қоғам қайраткерлері нақты қарсылық білдірді

Елімізде білім саласындағы үштілділік мәселесіне қоғам қайраткерлері нақты қарсылық білдірді. Әсіресе, мектеп қабырғасында жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспары бүгін Алматыда өткен қоғамдық талқылауда ашық сынға ұшырады. Тіпті бұл қазақ тілін ғылым аясынан ығыстыру  процесі деген пікірлер айтылып, 25 жылда 13 министр ауысқан Білім және Ғылым министрлігі өкілдеріне көпшілік сансыз сауал қойып, тергеуге салды.

Қоғамның әр саласынан: ақын-жазушы, саясаткер, ғалым, ұстаз, шенеуніктерден құралған жүз шақты адам үштілді оқыту мәселесін талқыға салды. Министрлік өкілдері 2019 жылдан бастап жаратылыстану бағытындағы пәндер тегіс ағылшын тілінде оқытылмақ дегенде көпшілік шу ете қалды. Балабақшадан бастап ағылшынша оқытуды қолға алған білім жүйесін сынға алған Мұхтар Шаханов Жапониядағы тіл саясатын мысал етті.

МҰХТАР ШАХАНОВ, Ақын, қоғам қайраткері:

- Жапондарда бала 12-ге келгенше тек қана ана тілінде тәрбиеленеді. Өйткені, бүкіл ана қуатын бойына сіңіру керек. Өзінің ана тілінің бір қырын толық меңгеру керек. Бізде екі жасар балаға балабақшада үш тіл үйретуге көштік.

Белсенділер 2013-14 жылдары бұл реформаны енгізбей тұрып түсіндіру жұмыстарын жүргізбегені үшін министрлік өкілдеріне шүйлікті. Ал мектеп бағдарламасын басқа тілге жаппай көшіру үрдісі әзірге нақты қабылданбаса да, әне-міне күшіне еніп кетуі әбден мүмкін. Оның ішінде Қазақстан тарихы пәнін қай тілде оқытатын мектеп болса да, тек қазақ тілінде оқыту ұсынылыпты. Керісінше оқушылар 2019 жылдан бастап дүние жүзі тарихын тек орыс тілінде ғана оқымақ.

ЖАҢЫЛ ЖОНТАЕВА, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:

- Физика, химия, биология, информатика пәнін 10-11 сыныпта ағылшын тілінде беру ұсынылды. Бағдарламасы әзір жұмыс тобында талқылануда.

Басынан дау арылмаған Білім министрлігінен академик Асқар Жұмаділдаев енді дамып келе жатқан қазақ тіліне бұлайша бөгет жасамауды сұрап, шарт кесті. Оның айтуынша, жаратылыстану пәндерінің барлығы оқу әдістемесі қалыптасқан қазақ тілінде оқытылуы тиіс. Олай болмаса, ана тіліміз тұрмыстық қажеттілікке ғана жарап, ғылыми тіл болудан шығып қалады дейді.

 АСҚАР ЖҰМАДІЛДАЕВ, Академик:

- Біз қазақтың тілін бай дейміз. Бай болатын болса, егер орта мектепті оқытуға жарамаса, ол байлықтың не керегі бар? Ауылдың балалары шет елге бара алмайды дейді. Бұл нәрсе күлкілі көрінеді. Сонда біз шет елге бару үшін оқытамыз ба? Тарихты қазақ тілде оқытатын болдық жетістік қылып отыр. Жетістік емес бұл, күлкілі нәрсе.

Қоғам қайраткерлері министрлік өкілдеріне үштілділікке қарсы 4000 адам қол қойған хатты табыстады. Көпшілік білім беру жүйесінде ұлттық тілге мән берген жапондық үлгіні қолдайтындарын да жеткізді. 91-ші жылдан бері реформаға жиі ұшыраған аталған секторда он үш министр ауысып, әлі күнге дейін ешбірі тиянақты жұмысымен ел есінде қалмаған. Сондықтан қазіргі министр Сағадиевтің ағылшынша оқуға әуестігіне де күдікпен, күмәнмен қарайды.

Манас Қайыртайұлы, Думан Сүлейменов

31 арна

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here