30.10.2024

Білім министрінің ел ағаларына пысқырмағаны несі?

15 сәуір күні Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнер мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің ұйымдастыруымен қазақ тілді оқулықтардың сапасын сарапқа салған отырыс болды. Әрине, білім саласында өзекті мәселенің бірі болғасын, ол жерден біз де төбе көрсеттік. Жиналысқа қонақтарды шақыруын шақырған екен. Мүйізі қарағайдай жазушы, ақсақал зиялылардан тартып, депутаттар, екі бірдей министр қатысты. Шынымен де, кілең жақсы мен жайсаң бас қосқан алқада айтылмайтын сөз, бітпейтін шаруа қалмайтындай көрінді. Естеріңізге сала кетейін, «Мирас» қоғамдық кеңесі бұған дейін де бірнеше мәрте бас қосулар жасап, алдарына нақты бағыттар мен жоспарлар жасаған-ды. Соның бірі, осы Отандық оқулықтардың сапасын зеттеп, зерделеу еді. Бұл жиналыс та соның қорытынды есебі секілді еді.

Хош, сөйтіп кілең ығай мен сығай иін тірескен бұл шараның тізгінін «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты -Мәулен Әшімбаев ұстады. Сөздің биссмилласын білім министрі бастады, алдында жатқан ақ парақты байыппен асықпай, ежіктеп оқып шыққан Аслан Сәрінжіпов мырзаның сөздерінен осы жиналысқа қатысты ештеңе ұға алмадық. Тек біз емес, зиялы қауым сұраулы көзбен бақырайды да отырды. Осыған қарағанда келе жатып жаздырған дайын мәтінге алдын-ала бір қарап та шықпаған көрінеді. «Оқулықта мынадай олқылықтар бар» немесе «мына мәселелер өзекті болып отыр, соны түзетудеміз» – деген бірер сөзді құлағымыз күткендей болды. Бірақ, үміт ақталмады. Екінші болып сөз алған су жаңа мәдениет министріміз тіптен бұл жиналыс не тақырыпта, не мақсатта өтіп жатқанын білмей келген екен, білген де жоқ. Сөзді қазақ тілінің даму жағдайынан бастап, қазақ тілінің дами беретіндігінен аяқтады. Арасында өзі келгелі тілді дамыту мақсатында атқарған бірер шаруаның шетін шығарған болды. Асекең шамасы «қазақ тілді оқулықтардың сапасы» деген сөзді көре сала, неде болса, баяғы тіл мәселесі болды ғой деп ойласа керек. Тіл туралы бастап, тілмен аяқтап, білім жағына, қазақ тілді оқулықтардың сапасы мәселесіне ат басын бұрмай өте шықты. Қайта, қос министрден гөрі келгендердің аузын аңқитқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, жұмыс тобының жетекшісі Динар Нөкетаева болды. Жасаған баяндамасында мектептегі оқулық мәселесін жан-жақты зерттеп, ондағы қателіктерді жіпке тізген маржандай етті. Жалпы сараптамадан өткізген 173 қазақ тілді оқулықтағы қателіктерді пайыздап көрсетіп, мәселені жіліктеп, жіктеп тұрып көрсетті министрге. Отырғандардың біразы кейбір статистикалық мәліметтерге келгенде бас шайқамасқа амалы болмай қалды. Осыдан кейін айтылған әр сынның «адресі» тіке өзіне адаспай барып жатқанын аңғарса керек, министрдің ауа-райы бұлттана бастады. Тек министр емес, кінәратқа өздерінің қатысы барын білгенде оқулық шығаратын баспалардың өкілдерінің де түстері сұрланып, дегбірі кетіп отырды. Өйткені, оқулықтағы өрескел қателік үшін жалпы білім беру жүйесіне қатысты барлық саланың жауапкершілігі бар екені айтпаса да түсінікті. Талқыға түскен тақырыпты одан әрі қыздырған қашан көрсең ұлт тағдыры, ұрпақ қамы десе алдыңғы шепте жүретін Бекболат Тілеухан болды. Бұл жолы ол да арнайы дайындалып айтар ойын жинақтап нақты дәлелдермен және ұсыныстармен келіпті. Бәрінің илеп отырғаны – бір терінің пұшпағы. Дегенмен, Бекең оқулық мәселесінің бизнеске айналып кеткенін айтып салды да, «ренжімеңіздер, мен тек ата-ана ретінде халықтың атынан келіп тұрмын, оқулық мәселесі оңалсын десек, оны ЖШС-інің қолынан алу керек, оны бизнеске айналдыруға болмайды, жауапершілігі шектеулі серіктестікке ұлттың шексіз құндылығын ұстатып, ойынға айналдырып қойдық» – деді. Осы жерден бастап шыр-пыр болған баспа мен министрліктің өкілдері тек өздерін ақтаумен болды. Бәрінің айтатыны: «көш жүре түзеледі»-мен өздерін ақтап қалу. Олардың қатарынан шындап ұрпақ болашағы үшін алаңдап отырғандардың қарасы көп емес екенін көріп, қарнымыз ашты. Парламент сенатының депутаты Алдан Смайл «Ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқытуға болмайды, бұл ұрпақты жаппай сауатсыздандырады, бұл әлемде болмаған тәжірибе, мұны қолға алсаңдар ұлтты жоясыңдар» – деді. «Арнайы министрге кездескенде айтып қалайын, халықтың мұңын айтар депутатпын ғой»- деп келген секілді Алдан ағамыз, енді 2015 жылдан бастап қолданылатын жаңа бағдарламаның сорақы тұсын бір-ақ ашты: «Айналайындар-ау, әліппе қайда? Балаға бірінші сыныпта әліппені үйретпей тұрып «Қазақ тілі мен әдебиеті» деген пәнді оқыту деген қайдан шығарған жаңалықтарың? Әліппені алып тастап, оның сағатын ағылшын тілі мен орыс тіліне беріпсіңдер, бастауыштағы «Қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің» сағат саны неге орыс тілі мен ағылшын тілінен аз?»-деп, бір қайырып, «Қазақстан тарихы да бір сағат, дүние жүзі тарихы да бір сағат, бұл не масқара? Сендер өзі Қазақстан тарихының барлығы қазақ тарихы емес екенін түсінесіңдер ме?» – деп үсті-үстіне сұрақтарын бұрқыратты. Модератор Мәулен Әшімбаев та: Бүгінгі балаларға ең қиын пән не? – десең, Қазақстан тарихы, – дейтін болыпты. Өз Отанының тарихын түсіну өз ұрпағына қиын болса, бұл не сұмдық? – деп қоса кетті арасында. Бұған министр жауапты біріншіден, алдағы бағдарлама әлі жоба, әлі талқыланады деп, «Үш тұғырлы тілге» байланысты бұл 2011 жылғы президенттің жолдауында айтылған деп қысқа қайырғанда, қатарында отырған Мырзатай Жолдасбеков: «Онда президентке барып түсіндірейік, ол кісі түсінеді, тек сендер дұрыс ақпарат бермейсіңдер» – деп министрге қайыра сұрақ қойды. Не керек, айтатын сөз айтылды, екі бірдей министрге елдің сәлемі жетті-ау деп отырғанымызда, аяқ астынан асығыс екенін айтып мәдениет министрі жөніне кетті. Аздан соң, баяндамалар бітіп, ұсыныстар мен пікірлерге кезек берілмек еді. Алда бағанадан қаншама ауыр мәселелерді тұнжырай тыңдап отырған алаштың ақсақалы Мырзатай Жолдасбековтен өткір сын мен пікір күтіп отыр ек, сол сөздердің айтылатынын сезд-ау шамасы, «шұғыл жиналысым бар» деп білім министрі орнынан тұрды да кетті. Сонда не үшін келіп, не үшін кетті? Түсінбедік. Тым құрыса, анау ақсақалдардың бірер ұсыныс, тілектерін тыңдауға болмас па еді? Министр білім саласының былық-шылығын осындай дуалы ауыздардан естіп, біліп кетудің орнына олардың ешқайсысын елемегендей, жұрт шырылдап жатқан мәселені шыбын шаққан құрлы көрмегендей қасқайып кете барды. Тым болмаса алаштың ақсақалдары мен халық қалаулыларына пысқырмағаны ма сонда? Осы мәселе үшін қаусаған сүйегін сүйреп, таяғын таянып келген ағаларын аттап кетердей не көрінді? Ойлағанымыздай-ақ, Мырзекеңнің іші толып отыр екен, «құдай-ау мына министрге ең әуелі шырағым, бағана оқыған баяндамаңды өзің түсіндің бе деп сұрағым келіп еді, кетіп қалғанын қарашы»,- дегенде еріксізден ду күлдік. Бірақ, орынбасарлары мен министрдің қол астындағыларға: министрлеріңе айтыңдар деп біраз «сәлемдеме» жолдап, соңында «басқа министріңді білмеймін, білім министрі нағыз ұлтшыл, нағыз білім саласының маманы болу керек» – деп, ренішпен сөзін аяқтады. Отырыста ұзақ талқы болды, өткір ойлар айтылды, Қоғамдық отырыстың ұсыныстары мен шешімдері білім министрлігіне, парламент пен өкіметке жолдаймыз, әрі бұдан білім министрлігі қорытынды шығарып, болашақта атқарылған мәселелер бойынша есеп береді, – деп қорытындылады жиналыс соңын Мәулен Сағатқанұлы. Әй, бірақ, Мырзекеңді, қасында отырған Әкім Таразиды, парламенттің депутаттары: Қуаныш Сұлтанов, Алдан Смайл, Мәулен Әшімбаевты, ұлттың үнін, халықтың мұңын айтуға жиылған жұртты елемей орнынан тұрып кеткен министрді жиналыстан соң осы айтылған сөздермен санасып, білім саласындағы былықпалықты реттейді-ау деп ойлаудың өзі артық па деп қалдық. Қойшы әйтеуір, білім саласының былығы шаш-етектен. Бәрі өзін ақтап әлек, баспасы бар, басқасы бар, бәрі – сүттен ақ, судан таза. Министрдің түрі – мынау. Келгеннің бәрі «жаңа министр жырғатады» деп ойлаған ек, «сенген қойым сен болсаң» деп күдікпен тарқады. Ел ағалары айтарын айтты, ұсыныстар тасталды, Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық, – деп Абай атамыз айтпақшы, айтылғанның бәрі жартасқа жеткен дауыстай жаңғырып «баяғы жартас, бір жартас» болады-ау, – деген алаңдаулы біз де қайттық.

www.kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

3 COMMENTS

  1. БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ТҰСАУЛАНЫП ТҰР ( Абай кз )
    проф. Совет-Хан Ғаббасов бн, 03/04/2014 – 17:13
    Мен көтеріп жүрген “Адам тәрбиесінің жаңа ілімімен” дүниеге келген балалар қазір республикаға белгілі бола бастады. Мәселен, Президентіміз өзі құшақтап суретке түскен БАЛА ЖАМБЫЛ ды айтсақ, немесе 4-рет шахматтан ӘЛЕМ ШЕПИОНЫ болған ЖАНСАЯ ны, тіпті мамандығым дәрігер болғандықтан туған сәтінен бастап 3-жыл бойы үзбей байқауымда болған ҮШ БАЛА – үшеуі де 14- жасында 11- жылдықты АЛТЫН БЕЛГІГЕ бітіріп, грантпен университеттері н бітіріп, ерекше қабылеттерімен жұмыс істеп жүр. Бұлар 6- РАССАНЫҢ өкілдері, ТӘН құмарлығынан құтылған – ЖАН құмарлығына ауысқандықтан, олар – АРАҚ- СЫРА- ТЕМЕКІ – НАША – т. б. құмарлықтардан мүлдем ада (таза) деуге болады. Міне осы ІЛІМДІ мемлекет деңгейінде 20- жылдай жүргізгенде, бүгінгі ҰРПАҚ мүлдем жаңа сатыдағы тәрбиеде болар еді. Ал енді ҮКІМЕТ түсінбесе де… ЕЛ-ЖҰРТ бүкіл ағартушы қауым қолға алып, шыққан кітаптарды оқып ұрпағымыздың келешегін қолға алуды ұсынамын. Бүгінгі балалардың ауруларының асқынып тұрғаны соншама, тіпті ТЕЛЕАРНАЛАРДАН ауру баланы емдетуге көмек сұраушылар қаптап кетті. Ал жаңа ілімнің І-ші негізіндегі ҰРЫҚ ТАЗАЛЫҒЫН сақтау арқылы ғана қазіргі 1000-нан аса аурудың 85-90 % жоюға болады. Бұл аурулардың барлығы да ” ҰРЫҒЫНАН УЛАНЫП” туғандықтан белең алған дерт екені ғылыми дәлелденіп отыр. МЕН қанша сұраса да басқа тілдерге аударуға бермей келдім. Өйткені, бұл ІЛІМДІ тұтастай ПАТЕНТТЕУГЕ … тек 2011 жылы ғана қолым жетті. Қайран жұртым Қазағым… Ұлт тағдырын – Ұрпақ қана шешетінін түсінсеңіздер сауап болар еді…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА