30.10.2024

БАЛАҢЫЗҒА НЕ ӘПЕРІП ЖҮРСІЗ?

Қазіргі кезде қайда жүрсеңіз де телефонға телмірген жұртты көресіз. Дастарқан басында отырып та, автобуста тікемізден тік тұрып та, тіпті жолды кесіп өтіп бара жатып та кішкентай экранға ентелеп бара жатамыз. Құдды ертегідегі айтылатын сиқырлы айнаны тауып алғандаймыз. Сол “сиқырлы айнадан” әркімнің іздейтіні әр түрлі. Ақпарттық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамыған қазіргі кезеңде бұл үрдіске ешкім де тосқын бола алмас. Дегенмен, мектептегі бүлдіршіндеріміздің осы ақпарат әлеміне тым ерте еніп кетуі үлкен қауіптен хабар берді бүгінде.

 

Әлеуметтік желілердің әсері

Интернет әлемі де кәдімгі өмір іспетті. Іздеген адамға керекті дүниенің бәрі бар: рухани дос та , әз әзіл дұшпан да , таңдау адамның өз еркінде. Мұны сіз бен бізге түсіндіру қажетсіз, бірақ, ақылы толмаған баланың таңдауға талғамы жете ме?
Мектептегі үзіліс кезінде оқушылардың қолынан ең соңғы үлгідегі телефондарды, планшеттерді көресіз. Сабақтың бітуіне асығып әрең отырған олар қоңырау соға сала жапа-тармағай шұқылауға кіріседі. Сондағысы түрлі электронды ойындар, одан қалды әлеуметтік желілір. Бар ынта-пейілі сол жақта. Сабақ қызық емес, сабақты қайтсін? Одан әлдеқайда қызық нәрсе өз қолында тұр. Тіпті, кейбіреуінің сабақ үстінде шыдамы таусылып, мұғалімге білдірмей кірісіп кететіндері де бар. Енді оның оқуға, үйренуге зауқы қайдан соқсын? Бағана айтқан таңдау мәселесіне келгенде оларға тек ойын керек, болды.Ал әлеуметтік желілердегі тірліктерін айтудың өзі ауырлық тудырады. Салатын суреттерін көруге кейде өзіңіз үяласыз. Интернеттен не көріп, не тыңдайтыны тағы белгілі. Жақында бір қыз оқушы өзінің ешкімге қадыры қалмай өмірлен әбден торыққанын, қысқасы, өмір сүруден өз еркімен бас тартқысы келетінін жазып бір мектепті бірнеше күн тікесінен тік тұрғызған. Осының бәрі онсызда оңбай тұрған оқушыны кері кетіріп білімнің таяздауына, тәрбиенің ақсауына себеп болып отыр.

 

 

(Бұл сурет оқушылардың ВК әлеуметтік желісінен алынды)

Балаңызға не әпергеніңізді білесіз бе?

Балаға дұрыс тәрбиені ата-ана бермесе, оны мектептің түзеуі қиын. Көп санды адамдар баламен саудаласады, яғни, «5-ке оқысаң, іphone әперемін » дегендей. Бала уағданы орындады делік. Ал, әкесі оны жарылқап тастасын. Бала мұратына жетті. Бірақ, сол күннен бастап, оған кім серік боп, кім ақыл айтатынын білдіңіз бе? Ол интернет. Ал, балада қай бір талғам болсын? Алдына келген ақпараттың пысқаны мен шикісін, ащысы мен тұщысын айрмай қабылдай берді, қабылдай берді. Ойынханаларға 18 жасқа толмағандарды кіргізбеу деген заңнама болғанмен қажеті қанша? Бала ойынның көкесін ойынханаларсыз ақ табады. Енді ол уланбағанда несі қалды? Сіздің құлағына құйған екі ауыз ақылығызды оның санасынан сәт сайын кіріп жатқан сан мың информация баяғыда-ақ сызып тастағанына күмәніңіз болмасын. “Балама қолайлы шарт-жағдай жасайын, ешкімнен кем қылмайын”- деп,сіз ойладыңыз. Шын мәнісінде “құдайдың маған берген ажалы жоқ, базардан бес теңгеге сатып алдым”- деп Әсет Найманбайұлы айтпақшы іргеңізге жолай алмай жүрген жауға балаңызды өз қолыңызбен матап бердіңіз. Шындық осы.

 

Балаларды бұл індеттен кім қоғайды?

Әлгінде айтқандай, мектептегі бұл қиын жағдайды реттеу қазірге ешкімнің қолынан келер емес. Мектептің аса құлқы жоқ. Ал, ата-ананың көбі баланы материялдық мұқтаждықтан арылтып қойса болды, бітті. “Қызы үйде болғанмен қылығы интернетте” екенін біле бермейді. Осы кішкентай ғана заттың ішінде дүниенің бар бәлесі жиылып балалардың басын айналдырып жатқанын сезінсек еді. Ал, қазақтың ертегісімен, бесік жырымен, жыр-дастандарымен тербеліп өпеген балағаны бұл жалмауыздың жалмап жіберуі әп сәтте-ақ. Оқысам, білсем, ғылым іздесем деген арманнан ада-күде арылған оқушыға тіпті жақын серік. Сөйтіп, ағаштың өзегіне түскен құрттай кеміріп жатқан осы бәленің алдын алмасақ ертеңгі елдің тізгінін ұстайды деген тәуелсіз елдің ұрпағы интернеттің уынан бастары айналып дүбара болып шығуына апаратын даңғыл жол болып тұр. Енді не істемек керек?

Ұрпақтың тағдырына сәл қарамаңыз…

Ақпараттық дәнекерлердің ұрпаққа, тіпті ұлтқа зиянын салмақтап көрдік. Иә, бір кесапатты дүние екеніне көзіңіз жетіп отыр. Бірақ бала бойына мысқалдап кіріп, уыстап жиналатын удың залалын сезінбесек болмайды. Айтпақшы, бұл жерде заман талабына сай дамыған технологияны жаман дегеніміз емес, тек өкініштісі соны кәдеге жаратпай дәнінен гөрі қауызын алатынымызда. Мектептегі балаға білім алудан маңызды ештеңе жоқ. Ал, оған бөгет болатын кез-келген факторды ұлт болашағына жасалған қиянат деп қарау ләзім. Бұл ретте бала назарын басқа жаққа бұрып, оған теріс пиғылды үйретіп, алтыннан қымбат уақытын арзан ойынға айналдыратын мұндай дүниелердің кез- келгенін жарақты жаудан да қауіпті екенін әр адам сезінсе еді. Біреудің талғамымен таласу кім-кімге де жөнсіз. Дегенмен, бағдары қалыптаспаған балаға жөн сілтеу әркімге де азаматтық борыш. Арбаған жыланның алдында қауырсыны тоз-тоз болып желге ұшып, қалтыраған балапанның хал-жайын көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Біздің ұрпақтар да қазір жаһандану дейтін аждаһаның алдында осындай күйде. Араша түсу азаматтың арына сын. Оларды құтқару – ұлтты құтқару екенін ұмытпасақ екен.

Жақсылық Орынбасар
www.kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

  1. Бул маселе казыр оте ауыр.планшет апер деп жыламайтын бала кемде кем. Баланын барі сабақтан гөрі ойынға жақын

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА