08.09.2024

Әр бала мектепке лайық

Астанада «Болашақ» корпоративтік қоры «Нұр Отан» партиясының қолдауымен аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинеттер ашуда. «Әр бала мектепке лайық» жобасы аясында ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларды оқыту әдістерімен танысу үшін Білім басқармасының өкілдері мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және «Нұр Отан» партиясы өкілдері №85 мектеп-лицейге барды. 

Балалардың сапалы білім алуы­на мүмкіндік жасау мақса­тын­да 2015 жылдан бастап «Бола­шақ» қо­ры «Әр бала мектепке ла­йық» жобасын іске асыруда. Жоба «Нұр Отан» партиясының «Кедер­гісіз келешек» жобасының «Инк­лю­зивті білім беруді қолдау» бағы­тының шеңберінде іске асы­ры­лады.

– Мүмкіндігі шектеулі адам­дар­дың құқы туралы заңдардың бар екеніне қарамастан, мектептер ерекше көңіл бөлуді қажет ететін балаларды, әсіресе, аутизм дерті­мен ауыратын балаларды қабыл­дауға дайын емес. Соңғы 10 жылда әлем­де және Қазақстанда олардың саны 10 есе көбейген. Қазір бүкіл әлемде адамдар аутизм дертімен ауру ретінде емес, күрт құбылмалы көңіл күйі ретінде қабылдай бас­тады. Біз жоба аясында әр баланың өзінің жеке тьюторы және жеке даму жоспары бар бағдарлама жа­сақтауға қол жеткіздік. Балалармен жеке жұмыс істейтін педагог-пси­хологтардың еңбегі зор. Осын­дай мамандар әлі де жетіспейді, – деді Динара Шайжүнісова.

Инклюзивті сыныпта әрбір ба­ланың жеке-жеке өз орны бар. Сол жерде тьютор, яғни арнайы педагог оларға жеке сабақ өтеді. Сабақты бірге оқиды. Тапсырманы баланың қабылдауына қарай түсіндіреді. Содан соң аутизммен ауыратындар біртіндеп барлық балаға ортақ сыныпқа ауысады.

– Осындай арнайы кабинетте бірнеше аймақ болады. Атап айт­қанда, жеке және топтық пәндер аймағы, тынығу және педагогтің жұмыс аймағы. Бұл дертке ұшы­ра­ған балалар шыдамсыз, күйгелек, зейіні тұрақсыз келеді. Бір нәрсені үйренуге, оқуға шыдамы жете бермейді. Зейін қойып, бір орында көп отыра алмайды. Сондықтан сабақтың бір бөлігін жеке пәндер аймағында өткіземіз. Келесі бір бөлігін топтық пәндер аймағында өткіземіз. Сөйтіп, баланың отыр­ған аймағын үнемі ауыстырып отыруға тура келеді. Әр баланың жеке оқыту бағдарламасы бар. Сосын ондай балаларға суреттері бар кестені үнемі көрсетіп отырған дұрыс. Бір сабақты екінші сабаққа ұқсас етіп, қайталауға болмайды. Себебі, баланың ықыласы мүлдем басқа жаққа ауып кетеді. Сабақ, ойын, жаттығу, үйге қайту деп кезегімен ауыстырып отырамыз. Осының бәрін арнайы сурет­тер­мен бейнелеп көрсеткен соң, балалар басқа нәрсеге алаң­да­майды. Сабақ аяқталған соң доп­пен ойнайсың, секіруге болады десең, қатты қуа­нады, – дейді тьютор Әлия Ер­жанова.

«Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шай­жүнісованың айтуынша, Астанада осымен бесінші кабинет ашылып отыр. Республика бойын­ша 20 кабинет ашу жоспарланған. – Негізгі мақсатымыз – аутизм белгісі бар бала қоғамда өзін қа­тарластарынан кем се­зінбеуі керек. Мәселен, біздің жо­бада 12 жасқа дейін үйде отыр­ған балалар бар. Қазір олар күр­делі есептерді шешіп жүр. Басқа балалардың қателік­терін де көр­сете алады. Бір қы­зымыз басында мүлдем бе­йімделе алмады. Бү­гінде ол мың­даған эле­менті бар пазлды жинап отырады. Негізі, әрбір баланың ерекше жеке бір қасиеті болады. Дарынын байқап, бағыт беріп, икемдесек дені сау балалардан да артық же­тістікке жетіп жатқандар қаншама. Біз оның қабілетін шыңдап, да­мы­туға көмектесуіміз керек. Басты мақсатымыз – осы, – деді Динара Шайжүнісова. Кейінгі жылдары қолға алын­ған жоба бүгінде өз нәтижесін беруде. Айталық, ойлау жүйесінде кенжелеп дамыған балалар қа­тарластарынан өзін кем сезін­бей­ді. Жалпы орта мектепте білім алғаннан бөлек достасуды, ой­науды, көмектесуді, жәрдем беруді үйренеді. Жоба аясында арнайы білім беруді қажет ететін балалар өзінің диагнозына қарамастан, орта мектепте оқи алады. Инклю­зияны қолдау кабинеті маман­да­рының басты мақсаты – мектептің әлеуметтік ортасына баланың қосылуын қамтамасыз ету. Олар­мен көбінесе педагог-психолог, тьютор, логопедтер жеке жұмыс істейді. Сабақтан бос уақытта мамандар балаларға жеке және топтық дамыту сабақтарын ойын түрінде өткізеді.

2015-2018 жылдар аралығында қор тарапынан аутизмге шал­дыққан 248 балаға инклюзиялық қолдау көрсетілген. Инклюзивті білім беру мақсатында 161 жұмыс орны ашылған. Білім беру, ден­сау­лық сақтау саласының 800-ден астам маманы және ата-аналар инклюзивті білім беру бойынша қосымша оқыған. Педагог-пси­хологтардың айтуынша, аутизмге шалдыққан балалардың арасында талантты жастар өте көп. Өйткені олар бір іске жан-тәнімен беріліп кіріседі. Нәтижесінде, үлкен же­тістіктерге жете алады. Бірақ аутист балаларға ата-аналардың тарапынан, жалпы қоғамның тарапынан үнемі қолдау аса қажет.

Биыл осындай кабинеттерді Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Ақтөбе, Жамбыл, Қа­рағанды, Түркістан, Шығыс Қа­зақстан облыстарында ашу жос­парда бар.

Майра ЖАНЫСБАЙ 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА