09.10.2024

Әлімов Асхат. Өзгерістер туралы

Қытайларда мынандай қарғыс бар екен: «Өзгерістер заманында өмір сүр!» Біз де бүгінде осындай өзгерістер заманында өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? 
Неліктен өзгерістер қарғыспен байланысты? Өйткені адамдардың басым бөлігі консерватор: жаңалықтарды біз көбіне-көп жақтырмай қабылдаймыз, ұнатпаймыз, себебі олар бізді үйреншікті өмір салтынан айырады, осы арқылы бізге көп ескі әдеттерімізден бас тартып, басқаша жұмыс жасауға мәжбүр боламыз, бұл үшін көп күш, жүйке, уақыт, қаражат жұмсаймыз. Қай адам өз еркімен күмәнді жаңалыққа бас қояр екен, егерде оның ойы бойынша үйреншікті, әлі де маңызын жоғалтпаған ескі нәрсе бар болса?

Мәселен, сізге көрші ауылдағы мектепке ауысу туралы ұсыныс жасалынса, қандай шешім қабылдар едіңіз? Иә, бұл мектеп кәсіби тұрғыдан дамудың көп мүмкіндіктерін ұсынады: бұрынғы мектептен 3 есе оқушылары көп, ғылыми жұмыспен айналысу мүмкіндігі бар, директоры «Жеке зертхана ашып берем, өз идеяларыңызды жүзеге асыруға көмектесемін» деп уәде берді, сағатты да қазіргіден көп беремін деді. Қызықты перспектива!
Алайда сізге сайтан ішіңізден күмән мен сенімсіздікті ұялатып жатыр. Сізді мынандай сұрақтар жегідей жеуде: «Жалақыны қатынас пен түскі ас «жеп» қоймай ма: ол ауылға көлікпен 15 шақырым ары-бері қатынас жасау керек қой? Бензиннің құны анау: күннен күнге шарықтауда! Ұсыныс жасаған директордың бір жылдан соң басқа мектепке ауысып кетсе қайтемін? Оған ешкім де кепілдік бере алмайды ғой? Бұл Финляндия емес қой, мектеп директоры өз қалауы бойынша бас тартқанша жұмыс жасайтын: мейлі 70-те болсын, мейлі 80-ге келсін! Ұжым қалай қабылдар екен мені? Оқушылар ше? Ата-аналар ше?» Міне, осындай күмәнді сұрақтар сіздің аяқ-қолыңызды матап, жігеріңізді құм қылуы әбден ықтимал. Осылайша сіз өзіңізге көп пайда келтіруі мүмкін, сізді өсіріп, өміріңізге көп қызық пен мағына енгізуі ықтимал, алайда дүдәмал, неғайбыл нәрсеге күдікпен қарап, одан бас тартуыңыз мүмкін.

Екіншіден, жаңалық дегеніміз әлі де сынақтан өтпеген, апробацияны аяқтамаған нәрсе емес пе? «Көш жүре түзіледі» демекші, осының салдарынан мұнда кемшілік пен қателер көптеп кездеседі, сол себепті де жаңалық әу бастан барша жұрттың ықыласы мен құптауына ие болмайды.

Байқаған шығарсыздар, қазіргі реформаның кейбір сәтсіз жақтарын тілге тиек етіп, жаңалықтарға қарсы шыққандар қаншама? Қасымжомарт Тоқаевтан бастап, Бекболат Тілеухан мен Мұрат Әбеновтармен жалғасып, жаңалық пен өзгерістерді тыныш жатқан тұрғындарға тұтқиылдан тиген жау іспеттес қабылдайтын, бейбіт елдің шырқын бұзушы деп көретін көп мұғалімдер жаңартылған бағдарламаның кейбір түсінуге қиын идеяларын немесе қатесі бар жақтарын (мысалы, тілді грамматикалық ережелерсіз оқыту идеясы, оқулықтарда кеткен бірлі-жарым қателер, т.б.) тілге тиек етіп, байбалам салып жатқаны. Олардың ойы бойынша, біздің мұғалімдер қауымы әлі де әлемнің озық елдері баяғыда «өтіп кеткен» жаңалықтарға дайын емес көрінеді (Жапония мұндай бағдарламаны 1978 жылдан, ал Батыс Еуропа елдері 80-ші жылдардан қолдана бастаған екен).

Сонда қалай: Қазақстан мұғалімдерінің өресі кем бе, әлде олардың түсінігі төмен болғаны ма? Неліктен әлемнің озық елдерінің жүріп өткен жолы біз үшін алынбас қамал болуы керек? Біз олардан 30-40 жыл артта қалудамыз емес пе? Оларды қуып жетуге ұмтылудың орнына біз неліктен жаңалықтан құр қалуымыз керек? Және де неліктен бұл байбалам мен «ойбай, аттан!» салушылар өздерінің кертартпа ұстанымдарын елдің қамын ойлаумен түсіндіреді? Прогрестен бас тартып, алға ұмтылуды жоққа шығаруды халық игілігі үшін жасалып жатыр деп қабылдауға бола ма екен?

Неліктен біз жаңа нәрсенің тек жаман жақтарын көреміз? Біз шыбынбыз ба сонда гүл ішінен де б…қ табатын? Неліктен біз бал арасы болмаймыз, б…қ ішінен гүл табатын?

Мен мынаны түсінбеймін. Біз тұрмысымызда қолданатын бұйымдардың барлығы дерлік шетелдік өнімдер десе де болады: киім-кешек, тұрмыстық заттар, азық-түлік пен жиһаздың басым бөлігі, ұялы телефондар, автомашиналар. Оларды шіміркпей қабылдаймыз, пайдаланамыз. Олар өмірімізге бойлай енген, оларсыз бүгінгі өмірімізді көз алдымызға елестету де қиын.

Алайда білім беру жүйесіне келгенде шетелдік озық идеяларды мұрнымызды шүйіріп қабылдайтынымыз неліктен екен? «Өзіміздің ұлттық құндылықтар қайда? Неліктен өз әдістемемізді қолданбаймыз?!» деп айғайға басамыз.
Біріншіден, тіпті шетелдік болсын, пайдалы болса неліктен қолданбасқа? Футбол, теннис, «Майкрософт», «Мерседес», «Тошиба», «Аррle», «Самсунг», интернет, «Гугл», Илон Маск, Бенджамин Блум, Абрахам Маслоу – бүкіл адамзаттың игілігі емес пе? Алыңыздар, қолданыңыздар! Кім бізді «Бұл біздікі! Сондықтан сіздерге оны қолдануға болмайды!» деп шектеп жатыр?
Екіншіден, біздің қазақ педагогикасында мектеп мұғалімдері арасында кеңінен таралған қанша дербес авторлық әдістеме бар екен? Менің қателесуім де мүмкін, бірақ мен Қанипа Бітібаева, Марал Жанпейісова, Жауынбай Қараев, Архимед Мыңбаев, Мэлс Тұрарбеков секілді тамаша ұстаздар мен ғалымдардың оншақты есімін ғана білемін. Олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Ал басқа есімдерді білмеуім менің білімсіздігімнен ғана емес, олардың идеяларының кең қолданыста болмағандығынан да шығар? Олардың әдістемесін біз осыған дейін мектептерімізде қолданып келсек, онда қазір «Неліктен енді біз шетелдік технологияларды қолдануымыз керек?!» деп айғай салуымыздың қисыны бар. Алайда, өкінішке орай, олай емес қой?
Кешіріңіздер, «Ауылдастың аузы сасық» дегендей, арамыздан шыққан ғұламаларды елемедік, білім беруде сол баяғы авторитарлық әдістемеден ажырамадық. Немесе Әл Фараби, Мағжан, Жүсіпбек, Қаныштың педагогикалық идеяларын біз кеңінен насихаттап, оларды оқыту жүйесіне енгіздік пе? Әй, қайдам! Олардың жеке сөздерін мақалаларымызда цитата ретінде қолдануымыз болмаса, басқа қолдану аясын мен байқамадым. Қай мектептер Мағжанның педагогикасы бойынша немесе Жүсіпбектің идеяларын қолданып жұмыс жасауда? Қай математиктер Қаныш Сәтпаевтың әдістемесін қолдануда? Оларды еш ескермей жүріп, енді «Өзіміздің төл әдістемелеріміз қайда?!» деп ренжудің қисыны бар ма екен?..

Бүгінде ешкім де кезінде машиналардың төресі болған «Волганы» айдағысы келмейді, бәрімізге «иномарка» керек. Ешкім де үйінде «Орск» атты тоңазытқыш пен «Алма-Ата» кір жуғыш машинасын ұстағысы келмейді. Алайда білім беруде неліктен осыдан 50-60 жыл бұрынғы әдістемелерге тастай жабысып алғанбыз, оларды өзгерткіміз келмейді? 2012 жылы өткен Педагогтардың халықаралық саммитінің қорытынды құжатында бұл туралы былай деп жазылған: «Бізде ХІХ ғасырдың білім беру ортасында ХХ ғасыр мұғалімдері оқушыларды ХХІ ғасырдың дағдыларына үйретуге тырысуда».

Алайда сол техникалық прогресті, жаңа технологиялар мен машиналарды бізге жаңаша оқыту ұстанымдары әкелген жоқ па? Бүгінгі жаңалықтарды тек көреген кісілер, жаңалықты эволюцияның негізгі құралы деп танитындар («Жаңалықсыз адам мен қоғамның дамуы мүмкін емес!» деген қағиданы ұстанатындар), өзгерістерге жаны құмар адамдар ғана түсіністікпен қабылдайды. Жаңалыққа мұқтаж, жаңалыққа зәру заман туғандығын бұл адамдар жақсы түсінеді.

Жаңалық пен өзгерістер тек даму үшін ғана керек емес, олар өмір салты да болуы керек. Мысалы, американдықтар жұмысты әр 5 жыл сайын, ал тұрғылықты мекен-жайды әрбір 7 жыл сайын жаңғыртып тұру керек деп есептейді, өйткені бұл өмірдің қызығы оның сан-алуандылығында. Бір жерде ғана қызмет жасап немесе бір жерде тұрып, өмірдің көп қырларын көре алмайсың. Ата-бабамыздың көшпенді болғаны есімізде ғой! Жаңалықтар мен өзгерістер болған жағдайда ғана өміріміз толыққанды болуы мүмкін.

Білім беру жүйесінде де жаңалықтар қажет. Бұл саладағы өзгерістердің көптеген себептерін білеміз ғой. Олардың ішінде ақпараттың шектен тыс өсуін (бүгінде әр салада ақпарат әр 76 күнде екі еселенуде), тауар өндіруде адамдардың жұмыс орнын роботтар мен механизмдердің басып алуын, жұмыс жасайтын адамдардың 85% қызмет көрсету саласында жұмыс жасауын және де тағы да көптеген заман ерекшеліктерін айтуға болады.
Осыған орай адамның өзі де өзгеруі керек. Ең біріншіден, адам өмір бойы оқып-үйренуі керек, өз білімін үнемі тұрақты түрде толықтырып, дамытып отыруы қажет.

Басқаша болмайды! Басқаша болса – ол көштен қалады. «ХХІ ғасырда сауатсыз адам деп оқып, жаза алмайтындарды емес, оқығысы келмейтін, оқуды аяқтамайтын әрі қайта оқымайтын адамдарды айтатын боламыз» дейді Элвин Тоффлер, американдық философ. Осыған дайын болуымыз керек! Кеше ғана бір курсқа қатысып, алған сертификатымызды көрсетіп: «Енді мені 5 жылға дейін мазаламаңыздар!» дегеннің күні өтіп кеткен. Бүгінде жылына 5 сертификат алсамыз да, бұл көптік етпейді! Әр маман, оның ішінде әр мұғалім өзінің кәсіби біліктілігін күнде-күнде тұрақты, жүйелі, шынайы түрде дамытып отыруы қажет.

Екіншіден, шығармашылық, жаңаны ойлап табу – адамның басты қасиеттерінің біріне айналуы керек. Әр адам жаңаша ойлап, жаңалық ашып, «қиыннан қиюластыруға» әуес болуы қажет. Кешегіден бас тартып, өзгеше жасауға ұмтылу – өмір салтына айналады.
Сондықтан да бүгінгі күні жаңалық ойлап табатындар ерекше құрметтеледі, алпауыт фирмалар сондай адамдарға іздеу салып жатыр, өйткені қиял-фантазиясы ерекше дамығандар адамзаттың болашағын құрастыруда. Міне, сондайлар ең бірінші кезекте табысқа жетуде. Аузыма келген бірнеше есімдерді атайын: Билл Гейтс (Майкрософт), Ларри Пейдж және Сергей Брин (Гугл), Стив Джобс (Apple), Илон Маск (SpaceX), Джек Ма (Алибаба), Джеф Безос (Амазон), т.б.

Бүгінгі әлемде болып жатқан өзгерістерді тоқтатуға болмайды, жоққа шығара алмаймыз. Жасанды интеллект, адам миының мүмкіншіліктерін тиімді қолдану секілді ой түрткілерге сақадай сай дайын болуымыз керек, оларға қажетті жауап беруіміз керек. Олай жасамай, «Бұлар біздің менталитетке сай емес! Олардың қажеті қанша?!» деп уақыт талабына сәйкес келетін әрекеттер жасамасақ – ертең елдің артында қаламыз, жеріміздің пайдалы қазбаларын сатумен ғана шұғылданатын «банан республикасына» айналуымыз мүмкін. Мұнай мен металлдардың ертең сарқылуы мүмкін. Сонда не жасаймыз?

Сондықтан да бүгін уақыт талабына сай қимылдауымыз керек! Түсінемін, оңай емес! Ол үшін ұмтылу керек, оқып-үйрену керек, үйреншікті әдеттер мен күн тәртібінен арылу керек, жайбарақаттылық пен жалқаулықтан бас тарту керек, мұрнымыздан қан ағызу керек! Түсінемін, біз ондайға әуес емеспіз, қанымызда жоқ ондай табандылық! Бірақ бізде басқа таңдау бар ма екен? Өйтпесек, ертең елдің соңында салпақтап жүргенімізде, бізді келешек ұрпақтарымыздың кешірмеуі де мүмкін…
Өзгеруіміз керек! “Өзін өзгерткісі келмейтіндерді Аллаһ өзгертпейді” (Құран: 8 сүре, 53 аят).

 Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА