12.10.2024

Вице-министр: Оқушылардан мектепті жөндеу үшiн ақша жинауға болмайды

Оқу жылының соңында ата-аналар мектеп бiтiрушiлер кешiне, оқу орнын жөндеуге және тағы басқа шараларға ақша жинап әлек болады. ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Бибiгүл Асылова Мәжiлiсте берген сұқбатында оқушылардан ақша жинауға тыйым салынғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

 

«Мектептi жөндеу үшiн оқушылардан ақша жинауға болмайды. Себебi, жөндеу жұмыстарына қаржы жергiлiктi бюджеттен бөлiнуi тиiс. Барлық бiлiм беру нысандары жергiлiктi әкiмдердiң коммуналдық меншiгiнде, сондықтан әкiмдер ғимаратты талапқа сай тәртiпте ұстауға мiндеттi. Ағымды жөндеу жұмыстары мен басқа да iшкi жұмыстармен байланысты барлық шығындар жергiлiктi атқарушы органдардың есебiнен қаржыландырылуы тиiс. Яғни, оқушылардан мектеп жөндеу үшiн ақша жинауға тыйым салынған», – дедi Асылова.

Сондай-ақ, Астаналық оқушылардың ата-аналары Бұқаралық ақпарат құралдарына «мектеп бiтiрушiлермен қоштасу кешiне 80 мың теңгеден жинап жатыр» деп шағымдануда. ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Бибiгүл Асылова Мәжiлiсте берген сұқбатында осыған қатысты да пiкiрiн айтты.

 

«Бұндай сұрақтар өте көп. Бiз, яғни Бiлiм және ғылым министрлiгi осы мәселе бойынша аймақтармен селекторлық жиын өткiзгенбiз. Әр бiлiм басқармасы түлектермен қоштасу кешiн мектепте өткiзуге мүдделi. Әдетте ата-аналар комитеттерiнiң өздерi мектептен тыс жерде кеш немесе басқа шараларды өткiзу туралы шешiмдi қабылдайды. Ал, жалпы алғанда, түлектермен қоштасу рәсiмi және аттестат тапсыру рәсiмi мектеп iшiнде өтедi. БҒМ мен өңiрлердегi бiлiм басқармалары ақша жинау, қымбат дүниелердi жалға алу идеясын құптамайды. Жалпы, мектепте ақша жинауға тыйым салынған», – дедi Асылова.

Вице-министрдiң айтуынша, қазiргi таңда аталған мәселе бойынша ата-аналарымен жұмыс жүргiзiлуде. Осы аптада БҒМ түлектердiң қоштасу кешiне және басқа да ақша жинау түрлерiне қатысты ақпараттық жұмысты күшейтпек.

 

 

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

baq.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА