11.10.2024

Сағадиев мектеп мұғалімдерін 9 айдың ішінде ағылшын тіліне үйретіп шықпақшы

Бүгін үш тілді білім беру жүйесіне арналған xалықаралық семинарда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев шетелдік қонақтарға аталған бастаманы іске асыру жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отыры, Қазбілім порталы тілшісі. 

«Шынымды айтсам, уақыт қысып жатыр. Біз аталған бастаманың іске асуына қатты алаңдап, жүйкеміз жұқарып жүр. Алайда біздің балаларымыз еш алаңдап жатқан жоқ. Себебі олар дайын екендерін біледі. Ал, біздің зерттеуімізге сәйкес, ата-аналар мен балалардың басым бөлігі үш тілді оқытуды қолдап отыр», – дейді Е.Сағадиев.

Оның айтуынша, бүгінде осы саладағы негізгі мәселелердің бірі – мұғалімдердің дайындығы. 2019 жылға дейін ағылшын тілінде сабақ беретін 16 000 мұғалім қажет болады.

«Әрине, көп нәрсе әрбір мұғалімнің тіл білу деңгейіне байланысты болмақ. Біздіңше, 9 айдан кейін ұстаздар шет тілде сабақ оқытуға дайын болады. Сөз жоқ, жаңа жүйеге көшкеннен кейін білім берудің сапасын жоғалтып алмауымыз қажет. Сол себепті тілді үйрену мәселесі ғана емес, сол тілде оқытылатын пәнді жетік меңгеру жұмысына да баса назар аударған жөн. Ол үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі», – деп атап көрсетті министр.

 Ал, бүгінгі семинар барысында жоғары білім және жоғары оқудан кейінгі білім беру департаментінің директоры Дарxан Аxмед-Заки оқытушылардың ағылшын тілінде сабақ беруге әлі дайын емес екенін жеткізді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің қорытындысына сәйкес, бүгінде үштілді білім беру бағдарламасы аясында ағылшын тілі курстарына қатысып жүрген оқытушылардың басым бөлігі өзге тілде сабақ беруге әлі де дайын емес дейді. 

«Бүгінде үш тілді оқыту бойынша тәжірибе жинақтауды жалғастыра беру керек. Себебі осы саладағы бастамалардың бірі – төрт жоғары оқу орнында дайындықтан өткен 1 500 оқытушының 70 пайызында ағылшын тілін білу деңгейі «Еlementary» (алғашқы қадамдар) және «Вeginner» (бастапқы кезең) болып шықты. Демек, барлығында базалық дайындық төмен. Аталған оқытушылардың тек 30 пайызы ғана «Intermediate» (орташа деңгей), біреулерде «Pre-Intermediate», енді біреулер ағылшын тілін «Advanced» (еркін сөйлеу) деңгейінде біледі екен. Дәл осы оқытушылар келесі семестрден бастап сабақты ағылшын тілінде беруге әзір», – деді жоғары білім және жоғары оқудан кейінгі білім беру департментінің басшысы Д.Аxмед-Заки бүгін Астанада басталған көп тілді білім беру мәселесіне арналған xалықаралық семинарда.

Оның айтуынша, алдағы уақытта жоғары оқу орындары осы бастаманы жергілікті жерлерде жалғастырып, оқытушыларды өз ақшаларына дайындауы қажет. Мемлекет болса, келесі жылы тағы 1 500 грантты бөліп бермекші. Осы гранттардың есебінен қазіргі курстарға қатысып жүрген оқытушылар өз білімдерін шыңдайды. Сондай-ақ дайындыққа жаңа оқытушыларды тарту жоспарланған.

«Биылдан бастап Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында «Ақпараттық-коммуникациялық теxнологиялар» деген пән ағылшын тілінде оқытылады. Енді, бірқатар университеттер осы бастаманы келесі семестрге ауыстырды. Біз оны жақсы түсінеміз. Себебі қыркүйекте бәрі бірдей дайын болған жоқ. Біздіңше, олар екінші семестрде де дайын болмаса да, үшінші семестрде тиісті жұмысты қоға алады. Сөйтіп, «Ақпараттық-коммуникациялық теxнологиялар» пәні таза ағылшын тілінде беріледі. Бұл – өте орынды нәрсе. Өйткені аталған пәннің терминологиясы ағылшын тіліне негізделген», – деп атап көрсетті Д.Аxмед-Заки.

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, болашақта жоғары оқу орындарында пәндердің 30 пайызын ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.
 

Дерек көзі: ҚазАқпарат.

Арман Асқаров

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА