11.10.2024

ҚР БҒМ мұғалімдерге түсетін салмақты төмендетіп, оларды барынша қорғауға уәде беріп отыр

Соңғы кезде білім саласындағы жаңашылдықтарға қатысты қоғамда қызу талқылаулар жүріп жатқаны белгілі. Біреулері өзгерістер асығыстықпен енгізіліп жатыр десе, кейбіреулері бұл жаңа қадамдар өте дұрыс екенін және дер кезінде қабылданып жатқанын айтуда. Бұл ретте кеше Астанада ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев халық алдында есепті кездесуін өткізіп, жұртшылықты алаңдатқан сұрақтарға жауап беруге тырысты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұдан былай әрбір министр өз саласындағы жұмыс пен стратегиясы бойынша халыққа есеп береді. Бүгін маған Білім және ғылым министрлігі атынан алғаш есеп беру абыройы бұйырып отыр»,-деп тоқталған ведомство басшысы, өткен жылы білім беруді дамытудың онжылдық бағдарламасының бірінші кезеңі аяқталғанын, оның негізгі деңгейіне қол жеткізілгенін сөз етті.

Жаңартылған бағдарламаны енгізуге мектептерде ауқымды дайындық жұмыстары жүргізіліп, алты жылда жаңартылған мазмұнның моделі 20 Назарбаев зияткерлік мектебінде апробациядан өтті..

«100-ден астам мектеп осы жылдары экспериментте болды, 10 мыңнан астам бала жаңартылған бағдарламамен білім алды және қазіргі кезде оқып жатыр. Олардың көбісі мектепті, университетті тәмамдады, ал кейбірі бүгінде қызметке тұрды. Бағдарламаға балалардың, ата-аналардың және мүғалімдердің көңілі толып отыр. Жалпы, Президенттің тапсырмасы бойынша, жұмыстар 15 жылдан астам уақыт бұрын басталды. Сондықтан да, біздің даяр екендігімізге сенімді болу үшін 15 жыл жеткілікті мерзім деп пайымдаймыз. Осы ретте экперименттердің барлығы аяқталды деп ресми түрде мәлім еткім келеді», – деді Е. Сағадиев.

Жалпы министр өткен жылдарда білім саласында терең және нәтижелі жұмысты атқарған бұрыңғы министрлерге, әрiптестерiне және жалпы ғылым мен халық ағарту саласында iстеп жүрген қауымға алғысын айтты.

«Ендi жаңадан бекітілген 4-жылдық білім және ғылым дамыту мемлекеттік бағдарламасына тоқталатын болсақ, жаңа бағдарлама Президенттін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, оның жеке маңызды тапсырмаларының негізінде жасалынған. Және осы саланың әлемдегі даму бағыттары ескерілген»,-деді ол.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда бюджет есебінен салынған 34 жаңа мектеп ашылады. Ұлттық қор қаржысы есебінен тағы 42 жаңа ірі мектептің құрылысы басталады. Осы орайда, үш ауысымдағы және апатты мектептерге байланысты проблемалар шешілмек.

«Елімізде халық саны артып келеді және бұл бағытта қандай шаралар атқару керектігі жайында жақсы түсініп отырмыз. Атап айтқанда, жаңа бағдарлама бойынша алты жасар өрендер міндетті түрде мектепке барады. Яғни, мектеп инфрақұрылымына жүктеме артып келеді. Сондықтан да біздің мақсат мектеп құрылысында мемлекеттің қатысуымен қатар, салаға жеке капиталды тартуға негізделген»,-деді Е. Сағадиев.

Бұдан бөлек, министр мырза мектептер мен жоғары оқу орындарын жоғары жылдамдықты интернетке қосу мәселесіне жеке тоқталды. Осы ретте биыл 2,5 мың мектеп қосылса, тағы 1,5 мыңы алдағы үш жылда қамтылады. Осындағы мақсат – 2020 жылға қарай кең жолақты интернетпен оқушылардың 90 пайызын, педагогтардың 90 пайызын және ЖОО студенттерінің 100 пайызын қамту. Болашақта интернет біздің білім беру инфрақұрылымының негізгі тұғырнамасы болмақ.

Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздің барлық мектептерінде  үш тілде білім беру тақырыбында сөз қозғады.

«Не үшін үш тілдікті дамыту керек? Бүгінде білімнің, ғылымның, ақпараттың болашағы, сондай-ақ ұлттық бәсекеге қабілеттілігі ағылшын тілін білуге байланысты екеніне күмән жоқ. Тілді меңгеруді мектептен бастау керек. Осы ретте біртіндеп білім деңгейін жоғарылатып, жоғары сыныптарда пәндік оқуға көшу керек. Дегенмен де Қазақстанда үш тілділік білім беруді енгізу мән-жайының ең маңызын түсіну керек, яғни бұл қадам тұрғындардың қазақ тілін жаппай меңгеруіне басымдық береді. Қазақ тілін меңгерудің басымдығы болған және бола береді», – деп тоқталды министр.

Сондықтан Е. Сағадиев барша мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен бөлек, жоғары сыныптарда міндетті түрде Қазақстан тарихы мемлекеттік тілде жүргізілетінін атап өтті. Жаңартылған бағдарламаға сәйкес, орыс тілді мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қазақ тілінде жүргізу 12 жылда 300 сағаттан астам деңгейге артады.

Сонымен қатар министр қазақ тілін оқыту әдістемесінде кемшілік бар екенін айта келе, бұл бағытта жұмыстар жүзеге асырылатынын жеткізді.

Мұнымен қоса ведомство басшысы биылғы 1 қыркүйектен бастап ешкім де пәндік үш тілділікті енгізбейтінін атап өтті. Тілдерді балалар оқиды, алайда пәндер өз тілдерінде жүргізіледі. Бағдарламаға сәйкес, тек 10 мен 11-сыныптарда және 2019 жылдан бастап, яғни тек үш жылдан кейін тек төрт пән ағылшын тілінде жүргізіледі. Атап айтқанда, химия, физика, биология, информатика ағылшын тілінде оқытылады, бұл тұрғыда аптасына 8 сағат қамтылады.

Қазақ тілінде білім беретін мектептерде математика, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және бірқатар өзге де пәндер қазақ тілінде оқытылады. Атап айтқанда, жалпы тілді емін-еркін меңгеруі үшін тиісті әдістемелер енгізілетін болады.

«Атқарылып жатқан жұмыстардың арқасында  2020 жылға қарай Қазақстанның барша халқы, яғни тек қазақтар ғана емес, сонымен қатар барша тұрғындары қазақ тілін түсініп, сөйлей алуы тиіс», – деп атап өтті Е. Сағадиев.

Есеп беру жиыны барысында қойылған сұрақтардың арасында мектептердегі қағазбастылық мәселесі көтерілді. Осы ретте жасалатын есептілік оқу орнының жұмысына кедергі келтіріп отырғаны айтылды

«Мұғалімдердің есептілік құжаттарын толтыру машақаты қиын мәселе, дегенмен де бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылды. Осы ретте 2016 жылдың қыркүйегінде мектептерде қағаз жүзіндегі есептілікке тыйым салу мақсатын алдымызға қойып отырмыз. Бұл тұрғыда жұмыстар үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі, ҚР БҒМ-ның ІТ-департаментін күшейтуге негізделген. Қазіргі кезде осы шаралармен айналысудамыз, қажетті мамандарды қабылдап, олардың қызметін кеңейтудеміз. Бұл өз кезегінде жекелеген мәліметтер базасын бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар есептілікке қатысты жағдайды нақты суреттеуге ықпал еттеді», – деді Е. Сағадиев.

Бұдан бөлек, Қазақстандағы әрбір ведомство мектеппен тікелей байланысып, есептілікті талап ету құқығына ие болған еді. Тиісті өзгертулер енгізіліп,  осы орайда заңнамаға сәйкес ҚР БҒМ мектептерден есептілікті талап ететін жалғыз орган болып табылатындығы туралы норма күшіне енді.

Үшіншіден, енді Білім және ғылым министрлігі талап ететін есептілікті ретке келтіруге мән беріледі. «Енді ақпарат алғыларыңыз келсе, мектепке бармайсыздар, яғни  министрлікке сұрау жасайсыздар. Осы ретте біз мұғалімдерді қорғаймыз. Біз өзіміздің ішкі есептілікті қысқартып, ретке келтіруіміз қажет. 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қағаз есептілікке тыйым салып, оның көлемін айтарлықтай қысқартуды көздеп отырмыз», – деді министр.

Айтпақшы, Е. Сағадиев ҰБТ-ға байланысты білім беру бөлімдері басшылары оқушылар мен мұғалімдерге қысым көрсетпеуі тиіс екенін ескертті. «Біз алдағы жылдан бастап мектеп және колледж түлектері бірыңғай ҰБТ тапсырады деп жоспарлап отырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны өзгереді. Барша дамыған елдерде секілді ол функционалдық сауаттылыққа қарай бағытталады. Тест тапсыру бір ретпен ғана шектелмейді. Сондықтан да мектеп директорларына, білім басқармалары мен бөлімдеріне айтарым: ҰБТ енді сіздердің рейтингтеріңіздің бөлігі болмайды. Енді ол рейтингтеріңізге әсер етпейді. Сондықтан, мұғалімдер мен оқушыларға қысым көрсетпеулеріңізді сұраймын. Жоғара оқу орындары беретін жаңа білім ауқымын игеруі үшін бізге функционалды сауатты бала керек»,-деп түйді сөзін ведомство басшысы.

Руслан Ғаббасов

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА