Home Ұрпақ тәрбиесі СӘУЛЕ ДОСЖАНОВА: БАЛАНЫ БІЗ ЕРКЕЛЕТКЕНМЕН, ӨМІР ЕРКЕЛЕТПЕЙДІ!

СӘУЛЕ ДОСЖАНОВА: БАЛАНЫ БІЗ ЕРКЕЛЕТКЕНМЕН, ӨМІР ЕРКЕЛЕТПЕЙДІ!

0

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді» дейді. Бұл сөз дәл осы кісіге арналғандай. Ол – ақын, асыл ана, қарапайым қазақтың қызы. Жазушы, қазақтың сөнбес сәулесіне айналған Дүкенбай Досжанның асыл жары. Жуырда Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, ақын Досжанова Сәуле Мағазбекқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сәуле апай, сұхбатты асқар тау әкеңіз бен аяулы анаңыз туралы әңгімеден бастасақ. Олар қандай кісілер еді?

– Мен Хан Тәңірінің бауырында, табиғаты тамаша өлкеде тудым. Әкем Мағазбек, анам Айша. Мал баққан, қарапайым адамдар. Жалғыз перзентпін. Әкем керемет күйші еді. Он жасында әкесі шауып берген домбырасы болыпты. Қытай қазақтарының күйлерін шебер орындайтын. Әндердің тарихын жақсы білді. Анам Іле өзенін тоқтатқан, Кәкенай деген молданың ерке өскен қызы екен. Киім тігу, тамақ жасауға шебер еді. Той, өлім-жітім болсын, сол үйдің қазанын ұстайтын. Жарықтық, оқымаған, сауатсыз адамдар болса да өмірдің тәрбиесін көрген, дала сабағынан өткен жандар еді. Осындай дала «академиктерінен» тәлім алғанмын.

– Бала кезде үйіңізде Тұманбай Молдағалиев атындағы кітапхана «печатімен» болыпты. Кітапқа жақындығыңыз балалық шақтан бастау алған-ау?

– Ата-анам оқымаса да, менің оқығанымды қалады. «Біз оқымасақ та, сен білімді бол» деп отыратын. Әкем шаруаларымен ауданға барғанда, шыға берістегі кітап дүкеніне соғатын. «Әй, балалар, қандай жақсы кітаптарың бар? Менің балама беріңдер!» дейді екен. Сатушы қу қыздар жаңа кітаптармен қатар К.Маркстің, В.Лениннің кітаптарын салып жіберетін. Сондай да кітаптарым болған. (Күлді – авт.) Әкем екеуміз 1500-ге жуық кітап жинадық. І.Есенберлиннің, М.Әуезовтың том-том кітаптары болды. Поштамен алдыртамыз. Т.Молдағалиевтің өлеңдерін жақсы көрдім және «кітапханамызға» атын бердік. Ол кезде суретті үлкейту жоқ, әкем ақынның журналға шыққан суретін рамкаға салып, әйнектеді. Ағаштан ойып «печать» жасадық. Қалаға оқуға келгенде, Тұманбай ағаны іздеп бардым. Таныстым. Отыз жыл байланысымыз үзілген жоқ. Көзі тірі кезінде маған «Сәуле, сен бақытты болуға лайықсың. Ақ жүрек, ақ көңілмен бақытты болмауың мүмкін емес!» дейтін. Айтқаны келді. Тұманбай ағамның батасы тиді. Бақытты болдым.

– 11 роман, 24 хикаят, 100-ден аса әңгімені өмірге әкелген, қазақтың жарық жұлдызына айналған Дүкенбай Досжан ағаның 30 жыл аяулы жары болдыңыз. Алғаш танысқанда ағамыз сізге екі шарт қойыпты…

– Дүкең ер мінезді, сөзінде тұратын. Біріншісі – еңбекқор, ал екіншісі – мейірімді бол деді. Өзі де сондай кісі болған. Еңбекті және адамның бәрін жақсы көретін. Мені шексіз сүйгенін жасырмаймын. Атын жәй айта алмаймын. (Үнсіздік. Көзіне жас алды – авт.) Ондай махаббатты кітаптан да, кинодан да көрмедім. Қайтыс болғанда қырқына дейін, күнде бір өлең жаздым. Бүкіл Қазақстан көңіл айтты. БАҚ-та шыққан көңіл айтулар мен жоқтауларды жиыстырып «Құдіретті қалам иесі» және «Менің жалғыз серігім» атты кітаптарын шығардым. Қолымнан келгені осы екеуі ғана.

– «Ақшаның кепиеті» атты еңбегіңізді оқыдым. Әсер етті. Іске аспай, ысырап болып қалған, қайран бір сомдықтар. Аянышты. «Ақшаның құдіреті – нанмен тең» дейді. Онда халықтың маңдай тері, еңбегі бар. Қарапайым халық таңның атысы, күннің батысы, болар-болмас жалақыға қарап жүргені. Түнгі клубтарда кальян шегіп, қымбат дүкендерде «қағазды» оңды-солды шашып, қасиетіне жетпегендерге қарап қарның ашады…

– Бізді еңбекті қадірлеуге, «ақша деген маңдай тер, оның қасиеті бар» деп үйретті. Ы.Алтынсариннің мектепте «Шие» деген әңгімесін оқыдық. Соның бәрінде «ақша – еңбектің өтеуі, ол маңдай термен келеді, бағасын білмесең қасиеті ұрады» деп тәрбиеледі. Ал, қазір түнгі клубтарда ақша шашып, құмар ойынның соңына түсіп, алаяқтықпен табыс тауып жүргендердің өмірінің неге айналғанын көріп жүрміз. Бұл әңгімем ақшаның қасиетін адамдар біле түссін деген ниетпен жазылған. Қолынан ақшасын «ұзатарда» ақыл мен санаға сенімін тапсырса… Ақша адамға еңбекпен келсе ғана бақыт әкеледі.

– Кезінде «Қазақ үні» газетінде «Ұлт үшін зор қауіпке бара білген» атты мақаланы оқыдым. Кеңес үкіметі дәуірінде «Қазақтың тілі құрып барады!» деп парақша таратқан студент Дүкенбай ағаны ұстап алған милиция ескертумен жібере салған екен. Сол кезде сөзін сөйлеп, сойылын соққан ешкім жоқ. Босап кеткен себебі ұлтжанды милиция кездескеннен бе?

– Иә, Сұлтан Оразалин екеуі парақшалар таратқан. Сонда 19 жастағы Дүкеңді түрмеден сақтап қалған қазақтың рухы. Өмір болған соң жақсы және жаман адам қатар жүреді. Жақсы адамдардың болғаны ғой. Бәрінен түңілуге болмайды. Оларды рухты, жақсы адамдарға кезіктірген. Егер сол кезде қамағанда, Дүкеңнің қазіргі ұлы шығармаларын көрмес едік. Мағжан, Ахметтерден кейінгі қазақ әдебиетіндегі тарихқа қалам сілтеген жазушы. Солардың рухы оны аман алып қалған болар?!

– Аға мына жарық дүниеге қыркүйек айында келіп, қыркүйек айында кетіпті. Қиналғанда, мұңайғанда өзіңізді қалай жұбаттыңыз? Өмірден қалай ләззат алуға болады?

– Екеуміз күзді жақсы көретінбіз. Күзде танысқанбыз. (Көңілі тағы босады – авт.) Мен А.Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқитынмын, ол да күзді жақсы көрген. Күзде шығармашылықпен көбірек айналысамын. Жұртқа ақкөңіл болып көрінгеніммен, негізі тұйықтаумын. Дүкең маған «Танака» деп ат қойған, кейде «Танака болмашы» деп әзілдейтін. Баяғы «Спрут» фильмінде Танака деген кейіпкер болған. Ешнәрсеге қызықпайтын, қуанбайтын. Танакаға кезекті операциядан кейін үлкен ғимарат сыйға тартылады. Ол қуанбайды. Досы: «Мына жарты әлем сенің алақаныңда, неге қуанбайсың?», – дейді. Сонда Дүкең маған «мынау сен сияқты ешнәрсеге қуанбайды!» дегені бар. Шынында, мен ешнәрсеге асып-тасып қуанбаймын. Ал, Дүкең кеткенде мен өмірде жалғыз қалғандай болдым. Құдайға шүкір, төрт-бес баламыз бар, бірақ Дүкеңнің жоқтығын, жалғыздықты сезіндім. Әлі де жазатындарым, шығаратындарым бар, сондықтан өзімді сабырға шақырамын.

– Небәрі 18 жасынан бастап, «Отырар», «Фараби» сияқты іргелі еңбектер жазған, ұлтын сүйген тұлға Дүкенбай ағаның көшеге немесе мектепке атын беретін шығар деген ой мазалайтын болар сізді де?

– Иә, ойлаймын. Биыл 12-маусымда Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен Дүкеңді еске алу кеші өтті. Артынан ас берді. Екі күн Дүкеңнің бір тойы сияқты болды. Арманым – туған жерінен мектепке аты берілсе, оқушылар шығармаларын оқи жүрсе! Заңға сәйкес бес жыл күту керек. Уақытын күтіп жүрмін. Қазір үш қабатты үйде тұрамыз. Егер әкімшілік ұстап отыруға жараса, «Дүкеңнің әдебиет үйі» деп атаса, мен бір күнде босатуға жараймын. Бар дүниені солай қалдырып, қолыма тек бір чемоданымды ұстап кете барамын. Бәрін Дүкең екеуміздің шығармашылығымыз, бақытымыз үшін жасадық. Әруағын құрметтеп, бір затына тиіспей мемлекетке тапсыра аламын. «Жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, маған да орын табылар.

– Газетіміз білім, тәрбие, рухани сауаттылықты дәріптейді. Ендігі сұрағым бала тәрбиесі жайлы болмақ. Балаларыңызға Дүкенбай Досжанның балалары деген атты арқалап жүру оңай болмаған шығар? Айтыңызшы, балаларыңызды қалай тәрбиеледіңіз?

– Балаларымды керемет тәрбиеледім деген артық болар. Иә, аналық мейіріммен дүниеге әкелдім. Енем өте жақсы адам еді. Бала тәрбиесімен әжесі, одан кейін Дүкең айналысты. Кейде шығармашылық адамдары «мен балаларымның не істегенін білмеймін, тәрбиесімен айналыспаймын» дейді. Ал, Дүкең бала тәрбиесіне қатты назар аударды. Шүкір, сондықтан болар балаларымыз жақсы болып өсті. Сабағына, мамандық таңдауына және өмірде жол табуына қатты көңіл бөлді. Өте балажан еді. Алматыда, шетелде балалар оқыды. Арттарынан іздеп барып жүретін. Жер бетіндегі «нөмірі бірінші әке» деп әзілдейтінмін. Әруағына ризамын, жақсы перзенттерді дүниеге әкелуіме себепші және оларға жақсы тәрбие бергені үшін. Мен әлі «100 адам бірнәрсе бүлдірсе, ешкім білмеуі мүмкін, ал сендердің «Досжанов» деген фамилияларың бірінші шығады. Есте сақтаңдар, фамилияларыңды биік ұстаңдар. Әкелеріңнің атына кір келтірмеңдер!» деп айтып отырамын.

– «Айдаладағы оқ отау» әңгімеңізде «Жамандық жасама, жасасаң, тау айналып немесе от айналып келеді» деген жолдар бар. Жақында біз БАҚ жаңалықтарынан қыздың кеудесінен тепкен апталдай азамат, үлкен кісіге аяқ көтерген жасөспірімді көрдік. Қазіргі жастардың бойындағы соншалықты қайдағы қатыгездік? Үйде «тек» дегенді естімеген бе екен? Олардың болашағына алаңдайтын ата-ана қайда?…

– Керемет сұрақ! Осы сұрағыңыз соңғы жылдары мені қатты ойландырды. Бүгінде сіз айтпақшы, «тек» демейтін, «сұмдық балажан» ата-аналар пайда болды. «Мен көрмегенді көрсін, мен ішіп-жемегенді жесін» деп ұрпақ өсіруде. «Алланың әр пендесіне берген несібесі болады, әкенің малы балаға мал болмайды» деген қазақ. «Бала бер, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» дейді. Молшылықта өскен санасыз бала алды-артын ойламауы мүмкін. Сондықтан баланы біз еркелеткенмен, өмір еркелетпейді. Жанында ата-ана мәңгі жүрмейді, бала қоғамда өзін-өзі ұстауды, қайырымдылық, кішіпейілділікті білу керек. Сыйлы болу үшін, алдымен өзің жұртты сыйла!

– Әр еңбегіңізде қоғамдағы қасіретті көрсетуге тырыстыңыз. «Қызмет қамақтағы әйел» шығармаңызда өзімнің әлі күнге дейін асыл ана, аяулы жар атана алмай жүрген құрбыларымды көргендей болдым. Тек жұмыс пен үй арасына «жол салған» аруларымыздың бағын қалай ашуға болады? Қазақ қалай көбейеді? Осы жөнінде ой бөліссеңіз…

– Рас, бұл еңбегімде қоғамның қасіреті айтылған. Әркімнің өмірі өз қолында. Қыз баланы отбасында тек қызмет етесің, атағыңды шығарасың, ел билейсің деп тәрбиелеуге болмайды. Алдымен, бүгінгі қыз – ертеңгі жар, Ана, ол бір шаңырақтың отын жағып, отанын өсіретінін білуі абзал. Заманына қарай білім алып, технологияларды меңгеріп, қызмет етуі тағы бар. Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Қай заманда болсын, әйелдің жауапкершілігі жоғары, жүгі ауыр. Соған орай әйел заты төзімді болғаны дұрыс. Бойдақ салығымен, жалпы салықпен қорқытып халықты көбейте алмаймыз. Оның санасын өсіргеніміз жөн. Құраннан бастасақ, Алла құлдарының көбейгенін қалайды. Ұлт мәселесіне келсек, қазақ саны он миллионнан әрең астық. Маңайымыздағы көршілер бабадан қалған байтағымызға көз тігуде. Сондықтан көбейе бергеніміз мемлекетке де, ұлтқа да, әрі-беріден соң әрқайсымызға керек. Тапқан табыс, шыққан биік, жинаған дүние бәрі қолдың кірі. Уақыт өз дегенін жасайды. Денсаулық сыр береді, қуат қайтады, дәулет шатқаяқтайды. Сол кезде жаныңда жарың мен артыңда ұрпағың қалады. Басқа ешкімге керек еместігіңді сезінесің. Міне, салықтан емес, осы қубас жалғыздықтан қорқу керек!

– Айтыңызшы, мектеп абыройын, мұғалім беделін қайтсек көтереміз?

– Алғашқы ұстаздарым – Ырысалды Ілебекова, Клара Ауытова, ер адамдардан Мәлік, Садық, Мәткерім ағайларым еді. Ойласам, ол кісілердің жүріп-тұрғандарының өзі үлгі-өнеге болатын. Сабақта «өйтіп оқы, бүйтіп оқы!» деп миымызды ашытпайтын. Өмірмен салыстырып айтатын, өздерін биік ұстайтын. Ауылда қадірлі болды. Үлкендер ардақтайтын. Қазір біз ұстазды қадірлесек, сонда ғана шәкірт те оны құрметтейді. Маған кейде жастар киім киюіме қызығады. Әдемілікті, жақсы киім киюді Бақытжан деген ұстазымнан үйрендім. Алтыншы сыныпта тарих пәнінен Бақытжан апай берді. Өзі сондай әппақ. Шашын ортасынан жарып, түйіп жүретін. Сол кісіге еліктеп, мен де 6-сыныптан бастап түйіп қоямын. Киімдері әдемі, үтіктелеген, қыры сынбайтын, түстері тек ашық рең, алабажақ емес. Бір кереметі беторамалын жеңінің ішіне салып, үнемі алып жүретін. Қазір сіз беторамал ұстаған адамды көресіз бе? Сирек. Ұстазым секілді әлі күнге дейін беторамалым қолымда. Мен сол кісінің кішкентай ғана «макетигі» болып қалдым. Бір көрсем деп армандаймын. Жақсы ұстаз адамға өмір бойы әсер етеді. Шынымды айтсам, мен анамнан да ондай көп нәрсе үйренбеппін. Әдемілікті, көркемдікті, адамның өзін-өзі ұстауын 13-14 жасымда «өтпелі кезеңде» үйрендім. Ұстазды қадірлеуіміз, баланың сөзін сөйлемеу керек. Үйде үнемі осылай айтамын. Балалардан ұстаз туралы естісем, «Неге ол жаман, сен жақсысың? Біз сені білім алсын деп жібердік. Оны ата-ана, үкімет оқытты. Өзің дұрыс тыңдамадың, дұрыс түсінбедің!», – деп өзіне дүрсе қоямын. Кейде ата-аналар мұғалімдерді жамандайды, ақша жинау туралы әңгіме болады. Мұғалім жетіскеннен ақша жинай ма?! Біздің баламызға қажетті нәрсеге жинар немесе мектеп әкімшілігінің бұйрығын орындайды. Сондықтан бәріміз жабылып ұстазды қолдауымыз қажет! Баяғыда әке-шешеміз ұстазды алдымен құрметтейтін. Дүкең «ұстаз атпен келе жатқанда біз қандай қақаған аяз болсын, бас киімімізді шешіп амандасып, өтіп кеткенше тұратынбыз» деуші еді. Қазір ауылға барсам, алдымен ұстаздарыма кіріп амандасамын. Академик, профессор болмаған ауылдың кішкентай ғана қарапайым адамдары, маған сондай тәрбие берді. Солардың арқасында мен осындай болдым. Оқыған, тоқығаннан тәрбие алатын болсақ, небір оқып қиялы ауысып кеткен адамдар болды. Арасында менің де достарым бар. Тәрбиенің ең үлкені – өнеге, ұстаздан, ата-анадан өнеге алу. Айта бергенен түк шықпайды. Біз қалай жүріп-тұрамыз, сөйлейміз, солай тәрбиелейміз. Ауылдағы адамның керемет білімі жоқ, интернетті білмеуі мүмкін. Бірақ ақылымен, өнегесімен, ұлағатты сөздерімен ауылдың қаймағын бұзбай, ел-жұртқа сыйлы, ағайын-туыстың бірлігін сақтап, баласын тәрбиелеп қалаға оқуға жібереді. Қазақтың керемет қасиеті сөзге тоқтаған. «Қасиетті» сақтау қажет. Сөзге тоқтаған адам, барлығына тоқтайды. Ал, тоқтамағаны неше түрлі қылмысқа барады. Сондай адамнан қауіптену керек.

– «Маймақ қаз» мультфиліміңізді балаларым қозғалмай отырып көреді. Көре отырып, көзімізге жас келеді. Маймақты аяймыз. Кемтар тұрмақ, қол-аяғы бүтін балаларды шімірікпестен жетімдер үйіне тастап кетіп жатады…

– «Маймақ қазды» жазғандағы айтпағым да сол – денсаулығы жоқ балапанға қайырым жасату болатын. Егер оқырман көзіне жас алса, менің сол ойымды жеткізе алғаным. «Алла адамға балаларды аманат етіп жібереді, оны жақсы етіп өсіріп, тәрбиелеп жеткізу міндетің» дейтін енем. Сол аманатты орындамау, жауапсыздықпен қараудың соңы орны толмас өкінішке соқтырары аян. Сол жағын «көкек» аналар ойланғаны дұрыс.

– «Білімді ел» оқырмандарына тілегіңіз?

– Алғаш «Білімді ел» деп атын естігенде, қуанып қалдым. Иә, қазір білімді елміз. Әлемдегі мықты мемлекеттердің қатарындамыз. Қазір білім күресі. Сапалы білім болмаса, енді аяғын басқан ұрпақ мына дәуір ағысына ере алмайды, әлемдік жарыстарға шыға алмайды. Отанымызға білім олимпиадаларынан алтын белгілер келіп жатыр. Спортта да жетістік көп. Қазақтың қаны таза. Өте зерделі, құймақұлақ халықпыз. Сондықтан газет бетінен әйгілі зиялы қауым өкілдерінің керемет ой-пікірлерімен еліміз сусындай берсін дегім келеді. Адам жақсыға қарап теңеседі. «Бәйгеде артымда қанша ат бар деме, алдымда қанша ат бар де!», – депті Абай. «Білімді ел» тек биік дүниелерді ғана көрсетсін. Мен рахмет айтамын сіздерге! Ел болып осы газеттің ғұмыры ұзақ болсын делік!

– Оқырмандарға ой салар мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Сәния Сүлеймен,
Астана қаласы

bilimdinews.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version