11.10.2024

Сыни ойлау туралы

Сыни ойлау туралы

Адам қашан терең ойлана бастайды? Бірінші мезетте оның алдында дайын жауабы жоқ қандай да бір мәселе (проблема) немесе әлі де үйреншікті бола қоймаған жаңа ақпарат пайда болғанда. Екіншіден, адам бұл проблеманың жауабын табуға ұмтылыс жасағанда немесе жаңа нәрсені түсініп, оның байыбына жетуге тырысқанда. Ойланудың қандай да болмасын қиындық, ыңғайсыздық, күмән туғанда пайда болатындығы туралы философ Джон Дьюи былай деп жазған: «Ойлау тығырыққа тіреліп, таңдау жасау керек кезде басталады» ((Дьюи Д. Психология и педагогика мышления. – М.: Совершенство, 1997, 21 бет).

Рефлексия жасағанда адам көптеген шешімдерді сараптап, оларды ой елегінен өткізіп, өз құндылықтары мен түсініктерінің, түйсігі мен қажеттіліктерінің таразысына салып, салғастырады, проблеманың байыбына жетуге тырысады. Осыдан соң адам өзі таңдап алып, көңілі қалаған шешімді тура сол қалпында қабылдамай, оны жан-жақты қарастырады, оның оң мен солын ажыратады, кемшіліктерін келтірумен қатар оны қуаттау үшін дәлелдер іздейді. Бұл тұжырымдауға қанағаттанбай, өз шешіміне балама іздестіреді, жаңа ұсыныстар мен болжамдар жасайды. Ылғи да өзіне еш бүкпесіз шындық тұрғысынан сұрақ қойып, оған жауап іздейді, жауап тапса, қайтадан сұрақ қойып, енді соның жауабын іздестіреді, оған да қанағаттанбай, әрі қарай «қаза береді», «қаза береді». Сұрақтар, сұрақтар, сұрақтар. Жауап іздеу, жауап іздеу, жауап іздеу. Үздіксіз іздену мен зерттеу…

Ойлаудың осындай толассыз түрі сыни ойлау деп аталады. Мұнда ойлау тізбекті (сызықты) түрде бір нүктеден екінші нүктеге бір бағытпен жылжымай, біресе алға, біресе артқа ойысады. Проблеманың шешімін табу мұнда ең аяққы нүкте деп саналмайды: оны дәлелдеп беру керек, оның тиімділігі мен ықтимал қолайсыздықтарын айқындау қажет, оған балама келтіру керек. 
Сыни ойлау проблема шешуге бағытталумен қатар өзінділікпен (дербестік) ерекшеленеді: қандай да болмасын мәселе/ақпарат бойынша өзіндік түсінік қалыптастырып, оған тәуелсіз тұрғыдан баға беру, дербес шешім қабылдау.

Сыни ойлауды дәріптеушілердің бірі Ричард Поль мына аумалы-төкпелі, күнделікті өзгеріп отырған заманда адам «өз инстинктеріне бостан босқа сенбеуі керек» деп есептейді. Мұның себебі мынада: адам өз түсініктерін, ұстанымдарын, құндылықтар мен нанымдарын бірден қалыптастырмай (мысалы, сезімдер жетегімен немесе басқа біреудің айтқаны бойынша), олар туралы терең ойланып, оның бәрін күмәнмен қабылдап, «тұла бойынан» өткізуі қажет. Ричард Польдің пайымдауы бойынша, адамдар «өздерінің басына түскенді дәл сол қалпында қабылдамауы керек. Олар ақиқат деп ұсынылған нәрсенің бәрін де ақиқат деп түсінбеуі қажет. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесін жалған деп ойламауы керек». Демек, олар өмірдің барлық жәйттері мен көріністерін ой елегінен өткізіп, олардың өміршеңдігі, құндылығы мен қажеттілігі туралы өзіндік пікір қалыптастыруы керек. Сол себепті сыни ойлауды көп жағдайда «сыпайы күмәндану» деп атайды.

Кезінде Сократ «Таным негізінде күмән жатыр» деп бекер айтпаған. Біз әр нәрсеге байыппен қарап, оны екшеп-текшегеннен кейін, күмәндану негізінде туындаған сұрақтарымызға жауап іздестіріп, тапқанда ғана сол зат туралы түсінік пен пікір қалыптастырамыз. Мәселе сол затты жоққа шығаруда емес, мұнда негізгі әрекет – сол затты жан-жақты қарастыру: оған күмәнмен терең үңілу, оны күмәнмен өз тәжірибемізбен салғастыру (ол туралы не білетіндігімізді, оның қажеттілігі мен тиімділігін саралау). Мұнда үнді ақыны Рабиндранат Тагордың «Таным нұры жарқырай түскен сайын, күмән қараңғылығы қоюлана түседі» деген сөздерін де келтіруге болады. Адам көп білген сайын оның күмәні де көбейе түсетіндігі хақ.

Сыни ойлау оқушылардың ойлау дағдыларын дамытып, оларды оқу мен өмірде туындайтын проблемаларды/мәселелерді өздігімен шешуге бағыттайды. Осы арқылы сыни ойлау оқушыларды ақпаратпен жұмыс жасауға, жан-жақта тұрғыдан кез келген жәйтті талдауға, бағалауға, таңдау жасап, шешім қабылдауға баулиды. Оқушылар бұл секілді жұмыстарды жасау нәтижесінде өздеріне және өзгелерге толассыз сұрақтар қойып, оларға жауап іздеп, өз жауаптарын ұтымды дәлелдермен айғақтайды, дербес шешімдер қабылдайды.

Сыни ойлау әр адамды табиғатындағы менмендіктен және ортаға тәуелділіктен арылтады: адам басқалармен тиімді қарым-қатынасқа түседі, қоғамдағы беделдердің пікірлерін ақиқат ретінде қабылдамай, оларға күмәнмен қарай бастайды, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптай біледі. Осылайша сыни ойлаушы өзін-өзі шектей біледі, басқалардың пікірлерімен санасып, өз көзқарасын олармен салғастырады, қоғамда кеңінен таралып, көпшіліктің қабылдаған көзқарастарды мойындамай, олардың дәлелдері мен тұжырымдауларын іздестіреді. Алайда бұл күмәндану жоққа шығаруды білдірмейді: осындай әрекеттер арқылы сыни ойлау аталмыш көзқарасты қабылдауға әкелуі әбден ықтимал. «Сыни ойлау» ұғымында «сынау», яғни «кемшіліктерді айқындау» мағынасы жоқ. Сыни ойлаудың мәнін «байыбына үңілу», «терең бойлау», «зерделеу», «екшеп-текшеп, жан-жақты қарастыру», «өзіңе сұрақ қойып, соның жауабын іздестіру» деп те келтіруге болады.

Сонымен, сыни ойлау мынандай жағдайларда болады:
– кез келген проблема не ақпаратпен өздігімен жұмыс жасағанда;
– кез келген проблема не ақпаратты өзіндік тәжірибе (өмірлік, кәсіби) тұрғысынан қарастырғанда;
– кез келген проблема не ақпарат туралы өзіндік (дербес) пікір қалыптастыру барысында;
– өз пікірі мен көзқарастарын тұжырымдап, оларды дәлелдеуде;
– кез келген проблема не ақпаратты жан-жақты тұрғыдан қарастырғанда;
– бірлесе жұмыс жасағанда (топта, жұпта, командада);
– өзгелердің пікірлерін бағалап, қабылдағанда.

Ал сыни ойлаушының ерекшеліктері мынандай болады деп тұжырымдауға боларлық:
– кез келген проблема не ақпарат бойынша нақты сұрақтар қояды;
– ең маңызды жәйттерді бөліп шығарады;
– проблема не ақпаратқа қатысты деректерді қолданады;
– критерийлер мен стандарттарды қолданады;
– критерийлер мен стандарттарға негізделінген дәлелді қорытынды мен шешімдер келтіреді;
– өз пікірі мен көзқарастарына деген жоғары жауапкершілігі бар;
– ақпаратты бір мағыналық жүйеден екіншіге аударады (вербалдыдан визуалдыға немесе керісінше);
– қарастырып отырған мәселені басқаларымен салыстырады;
– балама ұсыныстар мен көзқарастарды тұжырымдайды;
– икемді болады: өз ойлары мен пікірлерін өзгерте біледі, қателерін мойындап, оларды түзейді;
– себеп-салдарды анықтайды;
– талдайды, тұжырым жасап, қорытындылайды;
– мәселеге ауқымды тұрғыдан қарап, бірінші мезетте тек қомақты жәйттерді бөліп қарастырады;
– шешім қабылдауда басқалармен тиімді түрде ынтымақтасады;
– ақпаратты шығармашылық тұрғыдан түрлендіреді;
– әртүрлі дереккөздерден қажетті ақпарат табады, оның мазмұнын, бағытын, мақсатын өздігінше түсінеді;
– өз әрекеттерін бақылайды, оларға баға береді, жақсарту жолдарын іздейді;
– басқалармен тіл табысып, ортақ мәмілеге келуге тырысады.

Оқушыда сыни ойлаудың қалыптасу деңгейлері

Бастапқы деңгей 
– өз көзқарасы мен ұстанымын жан-жақты тұрғыдан қалыптастыра алмайды, 
– өз ұстанымын толық дәлелдей алмайды, оның артықшылықтарын толық көрсетпейді,
– жан-жақты салыстырмайды,
– ұтымды мысалдар келтірмейді,
– себеп-салдарын дәлелді түрде келтіре алмайды,
– талдау мен синтездеуді толық жасамайды,
– жан-жақты баға бере алмайды.

Орта деңгей
– ойлау қадамдарын ретімен қолданады,
– өз көзқарасы мен ұстанымын қалыптастырғанымен оларды ұтымды түрде дәлелдей алмайды,
– өз ұстанымдарын өзгелермен салыстырады, оның артықшылығы мен кемшіліктерін ажыратады,
– өзіне айтылған сынды сабырмен қабылдай алмайды,
– өзге ұстанымдарды жан-жақты талдамайды, олардың олқылықтарын ажырата алмайды,
– өзге ұстанымдарды өз мақсатында пайдалана алмайды,
– өз ұстанымын икемді түрде өзгерте алмайды. 
Жоғары деңгей
– негізгі ойлау қадамдарын ретімен, логикалы түрде және тереңінен қолданады,
– өз көзқарасы мен ұстанымдарын ұтымды түрде дәлелдей алады,
– өзіне өзі нақты баға бере алады,
– өзге пікірлерді бағалай біледі,
– ұсыныстар мен гипотезалар жасай біледі,
– айтылған сынға байыппен қарайды: өз ұстанымдарын икемді түрде өзгерте алады,
– өз жұмысын жақсарту жолдарын іздестіреді.

Сыни ойлауды сабақта қалай қолдануға болады?

Ең алдымен сабақ тақырыбын немесе шешуді қажет ететін проблеманы (мәселені, сұрақты) айқындап алайық. Мәселен, тақырып не проблема «Біздің ауыл тұрғындарының денсаулығы», «Суды қалай үнемдеуге болады» немесе «Қазақстан екінші дүниежүзілік соғыста» болсын. Осы проблемаларды шешу үшін мұғалім оқушыларға үнемі сұрақтар қойып, олардың сыни ойлауын белсенділендіріп отыруы керек.
Алдымен оқушыларға «Бұл тақырып/проблема туралы не білесіздер?» деп сұрау қойып, олардың алдымен жеке ойланып, содан кейін шағын топ (немесе жұп) ішінде өз ойларын ортаға салуды тапсыруға болады. Осыдан соң туындаған ойлар мен пікірлерді сынып болып талқылаған жөн. Мұғалім оқушылардың талқылауын «Бұл мәліметтердің қайсысы сіздер үшін пайдалы болады деп ойлайсыздар? Неліктен олай деп шештіңіз? Бұл тұжырымға сіздер қалайша келдіңіздер?» секілді сұрақтармен қолдап отырады.
Оқушыларға қойылатын келесі сұрақ «Бұл туралы не білгілеріңіз келеді?» болсын. Қайтадан шәкірттер алдымен жеке ойланып, сонан соң жұп не топ құрамында пікірлерімен алмасады. Бұл мәселені тағы да сынып болып талқылап (мұнда «Неліктен олай ойлайсыз? Ал егерде олай болмаса ше? Мұның астары (немесе себеп-салдары) қандай деп ойлайсыздар?» секілді сұрақтарды қойған орынды), тақтаға оқушылардың не білгісі келетіндерін тізім түрінде жазып қоюға болады.
Келесі мәселе: тақырыпты/проблеманы шешу.
Ол үшін оқушыларға мынандай сұрақ қоюға болады: «Бұл мәселені қалай шешесіздер? Ол үшін сіздерде қандай деректер мен ресурстар бар? Мәселені қандай уақыт ауқымында шешуге болады деп ойлайсыздар?»
Оқушылар дерек көздерімен жұмыс жасау барысында оларға тағы да мынандай сұрақтар қойып, ойлау мен талқылаудың шоғын үрлей түсу керек: «Деректер сенімді ме? Олардың қайсысын дәлел ретінде таңдауға болады? Неліктен? Дерек авторының пікірі сыңаржақ емес пе? Оның ұстанымымен келісесіз бе? Оның қай көзқарасына қарсысыздар? Деректерді қалай орналастыруға болады? Олардың ішкі байланыстары бар ма? Олар қандай?»
Әрине, бұл сұрақтар ойлауды дамытудың мысалдары ретінде келтіріліп отыр, олардың барлығын бір мезгілде қоюдың қажеті де жоқ шығар: 2-3 сұрақ қойса да жеткілікті. Өйтпеген жаңдайда оқушылар көп сұрақтың астында «көміліп» қалуы ықтимал: онда негізгі проблеманы шешу мәселесі жайына қалуы мүмкін.
Әрі қарай оқушыларға тағы да мынандай сұрақтарды қойған орынды:
– Өз ойларыңызды бүкіл сыныпқа қалай жеткізесіздер? (Сыныпты ойларыңызбен қалайша таныстырасыздар?)
– Сіздердің ұстанымдарыңызды немен салыстыруға болады?
– Осы тақырып бойынша біліміңізді қалай қолданасыздар?
– Өз ұстанымдарыңызды қандай дәлелдермен қуаттайсыздар?
– Ұстанымдарыңыздың ішкі бөлімдерін бір-бірімен қалай салыстырасыздар?
– Өз ұстанымдарыңыздың ұтымды жерлері қандай?
– Ұстанымдарыңыздың осал жерлері бар деп ойлайсыздар ма?
– Өз ұстанымдарыңызға қандай баға берер едіңіз?
Түйіндеу немесе қорытындалауда мынандай тапсырмалар ұсынуға болады:
– Проблема шешудің ұсыныстарын келтіріңіздер.
– Өз ұстанымдарыңызды дәледеңіздер.
– Бұл мәселенің практикалық қорытындысын келтіріңіздер.
– «Не білдім?» деген сұрақты талқылаңыздар.
– Жаңа білімді қалай қолдануға болатындығын талқылаңыздар.
– Топ ішіндегі жұмыстарыңызды бағалаңыздар.
Осылайша, яғни жоғары деңгейдегі (немесе «жуан», «қиын») сұрақтар қою арқылы, оқушыларды өзіндік ойлауға, ақпарат пен дереккөздермен өздігімен жұмыс жасауға, дербес тұжырым жасап, оны дәлелдермен қуаттауға, проблема шешуге ынталандыру қажет. 
Сыни ойлау қайталауды ғана қажет ететін сұрақтар арқылы өрбімейді (немесе оларды «қарапайым», «жіңішке», «оңай» сұрақтар деп те атайды): мұндайда оқушы тек еске түсіреді. Мәселен, «Екі жердегі екі қанша болады?» деген сұрақ дәп осындай репродуктивтік сипатта, демек, оқушы бұл сұраққа жауап бергенде сыни ойламайды, ол тек білгенін есіне түсіреді. Сократ кезінде «Ақылсыз адам жауап береді, ал ақылды адам ақиқатты іздейді» деген екен. Сондықтан да оқушыларды ойлануға итермелейтін сұрақтар қою қажет. 
Мәселен, оқушының сыни ойлауы үшін осы сұрақты былайша өзгертуге болады: «Неліктен екі жердегі екі төрт болады? Өз ойыңызды қалайша дәлелдеп бере аласыз?» Бұл сұрақтарға жауап беру үшін оқушы тек еске түсіріп қана қоймай, сонымен бірге мәселені жан-жақты қарастырып бағады, өзіндік пікір қалыптастыруға ұмтылады, оны дәлелдеуге тырысады. 
Егер оқушылардан «Газды сусындарды ішуді ұнатасыздар ма?» деп сұрасаңыз, олар бұл сұраққа не «Иә», не «Жоқ» деп жауап береді. Алайда мұндай жұмыс оларда сыни ойлауды туғызуы екіталай. Ол үшін дұрыс жауап берумен шектелмей, сұрақтар қою арқылы ойлауды дамытып, мәселені жан-жақты қарастыру керек. Мұндай сұрақтарды оқушылармен бірлесе құрап, оларға жауап іздеу қажет: «Газ сусынға не үшін қосылады? Қандай газдар қосылады? Басқа газдарды қосуға бола ма? Неліктен газды сусын адам үшін дәмді болады? Газ қалайша сусынды дәмді жасайды? Жануарлар газды суды іше ме? Газды сусындармен үй өсімдіктерін суғарса не болады? Газды сусындар денсаулыққа нұқсан келтіре ме? Газды суды көп ішсе не болады? Кішкене балалардың ағзасына газды сусындар қандай әсер жасайды? Газды сусындардың құтысында көрсеткен құрамдас бөліктер сусын құрамында шынымен сақтала ма?», т.б.

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА