12.07.2024

ХХІ  ғасыр ұрпағының ата – анасы мен ұстаздарына қойылар талап күшті білгенге!!!

ХХІ  ғасыр, бұл – біз сүріп жатқан қоғамның еншісіндегі жүз жылдық. Бұл ғасыр біріміз үшін өтті, біріміз үшін өтіп жатыр, бірімізге енді келер?… Бір білетінім, бұл айтылған үштіктің қайсысының болмасын, мәңгі емесіне көзім толық жетеді. Уақыт машинасы зырылдап өтіп, бүгінгі күніңді көзіңді ашып –  жұмғанша, тарихтың сарғайған бетіне айналдырады да қояды. Алайда, мәңгі қалатын бір нәрсе, бұл – ұрпақ! Яғни, иманмен нұрланған баянды, салиқалы, білімді, еңбекқор, ұлтжанды,   тұла бойы адами құндылықтарға, даралыққа, даналыққа тұнған өскелең ұрпақты тәрбиелеп қалдыру – біле білгенге ұлы іс! Осындайда, халқымыздың маңдайына біткен дара тұлғаның  бірегейі хакім Абайдың философиясына тағы үңілесің, үңілесің де оның әр сөзінің маржандығына қайран қалып, әбден дұрыс айтылғандығын түсінесің…

  «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым,  жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».

 Иә, адам болып келген соң, адам болып өткенге не жетсін! Меніңше, адам болып туудың өзі бақыт, адам болып жүрудің өзі бақыт, адам болып күлудің өзі бақыт. Сезінгенге Құдіреттің бұл сыйы, жылағанда жүрекпен төзу бақыт!!!

Адам баласы өміріндегі тұлға болып қалыптасуына әсер етер алғашқы тәлім – тәрбие мектебі,  ол – ата-ана, отбасы, ұстаз, мектеп, орта екені сөзсіз… Жарнаманың, жаһанданудың шырмауына шырмалған ХХІ ғасыр ұрпағы тым сезімтал, білімді, жаңалыққа құмар, не осыған  кері бағыттағы жас буын болуы әбден мүмкін. Ал осындай қоғамда туып, қанатын қатайта бастаған жас бүлдіршін санасының берік, ойлы, Отан сүйгіш, еңбекқор болуына ықпал етер мына біз – үлкендер. Көкейіме талабы күшті ХХІ ғасыр ата – анасы мен ұстазы қандай болуы керек деген сауал туғанда, қазіргі таңда  ата – анаға да, ұстазға да жаңа ғасырдың қояр талабы күшті екендігі оралады. Кез – келген ата – ана өз ұрпағының дені сау,  саналы болып қалыптасуын армандары хақ. Ал бұған толық мүмкіндік бар. Бала тәрбиесінің діңгегі болған өмір нәрін сыйлаушы Ана – саналы, ана – сауатты, ана – сезімтал, ана – еңбекқор болса, отбасының қуанышы болған сәбидің түзу өскен дарақтай, жайқаларына шүбәм жоқ. Әлемнің оқымыстылары мойындағандай, бала туғандағы кейпі ақ қағазға тең. Ал әрмен қарай ақ қағазға жазуды түсіруің тек өзіңізге байланысты, ата –ана! Ананың аялы алақанын, әкенің қатал мінезіне жұмбақ махаббаттың көмкерілгенін көріп өскен ұл мен қыз болашақта соны қайталайтыны аян ғой. Яғни, мықты мемлекеттің іргетасы қалануына негізгі фактор бұл. Енді құндақтағы сәби ананың құшағынан (омырауынан) ажырағаннан кейінгі тәрбиесіне ықпал етер орны – балабақша мен мектеп…  Мектеп – алғашқы өмір баспалдағы десем, қателеспеспін. Бала мұнда ұжымды, достықты, алғашқы жауапкершілікті түсініп, алғашқы махаббат сезімін бастан өткеруіне жол ашатын – құпиялы да сырлы баспалдақ.

Мен жас педагог ретінде теорияны үйретерімнен үйренерім көп екенін білемін. Десе де, бір білгенім баланы сүйе алмасаң, шәкіртіңе қамқорлықты сезіндіре алмасаң, мықты теорияңның бекер екенін әп – сәтте түсінуге болады. Айтпағым, біріншіден, баламен бала болып, онымен байланыс орната алмасаң, еңбегіңнің еш кеткені. Өз теориямда бірінші шәкірт пен ұстаз арасында достық байланыс орнату керек деп білемін. Мен үшін оқымайтын бала жоқ, тек ата – ана назарынан тыс, қараусыз, күн тәртібінен бейхабар, жалқау бала бар деп білемін. Әрине, гендік әсер де бар шығар. Қабылдауы кеш  оқушылар. Ал бұл табанды еңбекті талап етеді. Менің мектеп қабырғасындағы кішкене тәжірибеме сүйеніп, шындықты айтар болсам, мұндай маңызды мәселемен айналысуға ұлағатты ұстаздардың да, нарық заманының талабын орындап, күнбағыс қамы үшін шыр – пыр болып жүрген ата – ананың да уақыты жоқ. Жас маман ретінде жанымның айқайын естір жағалы атқамінерлер бар болса, біздің елде бар – жоғы 17 миллион ғана халықпыз. Оның 9 миллионнан астамы ғана осы қара шаңырақтың иесі болған – Қазақтар! Кейбір мемлекеттердің үлкен қалаларының тұрғындарының санына саяды. Көп дамыған мемлекеттерде бірінші ғылымы мен медицинасына назар аударады екен. Ал бізде, керісінше, білім беру ісінің мамандары – қоғамның бір бейшара тобы. Сол сияқты дәрігерлер де! Бар ғұмырын ағарту саласына арнап, мардымсыз жалақыны  қанағат тұтып жүре беретін тәубесі мықты мамандық иесі – ау, осы мұғалім (Әрине, біздің қоғамда). Жарайды, мұны әрі қарай талқылауға құқым да жоқ, өйткені, осы саланың майын ішкен апа – аталарымнан ұят – ты. Олар шыдап – бақты, бізге білім берді, “тәуелсіз елдің ұланы – еркін шәкіртсіңдер” дейтіні санамда қалыпты ұлағатты ұстаздарымның! Мұнымен материал қажеттіліктеріне еніп кеттім, қанша дегенмен мен де ХХІ ғасырдың, ойды бұрмалаусыз айтатын тәуелсіз елдің ұрпағымын ғой …

Елдің ертеңі болар нар тұлғалы азаматтардың білімі мен біліктілігін арттыруда өз өмірінің уақытынан өзгенің уақытын қымбат санайтын  ұстаздар қауымының алдына кімдер келіп, кімдер кетпеді десеңші?…  Қас қаққан мықтының барлығы, ұстаз алдынан өтті, өте де бермек. Ойымның тоқ етерін айтсам, мемлекет басындағы немесе жер – жердің әкімдігіндегі қолында билігі бар басшылар, жас маман ретінде бүкіл мұғалім атаулының жалақысын, шай ақысынан асырып жібермесеңіздер де, тұтқиылдан «Шаш ал десе, бас алып кетуге құмар» баса – көктеп келер тексерулердің орнымен келгенін, келсе де әдістемелік тұрғыдан дамыту мақсаттарында келіп жатса деген орындалмас арман бар. ХХІ ғасыр ұстазына ғасыр талабына сай, шығармашылық тұрғыдан жан – жақты дамуы үшін жағдай жасалса екен. Білімді, жан – жақты, дамыған ұстаздың жемісі – шәкірті емес пе? Неге біз дамып келе жатырмыз десек те, берері аз қағазбастылықтан әлі де арыла алмаймыз. Кейде  баланың жанын, сезімін ойлап, соны тексеретін мейірімді комиссиялар жоқ па екен деп ойланамын…  Майшамды алып, мұғалімнің ізіне түсе бергенше, сол майшамды әр шәкірттің жүрегіне біліммен жақсақ орынды болар еді. Сол мұғалімнің бейресми атқаратын жұмыстарының бірі – көше – көшенің үй – жайын сығалап, бала санау. (Бұл жүрісті ит екеш ит те жақтырмайды. Қауып жатқаны көше бойы)  Қалалы жердегі мұғалім ше?  Оның жүрісі бұдан да аянышты, жиналыс, концерттер алаңдардағы, бос орынды толтыру мақсатында залда еркінен тыс отыруы) кешқұрым қала тұрғындары үйіне жиналды – ау дегенде, науқан бойынша үй – үйді аралау деген жорық. Ауылдың мұғалімінен ерекшелігі сол, мұнда көшенің қабаған иті аздау. Алайда не мас, не сау екенін білмейтін үй иелері есікті ашып, зәресін алып жататыны, қорқа – қорқа бала санын түгендейсің  де, біреу жақтырады, біреу жекіп береді, шыдайсың. Бұдан кейінгі процесс – қаланың түкпір – түкпірінде 18 – ге жасы  толмаған балалардың оқитын мекемесінен телміріп кезек күтіп, анықтама жинау. Өзі елу мың жалақысын неге жеткізерін білмей жүрген мұғалімнің, сөйтіп жүргенде, біраз ақшасы жол ақысына кетіп үлгереді. Кез – келген қоғамдық шаралардың ішінде бірінші ұстаздар қауымы жүреді. Бала үшін еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына баланы дамытуына мүмкіндік беріңіздерші. Меніңше, қағазбастылықтан да маңызды рухани дүниелер бар. Ол – баланың сезімі, өмірге тұлға болып қалыптасуы үшін жағдай жасайтын ұстаздар қауымы.  Мағжан атамыз айтқандай,

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы.

Қамшыбекова Нұргүл Сапарғалиқызы

Алматы қаласы, Ғ.Мүсірепов атындағы № 86 мектеп – гимназиясының тарих пәні мұғалімі.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА