16.07.2024

Унгаралиева Назгүл. Жаңаша оқытудың білім беру жүйесіндегі маңызы

«Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді»

Әбу-Насыр әл-Фараби

Өмір – бұл ағын су секілді, бір орында тұрмайды, яғни жылдар жылжып, уақыт өтеді. Уақыт өткен сайын қай салада болмасын дүниенің бір жаңалығы орын алып жатады. Сол жаңалықты тосырқамай, жақсы-жаманын саралап қабылдай білу керек.

Өмірді ағын суға теңесек, білімді – теңіз, мектепті – кеме деп қарастырамыз, ал мұғалім – сол кеме капитаны деуге болады. Кеменің тереңге батпай, дұрыс бағдармен жүруі мұғалімге байланысты. 

Мұғалімнің ұстанымы әрі мақсаты – шәкіртінің ішкі жан дүниесін тану, оның жеке басының құндылықтарын құрметтей отыра, тұлға ретінде қалыптастыратын ерік, мақсатқа ұмтылушылық секілді қасиеттерін жандандыруға көмектесу.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз»-деп атап көрсеткендей, осы заманғы ұстаз – болашаққа заман ағысымен ілгерілеген озық тұлға. Мұғалімге осындай көзқараспен қарау, оның алдына қойылар талапты да айқындайды.

Кез-келген адам алдына қойған мақсатына ерік-жігерін аямай еңбек ету арқылы, осы жолда өзін-өзі бар қырынан жетілдіру арқылы жетеді.

Елбасымыз: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» деп атап көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан 2050 стратегиясында: «Біріншіден, барлық дамыған елдер өзінің бірегей жоғары сапалы білім беру жүйесіне ие. Біз Ұлттық білім беру саласының барлық бөлімдерінің сапасын жақсарту үшін көп жұмыс істедік. Біз,

2020 жылға қарай, Қазақстанның 3-6 жастағы барлық балалары мектепке дейінгі білімді алатын болатынын болжап отырмыз. Сондықтан, сол балаларды заманауи білім беру әдістемелерімен және білікті қызметкерлермен қамтамасыз етудің маңызы зор. Негізгі мектеп үшін, барлық мектептердегі оқыту стандарттарын Нзарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін жақсарту қажет. Жоғары мектеп түлектері Қазақ, Орыс және Ағылшын тілдерін меңгеріп шығулары тиіс. Оқытудың нәтижесі сын тұрғысынан ойлау, өздігімен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгерту тиіс» делінген. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары бағдарламасы мұғалімдердің шеберлігін жетілдіру мен дамытуды басты міндет ретінде қарастырып отыр.

Қазақстан Республикасының 11 жылдық жалпы білім беретін мектептеріне арналған жаңартылған оқу жоспары шеңберіндегі біліктілікті көтеру бағдарламасы ұйымдастырылды. «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Астана қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты (ПҚ БАИ) оқытушылары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығында жаңартылған бағдарлама бойынша қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілдерін оқыту курсында біліктіліктерін арттырды. 2015 жылдың 2-27 наурыз аралығында Астана қаласында өткен орта білім берудің мазмұнын жаңарту оқу бағдарламасы бойынша тілдерді оқыту курсына мен де қатысып, тренерлік оқыту сертификатына ие болдым. 

Бағдарламаның негізгі мақсаты – дәстүрлі сабақ беру жүйесін өзгертуге бағытталған және оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасымен таныстыру болып табылады.

Жаңартылған бағдарламаны іске асыру бойынша курста оқыту тілдерді үйретуге, пәндік бағдарламалар мен оқу жоспарларының мазмұнын меңгертуге бағытталды. Бағдарламаның негізгі басымдықтары:

  • сөйлеу қызметінің дағдыларын дамытуға оқу мақсаттарының бағытталуы;
  • тілдік тақырыптар мен мақсаттардың шиыршықталған құрылымы;
  • критериалды бағалауды қолдану.

Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәні бойынша білім беру мазмұнының жаңартылуы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Президент Жарлығына сәйкес қолға алынған (ҚР Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы №110 Жарлығы). Бұл Бағдарлама қазақ тілі өмірдің барлық салаларында көшбасшы болады деген бағдармен қатар қазақ тілі сияқты жоғары деңгейде орыс тілі мен ағылшын тілін де үйренумен айналысатын жастарға бағытталған. Осы үш тілді бірдей жоғары деңгейде үйрену үшін еліміздегі білім беру бағдарламасын жаңартуға бағытталған бірлескен күш-жігер қажет.

Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту аясында орыс тілінде оқытатын мектептердің қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес Білім Беру Ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридждің Халықаралық емтихан кеңесімен бірлесе отырып әзірлеген. Бұл Бағдарлама республикада орта білім мазмұнын жаңарту аясында қайта қаралған оқу бағдарламаларын мектептерге енгізуге септигін тигізеді.

Бағдарламаның мақсаттары:

  • орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымымен, ондағы материалдардың өсу ретімен, мазмұнымен және мақсаттарымен таныстыру;
  • орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тіліне арналған жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді қалай әзірлеу керектігін түсінуін, қолдана және модельдей білуін қамтамасыз ету;
  • орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тіліне арналған жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша оқытатын тіл мұғалімдерінің біліктілікті арттыру курсын іске асыру үшін қажетті дағдыларын дамыту.

Бағдарламаның міндеттері:

  • жаңартылған оқу бағдарламасы және онымен байланысты сабақ жоспарлары туралы түсінік қалыптастыру;
  • жаңартылған оқу бағдарламасын оқыту үшін қажетті дағдыларды меңгеруін қамтамасыз ету:

 Аталған бағдарлама тиімді каскадтық оқыту, ересектер мен оқушыларды оқыту арасындағы шектеулік, мұғалімнің тиімді оқыту дағдысын дамытуға курстық дайындықтың негізгі әдістері болып табылады. Тренерлерді дайындау барысында Англияның тәжірибелі тренерлері мен сарапшылары тиімді тренингтер мен сабақтар өткізді.

Қазақстанда қазіргі кезде жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейдегі ұлттық мәнмәтіндегі жұмыстар жүргізілуде. Оқу бағдарламалары халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесу үшін қажетті дағдыларды дамытуды қамтиды. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.

Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасының аясында оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалым дағдыларын дамыту нәтижесінде оқушылар алған білімдері мен үйренген дағдыларын кез келген орта жағдайында бәсекеге қабілетті болуға, қарым-қатынас үдерісінде тиімді қолдануға мүмкіндік беретін білім алады.

Оқылым, жазылым, айтылым және тыңдалым дағдыларына оқушылардың жас ерекшеліктері мен оқыту деңгейінің ықпалымен қатар, барлық тілдік оқу бағдарламалары да мұғалімдерге сыни ойлау дағдыларын дамыту, нақты тапсырмаларды және қызметтің барлық түрін орындау, білімнің көпқырлы болуына және оларды қолдануға құрментпен қарауды қалыптастыру сияқты аспектілерді ескеруге көмектеседі. Бұл мұғалімге оқушылардың өзіндік пікірін қалыптастыру барысында оқушыларды бақылап, танымдық өзгерістерді қамтамасыз ету үшін дер кезінде араласып, өзінің «сахнадағы ақылшы» рөлін дамыту керек. Балада барлық тілді басқаруға қатысты нақты қағидаттар туралы туа біткен білімі бар. Сондықтан мұғалімнің рөлі оқушылар естіген немесе пайдаланған грамматикалық құрылымның әртүрлілігіне негізделе отырып, тілді нысаналы оқыту мен үйрету арқылы әмбебеп грамматиканы күшейту және дамыту болып табылады. Пән бойынша оқу бағдарламасындағы оқытудың мақсаты оқытудың әр кезеңінде оқушылардан күтілетін қиындық деңгейіне назар аударады. Екінші тілді үйрену түсінікті ақпараттың қолжетімділігіне негізделеді деп болжаған лингвист, профессор Крашен, яғни оқушылар үйренетін ақпараттар мен деректер олардың өз деңгейінен үнемі жоғары болып, әрдайым алға ілгерілеу болып отыруы тиіс.  

Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқытудың негізгі мақсаты – оқушылардың тілдік құзіреттіліктерін арттыруға көмектесу. Алайда өзге тілді үйрену арқылы қол жеткізуге болатын басқа да маңызды мақсаттар бар. Оқыту үрдісі оқушылардың орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқыту барысында нені оқитындықтарына сәйкес жүргізілуі керек. Қазіргі таңда орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің мұғалімдері екінші тілді меңгертуге қатысты негізделген теорияларды біліп, әртүрлі теорияларың сыныптағы жұмысарды орындау кезінде тиімді педагогикамен қалай байланысты екендігін түсіну керек.

Оқушылар өзге тілді табысты үйрену үшін, өзінің ана тілі мен екінші өзге тілдің ерекшеліктеріне назар аудара отырып, сөйлесу барысында жаттығып, екі тілдің тілдік құрылымдарын өзара салыстырып, талқылауда метатілді қолдануы тиімді тәсіл болады. Тілді үйренуде жетістікке жету білім мен түсінік бірлескен уақытта ғана қолжетімді болады.

Сындарлы оқыту теориясына негізделген тиімді педагогикалық тәсілдердің көмегімен мұғалімдер оқушылармен тиімді кері байланысты қалыптастырып, тұрақты қамтамасыз ете алады. Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқытудың негізін осындай педагогикалық тәсілдер құрайды.

Орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілін оқытуда оқушыларға екі тілді де меңгеруге көмектесетін, таныс және жаңа лексиканың екі тілде де мәтіндері мен тапсырмалары бар екі тілдегі баспа ақпаратымен қамтамасыз етілген орта екінші тілді табысты меңгеруге барынша ықпал ететін болады.

Оқушылар өздерін еркін сезінетін ортаны қалыптастырудың да маңызы зор. Мұндай ортада оқушылар өздерін еркін сезініп, жаңа игерілген тілдік құрылымдарды тексеріп, қателіктері мен кемшіліктерін талқылап, жаңа білімдерді анықтау үшін бірлесе жұмыс істей алады.  

Орта білім мазмұнын жаңарту аясында әзірленген оқу бағдарламалары оқушылардың бір сыныптан екінші сыныпқа өтуі кезінде білімі мен дағдылыры қайталанып тексеріліп отыратын спиральділік қағидаты бойынша құрылған оқу бағдарламасы моделіне негізделген. Оқу үдерісінің алға ілгерілеуі айқан көрінуі үшін, оқу мақсаттары өзара тоғысқан бөліктер мен бағыттарға біріктірілген.

Спиральді оқу жоспарын әзірлеу орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін үйрену бағдарламалары (1-11 сыныптар) мен Шет тілін меңгеру деңгейін анықтаудың жалпыеуропалық критерийлерден анық көрінеді. Білім алу кезінде сыныптан сыныпқа ауыса отырып, оқушылар өз дағдыларын барлық бағыттарды жетілдіреді – айтылым, тыңдалым, оқылым және жазылым.

Мұғалімдердің пайдаланатын оқыту әдісі оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз ету үшін маңызды. Мұғалімдер пайдаланатын әдіс оқудың тиімділігіне елеулі әсерін тигізеді. Педагогикалық әдістерді жетілдірмей тұрып, оқу бағдарламасын өзгерту білім беру стандарттарына қатысты реформалау шараларының мүмкіндіктерін және нәтижелілігін төмендетеді.

Педагогиканың барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштасыра отырып, жаңа білім алуы туралы тұжырымдамаға негізделеді.

Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге үлкен ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болмақ. Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті аспектілерді, алған білімді қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуге, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін қызметтермен айналысуға мүмкіндіктері болуы аса маңызды болып табылады. Жаңартылған оқу бағдарламасындағы әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы сабақ жүргізу –  оқушының өзін-өзі дамытуына, өз біліміндегі олқылықтарды өзі тауып, өз сұрағына өзі жауап іздеп жан –жақты білім алуына көмектеседі.

Бағдарламаны оқып үйрену барысында, осы технологияны меңгерген әрбір мұғалім бағдарламаның негізгі идеясын түсіне отырып, төмендегідей нәтижелерге қол жеткізеді:

  • жаңартылған оқу бағдарламасының құрылымын;
  • жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұнымен жүйесін;
  • оқу бағдарламасының және оны іске асырумен байланысты құжаттамалардың мақсаты мен ресімделуін;
  • білім беру бағдарламасын іске асыруға көмектесетін тиісті педагогикалық тәсілдерді біледі және түсінеді.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», -деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді.

Қорыта айтатын болсақ: Әр уақытта бала білімін алға қоюшы ұстаз үлкен көрсеткішке қол жеткізу жолында талмай талаптанып, шаршамай еңбектенеді. Сол кезде ғана еліміз көкке шарықтап, басқа елге елді танытады. Елді өсіретін де, елді өшіретін де – білім. Сондықтан қолда бар амалдарды тиімді пайдана білу сіз бен біздің үлесімізде, құрметті әріптестер!

Өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін жаңаша оқытатын жаңа көзқарасты ұстаз болайық.

Атырау қаласы, №2 орта мектептің

 орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің І (ілгерінді) деңгейлі мұғалімі,

жаңартылған оқыту бағдарламасы тренері

Унгаралиева Назгүл Имашевна

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА