05.10.2024

 Дәулет Әшімхан. Суицидтің дауасы

Жыл басынан бері елімізде 1 200-ге жуық суицид оқиғасы тіркеліпті. Яғни, бір мыңнан аса адам өз-өзіне қол жұмсаған. Олардың 86-сы жасы 18-ге жетпеген жасөспірімдер. Бұл маусымға дейінгі бес айдың ішіндегі көрсеткіш. Дегенмен, одан кейін ҰБТ кезінде оқушылар арасында бірнеше суицид оқиғасы тіркелді. Ресми ақпараттар бойынша маусым айының өзінде 3-4 бала қаза тапқан. Ал, бейресми дерекке сүйенсек бұдан екі есе көп. Бас прокуратураның есебінше 2011 жылы – 257, 2012 жылы – 211, 2013 жылы – 250 оқушы суицид жасаған. 2014 жылдың өзінде – 189 бала өзіне қол жұмсаған. Биылдың өзінде өзіне суицид жасаған 86 оқушының көбі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркеліпті. Аталған өңірде 22 жағдай тіркелген. Шығыс Қазақстанда 10, Қостанайда – 9, Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облысында – 5 суицид фактісі анықталған.

Әсіресе, сәуір айында, бір ғана  апта ішінде Ақтөбеде 3 оқушы, Астанада 2 оқушы қаза тапты. Бар болашағы алда деп сенген жастардың бұлай қыршыннан қиылуы Қазақстан қоғамын дүр сілкіндірді. Үкімет пен жергілікті басқарушы органдар тарапынан кешенді іс-шаралар қолға алынды. «Ел-шежіре» қоғамдық қоры Алматы қаласында психолог мамандарды жинап, Ішкі саясат басқармасының тапсырысына сәйкес қалалық мектептерде лекция өткізді. Лекция «Өмірге ғашық болу!» деген атпен өтті.

Лекцияда негізінен австриялық психолог ғалым, ХХ ғасырдың басында Вена қаласында логотерапия мектебінің негізін салған Виктор Франклдің тәжірибелері, ой-пікірлері айтылды.

Виктор Франкл адамды өмірге құштар қылатын негізгі мотивті табумен айналысқан әлемдегі ең танымал психотерапевт. Ол ұзын саны 31 кітаптың авторы. Оның бір ғана «Man’s search for  meaning» (Өмірдің мәнін іздеу) атты еңбегі 12 млн. тиражбен таралған. Оның басқа ғалымдардан бір артықшылығы бар. Ол Франклдің фашистік Германиядағы ең атақты концлагерде 3 жыл тұтқын болғаны. Концлагерде өмірден түңіліп, үміті үзілген тұтқындар  Құдайдың құтты күні өздерін жоғары вольтты қоршау сымдарға лақтырып, асылып, тамырын кесіп өліп жататын.  Франкл концлагерде өзі жасаған ғылымының теориясымен емес практикасымен бетпе-бет келеді. Концлагерде  суицид жасауға ниеттенген талай адамды  аман алып қалды. Оның теориясы қарапайым. Оның теориясы — кез-келген адамның психикасындағы тіршілікке байланып тұрған тетікті табуға тырысу.  әр адамның мойнында қандай да бір Құдай жүктеген рухани ауыр міндеттің барына сендіру. Оның методикасы былай. Кез-келген адам өзіне өзі «менің бұл өмірдегі ең басты міндетім не», «менің өмірімнің құны бар ма», «адамдар алдында, қоғам алдында не болмаса, Құдай алдында орындалмай қалған борышым бар ма» деген сұрақтарды қоюы керек.

Виктор Франкл өз ғылымын логотерапия деп атаған. Мағынасы – адам өмірінің мағынасы мен киесін ашып көрсету арқылы тіршілікті мәнді етіп көрсету. Өмірде мән таппай, тіршіліктен жалыққан жандарға ол «ноогенді невроз» деп диагноз қойған. Жанға жабысқан бұл кесел адамның жүрегін ар-ожданның мазалауынан пайда болады деп түйген. Яғни, адамдар жас кезінде «обал», «сауап», «қиянат», «ұят» деген ұғымдар мен тыйым-талаптарға жете мән бермейді. Кейде ашық қиянатқа бара береді. Өсе келе қиянатшыл адамның психикасында  ар-ожданның адамды азапқа салу процессі басталады. Қоғамда әділдік азайып, қиянат көбейген сайын адам жаны тіршіліктен жалыға түседі.

Виктор Франкл ардың азабына түсіп ноогенді неврозға шалдыққан адамды химиялық препараттармен емдеуге қатаң тыйым салған. Ол оның орнына адамды әділдікке құштар қылатын және жалпы жұртқа қуаныш сыйлайтын іс-әрекеттерге белсене араласуды ұсынған.

Біз мектепте суицидке қарсы лекция оқыған кезде Виктор Франклдің осы түйіндемелерін негіздеме етіп алдық. Бірақ, осы жерде бір нәрсеге тоқтала кету керек. Адамның өмірден өз орнын іздеп, жан-жағына сұрақ қоя басталатын кезеңі егде жаста қалыптаспайды. Негізінен 12-15 жас аралығында болады. Яғни, бұл кезде адам бойындағы арман-мақсаттардың  қарқынды түрде бүршік ататын кезі. Сондықтан, біз лекцияға 8-9 сынып оқушыларын  таңдап алдық. Ересек адам өмірдің ағысына түскеннен кейін бұл сұрақтар  қанша жерден маңызды болса да  артына қарайлай алмайды. Ал, жасөспірімдерде мұндай проблема жоқ. Олар өмірдің басында дұрыс позицияны алаңсыз таңдай алады. Әрине, балаларда арман көп. Бірақ ол армандардың қайсысы баянды, қайсысы баянсыз екенін айыра алмайды. Ал, логотерпия бұл сұраққа нақты жауап беруге тырысады. Франклдің пікірінше адамның арманы баянды болып, көңілге сарқылмас шабыт сыйлау үшін ол не рухани не болмаса мәдени кеңістікпен байланысып жатуы керек. Тек қана материалдық игілікке негізделген арман адамды «Мартин Иден синдромына» шалдықтырады. Бұл кеселдің диагнозы – адамның жеңіл арманды қиялдап, оған тез қол жеткізуі. Яғни, ақшасы көп бола тұрып одан шаттық таба алмайды. Франкл бұған мынадай дәлел келтіреді. Үйсіз адам үйлі болуды армандайды. Ауру адам денім сау болса деп тілейді. Үйсізге үй, ауруға денсаулық олардың өмірдегі өз орны мен мәнін табуы үшін ғана қызмет етеді. Ал материалды игіліктің өзі өмірдің мәні болып саналмайды.

Мысалы, 14 мамырда №164 мектепте өткен лекция кезінде бір оқушымен мынадай диалог болды. Ол қыз:

– Менің арманым банкир болу! – деді. Біз:

– Бұл арманға жатпайды, – дедік.

– Не үшін? – деді оқушы.

– Себебі адамның арманы рухани, не мәдени кеңістікпен шарпысуы керек, – деп жауап бердік. – Мысалы, сен 10 млн. доллары бар банктің қожасы болдың. Сол ақшаны сен қалай пайдаланасың?

Бұл сұраққа ол қыз үндей алмай қалды.

– Яғни, сенде 10 млн. доллар пайда болған күннен бастап тіршіліктен жалығу процессі басталады. Оны «тіршілік вакумы» деп атайды. Франкл суицидтің ең негізгі себебі ретінде осы «тіршілік вакумының» ұлғаюын атаған.

Әрине, миллионы бар адамдардың бәрі суицид жасамайды. Себебі, оны көбіне химиялық препараттармен тұншықтырып тастайды. Не болмаса ақшасы көп адамдар экстремалды спорт түрлерімен айналысқанды ұнатады. Спорттың мұндай қауіпті түрлері адам жанындағы «тіршілік вакумының» асқынғанын уақытша білдірмей тұрады. Бірақ, бұл кесел өлгенше түбі бір шығады.

Сөздің түйіні Виктор Франкл суицидпен күресудің классикалық жолын ұсынған. «Ол – әр адамның киелі мағынамен суарылған өз дәстүріне сауатты болуы. Себебі, өмірді енді ғана бастаған тәжірибесіз жас адам киелі тіршіліктің қай тарапта екенін тап басып айта алмайды. Оған мағыналы өмірді табуға киелі салт-дәтүрлер ғана көмектесе алады. Өкінішке орай, біздің заманда жастар жаппай дәстүрін тәрк етіп жатыр. Соның кесірінен кие дарыған мағыналы тіршіліктен адасып қалады. Осылайша, өмірден жалығу процесі басталады» деген. Біз де Франклдің осы теориясын дамытып оқушыларды қазақтың киелі салт-дәстүрінен хабардар етуге тырыстық. Нәтижесі өте жемісті болды. Себебі, қазақ балалары отбасыларында жиі көретін қазақ дәстүрлерінің мән-мағынасымен тереңірек танысты. Өмірге құштарлықтары айтарлықтай артты.

Жазғы демалыстың басталуымен лекцияларды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Барлығы оннан аса мектепте лекция өткіздік. 700-ге жуық баламен сұхбат жүргіздік. Онан бөлек, мұғалімдер мен студенттер арасында 2 семинар-тренинг ұйымдастырылды. Қыркүйек айында қайтадан басталатын оқу жылымен қатар біз де лекциямызды қайта жалғастырамыз.

degdar.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА