24.07.2024

Тастанбек Ұлжан. Отан үшін от кешкен

Мектеп мұражайына барған сайын менің көкірегіме жылулық сезімі ұялайды. Биыл да сыныбымызбен бірге мектептің мұражайына бардық. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған «Даңқ” бұрышына  келгенде, мұражайда жұмыс істейтін Ә. Ахмет ағай: – Қане, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер туралы кім тың дерек айтады? – деп сауал тастады. Сауалға сәл тосырқап ойланып тұрдым да, мен айтсам, бола ма? – деп бастап кеттім. 

Мен нағашы атамды мақтанышпен анамның  айтып берген естелігінен бастадым. Менің атам, Ұлы Отан соғысының ардагері Дүйсенов Тұрсынбай (1920-2003ж.ж) 1940 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін әскер қатарына шақырылды. Ол бейбіт өмірде Беларуссияның Брест қаласында №212 атқыштар полкінде әскер қызметінде жүргенде, яғни 1941 жылы 22 июньде сұм соғыстың басталғаны оларға да келіп жетеді. Міне, қиын кезең басталды, Отанымызға қауіп төнген кезде атам,  Дүйсенов Тұрсынбай партизан отрядында болып, от пен оқтың ортасында жанқиярлық ерліктермен Отанын жаудан қорғауға қатысып, елге 1946 жылы оралады. Оның ерліктері мен отан сүйгіштігін, елін қорғаудағы жанқиярлық ерен ерліктерін айтып немесе жазып жеткізу, әрине, оңай дүние емес, сонымен қатар, сол күндердегі әрбір азаматтың борышы болатын. Дүйсенов Тұрсынбай 1943-45 жылдары партизан отрядында №137-ші атқыштар полкының командир көмекшісі етіп тағайындалады, жараланғандығына байланысты әскери госпитальға жіберіледі, 1945 ж. қаңтарда  45 б.1-тармағына сәйкес әскери міндетінен босатылып, 1946 жылы елге оралады.

        22 Атам бірнеше ордендер мен медальдармен марапатталады.

Соғыс кезіндегі көрсеткен ерліктер мен Отансүйгіш патриоттық іс-әрекеттері туралы отрядтың бүкіл мәліметтерін арнайы сол кездегі корреспонденттер, командирлер Москва Орталық Бас штабқа баяндауға, Ұлы Отан соғысының батыры атағына ұсыну жөніндегі мәліметтерді алып кеткен сол жолғы ұшақ жау оғына ұшырап, бүкіл отряд жөніндегі мәліметтер дерексіз қалды.

1969 жылы 18 тамыздағы Беларуссияның (БССР) әскери комиссариатының атынан Ивашенсекий ауданының атқару комитетінің төрағасы, депутат К.Баранов қол қойған №162662 номерлі «Партизан қозғалысының мүшесі» билеті берілген.

Атамның айтуы бойынша, көптеген әскери құпия тапсырмалар орындаған, қару-жарақ, азық-түлік тиелген эшалондар өртелген, темір жолдар рельстері бұзылған.

 Атам айтқан естеліктерден :

  1. 1941 жыл соғыс басталған күн жексенбі болатын, соғыс басталғаны туралы суық хабар бәрімізді де жай қалдырған жоқ, тұрған кезде неміс әскерлері қаланы толық алып, келесі ауылға өтіп кеткен екен, ешқандай көлік не бір қару ештеңе қалмаған. Барлығымыз 200-300 жуық әскерміз бәріміз орманға қарай қашып барамыз. Алдымызда неміс танктері аузынан от пен оқ шашып шетінен қырып жатыр, айнала өрт, орманға 20-30 әскер кіріп үлгердік, бәріміз алға қарай жүгіріп келеміз, бір кезде айналама қарасам, бір өзім ғана қалыппын, не болса да алға кете бердім. 1 күн жүрдім, 2- ші күні келе жатсам, алдымда бір әскери ат тұр, дереу атқа мініп алып, ары-бері шауып жүріп әр жерде қалып қойған әскери адамдарды жинап, партизан отрядына қосылдық.
  2. 1943 жыл. Германиядан азық-түлік тиеген эшалондар келеді, сонымен қатар, қолға түскен совет балалары мен қыздар-әйелдерді Германияға жібермекші деген хабар-деректер келіп түсті. Қалайда осы эшалондарды жібермеу үшін рельстерді бұзу тапсырмасы маған жанымда екі орыс азаматы – үшеуімізге берілді. Сумский облысы бойынша (стансасын айтқан болатын, ұмытып қалыппын) тапсырманы алып, сызба – нұсқаларына қарап, компастарымызды қойып, екі поездың қатар келетін тұсын белгілеп, 3 жерге жарылғыштарды қойып, тасада тығылып қарап отырмыз. Состав келіп қалды, 1-ші қойған жарылғыш  жарылмады, өтіп кетті, енді не болды деп тұрған кезде 2-ші, 3-ші жарылғыштар бірінен соң бірі жарылып, азық-түлік, қолға түскен балалар аналар құтқарылып қалды, біз тез арада орнымызды өзгертіп үлгердік.44
  3. Тағы бір есте қалған жағдайларды айтып кетейін, ол да осы темір жол оқиғасы, жасырын хабарлар тез-тез жетіп тұрады, ол біз үшін жаңалық емес, тағы тапсырма орындауға кірісеміз. Бұл жолы қару –жарақ артқан вагондарды қирату. Немістер өте сақ қаруланған, әрбір ызың еткен дыбысты қалт жібермейді. Кішкентай ғана станса (станция) болатын. Мәлімет бойынша, қару – жарақ, оқ, дәрі-дәрмектерді сол жерде қабылдап алу керек, біз оны қиратып, көзін жоюымыз керек. Рельсті жағалай әр 50 метр сайын қаруланған бір неміс солдаты (конвой) тұр. Вагондар келіп тоқтар кезде неміс солдаттары сәл төмен түседі, сол кездегі аз уақытты пайдаланып, жарылғышты вагондардың астына тастап үлгеруіміз керек. Еңбектеп келеміз, вагондарға таяп қалдық, осы кезде мен жарылғышты тастап үлгердім де, артқа қарай тұра жүгірдім (егер үлгермесең жарылғышпен бірге жарылып өлесің). Вагондар да, неміс солдаттары да  өртеніп кетті.

Осындай оқиғалар көп болды, бірнеше рет тіл алып  келуге жіберді, немістің солдаттарын, офицерлерін тірідей қолға түсіріп алып келген кездеріміз де болды. Осы ерлігі үшін «За Победу над Германией» медалі,  «Партизан Отечественной Войны ІІ-степени” медалі берілген.

Міне, осындай көптеген Ұлы Отан соғысы кезінде жасаған ерлік үлгілері ескерусіз, атаусыз қалып жатқаны қаншама. Атам ерлік істерін айтып, ешуақытта мақтанған емес, ол өзінің Отан алдындағы борышым деп санады. Атам соғыстан кейінгі жылдарда партия қатарында болды, елі үшін аянбай еңбек етті, жақсы көрсеткіштері үшін марапаттауларға ие болды,- деп атам жайлы деректі айтып бердім.

Толарсақтан саз кешіп, ел басына күн туса елін, жерін қорғауға аттанған соғыс саңлақтарының қатпарлы тарихи беттерінде неше сыр бар десеңізші?!…  «Ер есімі – ел есінде» атамның жарыққа шықпаған ұмтылмайтын естелігі мәңгі жадымызда қала бермек. Бүгін мен атамды сыныптастарымның алдында батыр рухты қайсарлығын мақтан тұттым.

 Суреттер мектеп мұражайындағы «Даңқ”  бұрышынан алынған.

 33Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, М. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің 7 «А» сынып оқушысы – Тастанбек Ұлжан Маратбекқызы

Шығарма «Ата даңқы – ұрпаққа ұран» эссе байқауында І орынға ие  болған.

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА