08.09.2024

Жеткенчеков Еркебұлан. Ерлікті таба білу, ерді тани білу

Шығармашылық бәйгеге келген алғашқы шығарма

«Барбароссса» жоспары осы бір сөзді естігенде есіңе еріксіз «фашист» деген сөз оралады. Олай дейтінім «Барбаросса» жоспары Фашистік германияның КСРО – ға қарсы соғыс жоспары болатын. Осы жоспар бойынша КСРО- ны 6-8 аптаның ішінде жаулап алу көзделген болатын. Дәл осы мақсатпен 1941 жылдың 22 –ші маусымы күні таң қылаң бере фашистер КСРО –ға өз әскерін енгізді. Бейбіт өмір кешіп келе жатқан халықтың бір-ақ күнде ойраны шықты. Жер –жерлерге радиодан суық хабар тез арада тарады. Сол кездегі ауылдың өмірін көз алдыңа елестетудің өзі аянышты еді. Себебі әр үйің ер азаматтары Отан қорғауға аттанары һақ еді. Кеше ғана алаңсыз мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендердің арман – қиялдары бір сәтте көкке ұшты. Ендігі жерде халық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын сәт туғанын түсінді.
Иә, тарих беттерінен бізге аян болғандай соғыстың алғашқы жылдарында кеңес әскерлері кейін шегініп, Белоруссия, Украина, Ресейдің еуропалық бөлігінің Мәскеуге дейінгі аумағы жау қолында қалды. Бұл сәтсіздіктерді қазіргі тарихшыларымыз Сталиннің саясатымен байланыстырады. Ол сол кезде тек қазақ зиялыларын ғана емес, білімді, білікті көптеген офицерлерді де ату жазасына кескен болатын.
Біз бұл Ұлы Жеңіске ештеңеге теңеспейтін күшпен ғажап күшпен жеттік. Ол күш әрине – бірлік. Кеңес адамдарының патриоттық сезімі «Барбаросса» жоспарына қарсы тұра білді. Ұлы Жеңіс одақтас болған республикалардың ортақ мерейтойы. Қаншама халық ұлтқа, руға бөлінбей, бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға тоғыстырды. Соғысты жеңіспен аяқтау үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен Кеңес Одағының халқы, оның ішінде қазақ халқы, бір адамдай Отан қорғауға аттанды. Қазақстандық ұл-қыздар соғыстың алғашқы күндерінен қолына қару алып, майданның алдыңғы шебіне аттанды. Енді біреулері Отан алдындағы парызын өтеуге өтініш білдіріп жатты.
Қазақстандықтар елімізді кеудесімен жауып, дүниені фашизмнен сақтап қалған аға ұрпақтың ерлігін ешқашан ұмытпайды. Мәскеу, Ленинград, Сталинград қалаларын қорғауда қазақтың батыр ұл- қыздары жанқиярлықпен күресті. Олардың ерлік істерін қай жерде де сөз ету біздің парызымыз. Мәскеу үшін шайқасқа қатысып ерлік көрсеткен Б. Момышұлы, М. Ғабдуллин, Т. Тоқтаров, т.б. Сонымен қатар Алматы қаласында құрылған, Қызыл Ту орденімен марапатталған, генерал – майор В.И. Панфилов басшылық еткен данқты 316 – атқыштар дивизиясы.
Соғыстың алғашқы жылдарында Ленинград қаласы жау отының қоршауында қалып, барлық байланыс үзіліп қалған болатын. Ленинград қаласы 900 күн бойы жау қоршауында тұрды. Ленинградтықтарды жаудан аман алып қалған Ладога көлінің мұзы арқылы салынған жол «Өмір жолы» еді. Бұл қаланы қорғауда жанқиярлықпен күрескен С. Баймағанбетов, Ә. Молдағұлова т.б. болды. Сталинград қаласы қазақтар үшін тылға ең жақын майдан болды. Сол себептенде 1942 жылы Каспий өңіріне соғыс жағдайы енгізілді. Айта берсек еңбегі еленіп тарих бетінде қалған азаматтарымызда баршылық. Дегенмен кейде тарих беттерін ақтара қалсаң сол сұрапыл соғыс жылдары ізім-ғайым жоқ болып кеткен, тіпті қай жерде сүйектері жерленген ерлерімізді таба алмай жатқанын естігенде еріксіз көңіліңе кірбің ұялайды. Қыршынынан қиылып, атақ-даңқ иелену тұрмақ, әлі күнге дейін жерленген жерлері белгісіз жауынгерлер, туған жер топырағы бұйырмаған боздақтарымыз қаншама?..
Сырғымалы уақытта тоқтау болушы ма еді? Арада талай жылдар өтсе де, іздестіруді тоқтатпай, қан майданнан қайтып оралмаған аталарының жерленген жерін тауып, соңында қалған ұрпағы атасына Құран бағыштап, туған жер топырағын зиратына апарып салып жатқандары қаншама.
Қан майданда қолға қару алып, ел үшін жан берісіп, жан алысқан жауынгерлермен қатар тыл еңбеккерлері бірге аталады. Олардың еткен еңбектерін батырлыққа теңемеске болмайды. Сол қанды жылдары жауынгерлерге деп киім-кешек, тамақ тасып, мыңдаған шақырымдарды жаяулатып жүрген азаматтарымызда қаншама. «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болатын. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман болды. Кейде әдеби кітаптарды оқып отырсаң, сол кездегі бізбен қатар жасөспірімдердің балалық шағы өте ауыр өткен екен. Қыста мал суарысып, малға пішен салысып, ауланың қарын күреп, үлкендерге қолғабыс беретін. Пішен шабу науқаны кезінде мая басына түйеге жегіп шөмеле таситын. Ересектеу балалар жазатайым жұмысқа шықпай қалса, бригадир оларды балағаттап, қамшы үйіруге дейін баратын. Соғыс жағдайында тәртіп қатаң, мұндай әрекетке пәлендей мән берілмейтін. Заман ағымының әсері ме, кім білген, ауыл балалары ойын ойнау дегенге де аса мән бермейтін болған.
Мен қолыма қалам алып осы эссені жазу бақыты бұйырғанына өте қуаныштымын. Себебі бала болсамда көкейімде жүрген бір сауалым бар еді. Яғни сол кездегі соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлерінің қандай айырмашылығы бар? Неге соғыс ардагерлеріне көрсетілген құрмет, тыл ардагерлеріне көрсетілмейді? Ұлы Жеңістің 70- жылдығына іздестіріліп жатқан соғыс ардагерлерімен қатар тыл ардагерлеріде іздестірілмейді?
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыз үшін аса үлкен де ауыр сын болды.
Бұл соғыста мақсат-мүддесі, тілек-талабы достастырған халқымыздың экономикалық қуаты және саяси бірлігі, патриоттық сезімі сынға түсті. Бұл сыннан халқымыз сүрінбей өтті, фашизмді талқандап, жеңіс абыройына бөленді.
Уақыт өткен сайын сонау сұрапыл қырқыншы жылдар оқиғасы тарих қойнауына еніп, оған қатысушылар қатары азайып келеді. Ендігі біздің парызымыз – ардагерлерді қамқорлыққа бөлеу. Қазіргі таңда барлық мемлекеттер тату-тәтті, ешбір соғыссыз өмір сүруде. Қазақстан өз егемендігін алып, тәуелсіз республика атанды. Біз, тәуелсіз Қазақстан Республикасының балалары, сіздерге зор алғысымызды білдіреміз!
Сөзімнің соңын ел президенті Н. Назарбаевтың «Біз жеңімпаздар ұрпағымен мақтанамыз. Бүгінгі Отан қорғаушылары, біздер үшін олардың соғыс жылдарында көрсеткен жан қиярлық ерлігі – Отанға қызмет ету ісінде мәңгілік өнеге» деген сөзімен аяқтағым келіп отыр.

Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Мұнайшы селосындағы
№ 5 орта мектебінің 6 «А» сынып оқушысы Жеткенчеков Еркебұлан
Жетекшісі: тарих пәні мұғалімі Нурсолтанова Ақмарал Алыбайқызы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА