12.07.2024

Алмахан Мұхаметқалиқыз. Біз ақша үшін біріміздің миымызды біріміз ашытып жүрміз.

Біз де бала болғанбыз…
Иә, біздің балалық шақ, оқушылық өмір ойынқұмар балалығымызбен есімізде мәңгі сақталды. Ол дәуірдің балалары мектепке баруға асығатын. Өзімізбен бірге ойнап жүрген алдымыздағы ағаларымыз бен апаларымыз мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап сөздері де, өздері де есейіп, сабырлы, салмақты болып шыға келетін. Тұрыстары, киім киістері, сөз саптауы мектепке бармаған біздерді қатты қызықтыратын. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ, «Алпамыс мектепке барады» фильмі жеткілікті. Үйде өсіп, ойнап жүрген балалардың мектеп жасына келгенде мектепке барғысы келмейті болмайтын. Мектепке бару – бала атаулының үлкен баспалдағы, есейудің алғы шарттары болатын. Ешқандай әріп танымай -ақ, қаламсап ұстап дағдыланбай -ақ баланың мектепке деген құлшынысы ерекше еді. Ол кезде оқушыларға кітап жетіспеушілігі, қағаз тапшылығы деген әңгіме естімейтінбіз. Ойнап жүріп сабақ оқыдық, ойнап жүріп әке-шешеміздің қолқанаты болдық. Бәріне үлгеретін балалық шақтың өзіне тән тәтті шақтары болатын. Дайындыққа барып, ерте жастан миымызды су қылмадық. Әліппемен көктем уақытында қоштасатын едік. Құдайға шүкір әріп танымай барып-ақ, ештемеден кеш қалған жоқпыз.
Енді өз еркіміз өзімізге тиіп, ел болғандағы оқу жүйесіне таңым бар. Баланың көзін аша салып батыстың әдісі деп әріп тану, санау,т.б. не керектің барлығын үйретеміз деп баланың енді ғана жетіліп келе жатқан миын шатастырамыз. Әлі жетіліп болмаған сәбидің миына шамадан тыс салмақ түскен соң, жүйкесіне әсер етеді. Оны біліп жатқан үлкендер бар болғанымен бағдарлама белгілеп, міндеттеп қойған соң, еріксіз аса алмайды. Осы жағдай бірте- бірте дендеп, баланың қызығушылығын жоғалту, жалықтыруға, жиі шаршауға әкеліп соғады. Соған қарамай-ақ әрі қарай баланы қажай береміз. Суицит дегеніміздің себебі осыдан шығады. Бастауыш мектеп бағдарламасы алты жастан мектеп қабырғасын аттаған, әлі оңы мен солын білмейтін ойын баласына сай болу керек. Сөздің мағынасын түсіндірудің орнына зырылдатып, жылдамдығын тексеріп, минутқа сөз оқыту, есеп сабағына орта сыныпта оқитын алгебраның бағдарламасын оқыту – әлі жетіліп болмаған баланың миын күйдіріп жібермей ме? Жоғары оқу орнына барған студенттің оқитын бағдарламасын мән- мағынасын ұға алмайтын балаға зорлап оқытып жүрміз. Кішкентай балаға үлкен адамның көйлегін зорлап кигізіп қойған сияқты. Жас маманның білімге қызығушылығын о баста, бастауышта басын ауыртып жалықтырып жүрміз. Біздің кезімізде сенбі күні негізгі пән емес, еңбек, дене шынықтыру сабақтарын оқытатын. Жаман болып қалған жоқпыз. Төртінші сыныпқа дейінгі бала ойнап жүріп өседі. Әр нәрсені ойнап жүріп үйренген баланың санасы пісіп жетілгенде, өзіне қажетін өзі іздеп жүріп оқиды. Әлі жетіліп болмаған ойын баласының ойнауға, уақыты жоқ, керек емес, мән-мағынасы жоқ пәндермен шаршатып жіберген соң, оқудан жалыққан бала нағыз ізденетін студент шағында ештемеге қызықпайды. Әлгі бірден жоғары сыныпқа секіртіп оқытатын бундеркинт балалар қайда?! Көктем шықпай жатып егін екпейді. Уақытынан бұрын егілген кез келген егістік үсіп кетеді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Өз тілі мен ділін меңгере алмай жатқан бүгінгі қоғамда бастауыш мектепке шет тілін оқыту неге қажет? Бала кейін өскен соң, өзіне қажет шет тілін кез келген ақылы орталықтардан бір-ақ айдың ішінде оқып алады. Бүгінгі сөз ертеңге жарамай жатқан алмағайып заманда ағылшын тілі ертең керек болмай, франсуз немесе қытай тілі керек дей қалса қайтеміз?! Кәзіргі балалар ертеңгі біздің болашағымыз ғой. Баяғыда шешеміз бірдемеге ренжіп сөйлеп жатқанда әкем: “Көп сөйлей берме, баланың миын ашытасың” деп отыратын жарықтық. Осы ойымды әлеуметтік парақша арқылы білдіргенімде көптеген пікірлер түскен екен. Соның бірі Аңғар Смағуловтың: «Сапаны ұмытқан заман болып тұр. Оқушының білім дәрежесі мәтін оқу жылдамдығына байланысты бағалануы халықтық педагогикаға қайшы әрекет. Мәселе жедел түрде шешілуі тиіс, талай бала шешелерінен “таяқ жеп” жүр» деген пікірі. Рас онсыз да тұрмыс түйткілдерімен жүйкесі тозып жүрген талай ата- анадан жазықсыз балалар таяқ жеп жүр. Бірте- бірте ол баланың таяққа деген еті өліп, ұстазының жөнді-жөнсіз, мәнді-мәнсіз, оқушыға еш керегі жоқ топырлатып тапсыра беретін көп тапсырмаларын қажет етпейді. Еркінен тыс зорлап берілген тапсырма балалардың миына сіңе ме? Ұстаздың да беделі түседі. Біреу қуып келе жатқандай асығыс жасалған талай оқулықтан бастауыш мектептің оқушыларының өзі қате тауып жатқан заманда білім саласына аса зерделілікпен қарайтын уақыт жетті. Бір ғана Әліппе кітабының бірнеше серігінің не керегі бар? Баланы онсыз да бес жасынан бастап мектепке дайындап әкеледі ғой. Біз әріп танымай жүріп -ақ бір Әліппемен оқығанбыз.
Шыныныда да біздің заманымызда ұстазға деген құрмет керемет еді. Мұғалімнің баласы болу арман болатын. Сабақтан тыс уақытта көшеден кездейсоқ бір мұғалімімізді көріп қалсақ, қайда тығыларымызды білмей, айналып қашатын едік. Ертеңінде сол мұғалімнің сабағына ерекше дайындалып баратынбыз. «Сабаққа дайындалмай неге көшеде жүрдің» деген сұрақты сыныптастардың алдында қойғанын ұят санайтынбыз. Қонаққа немесе тойға «мұғалім де барады екен» -дегенді естісек, «ұят болады» деп бармайтын едік. Мұғалімге құрмет ерекше болатын. Біз үшін «ҰЯТ» деген сөз әрқашан бірінші орында тұратын. Мектептегі ұлдар бірімен- бірі төбелесіп жатқанда жандарына бірге оқып жүрген қыздар келе қалса, «Қыздар мұғалімге айтып қояды» деп тарап кететін. Жалпы ұл балалар қыздар жүрген жерде төбелеспейтін. Қыздарды құрметтейтін. Кәзір барлығы басқаша. Ұстаздарың қадірі оқушылардың алдында неге төмен? Әдеп сабағы мектеп бағдарламасында бар болса да, неге мектеп оқушылары үлкенге құрмет, кішіге ізет деген әдеп сақтамайды? Өйткені мектеп өмірінде ұстаз бен ата -ананың қарым қатынасы, оқушы мен ұстаздың қарым қатынасы заңдылығында тәртіп, этика, эстетика жоқтың қасы. Екі тарап бірдей бала тәрбиесімен айналысу басты міндет болған соң, ата-ана мен ұстаз бірлесіп, кеңесіп бір жақтасып жұмыс жасау керек. Оқушының, мектептің бүкіл ауыртпалығын мойнына артып алған мұғалім – жалғыз. Барлық мүмкіндік оқушы жағында Заңның өзі «оқушыға қатты сөз айтуға болмайды» деп тыйым салған. Менің ұғымымда оқушы, жалпы тәрбиеленуші бір нәрседен қорқып, бір ортаға бейімделіп өссе ғана тәртіп болады. Мұғалімдер балаларға, «Тыныш отыр» деген сөздің өзін қатты айтуға болмайды. Өзін ата-анасы мен заңның қорғайтынын білетін бала ұстазды жазғыра салады. Бұл оқығысы келмейтін балалар үшін жақсы айла. Мұғалім де пенде «аш құлақтан тыныш құлақ, құрысын» дейді де тиісті сабағын өткізіп жүре береді. Немқұрайлылықты осылай қолдан жасап отырмыз. Өзі қорқып жүрген ұстаз қалай бала тәрбиелейді? Болашақ жақсы маман, мықты азамат, қоғам қайраткері мектеп қабырғасынан басталады. Кәзіргі қоғамда адамның ертеңі, адамгершілік емес, ақша бірінші орында тұрған заман. Ақша табу үшін бәріне баруға дайын ұрпақ өсірмеу үшін ең алдымен ұстаздың беделін оқушының алдында көтеру керек. Ақша табу үшін қажетті, қажетсіз оқулықтар мен жылдамдық үшін баға қоюды қайта қарау бүгінгі күннің талабы. Біз ақша үшін біріміздің миымызды біріміз ашытып жүрміз.

Алмахан Мұхаметқалиқызы
«Абайтану» орталығының жетекшісі. Астана қаласы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА