11.10.2024

Сәкен Алдашбаев, Мұғалім беделінің түсуі жалақысының аздығынан ба?

Бүгінде мұғалімдердің беделі түсіп кетті деп дабыл қағып жүргендердің көбі үш себепті алға тартады. Біріншісі, балалардың ұстазды сыйламауы, екіншісі, жалақының аздығынан бұл мамандыққа қызығатындардың аздығы, үшіншісі ұстаз тұлғалар қатарында болмауынан, яғни элита өкілдерімен иық теңестіре алмауы дейді.

Осыған ой жүгіртіп көрейікші. Балалар не сыйламайды дегенге тоқталсақ. Сол балалар кімнің балалары? Ол балалар да осы қоғамның балалары емес пе? Оны ата-аналарының ішінде ұстаздар бар. Ал, ұстаз ұрды, ұрысты деп дереу шағымданатын жай ата-ананың қылығын теріске пайдаланатын кей оқушылар қит етсе ұстаздың үстінен арыз жазам деп шығып жатқаны жасырын емес, алайда тәртіпке салып қою мен ұрып соғуды ажырата алмай кететін ашушаң ұстаздар жоқ емес. Ал, енді ұстаздардың өздері айтып жүрген теңеуге тоқталайық.
«Мен ұстазымның көлеңкесін де баспаймын» деген Қожа Ахмет Яссауидың қанатты сөзін алып аламыз да, жастар неге соны ұстанбады дейміз. Осы ұстаздар ойлансыншы Арыстан баб кім, қожа- молдалар кім? Ғалым, кандидат кім, мектептегі жай мұғалім кім? Біз осы екі араны шатастырып алып жүрміз. Мектептегі мұғалімдер неге өзін кезіндегі қожа-молдалардың емес, Арыстан бабтың орнына қойады? Кезінде ахун, ишандарды шәкірттері піріндей құрметтеп, ел жапырылып күтті дейді. Ия, қазірде бір ғалым келсінші, жергілікті жердің патшасы облыс әкімінің өзі оған құрмет көрсетеді. Ал, бұрын хандар солай етті ме, жоқ, талай ғұламаларды зындан тастатып, жазасын алды. Халық та дарияға көпір салам деген Зәкәр секілді ғұламаны дарияға тас байлап батырды емес пе?
Жоқ, Кеңес Үкіметі кезінде мектеп ұстаздарының барлығы беделді еді дерсіз. Дұрыс, олар өйткені ең керек білімді білушілер болатын.
Екінші қоғамдығы беделінің аздығы, тұлғалар қатарына ене алмайтындығы. Шындап келгенде мемлекеттің айнасы ұстаз болу керек. Алайда, біз неге оны жоққа шығаруымыз керек. Қазірде ғалымдардың сөзі тыңдалмай жатыр ма, тыңдалуда. Елбасының өзінің ғалымдарды құрмет тұтатынын талай байқадық. Демек, бұрынғы ғұламалардың бүгінгі ізбасарлары солар секілді қоғамда беделді.
Ал, жалақысы жайлы не дейміз. Мәселе осы жерде шығыр. Бұрынғы ғұламалар шәкірттерінен ақша алды дегенді естіген жоқпыз. Ал, қазір ұстаздар еткен еңбегіне жап-жақсы жалақы алып отыр. Яғни, пұлын алған соң ұстаздық ету міндетті. Дегенмен осы жалақы адамның қоғамдағы орнын анықтайды. Ендеше жалақы жайына тоқталайық.
Әуелі, «Өзге елдерде мектеп мұғалiмдерiнiң алатын жалақысы қандай?» деген орынды сауалға тоқталайық. Ғаламтордағы сайттарды ақтара отырып, келесiдей мәлiметтерге кезiктiк. Мәселен, Голландияда мектеп мұғалiмi айына 5 386 АҚШ доллары көлемiнде ақша алады екен. Ал АҚШ-тың астанасы Вашингтонда шет тiлiнен сабақ беретiн оқытушы орташа есеппен 4 405 АҚШ доллары төңiрегiнде жалақы алады. Тек сабақ беруге жалпыұлттық немесе белгiлi бiр штаттың лицензиясын алу мiндеттi.
Испанияда 1500-ден 2000 евро айналасында жалақы алса, Израиль елiнде жұмысына жаңа кiрiскен жас маманның жалақысы 1000 евро, ал еңбек өтiлi бар оқытушының жалақысы 2000 евродан жоғары болады екен. Кейбiр мемлекеттерде мұғалiмдер үшiн әлеуметтiк жеңiлдiктер қарастырылған. Мәселен Польшада ауылдық жерлерде жұмыс iстейтiн мұғалiмдердi уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету билiктiң өз мойнында.
Орта Азия елдерiнде мектеп мұғалiмдерiнiң алатын жалақысы көңiл көншiтпейтiн көрiнедi. Мәселен Қырғызстан мұғалiмдерiнiң айлығы 40-70 АҚШ доллары көлемiнде болса, сол елдiң ауыл мұғалiмiнiң алатыны 3-5 мың сом, яғни 80-130 АҚШ доллары айналасында. Өзбекстанның Жизақ ауданындағы мектеп мұғалiмi айына орта есеппен 80 АҚШ доллары көлемiнде жалақы алса, Тәжiкстанда орташа есеппен мұғалiмнiң жалақысы 60 сом төңiрегiнде (20 АҚШ долларына жетер-жетпес). Түркiменстанда мектеп мұғалiмi айлығы жетпегендiктен қосымша екi-үш жерде жұмыс iстейдi екен. Бұл мәлiметтерден Батыс елдерiне жуықтамасақ та, бауырлас көршiлерiмiзден оқ бойы алда тұрғанымызды аңғарамыз.
Енді бір сарапшыларымыздың мәлімдеуінше Қазақстанда ағылшын тілі мұғалімдеріне сұраныс артып отыр. Әсіресе, ол американдық немесе британдық болса, тиісінше жалақысы да мол болмақ.
Мәселен, Қазақстанда ағылшын тілінен сабақ бергісі келетін американдық жігіт тіл үйрету үшін компаниямен айына 2 мың АҚШ долларына бара-бар келісім-шартқа қол қойған көрінеді.
Бұрын бейбітшілік корпусында жұмыс істеген бір американдықтар айына 5 мың АҚШ долларын төлейтін компанияға ағылшын тілінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналасқанын жазған.
Қазақтың ауылдық жердегі мұғалімдерінің жалақысы 200 АҚШ доллары көлемінде екенін ескерсек, айлық мәселесіндегі алшақтықты бұл жерден де аңғаруға болады.
Ал, әкімдер мен министрлердің жалақысымен арадағы алшақтықты көрсеңіз тіпті шошисыз. Мысалы, өткен жылы Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов «салық ұсталғанға дейінгі жалақым – 645 мың теңге» деп мәлімдеді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев жалақысының құпиясында ашқан болатын. Ол Астанада өткен брифинг кезінде «барлық министрлер қолына 614 мың теңге жалақы алады» деп мәлімдеді.
Одан кейін естеріңізде болар министрлер мен комитет, ведомство төрағалары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары кіретін «А» корпусы өкілдерімен кездесуінде президент Нұрсұлтан Назарбаев «2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыларың бір жарымға еселенеді» деген уәде берді. Қарапайым есеп бойынша, енді министрдің айлық жалақысы 1 миллион теңгеден асып, қолына 900 мың теңге алатын болады деп жазып жатты сол кезде ақпарат құралдары.
Қазір мұғалімдердің жалақысын ішінара көтергенімен, оны топ-шенеуніктердің жалақысымен салыстыруға келмейді. Мысалы, министр осыдан тура 10 жыл бұрын мұғалімдердің қазіргі жалақысын – 800 доллар алған, 2007 жылы министрдің орташа жалақысы — 370 мың 244 теңге, білім беру жүйесінде 31мың 924 теңге немесе 11,5 есе аз болды. Қазір Қазақстанда министр мұғалімнен жеті есе көп жалақы алады.
Енді, осы тұрғысында шетелмен жасалған сараптамаларға назар салайық. Әрине, мұғалім министрден көп жалақы алатын мемлекет жоқ. Бірақ көп елмен салыстырғанда, Қазақстанда министр мен мұғалім алатын жалақының арасы – жер мен көктей. Мысалы, неміс министрінің айлық орташа жалақысы – 14 мың еуро, ал мұғалім 4 мың еуро алады. Ресейде министр – 1 мың 850 еуро, мұғалім – 590 еуро, мұнайлы Әзірбайжанда министр – 1 мың 740 еуро, мұғалім – 280 еуро алады. Еуроодақтың ең кедей елі Болгарияда министрдің жалақысы — 1 мың 700 еуродан асса, мұғалімнің жалақысы — 310 еуро екен.
Алайда ауызды қу шөппен сүрту, ұастаз беделі осы жалақы салдарынан түсіп жатыр деп өкпелеу менің орынсыз секілді. Олай дейтінім біліктілік санатын алған мұғалімдердің еңбекақысын көтеру туралы үкімет қаулысы шығып, өткен жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген болатын. Қолында үшінші санатты мұғалім деген сертификаты бар педагогтың жалақысына 30 пайыз, екінші санатқа — 70 пайыз, бірінші санатқа 100 пайыз үстеме ақы қосылады.
«Жаңа ережеге сәйкес, орта мектеп мұғалімдері алатын ең аз және ең көп жалақы мөлшері 82 мың теңге мен 160 мың теңге аралығында болады» деп мәлімделген еді өткен жылы. Бұл — көп пе, аз ба? Мысалы, орта мектепте қоғам тану пәнінен сабақ беретін мұғалімнің 40 сағаттық жұмыс аптасы негізінде есептелген жалақысы 132 мың 117 теңге немесе 847 доллар (салықты алмағанда) болады (Ресейде бұл пәннің мұғалімі шамамен 1 мың 69 доллар, Германияда – 3 мың 688 доллар, Беларусь Республикасында – 422 доллар, Украинада – 560 доллар алады).
Биыл тағы үстемеленуі мүмкін. Ал, мұндай айлықты өзге саланың кез келген маманы тауып жүрген жоқ. Яғни, ұстаз беделін айлыққа әкеліп тіреу біздің елімізде орынсыздау. Сондықтан біз ұстаз беделін қалыптастыруды мемлекеттен емес, өзімізден бастауымыз керек.
Ол үшін ең жақсы оған адам ғана ұстаздық саланы таңдағаны жұрыс. Ұстаз өзін-өзі үлгілі ұстап, жат қылықтармен көзге түспеуі шарт. Жанұясынан ажырасқандарды және жанұя құрмағандарды ұстаздықтан шеттету керек. Ұстаздардың барлығы ұстаз аты лайықты болу үшін ұлттық құндылықтарды насихаттай алатындай білімді болғаны жөн. Елді ауызына қарата алатындай ескілік әңгімелер мен салихалық сөздер сөйлей алатын болғаны жақсы. Мұны ЖОО қалыптастыру керек. Сонымен қатар ұстаздар өздерінің киім киісіне, жанұядағы қарым қатынасына сақ болу керек. Болмаса мен пәлен жыл ұстаз болдым деп шалқып отырған апайлардың талайы орамалсыз, шаштарын қиып, бояп тастағанын көрдік. Ұстаздың әуелі ұлттың ұстазы болмайынша білімнің ұстазы бола алмайтынын естен шығармайық.
Егер осындай құндылықтарды ұстай алмаған ұстаз қазіргі қоғам мен балаларды кінәламай-ақ қойса да болады. Ал, қоғам болып ұстаздың алдын кесіп өтпеуді, ұстаздың ұлы басын әрқашан төрге шығаруды, ол бар жерде сөз бастамауды, ұстаз келе жатқанда тікемізден тік тұрып құрмет көрсетуімізді қалыптастыруымыз керек. Себебі, ұстаз-ұлттың ғана емес, түгел бір мемлекеттің айнасы.

Сәкен Алдашбаев, Қызылорда облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы

мәртебе.кз

-ЖАРНАМА-spot_img

4 COMMENTS

  1. Жалақынын аздығы да себеп болуы мумкин. Бирак менинше, арбир мугалим Оз беделин ози котереді. Ол ушин билимге канагатсыз болып, ар сабагынызды такырыпка байланысты жаналыктармен байланыстырып, унеми изденисте болу керек. Кейбир мектептерде алеуметтик желинин не екенин билмейтин жас мугалимдер (зейнетке шыккалы отырған устаздарды айтпаганда) бар. Ғаламды галамтор жаулаган жаhандану дауиринде интернетти еркин менгеріп, типти интернет арқылы пайда тауып отырған окушынызга сиздин 45 минутта отетин дастурлі сабагыныз қызық емес. Сондықтан, курметти устаздар, “жалақы аз, жагдай жасамайды”деп жургенде жоғары жалақыға деңгейимиз жетпей қалып уят боп журмесин. Изденейк, сабагымызда тын идеяларды жузеге асырайык…

  2. Керемет жазылған. Менің ойымша, ерлердің мұғалімдік қызметті таңдамауының бірден-бір себебі жалақының аздығы. Айлығы шайлыққа жетпеуі. Жалақыны өсіріп ер мұғалімдерді ұстаздыққа тарту қажет,сонда ғана көсегеміз көгереді.”Жанұясынан ажырасқандарды және жанұя құрмағандарды ұстаздықтан шеттету керек.”Автор өте орынды айтқан,қосылаиын. Бізде ажырасқандар орынбасар қызметінде жүр.Бұрын Кеңес одағында осындай жайттарға қарап барып қызметке сайлайтын. Бізде ондайға қарамайды,қолға алу керек,өз жанұясының ынтымағын ұстамаған,нені жарытпақ?

  3. жалақының ұстаз беделіне қатысы олмағаны мен мамандық беделіне әсер етіп отырғаны анық. себебі, қазір кез келген адам мамандық талдағанда табыстылық жағын ескерері анық. сол үшін де қазір үздік оқушылар мұғалімдікке келмей жүр. бұл қоғамдағы ұстаз беделіне тікелей әсер етеді.

  4. “Мысалы, орта мектепте қоғам тану пәнінен сабақ беретін мұғалімнің 40 сағаттық жұмыс аптасы негізінде есептелген жалақысы 132 мың 117 теңге немесе 847 доллар (салықты алмағанда) болады…” бұл қайдан шыққан мәлімет? Мұғалімдерге ең көп дегенде 1,5 ставка (27 сағат) жүктеме ғана береді. Оның өзін еңбек сіңіріп алу керек. Енді осыған қарап айлық көлемін есептеп ала беріңіз. Егер шындық керек болса…

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА