30.10.2024

Әдебиет сабақтарында жеткіншектерді тәртіптілікке тәрбиелеу мүмкіндіктері

Бүгінгі таңда мектептеріміздің баланың жеке тұлғасын дамытуға деген бетбұрысы қоғамдағы экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруларға негізделіп отырғандығы баршаға мәлім. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» даму бағдарламасы мен оны іске асыру бағытындағы іс-шаралар өскелең ұрпақты білім нәрімен ғана сусындатып қоймай, оның қоғам ісіне араласатын, өзінің мүддесін қорғай алатын, өзіне де, өзгеге талап қойып, оны орындай алатындай тұлғаларды жетілдіруге, дамытуға қолдау көрсету болып табылады.

Қазіргі кезде қоғамдық ғылымдар мен өмірлік тәжірибе адамдардың бойында кез-келген нәрсені қиратуға итермелейтін соқыр сезімдердің, қарапайым инстинктілердің бар екендігін жоққа шығармайды. Дегенмен, сол адамдардың өз бойында туа біткен, бар болмысымен біте қайнаған мейірімділік пен адамгершілік, шыдамдылық пен табандылық, батылдық пен кең пейілділік сияқты ізгілікті сапалардың бар екенін де жоққа шығармайды. Сондықтан мектеп оқушыларының, яғни тұлғаның жағымды сапаларын арттырудың ең жақсы тәсілдерінің бірі – баланың өзіндік дамуына, өзін-өзі жетілдіруіне жағдай жасау болып табылады.
Баланың тұлғалық сапаларын дамыту барысында тәртіптілік те ерекше сипаттағы сапалардың бірі болып келеді.
Тәртіптілік дегеніміз жеке тұлғаның жинақталған (интегралды) сапасы ретінде өзінің құрамында: жауапкершілік, саналылық, белсенділік, өзін-өзі ұйымдастыруы, өзін-өзі жетілдіруі сияқты сапаларды қарастырады. Сондықтан жеке тұлғаның бойындағы тәртіптілік сапасы оның оның жеке бас мәдениетін, рухани ішкі жан дүниесі мен қатынас қабілетінің көрсеткіші болады дей аламыз.
Мектеп өмірінде оқушыларды тәртіптілікке тәрбиелеудің сан-алуан әдістері мен тәсілдерін кеңінен қолдануға болады. Қазақ әдебиеті сабақтарында оқушыларды тәртіптілікке тәрбиелеу мүмкіндіктерінің бірі ретінде ұлы Абай шығармаларын оқыту барысындағы осы мәселені жүзеге асыру барысына тоқталмақпыз. Ақынның шығармалары жастарды саналы тәртіпке, тәртіптілікке, адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын көрінісі іспетті.
Ақын өзінің өмірлік тәжірибесін ортаға салып, жастарға қажет немесе қажетсіз , пайдалы немесе зиянды сапалардың басын ашып береді:

Өсек, өтірік, мақтаншақ.
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой.
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз, –
деп, жастарға «тайға таңба басқандай» өмірдің даңғыл жолындағы бағыт-бағдарды ұсынады. Тек ауытқымай жүре біл…
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім. Пайдасын көре тұра тексермедім», дей отырып, ақын өзінің дер кезінде білімнің кәусарына қана алмағандығына өкініш білдіреді, осындай кемшіліктер жастардың бойында қайталанбаса екен деген өзінің ізгі ойын ортаға салады:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта
Ерінбей оқып көруге.
Бұл өлең үзіндісі арқылы ақын дүниенің шынайы асылы – рухани байлық: білім, ар-ұят, еңбексүйгіштік екендігін түсіндіреді. Асылынан адасқандарға «соқырға таяқ ұстатқандай» ой тастайды.
«Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек. Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек. Арамдықтан жамандық көрмей қалмас. Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек».
Адалдық пен арамдықтың арасын айыра білуде, ұрлық пен қулықтың абыройсыздық екенін түсіндіруде Абайдың осы өлеңінің мәні аса зор. Сонымен бірге жамандық атаулы көпке бармайды, жамандықпен мақсатыңа жете алмайсың деген ой тастайды. Алға қойған мақсатыңа жету үшін адал еңбектен, сонда ғана көздегеніңе жүзің жарқын, көңілің шат түрде жетесің дейді.
Өмірден өз орнын таба алмай, әр кәсіптің басын шалып жүргендерге:
Еңбек қылсаң ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.
Егіннің ебін.
Сауданың тегін
Үйреніп, ойлап, мал ізде.
Адал бол – бай тап,
Адам бол – мал тап,
Қуансаң қуан сол кезде.
Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең – істің бәрі бос, – деп ақыл айтады.
Досыңа достық – қарыз іс,
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі өкініш.
Ойланып алмақ – сабыр сол.
Досыңа шынайы дос бола білсең, дұшпаныңа да әділдікпен қара, асығыстыққа салынып, атып-шауып, артынан өкінішке қалып жүрме, ақыл-ойдың таразысына салып өлшесең, сабырлы болғаның, – дейді ақын. Адамдардың өзара қарым-қатынасының күрделене түсіп отырған қазіргі жағдайында ұлы Абайдың бұл сөздері бүгінгі күннің талабына да жауап беріп отырғандай.
Ниетің түзу болса, сенің аппақ.
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ.
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Бұл үзіндіден ақынның сөзуарлықтан, өсек-аяңнан бойыңды аулақ салып, өзіңе де, өзге де пайдалы іс қыл, ғылым, өнер мен адал мал табудың жолына түссең жұртқа жағымды, жақсы адам боласың деген ізгі ойына ден қоямыз.
Оқырманның саналы тәртіпке шақыратын ізгі ойлары Абайдың «қара сөздерінде» де көрініс тапқан.
Ақын «Жиырма бесінші қара сөзінде» былай дейді. «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң саған рахат көрсетер, өзі рахат көрер ме, яки жұртқа рахат көрсетер ме?». Абай бұл сөзі арқылы адам баласының надандыққа бой алдырмауына аса мән беріп отырғанын көреміз.
Абай «Қырық үшінші сөзінде» айтқан: «Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса жарамайды. Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс» – деген ойы өзіні саналымын деп есептейтін әрбір адам әр нәрсенің мөлшерін шамалай білуі қажет екендігін түсіндіреді. Шынында да, мөлшерден асқан қандай да бір іс-әрекет, сырт көзге жағымсыз әсер қалдырады емес пе?!
Ақын өзінің «Жиырма тоғызыншы сөзінде»: «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ»,-деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой»,-дейді. Бұл сөздің астарында адал еңбек қана адамға шынайы бақыт сыйлайды деген мән бар. Біреуден сұрап алған, біреуден қалап алған бақыт баянды болмақ емесін ұқтырады. Қазіргі кездің өмір шындығы да осы ойлардың растығын дәлелдеп отыр.
Халқымыздың кемеңгер ғұлама ақыны Абай шығармаларының тәрбиелік мән-маңызы бүгінгі күн бигінен қарасақ та аласармай тұрғандығының куәсі болып отырмыз.
Ақынның бір ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген шығармалары қазіргі уақыттың проблемаларын шешу қажеттілігіне жарап тұр. Бәлкім Абай ұлылығының қыры мен сыры осында шығар.

Шалбаева Ж.Ж

Алматы қаласы №69 мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА