30.10.2024

Ахмет Байтұрсынұлы. Ала қойлар

Айырсын аңдар қайдан қара, ақты,
Кімі ақ, кімі қара – таба алмапты.
Жоспарлап білмегенді білдіруге,
Сөз қылып данышпандар мысалдапты.

Мысал бұл: ала түсті кей қойларды
Арыстан – аң патшасы жақтырмапты.
«Бұлардың түсі бөтен, көңілі ала», – деп,
Не шара, сүймеген соң, кінә тақты.

Ол рас, кей қойлардың ала түсі,
Кім білсін, сырты менен бірдей ме іші?
Әйтеуір бір сенбестік ой кірген соң,
Не қылса, Арыстанның келер күші.

Демелік қойлардың да іші аппақ,
Оңай ма Арыстаннан алу ақтап?
Шыққан соң сенімсіз боп, бұл қойларды
Ал енді Арыстанға қалай бақпақ?!

Бәрін де қырып жүріп жоқ қылар ед,
Аңдардың аузына кім болар қақпақ?
«Жазықсыз қан төкті» деп айтпастай қып,
Біртүрлі бұған керек амал таппақ.

Шақыртып Аю менен Түлкіні алды,
Кеңесіп, екеуіне ақыл салды.
Арыстан іс мөнісін айтқаннан соң,
Кідіріп Түлкі азырақ, ойға қалды.

Сөйлейді ойланбай-ақ Аю шолақ:
(Аюлар күшке мықты, ойға олақ)
«Қойлардан ала түсті құтылғандай,
Бар деймін бұған оңай жалғыз жол-ақ.

Мұнда онша еш нәрсе жоқ ойлайтұғын,
Іс емес онсыз жөні болмайтұғын.
Бәрін де ала қойдың қырсаң, тақсыр,
Тұқымын не бар құртып, жоймайтұғын?».

Бұл ақыл ұнамады Арыстанға,
(Қан керек болса, табар алыстан да)
Аюды түртіп қалып, Түлкі айтады:
«Сөзіңді мен бөлемін, намыстанба.

Данышпан әділ патша, тақсыр ханым!
Жазықбыз сіз төкпейсіз нашар қанын.
Қойлардан ала түсті құтылғандай,
Айтайын, рұқсат етсең, мен амалын.

Оларға еркін жүріп оттағандай
Беріңіз кең жайылым, шөбі қалың.
Сенімді жақсы қойшы табылмаса,
Бақтырмай қасқырларға жоқ амалың.

Көкжалдар жүрер қойды бағып ойнай,
Ойнауын қоймас, әбден қарны тоймай.
Қасекең қойды баға бастаған соң,
Тұқымын қояр екен қалай жоймай?!

Аз дәурен оған дейін бұл қойлар да
«Тұрмыз деп кеңшілікте» жүрсін ойлай.
Білінбей бірте-бірте құрып болар,
Аслан жаман атын сізге қоймай!».

Арыстан Түлкі ақылын қабыл алды,
Бөріден өңшең көкжал қойшы салды.
Қойларды қасқыр бағып оңдырар ма?
Ала түгіл, ағы да аз-ақ қалды.

Ал сонда не деп айтты өзге аңдар,
Қойлардың таусылғанын көрген жандар?
«Жарықтық Арыстаннан еш кінә жоқ,
Бұзықтар қасқырлар ғой, антұрғандар!».

Бұл сөзге дегенім жоқ жылар, күлер,
Адам аз алдын болжап анық білер.
Көкжалдар қойшы болса, кім біледі,
Береке ала қойға кірсе, кірер?!

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА