08.09.2024

Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ бастауыш мектебi қандай боларға керек?

Қазақ бастауыш мектебi қандай боларға керек? Бұл туралы ашылып пiкiр айтылған жоқ. Петербургта болатын мұсылман кеңесiнде мектеп мəселелерi қаралмақшы, оған қазақтан баратын адамдар қазаққа қандай мектеп керек екендiгiн бiлiп барарға тиiс. Сондықтан “Қазақ” өз пiкiрiн айтып, жұрт құлағына салмақшы.

Осы кезде қазақ балалары оқуды екi түрлi бастап жүр. Бiреулерi оқуды ауылдағы мектептен бастайды, екiншiлерi ел iшiндегi орыс школасынан бастайды. Солай болған соң, қазақтың қазiргi бастауыш мектептерi осылар деймiз. Қазақ бастауыш мектебi қандай болу керек деген мəселенi шешерден бұрын, осы күнгi тұтынып отырған бастауыш мектептердiң жарамды, жарамсыздығын тексерiп, сонан соң керек мектебiне түрлi болу жайын сөйлеу тиiс.
Əуелi, ауыл мектебiнен басталық. Осы күнгi ауыл мектептерiн мектеп деп айтарлық емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта бiлетiн мұғалiмдер аз. Сонда да қазақша хат бiлушiлердiң процентi мұжықтардан жоғары. Осы күнгi тек хат жаза бiлетiн қазақтардан бастап, газета, журнал, кiтап шығарып жатқандарымыздың бəрi де сондай мектептен оқып, хат танып, жазу үйренiп шыққандар. Мұнан көрiнедi: осы күнгi мектептер осыншама жайсыз, күйсiз қалыбында халық арасына оқу, жазуды мұжықтар арасынан гөрi көбiрек жайып жатқаны, бұл мектептiң халыққа жақындығы, балалар бiлiмдi ана тiлiмен үйренгендiгi.
Алайық ендi орыс школаларын. Қазақ арасындағы орыс школалары ауылнай, волосной екi класты школалар. Бұлардан бiтiргендер iлгерi оқымаса, онда жоқ болып, шала оқумен қалады. Елде бiр-екi жыл тұрса, оқығанның көбiнен айырылып, оқымағандармен бiрдей болып, оқыған еңбек бос кеткен есебiнде қалады. Бұл күнде екi класты школа бiтiргендерден ауылнай учитель, писарь болып жүргендерi бар екенi рас, бiрақ бастауыш мектепте үйренетiн бiлiм жұрттың бəрiне тегiс керек бiлiм ғой. Адамға тiл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетiн бiлiмдер де сондай керек. Осы заманда хат бiлмеген адамның күйi тiл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйiмен бiрдей; мұнан бұлай хат бiлудiң керектiгi онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писарь, учитель, фельдшер, адвокат, содия, инженер, агроном болар демей, ең əуелi, қазақша толық хат бiлетiн дəрежеде болуын көздеу керек. Екiншi, бастауыш мектептен үйренген бiлiм əрi оқимын дегендерге негiз боларлық жағын көздеу керек. Егерде бастауыш мектептен оқып шыққандар iлгерi оқымай, үйiнде қалса, ұлт əдебиетi мен матбуғатының мүлкiн пайдаланарлық даражалы бiлiммен қалсын. Əрi оқимын деген халде, мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы артқы оқудың негiзi болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудiң қиындығын жеңiлтерлiк демеу һəм негiз болуға жарасын.
Жоғарыда айтылған қазақ iшiндегi осы күнгi екi түрлi бастауыш мектептiң екеуi де көңiлдегi мектептердiң түрiнен табылмайтын мектептер. Бiрiнде оқуға керек құрал жоқ, тəртiп жоқ, мөлшер жоқ, жоспар жоқ. Халық оқуды керек қылғандықтан жаманда болса “жоғынан бары артық” дегенмен iстелiп отырған iс. Екiншiсiнде, яғни орысша школаларда тəртiп те бар, құралдар да сай, мөлшер, жоспар бəрi де бар. Бiрақ, сонысына қарай пайдасы аз. Олардың пайдасын кемiтiп отырған бiр-ақ нəрсе: қазақты орысқа аударамыз деген пiкiр бəрiн бүлдiрiп отырған. Сол школалар арқылы қазақ тiлiн жоғалтып, орыс тiлiне түсiремiз дейдi, қазақ тұтынып отырған араб əрпiн тастатып, орыс əрпiн алдырамыз дейдi. Соның үшiн бiреулерi ана тiлiнде оқыған аты болу үшiн қазақ тiлiнде орыс əрпi басылған кiтаптардан бастап оқытып, əрiрек барған соң кiлең орысшаға түспек керек дейдi. Бұлар еппен қайырмалаушылардың жолы. Бiреулерi еп- септi қойып, бiрден орысша оқыту керек дейдi.
Өткен жыл 14-ншi июньде патша жарлығы бойынша шыққан правилада Россиядағы бөтен тектi жұрттардың мектебiнде бастапқы екi жыл ана тiлiнде оқылсын деген. Ол правилаға Оқу министрi қол қойған. Оның бер жағында Қазан округiнде бiр инспектор попечительге жазған: учительдер чуваш балаларын чуваш əлiппесiмен оқытпай, бiрден орыс əлiппесiмен оқытқанды оңай көредi деп. Оны попечитель министрге жеткiзген. Министр ендi жазып отыр: чуваш мектебiнде орыс əлiппесiнен бастап оқытқанды бек ұнаттым, бек келiстi iс екен деп. Сүйтiп, чуваш балаларын чуваш тiлiмен һəм чуваш əлiппесiмен оқытпай, бiрден орыс тiлiмен, орыс əлiппесiмен оқытуға министр батасын берiп отыр. Бастапқы екi жылда ана тiлiмен оқытуға тиiс деген правилаға қол қоюшы да министр, онан кейiн ана тiлiмен оқытпай, бiрден орыс тiлiмен оқытуды ұнатушы да министр. Бұл екi қағаздың қайсысы iске асып, қолдануда болмақшы? Қайсысы хүкiметке жағымды болса, сонысы iске аспақшы. Хүкiметке жағымдысы қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тiлi, дiнi бiр болу. Россия қол астында түрлi тiлдi, түрлi дiндi, түрлi жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бəрiн тiлiн, дiнiн, жазу- сызуын орысқа аударса, хүкiметке онан артық ұнамды iс болмас. Сондықтан 14-ншi июньде министр қол қойған правиланы 16-ншы ноябрьде министрдiң жазған қағазы жеңбекшi. Ондай правилалар iске аспай қалу үшiн, бiр миссионер инспектор жазса болғаны: өз əлiппесiмен, ана тiлiмен оқытып отырсақ, қай уақытта жазу-сызу тiлi жоғалады? Тегi, бөтен жұрттар тiлiнен, жазу-сызуларынан айырылып, орыспен бiрдей болып сiңiсу үшiн, бiрден орыс тiлiмен оқыту керек деп. Бастапқы кезде ана тiлiмен оқыту тиiс деген сөз 1906-ншы жылғы 31-ншi март правиласында да бар едi. Осы күнге шейiн ауылнай, волосной, екi класты бастауыш мектептерде қазақ əлiппесiмен қазақша басталып оқылғаны еш жерде естiлмейдi. Себебi не? Правила бойынша қазақ тiлi мен қазақ əрпiнен бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ. Халықтың өз тiлiмен, өз əрпiмен оқығанын əкiмдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерiнен ана тiлiмен, ұлт əрпiнен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтiп, правила қағаз жүзiнде бар болса, iс жүзiнде жоқ. Бұл айтылғанның бəрi де хүкiмет өз пайдасын көздегендiктен iстелiп тұрған iстер. Бастауыш мектептер жалғыз хүкiмет пайдасы үшiн болмай, халық пайдасы үшiн де боларға керек. Хүкiметке керегi мемлекеттегi жұрттың бəрi бiр тiлде, бiр дiнде, бiр жазуда болу, əр халыққа керегi өз дiнi, тiлi, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, əуелi, миссионерлiк пiкiрден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың дiнi, тiлi, жазуы сұмдық пiкiр суық қолдан тыныш боларға керек. Қазақ дiнге нашар күйден өткен, ендi қазақты басқа дiнге аударамын деу құр əурешiлiк. Қазақты дiннен айыруға болмаса, жазуынан да айыру болмайтын жұмыс. Араб əрпi ислам дiнiнен бiрге келiп қазаққа орнаған. Дiнмен байласқан жазу дiн жоғалмай, жоғалмайды. Қазақта газета, журнал, кiтаптар жоқ кезiнде жоғалмаған тiл, газета, журналы шығып, кiтаптары басылып, жылдан- жылға iлгерi басып келе жатқанда қазақ тiлi жоғалмас.
Олай болса, мектеп арқылы қазақтың дiнiн, тiлiн, жазуын жоғалтып, орысшаға аударамын деген пiкiрден хүкiмет безiп, тиiстi бастауыш мектеп екi жаққа да зиянсыз, пайдалы болуын көздеу керек. Солай ойлағанда көңiлге ұнамды мектептiң түрi бiздiң ойымызша мынау: бастауыш мектептер оқуы қазақ үшiн 5 жылдық боларға тиiс. Əуелгi үш жылда балалар кiлең қазақша оқу керек. Соңғы екi жылда кiлең орысша оқу керек. Мұжық жөнiмен қала болған қазақтар бар, қазақ ретiмен қала болатын қазақтар да болар. Қыстаулары жиын қазақтар да бар, қыстаулары сирек қазақтар да бар. Солардың бəрiне бастауыш мектеп қолайлы болуға тиiс. Бəрiнiң де оқиын деген балалары мектеп жағынан қолайсыздық болып, оқи алмай қалатын болмасқа тиiс. Сондықтан, əуелi қазақ бастауыш мектебi екiге бөлiнерге: келiп оқитын, жатып оқитын мектептер. Келiп оқитын мектептер қала болған, яғни қыстауы жиын жерлерде болу, жатып оқитындар мектептер əлi сирек отырған жерлерде болу керек. Екiншi, қыр мектебi һəм қала мектебi болып бөлiнерге. Қыр мектебi – ауыл мектебi, волос мектебi болып, о да екiге бөлiнерге, ауыл мектебiнде кiлең қазақ тiлiнен оқылатын үш жыл оқу оқыларға, қалың кiлең орысша оқылатын екi жыл волос мектебiнде оқыларға тиiс. Волос мектебiне ауыл мектебiнде бiтiргендер алынарға тиiс. Қала мектебi қаланың үлкендiгiне қарай үш жылдық, бес жылдық оқулы боларға тиiс. Жатып оқитын ауыл мектебi мен волос мектептерiне келiп оқи алмайтын балаларды ғана жатып оқитын есепке алуға тиiс. Бастауыш мектепте кiлең қазақ тiлiнде үйретiлетiн нəрселер: оқу, жазу, дiн, ұлт тiлi, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа- кəсiп, жаратылыс жайы. Бастауыш мектептiң кiлең орысша оқитын екi жылында үйретiлетiн бiлiм гимназияның, яки реальный мектептердiң төменгi кластарына кiрерлiк болу тиiс. Бастауыш мектептер осындай болса, бұлар əрi мұсылманша я орысша оқыту үшiн қазақ балаларының бастауыш мектепте үйренген бiлiмi негiз болуға жарайды.

Ахмет Байтұрсынұлы.
“Қазақ” газетi. 1914. № 61.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА