11.10.2024

Мағжан Жұмабайұлы. Педагогика (Сөз алды)

Құрметті оқырмандар!
Алдағы уақытта сайтымыздан қазақ елінің зиялысы Мағжан Жұмабайұлының “Педагогика” еңбегін бөлім-бөлімге бөліп жариялап отыруды жөн көрдік. Білген адамға бұл еңбектің іші толған қазына, ғылым.
Ата-ана үшін бала тәрбиесінен маңызды іс жоқ. Ал оны қай жолмен тәрбиелеу керек, қалай күтіп-бағу керек, оның бәрін Мағжандай оқымыстыларымыз жазып-сызып кеткен. Тек еңбек көп жылдар бойы бізге жетпей келді…
Біз Мағжанды әлі де болса тек ақын деп танып келеміз. Әсіресе мектеп оқушылары мен ЖОО-ның студенттері. Бірақ олай емес. Қазақ зиялыларының ішінде балаға білім беру мәселесіне көңіл бөлгендердің бірегейі осы Мағжан. Амал не, асыл еріміз қанды саясаттың құрбаны боп кете барды.
“Педагогика” еңбегін оқыңыздар һәм өз араларыңызда тарата жүріңіздер, талқыға салыңыздар. Ұлтымыздың саны өсуімен қатар сапасы да артып, рухы мықты ұлт болуымызды Алла нәсіп етсін!

Редакция.

magjanТарту
Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім.
Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі.
Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолдарымыз бір қазақ мұғалімдері!
Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам.
Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан Жұмабайұлы.

СӨЗ АЛДЫ

Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес…
Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым (Көп пайдаланылған Рубинштейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері).
Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым.
Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім.

Мағжан Жұмабайұлы,
1922 жыл, 15 сентябрь, Қызылжар

Намыс сайты

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА