30.10.2024

Төлеухан Салқынбаев. Баланы тестке емес, білмге дайындалайық.

Кәзіргі адамзаттың қол жеткізген табыстарының бәрі білім мен ғылымның нәтижесі десек бұдан былайғы уақытта да бәсекелі дүниеде елдің елдігін сақтаудың, жеке тұлғаның бәсекеге қабылеттілігін қалыптастырудың басты шарты білім мен ғылымда болып отыр. Сондықтан да Елбасымыз бен Үкіметіміз білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді, білім сапасы үшін жауапкершілік те жыл санап жоғарылап келеді. «Біз оқыған кезде» дегендей, көп жылдар бойы мектеп өз жұмысының түпкі нәтижесін өзі қорытындылап, әр мұғалім өз еңбегінің көрсеткішін, яғни баланың алған білімін өзі бағалап келген болатын. Бұл кәзіргі тілмен айтсақ «ішкі бағалау» еді. Ал кәзіргі «Білім заңы» бойынша білім сапасын «ішкі бағалаудан» бөлек «сырттай бағалаудың» бірнеше формасы енгізілді. «Сырттай бағалауды» мектепке тәуелсіз, мемлекеттік органдар жүргізеді. Соның ішінде білім сапасына түпкілікті баға беретін «Ұлттық бірыңғай тестілеу» жүйесіне келсек ол бізде ғана емес әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Және «Ұлттық тестілеу» кейін алынып тасталады екен деген қауесетке сенуге болмайды. Неге десеңіз біздің еліміз халықаралық білім конвенциясына кірген, енді сол ұйымның шарттарын орындаймыз. Оның үстіне Білім туралы заңның 28 бабында «Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттау ұлттық біріңғай тестілеу нысанында немесе мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында жүзеге асырылады» деп жазылған. Мектеп бітірерде баланың және оның ата – анасының жазбаша тілегі бойынша бітіруші осы аталған екі сынақтың біреуіне жіберіледі. ҰБТ–ге бармай дәстүрлі мемлекеттік емтихан тапсырған балалар да далада қалмайды, олар әртүрлі мамандықтарды меңгеріп кәсіппен айналыса алады, қажет болса бір-ер жылдан кейін «Мемлекеттік Кешенді тестілеуден» өтіп жоғарғы оқу орындарына түсуіне де болады. Ал енді мектептен кейін оқуын бірден жалғастырам деген балалар міндетті түрде ұлттық тест тапсырады, және баланың бүкіл болашағы мен тағдыры осы тестік сынақтың нәтижесіне байланысты. Ендеше баламыздың, қала берді бүкіл қоғамның тағдыры шешілетін ұлттық бірыңғай тестілеуге баршамыз да үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Өкінішке орай қазақи жайбарақаттығымызға басып дайындықты тым жай бастап, тест таяғанда «қырық күн бабы жетіспей қалған» тайбурылдың кебін киіп, Абай атамыз айтқандай «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» жатамыз. Көп жағдайда 11 жыл бойы жақсы оқып келген балаларымыз ҰБТ-де мектепте алған бағаларын ақтай алмай 30 – 40 пайызға дейін төмен нәтиже көрсетіп жатады. Одан кейін мектеп пен ата – ананың арасында кінәласу басталады. Бұл жерде «кім кінәлі» дегенде, кәзіргі «білім тұжырымдамасы» бойынша түпкі нәтижеге тікелей ықпал ете алатын білім берудің үш субъектісі айқындалған, ол – мұғалім, оқушы және ата – ана. Соның ішінде мұғалімнен көбінесе моральдық жауапкершілік қана сұралады, түпкі нәтижеге жауап берудің басқадай тиімді жүйесі әлі қалыптасқан жоқ, оның үстіне мұғалім қалай десеңізде өзінің қызметтік міндетін ғана атқарады, баланың ынтасы төмен болса, ата – ананың ықпалы болмаса жеке мұғалім ешнәрсе істей алмайды да. Оқушыны алсақ «баланың ісі шала» дегендей ол қайткенде балалықпен жеңіл – желпі қарауы мүмкін. Сонда баланың болашағы үшін шын жаны ашитын, жүрегін ауыртатын ата –аналар тест нәтижесіне де алдымен мүдделі болуы керек. Әрі – беріден соң бала грантқа түсе алмаса ақылы түрде оқытатын да, жақсы мамандық ала алмаса күйзелетін де осы ата – аналар емеспе. Енедеше алдымен шырылдайтын ата – аналарға біз де алдын – ала көмектесіп ақыл – кеңес беруге тиіспіз. Міне, ҰБТ – ді быйыл оныншы рет тапсырамыз. Нәтиже неге төмен деген сұрақтың жауаптары осы он жылдың ішінде әбден талданып тұжырымдалған, оған он жыл басы – қасында жүріп жинақтаған өз тәжірибемізді қоссақ бірталай шындықты айқындай аламыз. Ең алдымен балдың төмен болуының негізгі себебі он жыл бойғы білімнің олқылығы, баға мен білімнің арасындағы алшақтық деп танылып жүр. Бұл өте дұрыс, бастауыш сыныптардан бастап бізде білім сапасын бақылауда «ішкі» және «сырттай» бағалау әдістері қатар қолданылмайды, баяғыша мұғалім өз еңбегінің нәтижесін өзі бағалаумен ғана айналысады, бұл жерде сөз жоқ көтерме баға қойылады. Бала да ата – ана да осыған біртіндеп қалыптасады, бала бүгін «бестік» баға алса болды, ал білімнің беріктігі, тереңдігі деген ұғымдар ешкімді қинамайды, ең қиыны баланың жауапкершідігі қалыптаспайды. Нәтижесінде бәріміз білім қумай баға қуып кетеміз. Тестік сынақта баланың тағдыры шешілетінін он жыл бұрын ойласақ бастауыш сыныптардан бастап білім сапасына «сырттай бақылау» жүйесін қалыптастырмай болмайды. Оқып кеткен материалдар бойынша қайталап сынақ тапсыруды енгізіп, оған ата – аналардың өкілдерін де тарту керек сияқты. Кәзір оқу ісінің меңгерушілері қолы тигенде ішінара жазбаша сынақ алған болады, бір – ақ тұрақта жүйе қалыптаспай келеді. Өкінішке орай кәзір кейбір бесінші сыныпты қабылдап алған мұғалімдердің ренішін жиі естиміз. Олар сыныпта мәтін оқуға үлгермейтін, диктант жаза алмайтын, көбейту кестесін білмейтін балар бар екенін, оларды ары қарай оқытудың қиын екенін айтады. Ал бастауышта негіз қаланбаған соң баланың ары қарай күн сайын күрделілене түсетін бағдарламаны алып кетуі екіталай. «Білім негізі – бастауышта» деген қағида бекер айтылмаған.
Тағы бір негізгі қателігіміз -тестке дайындауды өте кеш қолға аламыз, бізідің санамызда «11 сынып тестке дайындау кезеңі» деген ұғым қалыптасқан. Шындығында он жыл бойы оқымай келген балаға он бірінші сыныпқа келгенде езіп құйсаң да ештеңе шықпайды. Ендеше баланы ҰБТ-ге бесінші сыныптан бастап дайындап, мектеп ішінде жүргізілетін тоқсандық, жылдық қорытынды бағалауларды тестік жүйеге көшіруге болар еді. Мемлекеттік емтихан тапсырмайтын сыныптардағы көшіру емтихандарын да тестік жүйеге айналдыруға кәзір толық мүмкіндік бар. Ондай жағдайда мұғалімнен ҰБТ – ге дайындау жөнінде жыл сайын жауапкершілік сұралар еді. Сонан кейін мектеп бітірерде оқушыны ҰБТ-ге жіберу немесе жібермеу мәселесін педагогикалық кеңестің, ата – аналар комитетінің ұсынысымен әр баланың ата – анасы шешуі тиіс. Оған бесінші сыныптан тоғызыншы сыныпқа дейінгі аралықта ата – ананың да жұртшылықтың да толық көзі жететін болады. Ал негізгі мектеп бағдарламасы аяқталғаннан кейінгі оныншы – он бірінші сыныптарда «ҰБТ-ді ертең тапсыратындай» ерекше жауапкершілік қалыптасқанда ғана жақсы нәтижеге қол жетеді.
Әдетте мектептер сабақтан тыс уақытта дайындық курстарын ұйымдастырады, бір-ақ соған балаларды келтіре алмай жатады. Бұл – ата-ананың да баланың да жауапкершілігі қалыптаспағанын дәлелдейді. Ал мұғалімдердің көпшілігі теориялық білімді тереңдетіп тиянақтауға, сол бойынша логикалық ой қорытуын қалыптастыруға көп көңіл бөледі. Бұл жерде “көпшілігі” деп отырғанымыз бекер емес, жекелеген мұғалімдер де, көптеген ата – аналар да тестің жауабын жаттатуға әуестеніп жүргені рас. Бұл – өрескел қателік, өйткені бала дайындалдым деп ойлағанымен шынында ол ешқандай білім алмайды, алған білімін бекітпейді де. Оқыту теориясында «оқытудың әдістемесі, құралдары» деген ұғымдар бар, ал тест дегеніңіз білім берудің құралына да, әдс-тәсіліне де жатпайды. Тест – білім сапасын бақылаудың құралы, сондықтан жауап жаттаудың оқушыны шатастарғаннан басқа ешқандай пайдасы жоқ. Үйткені оқытылатын пәндердің қайсысы болса да шектеулі сұрақтарға ғана жауап беретін тұйықталған догма емес, үлкен – үлкен ғылым салаларының алғашқы негізі болғандықтан ондағы ықтимал сұрақтардың нұсқалары да шексіз. Оның үстіне бір ұғым немесе бір сөйлемнің өзі бір ғана сұрақпен шектелмейді. Сондықтан біріншіден сұрақтардың барлық нұсқасын жаттап шығу мүмкін емес, екіншіден жаттаған сұрақтардың сол қалыбында келуі де мүмкін емес. (Жаттауды ғана қажет ететін ұымдар әр пәнде кезігеді, бір – ақ олар дайындықтың 5-10 пайызын ғана құрайды). Негізінде баланы ұлттық тестке дайындаудың қалыптасқан әдіс – тәсілдері көп. Соның бірі – тарау бойынша, тақырып бойынша балаларға тест жасату әдісі кеңінен қолданылып жүр, бұл оқушыны сұрақтың жауабын өз күшімен қорытып шығаруға баулудың, білімді бекітудің ең тиімді жолдарының бірі. Мұғалім дұрыс ұйымдастырса балалар тест жасау бағытында көп жұмыс істейді, оларға мәтіндегі ықтимал сұрақтардың бәрін қамтитындай тианақты жұмыс істете білу мұғалімнен үлкен еңбек пен ізденісті қажет етеді. Бір ғана мысал келтірейік: «Біздің заманымызға дейінгі 530 жылы Сақ жеріне басып кірген парсы патшасы Кирдің шапқыншылығына қарсы Сақ әскерін бастаған Томирис патшайым туралы грек тарихшысы Помпей Трог жазбаша деректер қалдырған» Осы бірғана сөйлемнен жақсы дайындығы бар балалар 15 сұраққа дейін жасай алады. Бұл жерде жанама, балама және қарама – қарсы сұрақтар қойылып ықтимал сұрақтар түгел қамтылады. Ал физика, математика, химия сиақты дәлдік пәндерде есеп түрінде берілетін сұрақ нұсқаларының саны шексіз деуге болады. Бұл пәндерге де басқаша қарау керек, әдетте тестке дайындаудың үздік тәжірибелері насихатталып жатады, ал іске асыру міндетті емес. Демек сұрақтың жауабын жаттатқаннан гөрі мұғалімнің ұйымдастыру жұмыстарынан ата – аналардың да толық хабардар болып, соған араласқаны жөн. Сонда ғана бірлікте жұмыс істеп ортамыздағы оқушымыз бен де одақтасып оған да бірыңғай талап қоя аламыз. Ата – аналар тестке дайындық нәтижесін қалт жібермей қадағалап мұғалімнің бастаған ісін жалғастырып әкетіп отырса ған жақсы нәтижеге қол жеткізер едік.

Т. Салқынбаев. ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері.

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА