30.10.2024

Тәрбиешіге Отанның келешек өмірі тапсырылған

«Малдың баласы туысымен тәлтіректеп, аяғын басып, біраздан соң буынын бекітіп, жүріп кетеді. Денесінің жетіліп, күшті болып туғандығынан, ширақтықтан, аса суық болмаса, жеңіл-желпі салқында туған қозы, бұзаулар өліп қалмайды. Бұл өңінің қалыңдығынан, шыдамдылықтан, тауықтың балапаны жұмыртқадан шығысымен енесімен бірге қаздаңдап жүгіріп, тамақ шоқып, жей бастайды.Үйректің балапаны жұмыртқадан шыққан соң енесіне еріп жүре береді, ал торғайдың балапаны жұмыртқадан қызылшақа болып туады да жуырда ширай алмай бірнеше заман шырылдап, тамақ сұрап жатады. Иттің, қасқырдың, мысықтың балалары көзін ашып, жер бауырлап, жүріп кеткенше бірталай заман. Құмырсқаның баласы алғашында ұзыншақ қана ақ құрт, қимылдай алмай жатады, жүре-жүре өсіп, мүшелері білініп, қанат пайда болып, ұшып кетеді. Сонан кейін қанаты түсіп, кәдімгі құмырсқа болады…

Жоғарғы айтылғандардан көрінеді, әр хайуанның баласы әр түрлы хәлде туып, кейбірі тез ширап, тамақ жеуге жарап, кейбірі баяу ширап, кеш өсетіндігі. Бірақ қайсысына да болсын, аз яки көп күтім – асырап, сақтау, үйрету, баулу керек. Бұл айтылған хайуандардың баласы көп болса, бір-екі айдың ішінде өз бетімен жүріп-тұруға, кейбірі тамақ тауып жеуге де жарап кетеді.
Ал, енді адам баласын қарасақ, хайуан баласынан анағұрлым нашар, болбыр, нәзік болып туады. Аяғы басуға, қолы ұстауға, көзі көруге көпке дейін жарай алмайды. Өңінің жұқалығынан, денесінің нәуетектігінен ыстыққа да, суыққа да шыдамсыз болады. Бір жылда, жыл жарымда аяғын әзер ғана басады. Онда да тамақ тауып жей алмайды. Денесі қуатты, мүшелері ширақ болған хайуан баласына азды-көпті күтім, асырау керек болса, денесі әлсіз, сезімдері жетілмеген адам баласына күту, асырау, сақтау, үйрету – бір сөзбен айтқанда тәрбие өте керек…
Хайуан баласын тамақ аулауға, ыстық, суықтан, жаудан, пәледен, бас қорғауға үйретеді. Адам баласына хайуан сықылды тамақ табу, бас қорғау ұшын ғана берілген тәрбие жеткілікті болмайды. Себебі: хайуан мен адамның тұрмысы, мақсаты екі басқа.
Хайуан бет-бетімен тамақ аулап, жан сақтап жүре береді. Адам жеке-жеке жұрып күнелте алмайды, себебі: адамның хайуандардай азуы, тұяғы, тырнағы, мүйізі жоқ, суық пен ыстыққа шыдамсыз һәм адам ол хайуан қалпынан кетіп қалды. Және адамның кәрі, жасы, ауруы, дімкәрі бар. Бұларды не керек қылмай хайуанша тастау, не жиып қою керек, болмаса, асырау керек.
Осы күнгі өмір жүзінде көмектесіп, серіктесіп істемесе, бір кісінің қолынан келе бермейтін жұмыс көп. Хайуан жаратылыстан өзіне біткен бір сезімнің қуатымен өзіне лайық болған қылмыстан артық еш нәрсе істемейді. Адам жүгенсіз бетімен кетсе адамдыққа лайықсыз талай қылмысты істейді. Сондықтан адам жалпыға бірдей канонға (зәкөн) мойын ұсынуға керек. Қысқасы адам баласы бірігіп, қауым болып тұруға мұқтаж.
Быр қауымды денеге ұқсатсақ, әрбір адам сол қауымның мүшесі. Әр мүше өзіне тиісті қызыметін атқарып тұрса, дене тіршілік қылмақ болмаса дене әлсізденіп, дімкәрланбақ. Міне осы сияқты, адамның малдан тұрмысы басқа болған себепті, адамның тәрбиесі де малдан артық һәм қиын. Хайуанның адам сықылды қауым болып тұратыны бар емес пе дер біреу. Рас, құмырсқа, бал құрттары қауым болып тұрады, жалпы қызымет қылады, бірақ олар туралы кейін толық жазбақпыз.
Тәрбие екі түрлі: дене тәрбиесі, жан (рух) тәрбиесі. Хайуан көбінесе денесін тәрбиелейді. Адам баласына дене тәрбиелеудің үстіне жанын (рухын), ақылын, сезімдерін, жігерін, – мінезін тәрбие қылу керек. Денесі мен жаны бірдей тәрбиеленбеген кісі сыңар жақтау бола береді. Мысалы мынау: біреу денесі күшті, бірақ ақымақ, біреу ақылды, бірақ денсаулығы нашар. Біреу рахымды, бірақ ақылы аз. Біреу ақылды, рахымы аз. Біреу қайратты, бірақ пейілі арам. Біреу ақ пейіл, бірақ жігер жоқ. Біреу мақтаншақ, біреу қорқақ, біреу ұялшақ. Мінездің, ақыл, қайраттың әр түрлы болмағы тәрбиенің түрлы-түрлы болмағынан. Адам баласының арасында ұрлық, зорлық, өтірік, алдау, кісі өлтіру, талау сықылды неше түрлы бұзықтықтың көптігі тәрбиенің жетпегендігінен.
Мәдениет жүзінде адам баласы құс болып ұшып, балық болып жүзіп алысты жуық, бұлдырды анық қалып отырса да бірін-бірі өлтіруі, зорлығы қиянаты қалмай отыр. Неге? Адам тәрбиенің құлы болуға жетпей әлі күнге табиғаттың құлы болып жүргендік. Адам баласы қашан табиғатқа құл болудан құтылады? Анық ақылға билетіп жалпы жұрт жақсы тәрбиелі болғанда құтылмақ. Адамшылықтың тарихына көз жіберсек, өмір жүзінен мысал қарастырсақ, атақты данышпандардың пікірін, сөзін байқасақ тәрбие адамды бұзуы, түзеуі көрінеді.
Ескі юнан халқында спәртәнистер ұлтшыл, жау жүрек, күшті жұрт болған. Аштыққа, шөлге, ыстық, суыққа шыдамды екен. Бірақ ахлақ жағы осал болған екен. Неге? Себебі: спәртәнистер ұлтқа қызымет қылатын күшті кісі керек қылып, денені ғана артық тәрбиелеп, ахлақ жағын ескермегендіктен.
Алғашқы екі ғасырдай афинандар құлықты, ғылымды, күшті жұрт болған. Неге? данышпан «солонның» жасаған ережесімен жақсы тәрбиеленгендіктен. Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хәкім қылған кім? Әристөтелдің тәрбиесі. Ниронды залым қылған кім? Философ «сенененің» қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Абыл кісіге бір ауыз қатты сөз айтуға ұялады. Қабылға кісі өлтіру бұйым емес. Мұны қылған кім? Тәрбие. Тәрбие туралы еңбек қылып, кітап жазып, сөз сөйлеп кеткен философтар: Солон, Сөкрәт, Аплатон, Әристөтел, Тсиеитсиеерөн, Лутер, Бекөн, Көменский, Лөкк Руссо, Пистәлөский, Ушенский, Толстой һәм басқалар. Бұлардың әр қайсысының әр түрлі пікірі бар. Ол туралы кейін жазылар. Ал тәрбие жөнінен Абайдың бір созі: “Мен егер зәкөн қуаты қолында бар кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісілердің тілін кесер едім» деген. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел осы. Тәрбиенің қандай шарттары бар? Не әсер қылады? Келесі нөмерлерде жазылмақ.
Адамды бұзатын да, түзейтін де тәрбие деп едік. Енді сол бұзу, түзеудегеніміз не? Қандай бет болса, түзелуге болады. Не нәрсе әсер береді? Солтуралы жазбақпыз.
Адам баласын жақсы тәрбиелеу керек дейміз. Жақсы тәрбиеніңмақсаты не болмақ? Әр нәрсенің бір көздеген мақсаты болу керек. Мақсатсызіс қылуға болмайды. Жолаушы жолға шыққанда бір мақсатты ойлап шығады;шығып алған соң ойланбайды. Сол сықылды тәрбиенің мақсаты болуға тиіс.
Тәрбие туралы әр заманда шыққан білімді жандардың пікірі әртүрлі, біреулертәрбиенің мақсаты – денені күшейтіп, адамды ұлтшыл қылу дейді, біреулер
адамды бақытты қылу дейді, біреулер мінезді түзетіп, адамшылыққа қызметқылдыру дейді. Осы сияқты әртүрлі мақсаттарды тексеріп көрелік.
Тәрбиенің мақсаты – денені күшейтіп, ұлтшыл қылу болса, бұныңжақсы жағы да, жаман жағы да болу керек. Жақсы жағы: бір халықтың ұлтшыл адамдары көбейсе, ұлты үшін жанын салып, сол ұлтты көркейтугетырыспақ. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлтыкөркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақытты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегіадамдарына да ортақ. Бір адамның бақыты бір ұлтты бақытты қылуғажетпейді. Ұлтын, Отанын көркейту, қандас-діндес, тілдес бауырларыныңқамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Ал енді жаман жағы мынау: ұлтшыл адам біржұрттың ғана қамын ойлайды; бұл қамын ойлау жолында басқа жұрттарменайтысады, тартысады, жұлысады. өз қылығы дұрыс, қисық болсын үстінешығарып, басқаны жеңуге жаһат қылады. Біреуді жеңуге ұмтылған кісіқызуламақ; қызу кісі өз қатесін көрмейді, көргісі келмейді. Қатесін көрмегенкісі бірбеткей, ақыл көзінің ауданы тар кісі болу керек. Ақыл көзінің ауданытар кісі адамшылыққа пайда келтіре алмайды. Адамшылыққа пайда келтіреалмаған кісі ахлағы әлсіз, жабайы, “кәдімгі” кісі болмақ. Ұлтшыл адамбіреуге зорлық қылса да, қан төксе де, мұқатып, өз Отанының дәуірлеуініздейді. Мұның түбі — бәсеке, талас “мен сенен артық боламын”. Бұл -өзімшілдің ісі. Өзімшіл кісі кең болмайды, кең болмаса, қаскүнем болады.Қаскүнемдік жақсы емес. Тіршіліктің өз талқысы аласұртып, әр халыққа ұлтшыл болмасқа ерік қоймай отыр. Ұлтшыл болу – адамшылдық ісі емес,заманның ісі.
Тәрбие – адамды бақытты қылу деген сөзді алсақ, бақыттың өзі ненәрсе? Дүниедегі ең бір талас, қиын мәселе – әр адам бақыт деген нәрсеніәртүрлі түсінуі, біреу байлықты бақыт дейді; біреу мал басы түгел болуыбақыт дейді; біреу жақсы қатын алғанды бақыт дейді. Біреуге бақыт болыпкөрінген нәрсе бақыт сияғы жоқ. Кәдімгі тұрмыс, біреуге тіпті сор сияқтыкөрінуге мүмкін. Тереңірек қарасақ, бұл – әртүрлі ұғым, мінездердіңқорытындысы. Бір қорытынды – әр адамның басында болған тұрмыстыңәртүрлі көп шарттарының қорытындысы. Сол сықылды, тәрбиенің түпкімақсаты – адамды кәмелетке жеткізу десе, ол кәмелетке де әркімнің қарауыәртүрлі. Біреуге кәмелет болып көрінген біреуге төменшік, кәдік болыпкөрінуі де мүмкін.
Тәрбиенің мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет қылдырудеген сөзді алайық. Түзу деп нені айтады? Түзу мінез әдептілік пе? Жуастықпа? Рақымдылық па? Әдепті кісі адамшылыққа қызмет қыла ма? Жуас кісіқызмет қыла ма? Бұда әркім әртүрлі түсінетін нәрсе, енді алыстан ойлапкөрейік.
Адам жанды нәрселердің ішіндегі ақылдысы, сезімдісі, қайраттысы. Ішіп-жеу жанды нәрселердің бәрінде бар. Адам дүниеде ақылды зат болса, өмір сүруінде де бір ақылды мақсат болуы керек. Тамақтану, нәпсіні ырза қылу, өсіп-өнумен хайуан ғана қанағаттанады. Егер адам да осындай керекпен ғана қанағаттанып өмір сүретін болса, адамның хайуандық жағы өсіп, ақылды, адамшылық жағы өшкен болады. Өмір сүру дегеніміз — іс істеуге бір мақсат болуға тиіс. Ондай мақсат бір жақсылық болуы керек. Ол жақсылық қиялда ғана болмай, дүние жүзінде бар болып, бар болса, бір адамда болмай, көпке бірдей болуы керек. Өмірдің түпкі мақсатын ғылым көрсетпей, ғылымға керекті тәрбиені өмір көрсетеді.
Егер адамның өмір сүруінде бір мақсат бар болса, тәрбиеде де мақсат болуға тиіс. Ол мақсат жалпыға пайдалы, іске асарлық болуы жөн. Бірсыпыра білімділер ол мақсатты анықтап айта бастады, нобайы мынаған келеді: Адам баласы еркін жүріп, еркін түрып, бірінің мұқтажын бірі жеткізіп, жүректері махаббатқа толып, біріне-бірі қастық ойламай, тәрбиенің мақсаты сол болар еді. Бірақ сондай заман бола ма? Болмай ма?Болмаса, адам баласын өмір талқысы қажытып, сол іске де аса ма? Бұл әлімәлімсіз. Бұны іс жүзінде шығаратын тәрбиенің қуаты болуға керек.
Қош, тәрбиенің мақсаты бар дейік, бар болса, ол мақсатқа қалай жету керек? Адам қалай тәрбиелесең де, көне бере ме? Көнетін болса, қандай шарткөндіреді? Көндірмейтін не нәрсе? Міне, бұл мәселе – талайдың миынтауысқан, талай талас шығарған мәселе.
IV ғасырда шыққан Англияның бір атақты оқымыстысы Локк деген кісі айтқан: “Баланың ақылы да, жаны да туғанда таза тақтайдай болып туады. Таза тақтайға қандай жазу жазса да, жазушының еркінде; сол сықылды балаға қандай тәрбие беру тәрбиешіден, бала қалай тәрбиеленсе, соған көше береді” деп. Бірақ Локктің бұл пікірі өз заманындағы білгіштерге де, соңғы заманның ойшылдарының пікіріне де хилаф болған. Локктің пікірі өмір тәжірибесінде орнына келмей, мансұқ болған. Локктің пікіріне қарсы пікірлер мынау: Адамда жаратылыстан әртүрлі мінездің ұшығы болып туады, – дейді. Орысша “Прирожденная идея”. Сонан бергісі тәрбие жолындақызмет қылған адамдардың пікірлерін қорытып келіп, орыстың Ушинскийдеген тәрбиешісі айтады: “Тәрбие адамды түзететін құрал екені рас, бірақағашты қалай шапса, солай іс қылып шығаратын ағашшының балтасындайқұрал деуге болмайды. Тәрбиенің айналыс қылатыны – жанды нәрсе. Жандынәрсені күллі жан сипатының егжей-тегжейін білген білімді, тәжірибелі кісііс қылып шығармаса, анау-мынау балташылар бұзып алуы мүмкін” десе,данышпан Толстой өзгелерден тереңірек кеткен. Ол бүй дейді: “Бала туғандаәр мінездің ұшығымен тумақ түгілі, мүлде тәрбиелік болып туады. Қайтатәрбиелеу баланы бұзады. Балада уайым, қайғы жоқ, кек жоқ. Рақымды,бірін-бірі сүйгіш болатыны тәрбиелі болып туғандықтан, баланың мінезіесейген сайын өскен орта, көрген өнегемен бұзылады. Тәрбие адамныңалдында емес, артында дейді. Бірақ Толстой “тәрбие зиян ” десе де, тіптітәрбиелеме демейді. Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиеші өзіне тәрбие қылу керек дейді. Себебі: Бала айтып ұқтырғаннан да көргенге көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек”, – дейді.
Осы күнгі білімді тәрбиешілердің пікірі: “Балада әртүрлі мінездің негізі болып туады. Жақсылық жағы да, жаманшылық жағы да болады. Сол әр тарауы құрулы негіздің қай жағынан көп тәрбиелеп машықтандыруға, сол жағы артылмақ. Тәрбиешінің жұмысы — жақсы жағын көп машықтандырса, жаман жағын сендіре беруге жаһат қылу”, – дейді.
Енді тәрбиенің шарттарына келейік. Адамның өміріндегі күшті нәрсе тәрбиенің қуаты болса да, тәрбиенің шарттары адамның жаны мен денесінің өзгеше халдеріне, туған, өскен ортаның шарттарына тіреулі, тәрбиенің белгілі құрып қойған жолы жоқ. Балаға әсер беретін нәрсе медресе не тәрбиеші (мұғалім) болмай, басқа белгісіз күшті әсер беретін нәрселер де болуы мүмкін. Ол нәрселер: жаратылыс (дүние), үй іші, өскен орта, замандастар, туған жұрт, оның діні, тіл Һәм басқа да нәрселер, бұл шарттардың әсері де ылғи жүре береді деуге болмайды. Себеп, адам есейген сайын өзгеріп отырмақ, өзгертуге себеп болатын нәрсе адамның жан сипаттары. Жан сипаттарының адамды өзгертіп, бір толқымалы халға түсіретін уақыты да болады. Сол кезде өнегелі, тәртібі күшті бір дүкен жолықса, тәрбиенің бетін жақсы жаққа бұрып әкетуге мүмкін, ондай үлгілі дүкен медресе болу керек.
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт — жас күнде көрген өнеге, ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі болу керек. Ата-ананың берген тәрбиесі – баланың мінезіне салған ірге. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны іледі” деген тауып айтқан мақал. Жасынан сіңген мінезді есейгенде жоғалтуға басқа бір күшпен болмаса, болмайды. “Сүттен біткен мінез сүйекпен кетеді” деген сөз ата-ананың тәрбиесінің күштілігін көрсетеді. Бірақ бұл мақал тәрбиемен мінезді түзеуге болмайды деуге дәлел емес. Балаға қайырымдылықты, қаттылықты, кішіпейілділікті, үлкен көңілділікті, әдептілікті, әдепсіздікті, шыдамдылықты, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім?
Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Бұл мінездердің бәрі жас уақытта басқа бір күшті шарттармен бұзылып, түзелмесе, түпкілікті мінез болып қалғаны. Буыны қатқан соң түзеуге болмайды. Жасында алған мінезді жүре түзеп әкетуге адамның жанында өзгеше бір қуат болу керек. Кей-кейде ата-ананың тәрбиесі әсер қылмай, жақсы ата-анадан жаман бала, жаман ата-анадан жақсы бала шығып кететіні болады. Бұл — сирегірек болатын жұмыс. Ондай болудың себептері бар. Не баланың ақыл сезімдерінің бір өзгешелігінен, болмаса, өскен орта, көрген өнегеден кеп шыққан мінез болады. Тәрбиеге әсер беретін нәрсе өскен орта, ата-ананың тәрбиесінен соңғы күшті болмаса пара-пар әсер ортанікі. Адамды замандас, жолдастың азғырып, не түрлі мінез жүқтыратыны белгілі. Тәрбиеге туған жұрттың тіл, мінезі, тұрмысы да әсер қылмақ. Қысымшылық көрген, жасқаншақ болған, жалыншақ, жабыңқы елдің баласы да сондай болмақ. Ашық көңілді, сауықшыл ел-жұрттың баласы да сауықшыл ер болмақ. Діндар елдің баласы діндар келеді. Тәрбиеге үлкен әсер беретін шарттың бірі – медресе. Баланың ақылын арттырып, білім беретін, ілтипатты, табанды, талапты, ыждаһатты қылатын, өмірлік азық беретін жақсы медресе болу керек.
Бұл күнге шейін тәрбие ғылымы күшейіп, етек алып, кәмелетке жетпеген кейінгі басқышта жүрген ғылым мұның себебін бұл күнге шейін адам денесінің саулығы мен қалтасының толық болуын көбірек ойлап, мінездің, жанның таза, сау болуын ескермегендіктен, үрім-бұтағының ахлақы болғанынан ақшалы болғанын артық көргендіктен. Адамдық көзбен тереңнен тексерсе, дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық. Дәрігер адамның денесін сауықтыратын болса, тәрбиеші адамның ақылын, мінезін, жанын сауықтырады. Ахлақты, ақылды адам көбейсе, Отанның күзетшісі, қорғаны.
Олай болса, тәрбиешіге Отанның келешек өмірі тапсырылған деуге болады.

Жүсіпбек Аймауытұлы.
Бес томдық шығармалар жинағынан тақырып өзгертіліп  алынды,

түп нұсқадағы тақырып: Адам мен хайуанның айырмасы хақында 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА