Home Ұлылар ұлағаты АБАЙДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

АБАЙДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

0

«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге.»
АБАЙ.

Кілт

Абайдың педагогикалық, еңбектерін дұрыс түсініп игеру арқылы ғана, шынайы халқымызға тән тәлім-тәрбиеміздің қайнарынан қанып ішуге мүмкіндік ашамыз. Сонда ғана, Абайдың ұрпағына өсиет етіп қалдырған «мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген сөзінің мәніне түсінеміз. Ол үшін аз-көп Абай заманының алдыңда өткен ғұламаларға сәл ғана болса да үңіліп көрелік.
Күллі адамзат қауымында өткен, ақыл-парасат алыптарының ішінде, ой кермегін татып, тіршілік тұңғиықтарын ұғынған сайын, өздерінің кемелдеріне жеткен кемеңгерліктерін ұрпақ тәрбиесіне арнамағандары аз. Сонау, көне дүние данышпандары: Сократ та, Платон да, Аристотель де төрткүл тіршіліктің тылсым сырларын шешкен ата-бабаларымыз — Әбунасыр әл-Фараби, Әбу Абдолла ибн-Мұса әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Ғаббас ибн-Сейд әл-Жауһари, Әбу Әли ибн-Сина, Жүсіп Баласағұн, Мұхаммед Тарағай Ұлықбек, Ғұламаһи Дауани да мектеп ашып, шымырлай акқан ой құдіретін ұрпақ тәрбиесіне бұрған. Олай болса, ұлы ойшылдардың қол созған мұраттарының тірелер жері, тікелей адам тәрбиесімен астасып жатыр. Тіпті, кешегі өткен — Декарт, Локк, Ян Каменский, Ж.ЖРуссо, Л. Толстой да тәрбие саласына бар жиған-терген толғаныстарын, тіршілікпен тікелей жалғасу үшін, екі түрлі арнаға — педагогика мен психология салаларымен үндесе қабысуға мәжбүр болған екен. Осыдан келіп, кемеңгерлікке жеткен жанның қос қанаты — ойшылдық пен ұстаздық бірін-бірі толықтырып, ғажайып үндестікке жеткенін аңғарамыз. Міне, осындай ойшылдардың бірі—қазақ халқының ұлы данышпаны Абай (Ибрагим) Құнанбай баласы екені анық.

Жұмбағы мол, асылы көп еңбек. Жалпы ғұлама Абайдың философиялық-психологиялық және педагогикалық көзқарастарын сөз еткенде, ең негізгі де көмескі жатқан сауалдың шынайы жауабын ашып алуымыз қажет сияқты. Ол бүгінгі таңға дейін айтылып та жазылып келген: «Абай арнайы философиялық және педагогикалық шығармалар жазбаған еді» — деп басталатын тұжырымдар дұрыс па? Әлде, бұл ұғым жалтақтықтан туындап келген, жабатоқыған жайдақ пікірме? Әуелі осы жағдайды анықтап алған жөн.
Ол үшін, адамзат қауымына кеңінен белгілі кемел ойшылдардың еңбек ету ә д і ст е р і мен ой толғаныстарын жеткізген жазу үлгілеріне көңіл аударып көрелік.Мәселен, ойшылдардың атасы—Сократ өз ойларын сұхбат түрінде жетілдіріп, тіпті көбінесе қағаз бетіне түсірмеген де ғой. Сонда оның жазбаша еңбектері жоқ, философ емес деп кім айта алар екен? Сол сияқты Платон мен Аристотель де, өздерінің ой тұжырымдарын бір-бірлеріне ұксамайтын формалар мен үлгілерде берген. Немесе, шығыстың ұлы ойшылдары әл-Фараби мен ибн-Синаның шығармаларының түр-тұлғаларына да көңіл аударсақ өздеріне тән ерекшеліктерімен жазылғандығын байқауға болады. Осы аталған данышпандардың қай-қайсысы да, өз ойларын бұрын-соңды ешкім де пайдаланбаған жаңа түр мен үлгіде жеткізуге тырысқан. Бірақ, олардың өзіне тән жазу үлгілеріне қарап, «философиялық немесе психологиялық шығармалар жазбаған» деп айтуға ешкімнің де дәті жетпеген. Тіпті, олай деудің өзі — нағыз есерсоқтық болар еді?!
Ендеше, ұлы Абай да өзінің философиялық, психологиялық және педагогикалық еңбектерін ешкімге де ұқсамайтын үлгіде, өзі ұнатып тапқан формаларда жазып отырғанын түсінетін мезгіл жеткен тәрізді. Тіпті, қазіргі кездегі жазылып жүрген жаман-жұтық, құрап-сұраған докторлық диссертациялар, Абайдың бір қара сөзінде ғана айтылған мазмұнның шылауына тұрар ма екен?!.Оның үстіне, осындайлар өзі жығылып жатып, Абайдың еңбектеріне, жалтақ та нәрсіз ұғым тастап, жоғарыдағы айтылған пікірлерді қалыптастырған еді. Оған арамдығы мол, астары сұмдық әділетсіз заманның да ықпалы болмай қалған жоқ. Енді, өз еркіндігімізді алып егеменді ел болғаннан кейін де бүгежектей бергеніміз болмас. Еңсені көтеріп, есті жинайық, ұрпағының келешегін ойлайтын зиялы қауым! Мәселен, Абайдың «ғақлия» түрінде жазылған 3, 4, 7, 19, 25, 32, 37, 38 – ші қара сөздерін, педагогикалық шығармалар емес деуге қандай қақымыз бар. Егер дәлелді болу үшін, осы тектес еңбектермен танысқыңыз келсе, әлемге әйгілі ағылшынның ойшыл-педагогы Джон Локктің шығармаларымен салыстырып көруге болады. Әрине, ұлы ойшылдардан қаз-қалпында қайталанатын дәлме-дәлдікке жақын ұқсастықтар табу мүмкін де емес. Әйтсе де, жазылып қалған еңбектерінен үндестіктерге толы ойлар мен деректі үлгілерді байқамау да қиын.
Мысалы, Джон Локк (т. 3, § 34, стр. 432, М., 1988): «…Большая ошибка, которую я наблюдал в деле воспитания детей, заключается в том, что родители редко уделяют достаточное внимание тому, чтобы сделать душу ребенка послушной дисциплине и разуму, как раз в тот наиболее подходящий для того период, когда юная душа наиболее нежна и легче всего подвержена воздействию…» — деп толғана тебіренсе, Абай өзінің «Оныншы» қара сөзінде: «…Әуелі баланы өзің алдайсың; Әне, оны берем, міне, мұны берем деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра, балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп тауып алып, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?..» — деп, нақтылай түсіп, тіпті көзге ұрғандай етіп дәлдеп айтылған сөз ғой. Мінеки, екі ғұламаның тәрбие қақындағы сөздерінен нағыз ұстаздықпен айтылған пікірлерді көрдік. Әлемге әйгілі ойшыл-педагог Джон Локктің пікірімен шендесіп те, тіпті, одан тереңдеп те айтылған Абайдың осы еңбегін көріп тұрып, «арнайы жазылған педагогикалық шығармасы жоқ» дегенді, кезінде мәніне жетпеген жайдақ айтылған пікір екендігін батыл түрде айтуымыз керек.
Ұлы Абайдың даналығын тануда әлі күнге дейін, ашық айтылып батыл түрде талданбай жүрген, оның өзге ойшылдардан оқ бойы оқшау тұрған, өзіне тән ерекшеліктерін даралай көрсетіп айтуымыз керек. Бұл жерде, біз мұны айтқанда да тезис түрінде ғана, барынша қысқа етіп тоқталуға мәжбүрміз. Әйтпесе, мұның өзі де ұзақ әңгіме.
Біріншіден, Абайдай данышпанның ешкімге ұқсамас шәкірттік ғұмыры дер едік, екі жыл — ауыл молдасында оқыса, үш жыл — медресе қабырғасында болады. Бар болғаны он үш жасында қайыра ауыл адамдарының ортасына оралады. Екіншіден, оның өмір сүрген ортасының өзі, бұрын-соңды өткен ешбір ғұламалардың тіршілігіне ұксамайды. Өйткені, адамзат тарихындағы ірі тұлғалардың барлығы да, университеттік білімдерімен қоса, күнделікті араласып отырған білімпаз орталары болған. Үшінші, жалпы әлеуметтік деңгей мен отарлық сипаттағы қоғамдық ортаның зұлымдыққа толы жан төзгісіз ерекшеліктері және жаппай сауатсыздықпен қараңғы жатқан халықтың дәрменсіз күйі дер едік. Ал, Абай болса сол үш кластық медресе оқуынан кейін, сонау феодалдық дәуірдегі қарадүрсін пенделердің ортасында өмір сүрді. Ол сол ортаның тас қараңғы зұлматынан серпіле шығып, бүкіл айналасындағы түн-түнекті сейілте нұрландырып қана қоймай, оған ақыл-парасатқа толы адамдықтың ұрығын еккен ғұлама еді. Ол өзін-өзі тәрбиелеп жетілдірумен, ойшылдық білім мен ілімнің көптеген салаларында, аса биік мұраттарға жеткен кемеңгер.
Міне, осыдан келіп Абай нәр алған данышпандықтың бастауы неде? Қайнар көзі қайда? Осындай сауалдарға қысқаша болса да жауап іздей отырып, оны ұлылыққа ұмтылдырған тәлімі мен тәрбиесін сөз еткен жөн. Сондағы, ең әуелі шоқтығы биік болып көрінетін құдіреттің бірі — осы біздер тәптіштей талдап отырған х а л ы қ педагогикасының маңызы мен мәнінде жатқандығы айдан анық. Осыншама мол қазынаның ішінде, ұрпақ тәрбиесінде ала бөтен орны бар, халқымыздың болашағына арнап қалдырған аксиомалық ұғымдары еске түседі. Соның бірі — «Алып анадан туады» дейтін тылсым сыры әлі ашыла қоймаған ұлағатты сөз бар. Абай феноменінің бірі болғанда да — бірегейі осы болса керек. Ол анасының құрсағында — жүрек тәрбиесі —.жетіліп туған алып екендігін қадап айтқымыз келеді. Тіпті, бұл жүрек тәрбиесі хақындағы ұғымымыздың — мысалы ретіндегі баламасы деуімізге әбден болады. Өйткені, Құнанбайдың төрт әйелінің ішінде, тек осы Ұлжанның балаларының ғана бағасы бөлек?! Басқасын айтпағанның өзінде, бір Абайдың өзі-ақ көп нәрсені терең ойлануға жетелейді. Оны дүниеге әкелген мейі-рімді Ананың парасатымен, бауырына басып тәрбиелеген дарқан мінезді Әженің шапағаты, жүрек тәрбиесі оянып келген сәбиді, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтық тәлімнің алтын бесігімен тербей отырып ержеткізгенін көруге болады. Осы уақыттарға дейін зерттеліп жеткен деректер де, Абайдың туған анасы — Ұлжан да, адамдықтың алғашқы әліппесін үйреткен әжесі — Зере де, аймағына аттары аңыз боп кеткен, аса аяулы, инабатты жандар екен. Осындай аналардың бауырында өскен зерделі сәбидің ақыл тәрбиесі де — бесік жырынан бастау алып, халқымыздың ұланғайыр фольклорлық әдебиетінің айдынында кұлаш ұрғанын білеміз. Абайдың балалық шағында ерекше әсер еткен, сол тұстағы халқымыздың сөз өнерінің асқар шыңы — Дулат-жыраудың берген тәлімі де аз болмаған. Кейінірек, даналыққа жеткен Абай мен Дулат творчествосының үндестіктерінде ғажайып үлкен сыр жатыр. Оны талантты ғалымымыз Қ. Өмірәлиевтің «Қазақ поэзиясының жанры және стилі»1 атты ғылыми монографиясынан оқып білуімізге болады. Мінеки, кысқаша ғана айтқанда, Абай тұнығынан канып ішкен, бастаулардың алғашқы көздері осылар. Жалпы, Абайды тәрбиелеген өмір мектебінің шынайы көріністерін, заманымыздың заңғар жазушысы ойшыл-ұстазымыз М.О.Әуезовтың «Абай жолы» атты эпопеясында барынша терең тебіреніспен жазылған. Бұл еңбек қазір адамзат игілігіне айналып отыр.
Абайдың өзі де ес біле бастағаннан-ақ шәкірттікке жан-тәнімен беріліп, тәрбие мен тәлімге ерекше ынтызарлық танытады. Оның балиғат жасына жаңа жеткен балалық мінәжатына құлақ түрсек:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Навои, Сағди, Фирдоуси,
Хожа Хафиз — бу һаммәси
Мәдәт бер шағири’ фәрияд2
(1. Ақын. 2. Тілек, сыйыну)
деген үнінен тәлімге тәнті әппақ сезімдерін аңғармау мүмкін емес. Ол шынайы сүйіспеншілікпен тәрбиелі болуға үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның осынау бір инабат пен имандылыққа деген саналы кұштарлығы, уақыт озып жасы ұлғая келе дария-шалқар ұстаздық парасатқа ауысады. Абай өзінің телегей теңіз ұстаздық даналығын сөз өнерімен көркемдеп, әуелі өлең сөздің — патшасы арқылы ұсынса, кейінірек ғақлия үлгісінде қара сөзбен өрнектеуге тырысқан. Ол өз бойындағы білім мен ілім жолындағы тәлімінің аздығына өкінішті екенін де жасырмаған:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.

Адам баласының тіршілігіндегі тәлім мен тәрбиеге ерекше мән беріп, өмірінің ақырына дейін өзінің ағартушылық міндетін терең сезініп өткен. Ол өзінің жазып қалдырған педагогикалық еңбектерінде ойларын жалпылама айтпай, саралай бөліп салалай жіктеп көрсетуге ерекше мән берген.
Мәселен, «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба», — дей келіп, адам мінездеріне жақсы да, жаман әсер ететін сипаттарды тарата жіктеп даралай түсіндіріп береді. Поэтикалық сөз қуатының күші мен тұжырымдарын топтастыра жинақтап, «Бес нәрседен қашық бол»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, саусақпен санағандай: «Бес нәрсеге асық бол»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой дейді. Мұнан артық нақтылық, бұдан терең тәрбиелік сөзді табудың өзі қиын. Жалпы, Абайдың педагогикалық көз-қарастарында инабат (этика) қатегорияларын даралай көрсетіп талдауға тырысқанын байқау қиын емес. Оның өзіне тән жазу үлгісі де осы мақсаттарын аша түскен. Ендеше, Абайдай ғұлама ұстаздың өзі ұсынған жолымен жүруге тырысалық.

АҚЫЛ-ПАРАСАТ

Бұл өмірге келген әрбір адам да бақытты болғысы келеді. Сөз жоқ, олар өзінің барлық саналы ғүмырында, игілікті тіршілік үшін, талпынатындықтары да рас. Бірақ, бақытты болудың жолы қайсы? Адам баласының бақытты өмір сүруі, шындығында да, тікелей неге байланысты екен? Міне, бұл сұрақтарға жауап іздестірмеген адамзат алыптары аз. Сөз зергерлерінің ішінде, осы сұрақтардың жауабын іздеп, Ф.М.Достоевский — «Карамазовтарын» жазса, Л. Н. Толстой — «Анна Каренинаны» дүниеге әкелген еді. Бұл шығармаларды дүние жұртының қызығып оқуының да себептері осында жатса керек.
Сол адамзат алыптарының жеткен жері де, тапқан жауаптары да бір түйінге келіп тірелетінін түсінгендей боламыз. Ол — аспаннан келіп түсетін алма-ғайып құбылыс емес екен, қайта адамның жан-дүниесінде қалыптасқан мінез-құлығы мен ұжданынан ғана негіз алатындығын анықтайды. Былайша айтқанда, бақыт — тікелей адам тәрбиесіне тығыз байланысты көрінеді. Олай болса, адамдардың мінез-құлығы мен ұжданы және ақыл-парасаты, адам тәрбиесінің алғашқы физиологиялық кезеңдерінде, әсіресе оның ұрық тазалығы мен а н а құрсағындағы тәрбиеге байланысты қалыптасатындығын осы уақытқа дейін ескермей келгенімізді еске түсіреді. Ендеше, бұл пәни жалғандағы бақытсыздығымыздың негізгі себепкерлері, дұрыс қалыптасып жетілмеген мінез-құлығымыз бен ішкі жан-дүниеміздегі инабатымыз бен имандылығымызда екен. Осындай тұжырымды Абай да құптайды. Оның ұсынатын тәрбие қақындағы тәлімі, Фараби мен Дауани жүйелерімен, тікелей жалғаса астасып жатыр. Мәселен, әл-Фараби – «Жақсы мінез-кұлығы мен ақыл күші болып, екеуі біріккенде ғана — адам бақытқа жетіп, адамшылық қасиеттерге ие болмақ» 1. – дейді.
Мысалы, ұлы Абай да: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демелік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, ауызға салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде — ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да, тұра жүгіріп, — ол немене?, бұл немене?, — деп, ол неге үйтеді?, бұл неге бүйтеді?, — деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.
Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдей, ең болмаса дендеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.Оны білмеген соң ол ж а н адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әуелде құдайтағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол неме не?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен деген де, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұрап, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?1.
«Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды, көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен — жан артық еді, тәнді — жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан— бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды — т ә н г е бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. С ы р ы ң — қалай болады? деп, көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің — өзіңе, өз білгенім — өзіме», «Кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз. «Ой, тәнір-ай, кімнен кім артық дейсің?!», — дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.
Көкіректе — сәуле жоқ, к ө ң і л д е — сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің — х а й у а н малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді — білем деп таласпайды. Біз түк білмейміз — біз де білеміз деп, надандығымызды — білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей күре тамырымызды адырайтып кетеміз…» (Жетінші сөз) дей келіп, адам тәрбиесінің ана құрсағында қалыптасатын түйсікке және ішкі бес сезімдерге ерекше көңіл бөледі. Абайдың қайта медеу тұтар: — «Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз», — дейтін табан тірері бар. Біздерде қазір бұл да жоқ?! Өйткені, жойқын күшпен тарап уландырып отырған арақ, темекі, наша сияқты қазіргі заман дерттері, енді туып дүниеге келер ұрпақтарымызды ұрығында-ақ уландырып, ж а н ы мен т ә н і сау туатын балаға да зар етіп отыр. Байқап қарасаңыз, Абайдың айтып отырған сипаттарының бәрі де, адам мінездерінің көріністеріне жатады. Мінезсіз адамдар ең әуелі өзінің ақылын тоздырады екен де, сонан бүкіл тіршілігінің мәні мен сәніне өздері қиянат жасайтын көрінеді. Ал, ана құрсағында негіздері қаланып туса да, адам мінездерін тәрбиелеп жетілдіруге болатынын аңғартады. Тіпті, Абай өзінің 32-ші сөзінде: — «…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол — мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, иә біреудің орынсыз сөзіне, иә бір кез-келген қызыққа, шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.Онан соң — оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенінде қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, а р д ы сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын?! Бұл — бір ақыл үшін, ар үшін болсын!..», — деп айдан анық етіп нақтылай түседі. Жұртым-ау, мұнан артық жазылған педагогикалық еңбектің түрі болушы ма еді. Сірә, тайға таңба басқандай тәрбие үлгісі дегеніміз осы болса керек.

ҰЖДАН

Тәрбиелі адамдардың бойларынан байқалатын: ұят пен ар, ізгілік пен мейірім, имандылық пен инабатты бір сөзбен айтқанда — ұждан деген ұғымға сыйдырамыз. Ал, адам табиғатындағы ұ ж д а н атты қасиеттің тербелетін бесігі, тек жүрек тәрбиесімен ғана үндесіп жататындығы белгілі. Оның да бірте-бірте бастау алып, қалыптасар мезгілі — адам тәрбиесінің ана құрсағындағы уақытымен дегдейлес келетіндігінде екенін ерекше ескеруіміз керек. Бұл заңдылықты бұдан былай ескермесек, дер кезінен кешігіп қағаберіс қалдырсақ, өмір бойы орны толмас өкінішке айналары анық. Адамдықтың осыншама ұланғайыр қасиеті, ана құрсағында жетілетін аз ғана мерзім ішінде, жаңа өсіп келе жатқан жан иесі — өзінің аса күрделі тән құрылыстарын ғана марқайтып қоймайды, сонымен қоса, жан-дүниесінің сергектігі мен сезімталдығын да түйсіктендіре, яғни, түйсіктік ақылдың сан-сала арнасын қалыптастырады екен. Жалпы осынау бір табиғат шебердің тылсым сырлы жұмбағын, тумысынан ақыл-парасатқа бай, мінез-құлықтары келіскен аналар ғана, телегей терең түйсіктері мен ішкі бес сезімдерінің құдіреті арқылы аңғара білген. Тіпті, олар тек аңғарып қана қоймай, «алпыс екі тамырларын иіте мейірленіп» — құрсағындағы жан иесінің—жарық дүниеге келгенше-ақ жүрек тәрбиесін жан-жақты жетілдіруге тырысқан. Бұл сияқты тылсымның сырын, тек «мыңнан бір ана ғана» ішкі түйсіктерімен түсінген. Олар сондықтан да, «аяқтары ауыр» кездерінде сезімтал күйге ауысатын көңіл-күйлерінің өте нәзік, бай әсерлерін, үнемі өсіп келе жатқан жан иесінің түйсік сезімдерін жетілдіруге бағыттап отырады. Адамзат қауымына жаппай белгілі емес, осынау тылсымның сырын сезінген дана халқымыз: — «Алып анадан туады» деген де, ол табиғат та осындай бір құбылыстың бар екенін білген тәрізді. Мұны, орасан үлкен ақындық та ғұламалық түйсікпен Ұлы Абай да сезген. Осының айқын дәлеліндей, ақынның өз сөзіне жүгініп көрелік,
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үнінің тәтті оралған м ә н і оятар, — дей келеді де,
Жүрек тербеп, оятар баста м и д ы, —
деп Абай данышпан таңғажайып уақытынан озған тұжырым жасайды. Егер осы ойды біз салыстырмалы түрде, жүкті әйелдің көңіліндегі сан алуан сезім күйлерін ә у е н г е теңесек, ол құрсақтағы жан иесінің ұйықтап жатқан жүрегін оятса, сонымен қабаттаса бірге жетілген ұждан ғана орнықты сипат алса керек. Осылайша негізін дер кезінде тереңнен алған жүрек тәрбиесі ғана, келешекте адам бойындағы ақыл-парасаттың сан-қилы сырларын ашып, оны кемелдікпен толысқан кемеңгерлікке дейін жетілдіреді. Осылайша, кезеңді сәттерінен кеш қалмаған адам тәрбиесінің қос қанаты болып саналатын — жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі — домбыраның қос ішегіндей үндесе бірін-бірі жетелей дамитын сипатқа ауысады. Абай айтатын «нұрлы ақылға» бай «толық адамның» тұлғасы осылайша қалыптасса керек. Жалпы өзінің педагогикалық, тәрбие жүйесінде, Абай жүрек қалыптастыратын, ұждандық сипаттарға ерекше мән берген. Ол адамның ғұмыр тіршілігінде ж ү р е к т і ң орнын ешнәрсемен салыстырмай жеке дара етіп алдыңғы қатарға қояды. Бұл арада да Абай Фарабидей ұстазының ақ-адал шәкірті ретінде танылып отыр. Тіпті, Абайдың айтуынша а қ ы л д ы ң тереңдігін күшейтетін де ж ү р е к деп біледі. Сондықтан да ол:
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүре к сезген сөз
Бар тамырды қуалар,— деп, адам тәрбиесінің темірқазығын жүрекпен байланыстырып отыр. Абай қашан да өз ойларын өлеңмен жазса да немесе қарасөзбен өрнектесе де, телегей терең тұңғиықтың сырларын меңзеп қана, ыммен айтады. Біздердің осы күнге дейін, Абайды түсініп оқи алмай жүрміз деуіміздің бір себебі осында жатса керек. Осынау, бүгінгі ұрпағы біздердің қиналып жүрген жайымызды аша түскісі келгендей, данышпан Абай өзінің 14-ші сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Р а қ ы м д ы л ы қ, мейірбандық, уа, әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі.., асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің. айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың — тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақ та — адам баласы ғой, көбі а қ ы л с ы з д ы ғ ы н а н азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық — жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан а з а д ы (сөздерді ерекшелеп арасын ашып жазушы — Совет Хан. Ғаббасов). Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын…», — деп аса терең де нақтылықпен тәрбие тетіктерінің сырын ашып отыр. Бұл тұжырымнан ана құрсағында ғана қалыптасатын — жүрек тәрбиесінің жүйесін — барлық тума қасиетімен түгел аңғаруға болады. Біздің Абайдың педагогикалық еңбектері ұрпақ тәрбиесінің — Темірқазығы деуіміз де осыдан. Оның өзіне тартпайтын да, өзінен таратпайтын да — тәрбие тәсілдері жоқ десек те болады. Кемеңгер Абай өзінің осы ойларын өлең сөзбен өрнектеп:
Жүрегі — айна, көңілі ояу,
Сөз тыңдамас ол баяу.
Өз өнері тұр таяу
Ұқпасын ба сөзді тез?! —
деп ұ ғ ы н у мен ұ ғ у д ы ң да мәні, жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесінің үндестігінде екенін анық аңғартады. Абай өзінің келесі педагогикалық еңбегінде, яғни, 17-ші сөзінде: «…Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласа келіп, ғылымға жүгініпті», — деп бастайды да әрқайсысын даралай көрсете келіп, ақырында жүректі тағы да ерекшелеп шығады. Төрелігін айтып жөн сілтеген Ғылым да: «…Осы үшеуің басыңды қос бәрін жүрекке билет…»1 — деп кесім айтады. Бұл ұрпағына айтып отырған Абайдың — өз кесімі еді. Егер біз халықтық педагогикамызды ғылыми жүйемен қалыбына келтірсек, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық мектебіміздің құбыласына жетелер тәлімнің сыры да осы болмақ. Ата-бабамыздың тәрбиесіндегі бұл ү р д і с, сонау Тоныкөк пен Күлтегін жазбаларынан бастап, әл-Фараби мен Ғаббас Жауһаридің еңбектерінде философиялық мәнге ауысып, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», — педагогикалық тереңдікті көрсетеді. Ал кешегі өткен Дауани мен Науаиды да жетілдіре түскен Абайдай ғұлама ойшыл өзі жазған еңбектерінде, иісі Т ү р к і жұртының халық педагогикасының өзегінен ауытқымай, оның өзіне ғана тән тылсым сырларын, барынша айқын етіп мәнін ашып беруге тырысқан. Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толып, оны әлем халқы бірігіп тойлағалы отырған сәтте, кемеңгердің ең аялы жан сыры болып табылатын — «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ұрпағына қалдырған өсиетін кеш болса да танып, адам тәрбиесінің кілтіндей ұстаздық еңбектерін түсіне бастағанымызға шүкіршілік етеміз.

ҚАНАҒАТ

И н а б а т (этика) сипаттарының ішінде ерекше мәнге де мазмұнға ие — Қанағат атты қасиетті ұғымның қалыптасуына — Ж ү р е кт і ң де, А қ ы л д ы ң да қатынасы бар.Адам бойындағы бұл с и п а т — Жүрек пен Ақылдың үндесе жетілуінен ғана нәр алады. Тіпті, адам мінездеріндегі Қанағаттық қасиеттері, әбден толыса нұрланған соң, қайыра с ә у л е шашып Жүрек пен Ақылдың өзіне шапағатын тигізеді. Міне, Қанағаттың — құдіреті осындай?! Абай өзінің ұлағатты ұстаздықпен ұрпағына ұсынған 43-ші Қара сөзінде: — «…Әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса — жарамайды. Өлшеуін білмек — бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, бірақ іске тіпті салынып кеткен кісі, ойын байлай алмай, қияли болып кететіні де болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық — бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.
Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетін нәрселер болады. …Адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрселерден бойды ерте тыйып алу керек. Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты — ақыл еді ғой. Бір ақыл қуаты бірден мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат, — екі мықты қуат қосылып тоқтатады…»1 — деп мөлшерсіздік пен қанағатсыздықтың түбі қайғы-қасірет екендігін аңғартады. Әсіресе, қанағатсыздық тәрізді зауалдың алдын алу үшін, бір ғана а қ ы л д ы ң күші жете бермейтіндігін, Абай ғұлама мәймөңкелемей ашып айтып отыр.
Дәл осындай ұғымды ағылшынның кемеңгер ойшыл педагогі Джон Локк та былайша сипаттайды: — «…От воздержания пред слишком поспешным подчинением своим желаниям, от умерения и сдержки своих страстей, дающей разуму возможность свободного и беспристрастного исследования и суждения. Итак, р а з у м вступает в свои права руководства нашей деятельностью только при условии сдержки наших ж е л а н и й…»2,— деп, адам нәпсісінің қанағатына ерекше мән беретіндігін байқаймыз.
Шындығында да адам нәпсісінің қанағаттылығы — тікелей ж ү р е к тәрбиесі мен а қ ы л тәрбиесі жүйелерінің үндесе әсер етуімен ғана қалыптасатындығын, тек Абай ғана аша білген педагогикалық көзқарас екендігін ашып айтқан жөн. Адам тәрбиесіндегі осыншама күрделі құбылыстарды түсіне алуға, Абайдың құзыры әбден жетіп-ақ тұр?! Өйткені, ол Шығыс пен Батыстың ойшылдарының айтқандарын сыни пікірден өткізіп қана қоймай, ой елегімен дұрыс деп айтқандарын үнемі сабақтастыра қорытып ұштастыруға тырысады. Осындай құнары мол тәсілдерді пайдаланудың арқасында, ол адам тәрбиесі үшін аса қажетті педагогикалық тәлімнің пәрменді сырларын ашады. Бұл — Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі әлі күнге дейін, бұрын-соңды сөз болып та көрмеген. тіпті ешуақытта мән берілмей келе жатқан тұсы.
Адам тәрбиесінде жүректің орнын ерекше бағалауды Абай сонау шығыс ойшылдары—әл-Фараби, ибн-Сина, Жүсіп Баласағұн, Ғұламаһи Дауани, Әлішер Навои, Жүсіп Қарабағидан—тарата дамытқан. Адамның дүниетанымдарының дұрыс қалыптасуына, шешуші қызмет атқаратын, түйсік пен ішкі және сыртқы бес сезімдер (хауас, хауас сәлим, хауаси хамса заһири), гуманистік тұрғыдағы үш сүю (имани гүл), сонымен қоса, а қ ы л, әділет, рахым (жауәнмәртлік) ілімдеріне ерекше мән беріп қана қоймай, оны барынша халық педагогикасымен үндестіре қарауға тырысқан. Сайын далада отырып данышпандықтың шыңына шыққан, Абайдай ғұламаның осынау бір өзіне тән жұмбақ сырын алғаш ашушы және бұл жөнінде бағдар беруші, заманымыздық ғұлама-жазушысы М.О. Әуезов болса, сол кезінде тезис ретінде ғана жазуға мүмкіншілігі болған нұсқауларды бірсыдырғы таратып жетілдіре дамытқан, абайтану мен мұхтартануды үндестіре ілгерлетуші, белгілі ғалым М.Мырзахметов екенін айта кеткен жөн.
Адам мінездеріндегі тәрбие күшімен қалыптасатын Қанағаттың бір ұшы, кезінде негізін Фараби қалаған—хауас, имани гүл, жауәнмәртлік—ілімдерінің тәсілдерімен сабақтасып жатқанын көреміз. Ұлы Абайдың кемеңгерлігі сол, осынау замана тосқауылдарына төтеп бере отырып жеткен, үш түрлі ілімнің сырларын терең ұғынып, олардың сипатынан қазақ халқының ежелден келе жатқан тәлімімен етене жақын екенін танығаннан кейін, оның принциптерін өзінің өлеңдерінде де, қара сөздерінде де кең түрде пайдаланған. Ол — осы ілімдерді, келешек ұрпақ тәрбиесінде пайдалануды барынша арман еткен. Бұл туған жұртына тілеген — Абай армандарының бірі ғана десек болады.
Міне, заман өзгеріп, ғасыр ауысып жатыр. Не ықылым ғасырлардан өтіп, не бір сорақы тұрмыстарды кешіп, қазақ халқы арманнан да алыс боп кеткен өзінің дербестігін алысымен-ақ, бұрын ешуақытта ойына кіріп шықпаған, өзінің ұлттық оқу-ағарту жүйесінің үлгісін жасауға кірісті. Халқымыздың болашақ ұрпақ тәрбиесін ғылыми жүйелейтін осы үлгіде — екінші ұстаз атанған Фарабиден бастау алатын, Абайдың педагогикалық еңбектеріндегі ересен мол қазыналар, тереңдей зерттеліп міндетті түрде көрініс табуы қажет. Оны толғандырған «нұрлы ақылға» бай, іштей де, сырттай да жетілген «толық адам», біздің де келешектен күтер арманымыз екенін айтып қою аз, оның ұрпақ тәрбиесіндегі ү л г і с і н жасауымыз керек.
Абай өзінің бүкіл шығармалық еңбектерінде, өлеңдері мен қара сөздерінде де, адам тіршілігіндегі — ж ү р е к т і ң ықпалы, адамның т ә н і мен ж а н ы н ы ң падишасы ж ү р е к екенін — дәлелдеп көп жазған ғұлама еді. Жүректің ізгілікті және махаббатты болу себептері — «…әуелі хауас сәлим (ішкі сезім, жақсы сипат) һәм тән саулық, бұлар туысынан болады…»1 — деп жүрек тәрбиесінің ана құрсағында қалыптасатындығын меңзейді. Абайдың бұл мағынадағы меңзеуін төмендегі өлеңнен де көруге болады:

Алла деген сөз жеңіл 2
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы ж ү р е к, шын к ө ң іл
Өзгесі хаққа қол емес.

Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты
Махаббат қылса тәңірі үшін.

Ақылға сыймас ол алла,
Тағрипқа3 тілім қысқа аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт4 ол куә.

Ақылмен х а у а с5 барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мутәкәллимин б мантикин 7
Бекер босқа езедүр — деп шығыс философиясындағы мәнді сөздермен сілтеме жасай отырып із тастап жазады. Міне, осы өлеңімен (3 — түсіну, білу, анықтау; 4 — бар нәрсе; 5 — түйсік, сезім сипаттары; 6 — дінді дәлелдеушілер; 7 — қисынсыз сөз;) данышпан Абай терең-терең ағымдарды меңзеп қана қоймай, неше алуан ілімдердегі тұжырымдарға да мән береді. Осылайша, шығыс философиясындағы көне ілімдермен ұштастыра отырып, өзінің жандүниесімен құптаған — жүректің тендессіз ықпалын (культін) үнемі алдыңғы қатарға қоюдан айнымайды. Абайдың осы көзқарастарына сүйене отырып, біздін халық педагогикамыздың арқауы мен арнасы да, осы маңайға көмбесін қалдырғанын аңғаратын мезгіл жетті. Тек, осы құдіретті жүрекпен сезіп, а қ ы л м е н аша ұғынсақ екен.

Арнайы тоқталып сөз етіп отырған, адам мінезіндегі қанағаттылық сипаты, адамдардың адамгершілігі мен кісіліктерін сақтап, аса үлкен мұраттарға жетелейтіндігін халық педагогикасының қағидаларынан да анық байқауға болады. Мәселен, халық даналығы: «Қанағат қарын тойғызады,қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», — деп өз тұрмысының, жай-күйін тұтас алып сипаттайтын ой түйеді. Егер, қанағатсыздыққа салынып, бір шаңырақтың астындағы жандарда ғана емес, бүкіл ауылды асырап отырған жалғыз атты сойсаң, бірдің, емес, жүздің тіршілігін солдырғанмен бірдей болатындығын ашық айтып тұр. Міне, бұдан көп толғаныстармен толыса, қаншама ілімдермен салыстыра жетілдірген Абайдың педагогикалық көзқарастарының бастауы да халық педагогикасымен біте қайнасып жатқанын аңғару қиын емес.

ӘДІЛЕТ-ШАПҚАТ

Жоғарыда айтылған ж ә у а н м ә р т л і к ілімнің бір көрінісі — Әділет екендігін байқадық. Содан тарайтын шапқатпен адамдардың бір-бірлеріне деген мейірімдері көрінбек. Ұлы Абай осы мәселелерді өзінің көсіле толғанып жазған 38-ші қара сөзінде толып жатқан инабаттық (этикалық) сипаттармен салыстыра қарастырып, аса терең рухани ұғымдарға үңіледі. Өз уақыты үшін тым биік те аса көрегендікпен жаңа тұжырымдар жасайды. Мәселен, ол осы 38-ші сөзінде: «Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім?! Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар (ескерткіш) қалдырайын. Ықлас-бірлән оқып, ұғып алыңыздар, жаның үшін махаббатың толады. Махаббат әуел адамның адамдығы, ғақыл, ғылым деген нәрселер-бірлән.Мұның табылмақтығына себептер әуелі х а у а с с ә л и м (ішкі сезім, жақсы сипат) һәм т ә н саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттан дырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен, яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздейтіндей болғанша», — түбегейлі нәрселерді түре айтып, күллі педагогикалық тәлім мен тәрбиенің негізгі әдістеріне жөн сілтейді. Бүкіл шығыс мәдениетінің терең сезімталдық (хауас) пен ойшылдыққа құрылған ілімдері мен ойын өрнектеп және замана өзгерістеріне лайықтап жетілдіріп те отырады. Абайдай кемеңгердің педагогикалық еңбектерінен, иісі Түркі халықтарынан шыққан ғұламалардың еңбектерінің ізін көріп, Фараби мен Баласағұн шығармаларын тебіренген тереңдікпен зерттегендігін байқау қиын емес. Сондықтан да оның ұрпағына сыр ғып қалдырған, «Жүрегімнің түбіне терең бойла, мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» дейтін мұңға толы өсиетінің сипаты да, сол өзінің алдыңда өткен ілімдерді түбегейлі зерттеп білгендігінде жатса керек. Осы айтылғандардың айқын айғағындай, тағы да Абайдың өзін тыңдап көрелік: — «Қашан бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты — а д а м болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат (пайдалыны алу) ….дәфғы музарратларны (залалдыдан қашу), айырмашылық секілді ғылым-білімді үйренсе, білсе деп үміт қылмаққа болады.Болмаса жоқ… ең болмаса шала Арың үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, иә ол балалары өздері барған болады — бірақ ешбір бәһра (пайда, нәтиже) болмайды. Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқатқа да (нану, сену), қиянатбірлән (қиянатшыл) болады. Олардың адамшылығының кәмеләт (жетілу, толығу) таппағы — қиынның қиыны…»1 — дей келіп, соншама үлкен тәлімдік тұжырым ұсынады да, телегей теңіз тереңдікте жатқан тәрбиенің мәнін суыртпақтай түсіп: «…Себебі, алла тағала өзі хақиқат жолы. Хақиқат бірлән растық қиянаттың дұшпаны, дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда — хақылықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтық бірлән табылады…» деп, біз ұсынып отырған жүрек тәрбиесінің жүйесі ғана жетілдіретін инабат пен имандылыққа қоса, физиологиялық әр кезеңнің өзіне тән тәлімі мен тәрбиенің ақ жолын көрсетіп отыр. Жалпы, Абайдың тәрбие жайында жазылған басқа еңбектерін алмай-ақ, тек осы 38-ші қара сөзінен ғана, тылсым сыры мол ғажайып зерттеу кітабының жазыларына күмән жоқ. Міне, сол зерттеу кітапта Түркі елдерінің халық педагогикасының ерекшеліктері мен Фараби ілімдерінің астасуы және оны түркі елдерінен шыққан ғұламалардың қалай дамытқандығын егжей-тегжей таратылып айтылатындығына сенгің келеді. Әрине, ол келешектің ісі, әйтседағы ұрпағының ұлттық тәрбиесін қалыптастыруға ұмтылыс жасап жатқан халқымыз, Абайдың педагогикалық мұраларына сипай қараудан тез арада тыйылған жөн дер едік.
Абайдың бүкіл өмір жолын зерделей қарасақ, ол айтқан ойлары мен сөздерін, іс жүзінде асыруға ерекше күш салған. Соның бір айғағындай, оның өз кіндігінен туған балаларын сонау Семей қаласындағы, жаңаша білім беретін мектептерге беріп оқытуы дер едік. Абайдың кіші ұлы Мағауия мен қызы Гүлбадан Семейдегі орыс мектебінде оқыса, үлкен ұлы Әбдірахман Петрбордағы артиллериялық училищені оқып бітіреді. Осылайша, ол өзінің іс-әрекеттерімен де айналасына үлгі шашып, қара нардай сахарада шөгіп, қараңғылықтың құрсауында жатқан елін, үнемі оқу-білімге шақырумен болды. Өзі өмір сүрген заманына және уақытына лайықты ұлы ғұламаның осы талпыныстарының берген жемістері де аз емес екенін әділетпен айтқанымыз жөн.
Абайдың ағартушылық жолындағы жасаған екінші бір пәрменді үлгісі, өзінің айналасындағы талапты жастардың бастарын біріктіріп ашқан «ақындық мектебі» еді. Бұл мәселені де, кезінде жан-жақты зерттеп, бір жүйеге келтірген, ғұлама-жазушы М. О. Әуезов болатын. Белгілі ғалым М. Мырзахметов өзінің «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» атты монографиясында, бұл мәселені барынша тереңдете көрсетіп, көптеген жаңа пікірлер айтады. Осы кітапта: «…Бұл тұста Абаймен күнделікті тұрмыста тікелей араласып, көркем шығармалар жазған ақын шәкірттері ретінде Көкбай (1864-1927), Әріп (1856-1924), Ақылбай (1868-1904), Мағауия (1870-1904), Бейсенбай (1880-1934), Әубәкір (1880-1934), сияқты алты ақынды атап көрсетеді. М. Әуезов өзінің 1944 жылғы тезистерінде, осы аттары аталған алтауын Абай дәстүрін жалғастырушы талантты шәкірттері деп бағалаған.
Осыған қоса, «Абай жолы» эпопеясынын кейіпкерлеріне айналып кеткен бір топ өнерлі жастар бар. Абайдың маңайына үйірілген осы өнерлі топтың ішінде шәкірт ақындар мен бірге ақын шығармаларын, әндерін даралап танушылар, ел ішіне оны әр түрлі жолдармен таратушы өнерлі жастар ретінде Көкбай, Ақылбай, Шұбар, Мағауия, әншілер Мұқа, Мұхамеджан, Әлмағамбет, Әйгерім, ертегіші Баймағамбет және Кәкітай, Әбіш, Уәйіс т. б. толып жатқан эпизодтық кейіпкерлер әрекеті беріледі»1, — деп ғалым һәм жазушы Мұхаңа (М. Әуезов) сілтеме жасай отырып, «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымның ішкі сырларына үңіле түседі.
Жалпы, Абай өзінің айналасындағы өнер қуған шәкірттерімен білім, ғылым, өмір көріністері мен тұрмыс тәлкектерін, адам мінездері мен кісілікке лайық келбеттерін шешіле талдап, тежеусіз пікір алысуды үнемі жетілдіріп отыруға тырысқан. Сонымен қоса, Абай шәкірттерінің ыңғайларына орай, өнердің сан-сала жолдарын арнайы тапсырып, олардың осы салаға бейімделе білім жинауына көмектесіп отырған. Мәселен, шәкірттерінің біріне шығыс ойшылдарының еңбегімен танысуды жүктесе, екіншісіне батыс мәдениетіндегі өнер мен әдебиеттің даму бағыттарына зер салуды тапсырады. Мұның өзі, келе-келе әрбір отырыстың мәнді де, терең сипат алуына барынша ықпал ететін болған. Осындай отырыстар ұстаз бен шәкірттердің ашық сырласуларына әкеліп, шын мәніндегі ұстаздықтың үлгісін нәрлендіре түскен. Кейінірек мұндай сәттерді кейде ауыл адамдарының ортасында өткізетін болған. Бұл да тәрбие бағытындағы Абай тәлімінің бір саласы екенін атап айтқан жөн.

ТҰРМЫСТЫҚ ТӘЛІМДЕР

Абай ағартушылығының бір аса күрделі саласы, білім-ғылымға үйренуді үндеумен қоса, ерінбей еңбек етудің қадір-қасиеті мен баяндылығына тәрбиелеу болып табылады. Тек еңбек қана адамның тұрмыс жағдайларын да, жан-дүниесінің жақсылық сезімдерге бөленуін де қамтамасыз ететіндігін, ол өзінің барлық шығармаларына негізгі арқау етеді. Жалпы адамшылықтың ақ жолдарын Абай білімнен де, еңбектен де, жастықтан да бір тұтастық бірлікте қарастырғанды дұрыс бағыт деп біледі. Мәселен, Абайдың. мына өлеңінің әр жолына зер сала оқып көрелікші:
Жастықтын, оты, қайдасың1,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның, біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
Адамның тауып айласын,
Кісілікті ойламай.
Қаруын көңіл сайласын,
Қолға ол түспес бойламай.
Мінеки, осы өлең жолдарынан ақынның нені аңсап, неден безініп отырғандығын анық көруге болады. Ол өзінің сыншыл ақыл-парасатымен тапқан барлық асылын, еш бүкпесіз жайып тастап, бүкіл халықтығымызға қиянатын тигізіп жүрген «…өсек пен өтірік, еріншектік пен салғырттық…» тәрізді адам мінездерін аяусыз сынға алады. Сонымен қоса, нақты ұсыныстары мен тіршілік мұраттарының жолдарын нұсқайды. Мысалы:

Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де — бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан,
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрып,
Мақтанды іздеп, қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйге алма.

Өзіңде бармен көзге ұрып1
Күндестігін қоздырып,
Артылам деме өзгеден.
Азапқа қалма езбеден.

Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас
Үйретуден балаға.

Мұндай пайғамбарлық сөзді, дүниенің төрт бұрышын адақтап іздесеңіз де таба алмайсыз? Осыншама, тәрбиенің теңдессіз үлгісін, педагогикалық тәлімнің биік шыңы десек, бізді кім жазғыра алар екен. Сөз асылымен орап ұсынған, дария шалқар даналық та, тіршілік тамырын қалт еткізбей басып, ақ пен қарасын айырып беріп отырған ғұламалық та, тіпті өткеніңе үңілдіріп келешекті болжап отырған көрегендік те осында емес пе? Жалпы, қазақ халқының ашылмай жатқан сыр сандығы, кемеңгер Абайдың философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастары екенін аса үлкен өкінішпен мойындауымыз керек. Тек, мойындап қана қоймай, оларды түбегейлі зерттеп, ұрпақ тәрбиесінде батыл түрде пайдаланатын да мезгіл жеткен сияқты. Айта берсе Абайдың адам мінездеріндегі жағымды да, жағымсыз қылықтарын салыстыра айтатын еңбектері толып жатыр. Бірақ, оның осыншама мол еңбектерінің құнарлы жемісін көре алмаған өкініштері, ақынның өз басының трагедиясы еді. Ол жайында Абайдың өзі былайша толғанады:

Менсінбеуші ем наданды 1,
Ақылсыз деп қор тұтып,
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып.

Таппадым көмек өзіме,
Көп наданмен алысып.
Көнбеді ешкім сөзіме,
Әдетіне қарысып.

Жан шошырлық түрінде,
Бәрі бірдей еліріп.
Ұстай алмадым бірін де,
Кекиді кейін шегініп.

Әринемен ел кетті,
Қоқиланды, мақтанды.
Қуат бітті, күн өтті,
Жарылқа, құдай жатқанды.

Абай өз ғұмырында осыншама мол жан азабын шеккен ойшыл еді. Ол өз жағдайын ұрпағына аша түсіп, «Жарлы емеспін, зарлымын оны да ойла толғанып» деп тереңде жатқан сырын ашып отыр. Қараңғылық шырмауымен талауда жатқан халқының, жан-дүниесіне шапағат шашам деумен, оның арманда өткен ғұмыры бар. Оның үстіне өмірінің соңында, тағдыр екеш тағдыр да, аяусыз қанды шеңгелін салып, 1895 жылы өзінің бар үмітін артқан сүйікті ұлы Әбдірахман қайтыс болып қан жылағаны аз дегендей, 1904 жылы қырық күн аралап бірінен кейін бірі дүниеден өткен ақын ұлдары — Ақылбай мен Мағауияның өлімдері сорлы әкені мүлдем шөктіріп кетті. Осыншама ауыр қасірет салмағын көтере алмаған кемеңгер жанның жүрегі, Мағауияның өлімінен соң тура қырық күннен кейін мәңгілікке соғуын тоқтатқан еді. Осылай дей тұрсақ та, келешектің мәңгілігі мен мұраттарын, Абайдың өз сөзімен тұжырымдағанды жөн көрдік:

Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!

Міне, осы тұжырымға біздер де тоқтаймыз да шүкіршілік етеміз. Кезінде Абай шығармалары дұрыс аударылып жетсе, бір қазаққа ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтаныш тұтары хақ. Кейінгі толқын буындар, оның әр еңбегінің мәнін түсінгенде, мінәжат етіп қайталар дұғасына айналдырарына сенеміз. Абай армандап кеткен асыл мұраларға күллі түркі халықтары қауымдасқан береке-бірлікпен жетері анық.

ДОСТЫҚ МҰРА

Абай өзінің бүкіл .саналы өмірінде, шынайы достықты, достыққа апарар ақ-адал сезімдерді барынша кұрметтеумен қоса, оларды аса биік өркені мол мұрат деп таныған. Имани гүл іліміндегі үш сүюді талдай келіп:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де с ү й ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін с ү й бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп сүй ә д і л е т т і.
Осы үш сүй болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ (анық) біл.
Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,
Дін де осы шын ойласаң, тағат (құлшылық) та осы,
Екі дүние бұл тасдих (растау) — хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар
Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы .1

Міне, осынау күллі тіршілікті жаратушыны, адамзатты, әділетті — сүю арқылы табылатын достықты, өмір бойы аңсаумен және уағыздаумен өткен Абайдың ағартушылық сипатын, жеңіл-желпі сөз етіп қана қоймай, оны терең талдап зерттей ұғынуымыз қажет. Ол — шынайы с ү й е білуді, нағыз дарындылық пен талант деп ұққан. Көкірек көзін оятар білім мен ғылым ғана имани гүлге (үш сүю) жеткізетін сара жол деп түсінген. Ал, білім мен ғылымның кілті — Тіл! Олай болса, өміріңе қажет керекті тілді үйрену басты мақсаттардың біріне айналғанын Абай әркез өз еңбектерінде айтып отырады. Сондықтан да, ол — араб, парсы, шағатай, орыс тілдерін терең білудің арқасында, шығыс пен батыс ойшылдарының тапқан ғылым жүйелерін байланыстыра меңгерген. Оның өз заманынан оқ бойы озық артықшылығы да осында жатыр?! Әсіресе, Абай өзінің кемелденген шағында жақсы меңгерген орыс тілінің берген жемістерін көп пайдаланады. Өмірінің соңғы жылдарындағы дүниетанымы мен ойшылдық көзқарастары аса мағыналы жаңа сипаттарға ауысады. Орыс халқының озық ойшылдары Герцен, Белинский, Чернышевский, Добролюбовтардың шығармаларын тікелей оқу арқылы, табиғатынан данышпан туған Абай ойшылдықтың не бір қиын биіктеріне қол созады. Ол осы орыс тілінің арқасында, батыс европаның философ-ғалымдарының (Спиноза, Спенсер, Милл және Дарвин) еңбектерімен танысып қана қоймай, оларды ой елегінен өткізу арқылы өз пікірлерін тұжырымдаған. Әсіресе, көне грек кемеңгерлері Сократ, Платон, Аристотельдің еңбектерімен танысу, оны көне шығыс ойшылдарымен салыстыра игеру Абайдың сыбағасына тиген ұлы мұрат.
Бертін келе Абай ақындық өнердің шыңына көтерілгенде Крылов, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Гете еңбектерін құныға оқып, олардың біразының шығармаларын қазақ тіліне аударып, туған халқының игілігіне айналдырды.
Абай өзінің бұл аудармаларына өнер жарысының көзімен қараған. Осылай дей тұрғанның өзінде де, аударып отырған ақынының құдіретіне де қиянат жасамаған Абай өзінің. 25-ші -сөзінде: «Орысша оқу керек,* хикмет (керемет, ғажайып, сыр, ақыл) те, мал да, өнер де ғылым да бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі сонымен бірдейлік дағуасына (теңесу) кіреді, аса арсыздана жалынбайды.», — деп, басқа тілдерді білген жандардың кісілігі асып, қоршылық көрмейтіндігін айтады. Сол кездің өзінде-ақ Абай білімді бір басың үшін емес, ел-жұртқа айналаңа адалдығыңмен қызмет ету үшін үйренуді баса көрсетеді. Тіпті, өзінің айтпақ ойын, жаңағы 25-ші сөзін де онан бетер ашық та айқын көрсетіп. «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа законы бірдей болмаса, законсыз қорлағанына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек…», — деген ойынан Абайдың нені аңсап, қандай қияға қол созып отырғанын, терең түсініп аңғармау мүмкін емес.
Абайдың ағартушылық және педагогикалық еңбектерінде, тәрбиенің әдістерін ғана көрсетіп қоймайды сонымен қоса, оның мақсаты мен мәніне орай үлгілерді бірге ұсынып отырады. Заманына лайық ел-жұртының алдына қойған мақсаты .анық болғандықтан, соған орай істеліп жатқан істің де әділ бағасын көрсетіп отыруды өзінің міндеті санаған. Мәселен, осы 25-ші сөзіндегі мынау сәтке көңіл аударалық «Қазірде орыстан оқыған балалардан, тым артық жақсы кісі шыға алмай да тұр.Себебі ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан бұзып жатыр.Сөйтсе де осы оқыған балалар ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық», деп өмірден өзі байқап жүрген шындықтың да бетін ашып отыруға тырысқан. Өктемдік пен арсыздыққа .құрылған қоғам бір жағынан дұрыс тәрбие бермесе, екінші жағынан пәндешілік үшін оқытып жатқан ата-ананың да жаман әсерлерін жасырмайды.
Міне, Абай педагогикасының құдіреті де осында жатыр.Ол жоғарыда айтылғандай көзқарастағы ата-анағада: «…Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да… орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, яки жұртқа рахат көрсете ме?!.» деп соншама өміршең де өркенді тіршіліктің мәнін айпарадай ашып ұғындыра білген. Ол өзінің осы пікірлерін, аядай ғана қазақ жұртының тіршілігіне байлап қоймай, күллі адамзаттық мұраттармен астастырып жетілдіре түсетінін көреміз.
Абай өзінің 38-ші қара сөзінде: «…Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар1. Содан, қашпақ керек! Әуелі — надандық, екінші — еріншектік, үшінші — залымдық деп білесің?!
Надандық — білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік — хайуандық болады.
Еріншектік — күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады.
Залымдық адам баласының дұшпаны дейді де Абай осылардан құтылудың пәрменді жолдарын атап-атап айтып береді. Ойлана толғанып, ұқыппен тындап көріңіз? Бұл да осы 38-ші сөзінде: «.Бұлардың емі — халқына махаббат, күллі ғаламға шапқат, қайратты да тұрлаулы ғаділетті іс, алды-артын байқарлық білім мен ғылым», — деп тұжырымдайды. Ол бірақ өзінің арман еткен шапқат пен достық сезімдерін, өзі өмір сүрген ортасынан таба алмай қамығумен күн кешеді. Сондықтан да, ол келешектен гөрі өтіп кеткен өмірін аңсап:

Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос.
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің?
Кімді көрсең бәрі дос.

Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?!
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті —
Жете алмайсың, тоқтайсың.

Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын — деп, жан жарасымен азап шеккен ғұлама-ақын өзін-өзі төзімділікке шақырып, күңірене күйзелумен өтіп жатқан күндерін жасырмайды. Қайта, келер ұрпағына сыр шерте, қабағат ауыр мұң-зарын аманат етіп, бұл жолды соқпай ілгеріле дейтін тәрізді. Кемеңгер жанның көкірегін шерменде еткен, әділетсіз қоғам мен білім-ғылымы жоқ ортаның аяусыз азабына, сенің де жаның қарылғандай сезімде боласың?! Міне, осының бәрі де тәрбие мен тәлім! Шынымен де өз еркіндігің өзіңе келгені рас болса, ұрпақ тәрбиесі үшін тереңнен сүзіп асылын алатын ұлағат. Абай сынды жұмбақ жанның ұлағаты! Түбінде, Абайтану ғылымының арнасы, бұрынғыдай жалтақтықты ысырып тастап, нағыз ғылыми негіздерге сүйене отырып, түркі халықтарынан шыққан данышпандардың үнемі жалғастықта болғанын, жүйелей талдап зерттелетін күндердің де келетіндігіне сенгіміз келеді. Сонда ғана, Абайдың адам тәрбиесі хақындағы көзқарастары аса үлкен мәнге жетіп, болашақ ұрпақтың көкірегін оятар сәулелі шапағына айналары хақ.

Совет‑Хан   ҒАББАСОВ,

 Жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының  докторы,

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version