10.09.2024

Су басқан аймақ түлектері басқа облыс грантын «тартып алды» ма?

Кеше грант конкурсы нәтижесі шықты. Биылғы ең үлкен шу – “су басқан аймақтардың түлектері грантымызды алып қойды, бізге жетпей қалды” деген тақырып сияқты. Сонымен грант конкурсы шынымен әділетсіз өтті ме?
Биыл елеміздегі ТЖ байланысты 6 облыс: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары түлектері үшін грант конкурсында екі үлкен мүмкіндік берілді:
1) Негізгі екі ҰБТ-да шекті балл жинай алмаса, қаңтар, наурыз айларындағы нәтижесімен грант конкурсына қатыса алды;
2) Жалпы гранттың 20%-ы осы аймақ түлектеріне берілді.
Меніңше, жалпы бұл тек биыл емес, бұған дейін де көтерілуі тиіс мәселе еді. Байдың асын байғұс қызғаныпты дегендей емес, мен «барлық квота белгілі бір деңгейде әділетсіз» деген пікірдемін. Себебі өзімнің де конкурсқа қатысарды бірнеше квота, грант түрін қолдануға мүмкіндігім болды.
Квоталардың ішінде ең үлкен басымдық ауыл түлектеріне берілген, жалпы гранттың 35%-ы (ауыл квотасы барлық мамандықта бола бермейді). Бір мысал, Астананың не Алматының маңайындағы қалаға жатпайтын мектеп түлектері ауыл квотасын қолдана алады. Ал атауы тырнақша ішіндегі қала болған өңірлер, мысалы: Арыс қаласы, Сарыағаш қаласы, т.с.с. аймақтар қала болып саналады да, ауыл квотасы болмайды. Енді екі жақтың білім сапасын салыстырып көріңіз…
Екіншіден, ауыл квотасына берілген грант мөлшері тым көп, осының кесірінен, жалпы конкурс пен ауыл квотасы балының айырмасы өте жоғары.
Одан кейінгі «Серпін», соңғы екі жылда грант саны 5%-ға дейін азайды, бұрын жалпы гранттың 10%-на дейін қамтитын. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының ауыл түлектері қатыса алады. Тағы да ауыл). Бұрын не Серпін, не жалпы конкурс деп таңдайтын, қазір жалпы конкурстан соң тағы да Серпінмен қарастырады. Мысалы, «Математика мұғалімдерін д-у» ББТ конкурсы Бөкетов ат. Қарағанды унив.де ең төменгі балл: жалпы конкурс – 117, ауыл квотасы – 104 балл аяқталған. Ал Серпін б-ша осы мамандық, осы универде 104 балдан басталып, 77-мен тоқтаған. Яғни пед.квотадан соң түсе алмағандар ары қарай Серпінмен тағы қарастырылған. Бұл жағдайда Қарағанды қаласындағы талапкер 103 балл жинап осы ЖОО-ға, осы мамандыққа түсе алмайды, ал жоғарыдағы 6 облыстың ауылдық жерінен шыққан бір талапкер одан 26 балл төмен алса да грант иегері бола алады. Әділ ме? Биыл басталғанына 10 жыл болған жобаға осы кезге дейін 49 мыңдай грант бөлінген. Осының өтеуі қалай боп жатыр?
Одан бөлек халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған аймақтарға бөлінетін гранттар бар. Шымкент қаласы, Атырау, Маңғыстау, , Жетісу және Ұлытау, Абай облыстары түлектері осы квотаны да қолдана алады. Былтыр көпшілігі игерілмей қалғанын ескерсек, балл айырмашылығы қалай екенін түсінуге болады.
Енді осы грант түрлеріне қоса кешегі ТЖ байланысты берілген 20% тағы қосыңыз.
Одан бөлек әлеуметтік жағдайға байланысты берілген квота түрлері көп. Сондықтан тек бір емес, барлық грант, квота түрлерін тағайындаудағы әділетсіздіктерді қайта қарастыру керек деп ойлаймын.
Ең алдымен, 104 мың талапкерге 78 мың гранттан тыс әкім гранттары, ректор гранттары, түрлі қорлар гранттарын қоса алғанда жетіп артылатынын ескерсек, «грант конкурсы» деп айтуға да келмей қалады. Себебі талапкер мен грант саны шамалас. Кей мамандықтардың конкурсы жоғары, ал біршама мамандықта грант игерілмей, қайта тағайындау жүріп жатады. Конкурсы жоғары мамандыққа бастапқыда бөлнген гранттан көп талапкер түсіп жататыны сол себепті, оны санап көрсеңіздер де болады.
Жара шықса, бетін жауып қоймай, керісінше, емдеу керек қой. Сол сияқты біздің елде ауыл мектептері, кей өңірлердің, жалпы елдегі білім сапасын көтеру керек, тек грант бөле беру мәселені шешпейді.
Соңғы 5 жылда талапкер саны 2 есе артпаса да грант саны екі есе көбейді. Бұның бәрі білім сапасы төмендігін жабу, соншама талапкерді 4-5 жылға «уақытша тынышталдыру» сияқты. Соған қарамастан, конкурс нәтижесі шықпай тұрып, «грантқа түспей қалсаң, не істеуге болады?» деген ақпараттардың көбеюі алдын ала кешірім сұрап «кешіріңдер, биыл бәріңе бірдей грант жетпей қалды, аздау бөліп қойыппыз» деп алдын да ақталу сияқты…
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА