30.10.2024

Жас түлек бірде балды, бірде балсыз, ҰБТ бірде жайлы, бірде жайсыз

ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырзаның назарына:

Биыл – Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінің он жылдық мерейтойы. Сондай-ақ, өзінің туған күні сайын тілек орнына сын естіп келе жатқанына да 10 жыл болыпты. Әрине, біреу біліп сынайды, біреу білмей сынайды, енді біреу ойдағым болмады деп қана жүйені жамандай жөнеледі. Ал біз нақты мысалдарға сүйеніп ҰБТ-ның бары мен жоғын түгендеп көрмекке тырыстық.
Жә, сын мен мінге көшпес бұрын ҰБТ-ның ұтымды тұсын айтуға тиіспіз. Ең әуелі, бала білімді болса, оны дәлелдеуге еш кедергі жоқ. Дайындалған оқушының өзіне тиесілі балын орта жолдан (қате құрастырылған сұрақтардан басқа) ешкім қағып қала алмайды. Рас, оқымаған бала да бармақ басты, көз қыстымен жоғары ұпай иеленуі мүмкін, дегенмен оның алдын алу шаралары жыл сайын күшейіп келеді. Яғни, сенің тағдырыңды біреудің субъективті пікірі емес, өзіңнің жиған балың шешеді. Айтпағым, біздің қазіргі моральдық қалпымызға ауызша емтиханнан гөрі қасаң да болса, тестілеу жүйесі оңтайлырақ.
Тағы бір тиімділік – бітіру емтихандары мен түсу сынақтарының біріктірілуі. Бала бір ғана межеге дайындалады. Құжат тапсырып, емтиханға келіп сандалмайды.
Үшіншіден, жиған балын шамалап, оқу орнын таңдауға мүмкіндік береді. Яғни, алдымен мамандықты таңдап алып, сосын сынақ тапсырғаннан қарағанда мұның тәуекелі аздау. Қай мамандыққа мемлекеттікгрант көп бөлінді, үміткерлер қай мамандыққа қандай балмен келіп жатыр деп ойланып барып, көрпеге қарай көсілу үшін оңтайлы-ақ.
Бірақ, бұл – ҰБТ-да мін жоқ деген сөз емес. Қанша жерден тест жауаптары мемлекеттік құпия қатарына енгізілсе де, нұсқалардың сатылуын тоқтату мүмкін болмай тұр. Қауіпсіздік шараларындағы ала-құлалық та көзге ұрып тұрады. Мысалы, теледидардан бәзбір ата-аналар балаларының түк қалмай тінтілгенін, тіпті шешіндірілгенін айтып шағым жасап жатса, енді бір мектептерде тапсырушылар емін-еркін көмекші құралдар қолданып, интернет арқылы сыртпен байланыс жасағандарын жар салып айтып жүр. Есесінекей жерлерде тестілеу комиссиясы мүшелерінің тәртіпке шақырамыз деп, шаш ал десе бас алатын дөрекілікке барғанына куә болғандар көп. Қысылтаяң шақта жасалған кез-келген орынсыз әрекеттің нәтижеге әсері болатынын басқа-басқа педагог қауым білуі тиіс. Аталмыш комиссия мүшелерінің аймақ-аймақтағы мектептерден жиналатынын білеміз. Сонда біреуге көл, біреуге шөл болатындай, олармен ортақ жұмыс жүрмей ме?
Дегенмен, сынаққа қатысты сыни пікірдің бастылары бұл емес. Негізгі проблема – жыл сайын түлектердің көз жасы мен комиссияның бас ауруына айналып келе жатқан одағай сұрақтардың жайы. Жалпы, ҰБТ жүйесінде қате құрастырылған сауалдардың бар екенін Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиевтің өзі мойындап отыр. Әйткенмен, министрлік бұл мәселеге: “Бір сұрақ дұрыс болмаса, қалған 24-іне жауап берсін” деген ыңғайда уәж айтты. Оған да келісуге болатын шығар, бірақ грант иеленуіне немесе “Алтын белгі” алуына жалғыз бал кедергі болған мыңдаған түлектің өкпе-назы бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайтынын айғақтайды. Айтайын дегеніміз, тестте екіұшты сауал болмауы керек. Бола қалған күнде, сол кемістікті тапқан оқушының уәжі ескеріліп, оған мүмкіндік берілуі тиіс.
Бұл ойға түрткі болып отырған жайт – сайтымыздың поштасына келіп түскен хат. Хат авторы – биылғы ҰБТ сынағын тапсырушы Еңілік Нұрланқызы. Ол хатында “анадан естідім, мынадан естідім” емес, өзіне және таныстарына тап болған таласты сұрақтарды мысалға келтіріпті.

1-мысал.
Сұрақ: ХХ ғ. 90-жылдары Қазақстанда саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру мақсатымен қабылданған заң:
Жауабы: «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы.
Енді осы сұрақты талдап көрейік. «Мектеп» баспасынан 2013 жылы шыққан 9-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының 209-бетінде: «1991 жылдың маусымында «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» заң қабылданды» – деп қана көрсетілген. Аталған заң шын мәнінде 1991 жылдың 27 маусымында қабылданған және заңның мақсатында ешқандай саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру жайлы көрсетілмеген.
Ал «Атамұра» баспасынан 2013 жылы шыққан 9-сынып оқулығының 279-бетінде: «Саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру мақсатымен (Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ІV сессиясы, 4-27 маусым 1990 жыл) Қоғамдық бірлестіктер туралы заң қабылданғаны көрсетілген. Бұдан туындаған ой:
Біріншіден, «Мектеп» баспасы мен «Атамұра» баспасынан шыққан екі кітаптағы екі түрлі тарихи деректен кімге пайда?! Бұл бәсеке ме, әлде баланы шатастыру ма? Егер тест сұрақтары алдын ала берілген болса, онда оқушыны ізденбеген деп айыптауға болар еді.
Екіншіден, аталған заңның өзінің толық нұсқасында келтірілген мақсаттар ішінде, яғни, заң қамтыған мәселенің арасында нақты саяси қозғалыстар қызметін тәртіпке келтіру көрсетілмеген. Дәл осы сауалды құрастыруда білім тексеру емес, қинау, қателестіру мақсаты ғана тұрғандай көрінеді. Мұндай сұрақтардың жауабын сағаттар бойы ойлануға болады, ал 40 секундта жауабын табу қисынсыз сияқты. Тіпті, оқулықта кездеспеген күнде де, сұрақ қисынмен табарлықтай болу керек емес пе?

2-мысал.
Сұрақ: «1812 жылғы Отан соғысы кезінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен жасауыл»
Жауабы: Ықсан Әубәкірұлы
Мұндағы жауап нұсқаларында 1812 жылғы соғысқа қатысқан 5 адамның аты-жөні келтірілген. Олардың қай-қайсысы да “ерен ерліктің үлгісін көрсетті” деп айтуға лайықты. Сонда дұрысы қайсы? Жауабын оқулықтағы сөйлемнің ішінен таптым. Ықсан Әубәкірұлы есімінің қасында “ерен ерліктің үлгісі” деген сөз бар екен. Сонда енді оқушыларға тарих оқулығын түгел үтір-нүктесіне дейін жаттау қалып тұр. Шынтуайтында, ерліктің “ерен” болуы немесе “көзсіз” болуы тарихи факт емес, автордың сөз қолданыстағыжеке пікірі ғана.
Әрине, о бастағыдай, аттың тісі, иттің түсі деген сұрақтар жоқ қазір. Дегенмен, пәнді күрделендіре түсу мақсатында құрастырылған осындай кейбір мақсатсыз, яки бұлдыр сұрақтар жалғыз балға мұқтаж біраз адамға қолбайлау болғаны жасырын емес…”
Еңліктің аталмыш хатты жолдауының өзіндік себебі де жоқ емес екен. Ол тарих пәні бойынша бестік межеге жалғыз балы жетпей, соның салдарынан қол созымда тұрған “Алтын белгіге” ілікпей қалғанын айтады. “Өзім қорқақтап жүрген математика мен химиядан сүрінбей, жыл бойына 23-тен кем алмай келген тарихтан құлағаным қынжылтады” дейді ол хатында.
“Кемі 22 алуға мүмкіндігім бар еді. Біріншіден, жоғарыда, алғашқы мысалда келтірілген сұрақтың екіұштылығы қолымды байлады. Екіншіден, тағы бір сұрақтың жауабын кітапшаға дұрыс белгілей тұра, жауап парағын толтыру кезінде асығыстықпен абайсызда өзге жауапты бояп жіберіппін. Аудандық аппеляциялық комиссия біле тұрып абайсыз қате белгілеген сұрақ бойынша жасаған өтінішімді бірден кері қайтарды. Өз кінәң дейді. Әйтпесе, сынақ кітапшасында дұрыс жауаптың қасына қаламмен белгі соғылған. Кітапшаны да жауап парағымен бірге өткіземіз. Кейін белгі соқты деуге негіз жоқ. Тесттің мақсаты оқушының білімін тексеру емес пе, неліктен техникалық қателер ескерілмей, бірден кері қайтарылады. Мұндай жағдай менің ғана емес, көптеген замандастарымның басында болғасын тарқатып жазып отырмын.
Енді екінші, даулы сұраққа келейік. Обалы не керек, аудандық комиссия екінші өтінішімді республикалық комиссияның қарауына жіберген. Түстен кейін кетті, сол күні кешке-ақ “сіздің өтінішіңіз қанағаттандырылмады” деген ауызша жауап келді. Ресми хабарламада неліктен қанағаттандырылмағаны туралы түсіндірме де алған жоқпыз. Содан бері 10 күн уақыт өтті, ата-анам, мектебім алады деп үміт еткен, сол үмітті ақтаймын деп өзім де көз майымды тауысқан “Алтын белгіден” бір белгі бола ма деп елеңдеп мен жүрмін. Мен ғана емес, мен секілді талай түлек жүр. Үміт үзейік десек, одан бері де “өтініші қанағаттандырылмаған” біраз замандасымыз араға апталар салып балына бал қосып алып жатыр. “Ол үшін артына түсіп жүгіру керек, таныстарың мықты болу керек” дейді кейбіреулер. Тіпті, әкеме келіп “бағасына келіспек” боп ұсыныс айтқандар да табылды. “Ықпалда адамдар арқылы шешімді өзгерте аламыз” дейді.
Тағы бір айта кетерлігі, мен тесттің ертеңіне-ақ аталмыш сұраққа байланысты сауалымды ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мырзаның ресми блогына жолдаған болатынмын. Одан жауап келмек түгілі, ертеңіне хаттың өзі сайттан алынып тасталды…”

Жас түлектің хатына біз өз тарапымыздан мынадай ой қосар ек:

1. Мейлі қалай болмасын, “Алтын белгі” оқушы үшін үлкен меже. Одан бөлек, “осыны алмасаң болмайды” деген мектебінің қысымы тағы бар. Баланың сағын сындырмас үшін жалғыз балы жетпеген үміткерлердің өтініштері жіті қаралса. Тіпті, бал қоспаған күнде де, түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілсе. Болашақта, бір балға бола тауы шағылған түлектерді “Күміс белгімен” марапаттау секілді бір мүмкіндіктер ойластырылуы тиіс;

2. Шынында, тарих пәнінің сұрақтары таусылды. Айналымдағы сауалдарды оқушылар жаттап алды. Тест авторлары енді қиын, әрі түк пайдасы жоқ, мазмұнға емес, оқулықтағы сөз қолданысына қатып қалатын сұрақтар ойлап тауып әуре. Мақсатты анықтайықшы. Мақсат оқушыны қалайда сүріндіру ме? Әлде, Қазақстан тарихынан негізгі базалық білімін тексеру ме? Сұрақ таусылса, оны ойдан-қырдан құрастыра беруді тоқтату керек. Осы бар сұрақпен анықталсын білім сапасы. Болмаса, өзге бір жолы қарастырылсын;

3. Мектеп пен мектепті, аудан мен аудан, облыс пен облысты ҰБТ көрсеткішімен социалистік жарысқасалу шектелуі тиіс. Қазір 10-11 сыныптар сабақ оқып, болашақ мамандығына ыңғайланып ізденбейді. Жақсы, оқуға түсу үшін жаттасын-ақ. Бірақ мектептер білім бөлімдерінен сөз естіп қалмас үшін сабақтарды тест жаттайтын сағаттарға айналдырады. Үлгерімі нашарлар 9-сыныптан соң мектептен мәдениетті түрде “аластатылады”. Одан қалды, тестке қатысу құқықтары шектеледі. Неге? Жалпы көрсеткіш төмен болмау үшін.
Тесттен соң мұғалімдер жазаланады, оқу меңгерушілері сөгіс алады, директорлар жұмыстан кетеді. Соның алдын алу үшін күллі мектеп ҰБТ-ға жұмыс жасайды. Ең сорақысы, мұғалімдердің өздері “шпаргалка” дайындап, оқушыларға қалай пайдалану керектігін үйретеді. Қайтсін енді, ол да адам баласы. Ағысқа қарсы екінің бірі жүзе алмайды ғой. Бәсеке болмасын емес, болсын-ақ, бірақ, жаза басқанды жаппай сүргінге ұшырататын, ұстаз қауымының үрейін алатын жабайы бәсекеден пайда не?
Сөз соңында жоғарыдағы ой ұшығына орала кетсек. ҰБТ – тиімді жүйе. Тек соны артық қылмақ боп тыртық етіп жатқан тұстарымызға көңіл бұрсақ құба-құп.

Ескерту: Хат иесінің өтінішіне байланысты аты-жөні өзгертіліп алынды.

http://jaqsy.kz/

-ЖАРНАМА-spot_img

1 COMMENT

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА