11.10.2024

Білім берудегі сақтандыру тетігі қалай жұмыс істейді

Қазақстанда мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында білім берудегі жинақтаушы сақтандыру тетігі әзірленді.

«Бұл сақтандыру өнімі банк депозитіне балама болып табылады. Банктік депозитке қарағанда, бұл өнім қосымша сақтандыру қорғауын ұсынады. Ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда сақтандыру шарты бойынша жинақталған сомаға қарамастан оқу құны төленеді. Бұдан басқа, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры төлемдердің толық сомасына кепілдік береді, ал банк салымы бойынша кепілдік 10 млн теңгеден аспайтын соманы жабады», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өмірді сақтандыру компанияларының мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуы осы өнімді сатудың баламалы арнасын құруға және халық арасында осы жүйенің танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.

М. Хаджиеваның айтуынша, биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бағдарламасына 4 банк қатысады және жалпы сомасы шамамен 33,5 млрд теңгеге 22 мың депозит ашылған.

Айта кетейік, 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойған еді.

Заңға сәйкес, Қазақстанда ерлі-зайыпты зейнетақы аннуитетін енгізу жоспарланып отыр. Ол ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге және олардың әрқайсысына жеке кесте бойынша өмір бойы төлемдер белгілеуге мүмкіндік береді.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА