10.10.2024

Павлодарда қазақша білім беретін алғашқы мектеп-лицей бой көтерді

Павлодар қаласында мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектеп-лицей бой көтерді. Қазір оқушылар қабылданып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап есігі айқара ашылады.

Ертіс-Баян өңірінде жыл санап қазақ тілді мектептерге деген сұраныс артып келеді. Ресми статистикаға жүгінсек, бүгінде облыста барлығы 359 мектеп болса, оның 138-і, яғни 39%-ының оқыту тілі – қазақ тілі.

Соңғы бес жылда мемлекеттік тілде білім беретін мектептердің қатары артқан. Соның ішінде төрт аралас мектеп толығымен қазақ тіліне ауысты.

Енді міне, бұл тізім тағы бір су жаңа білім ордасымен толықпақ. Павлодар қаласында жаңадан салынған «Сарыарқа» шағынауданындағы мектептің тұсауы биыл күзде кесіледі. Бұл облыс орталығындағы лицей дәрежесі бар алғашқы қазақша мектеп болмақ.

«Мектеп құрылысы толығымен аяқталды. Мұнда бір ауысымда 650 оқушы білім алады. Нысан алдағы жаңа оқу жылынан ресми жұмысын бастайды. Қазір оқушыларды тіркеу бойынша өтініш қабылданып жатыр. Әлеуметтік, білім саласына жауапты мамандар тиісті талдау жүргізді. Сұранысқа орай бұл мектепте мемлекеттік тілде білім беріледі», – деді аймақ басшысы Ә.Сқақов республикалық орталық коммуникациялар қызметінде сөйлеген сөзінде.

Қазақ тілді мектептерге сұраныс артқанын Павлодар облысының білім басқармасындағылар келтірген мына бір мысалдан байқауға болады.

Павлодар қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы білім ордасында 700-ге жуық оқушы артық оқиды. Яғни, жүктеме тым жоғары. Мектептің үш ауысымға өту қаупі туындап отыр.

Бұл ондағы білім сапасына, санитарлық жағдайға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Сондықтан аталған білім ордасының біраз оқушылары ата-анасының келісімімен «Сарыарқа» шағынауданындағы жаңадан бой көтерген лицей-мектебіне ауыстырылмақ. Бұл екі мектеп бір-біріне жақын орналасқан.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА