04.10.2024

Шыныбекұлы Өмір. ҰБТ – ұстаз көзімен…

Көптен күткен Ұлттық Бірыңғай тестілеу науқаны да басталды!
ҰБТ-ң алғашқы күнінде-ақ, түлектердің аудиторияға ұялы сымтетік алып кіруі, АКТ-ң соңғы жетістіктері ватсап құрылғысын пайдалануы секілді баяғы дау-дамай қайта басталды.
Жұртшылық баспасөз құралдары мен ғаламтордағы әлеуметтік желілерде «ҰБТ-і қолдаушылар» және «ҰБТ-ге қарсылар» болып екіге жарылып «соғысып» жатыр.
Арасында, мектеп пен ұстазға кінә артушылар да жетерлік.
Ия, ҰБТ-і ұйымдастыруда да, тест сұрақтарын құрастыруда да кемшілік жетерлік!
Бірақ, меніңше қазіргі Қазақстан жағдайында нәтижеге адал еңбекпен, өз білімімен жетудің ҰБТ-н артық жолы жоқ!
Бірақ, «Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» дегендей, жасыратыны жоқ, соңғы жылдары мектеп бітірушілер оқу жылының басынан-ақ, білім емес, «шпор» жинай бастауды дағдыға айналдырған еді. Тіпті, шәкірттер тарапынан ұстаздарға қойылатын сұрақтар да осы «шпор» мен «ұялы байланыс»төңірегінде болатын. Мысалы, «шпорды кімнен және қайдан алған дұрыс» және «қай байланыс операторының жұмысы ақаусыз, дауыс таза шығады» деген сияқты?!
«Ұстаздың қадірі кетті» деп бұрынғы жылағанымыз, мұның қасында айналайын екен.
Ұйымдастыру жағының кемшіліктерін талдауды құзырлы органдарға қалдырып, тест сұрақтарының құрастырылуына тоқталсақ…
Алдымен, оқулықтардың сапасына тоқталсақ:
Тарих пәнінің мұғалімі болғандықтан, өзімізше, осы пәндегі ең өзекті деген мәселелерге тоқтала кетейік…
1. Алдымен айтарымыз, әр оқулықтағы тарихи оқиғалардың орын алған орындарын көрсетуде алшақтық өте көп. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бағамдау үшін, мектеп мұғалімі емес, өмір бақи тарихты зерттеген тарихшы-ғалым болуың керек.
2. Сосын,мектеп оқулықтарының қандай деректерге сүйеніп жазылатынын анықтап алайық: Ол туралы Т.Тұрлығұлдың жетекшілігімен жазылып, 2011 ж. «Мектеп» баспасынан шыққан «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы 11-сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының 9-бетінде былай көрсетілген: «Оқулықтың осы басылымында біз Қазақстан тарихының академиялық басылымы (3-том, «Атамұра», 2002 ж.) мен интернеттегі ең соңғы мәліметтерді негізге алдық».
Оқулық авторлары тарих ғылымындағы дереккөздердің рөлінен хабары жоқ секілді. Интернеттегі мәліметтің барлығы шындыққа жанаса бермейтінін мектеп оқушысына да жақсы белгілі. Оның үстіне көзі қарақты адам жазба тарихы көп сақтала қоймаған қазақ тарихын аңыз-жырларды архив деректерін салыстыра отырып зерттеу керек екенін түсінсе керек…
3. 10 сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулықтарына тоқталсақ, «Қоғамдық-гуманитарлық» бағыттағы сыныпқа арналған оқулық материалы «Жаратылыстану-математикалық» бағыттағы тас дәуірін кезеңдеу бір-біріне мүлдем қайшы келеді.
Енді мәселенің моральдық аспектісіне тоқтала кетейік…
Профессор Зиябек Қабылдинов …8-сынып «Қазақстан тарихы» оқулығы. 2008 жылы бірінші басылымы, ал екінші басылымы 2012 жылы шықты….Осы оқулықта Сұлтанбет деген азамат бірде “би”, бірде “сұлтан” , бірде «төре» атанып,1723 жылдан 1822 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын 10 шақты параграфта жүр. 1 параграфта аты атала бастаған Сұлтанбетке 27 параграфта «Сұлтанбет төре (XVIII-ғ.) Абылайдың немере ағасы» деген түсінік беріледі.
«Бұл кімнің атасы?» деген сұрақ өзінен өзі-ақ сұранып тұр.
Қоқаңдаған Қоқан жаман-ақ…Бірақ, мына сөздерді мұғалім 8-сыныптың оқушыларына қалай түсіндіреді?…”Қыздарды күйеуге шыққан өзге әйелдерден ажырату үшін олардың ЕМШЕГІН ұстап анықтауға дейін барған» (8-сынып «Қазақстан тарихы» оқулығы-147 бет).
Айте берсең, оқулықтар осындай олқылықтардан аяқ алып жүргізісіз..
Дегенмен, басқа мектептерді қайдам, ҰБТ-ге қатысқан өзіміздің түлектермен әңгімелескенде байқағанымыз, еш қайсысына «пәленшенің костюмінің түсі, көзілдірігінің маркасы, аяғының размері» деген сияқты қисынсыз сұрақтар келген емес.
Әлгіндей сұрақтарға тап болғандарға айтарымыз….
Мақұл делік, 25 сұрақтың арасында 2-3 қисынсыз сұрақ болсын, ал қалған 22-23 сұраққа қалай жауап берді екен?
Адамның пендешілігі де сол, көп жағдайда кінәні өзінен емес, өзгеден іздейтіндігі. Сол сияқты, мұндай әңгіменің барлығы жеткілікті дайындалмаған кейбір балалар мен олардың «итің ұры десе намыстанатын» ата-аналардың өзін-өзі ақтауға бағытталған әңгімелері болса керек!
Қоғамымызда ҰБТ-ге мүлдем қарсылар да жетерлік!
Мұғаліммен бетпе-бет отырып, тапсырғанда жеңіл болады ма?
Онда әлгі шулап жүрген кейбір ата-аналар мұғалімді сатып немесе қорқытып-үркітіп қажет бағасын қойдырып алар еді!
Биыл мектеп бітірушілердің көп бөлігі ЖОО-на түсу үшін белгіленген деңгейге жете алмай қалды деседі. Меніңше, бүлінген ештеңе жоқ, бәрі бірдей ЖОО-н бітіру шарт емес!
Баланың жаманы жоқ! Аралас мектепте жұмыс жасағандықтан, әсіресе қаракөз балаларымыздың бойына (білімі, қабілеті мен мінез-құлқы әртүрлі болғанмен) «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген халқымыздың тамаша дәстүрі қанмен берілгенін байқаймыз. Өзін сыйлата білген ұстазды, балалар сыйлай біледі.
Бірақ, өкінішке қарай, жыл өткен сайын ҰБТ-ге өзіне емес, тек құдайға сеніп, жалаң амбициямен баратындардың саны арта түсуде. Меніңше, көп кілтипан ересектерде, ата-анада!
Ата-ананы бес саусақ бірдей еместігі сияқты, барлық бала бірдей жоғары білім алуға қабілетсіз екендігі ойландырмайды!
Олар түрлі жолдармен (сыйлық беру, жоғарыдан «қоңырау шалу», т.с.с.) баласын әйтеуір ҰБТ-ге қатыстыруға тырысады!
…Бірауық ойланыңыздаршы, неге қазақ баласы кәсіптік-техникалық мектепке барғысы келмейді?
Ия, әркімнің де өз баласын «жоғары білімді» азамат ретінде көргісі келетін ниеті құптарлық іс, бірақ сол ниет баланың лайықты білімімен ұштасып жатса ғана игі.
Жыл сайын жаңа жылдан бастап, қаламыздағы кәсіптік-техникалық мектептердің (КТМ) мамандары мектептерге келіп, 9-сынып оқушыларын өз оқу орындарына тарту шараларын жүргізеді. Өз шәкірттерінің шама-шарқын білетін мектеп ұстаздары да оларға көмектесуге тырысады. Бірақ, қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың ілуде біреуі ғана КТМ-ке баруға тілек білдіреді. Осы тұрғыда балалардың ата-анасымен сөйлессең, олардың кейбірінен «КТМ-ке өз балаңды оқыт» деген сөзді естіп қаласың. Ал, орыс сыныптарындағы жағдай мүлдем өзгеше, ондағы қыз балалар «шаштараз», «аспаз», «кулинар», ер балалар «электрик», «токарь» «слесарь», «дәнекерлеуші» мамандықтарын таңдап жатады. Ерте бастан өмірден өзінің орнын табуға тырысып жатқан жасөспірімдерді көріп, әуесің келеді. Оның үстіне кез-келген жарнама газеті мен теледидардағы «жүгіртпе жолдарды» қарап отырсаңыз, осы мамандық иелеріне сұраныс та көп.
(ҰБТ-н білімсіз-ақ, түрлі жолдармен өтуге болатынын естіп-көріп жүрген оқушылар, соңғы жылдары колледжілерге түсуді де сирете бастаған).
Ия, Қазақстанның еңбек нарқы маман-жұмысшыларға зәру!
Қазір БАҚ беттерінде сапасыз құрылыстар туралы мақалалар жетерлік. Мұндай нысандар өз қаламызда да жетерлік.
Ол нысандардың құрылысын кім жүргізіп жатыр?
Басшы кім, орындаушы кім?
Басшы өзіміздің «қолдан» өсірген жемқор, ал орындаушы – қолына кетпеннен басқа құрал ұстап көрмеген, көрші елдің бұрынғы дихандары!
Тереңірек көз жүгірткен жанға, бұл тек жемқорлықты ғана емес, біз де тіпті қарапайым маман-тас қалаушылардың жоқтығын көрсетеді. Себебі, біздің жастардың көпшілігі табақтай дипломды құшақтап, «қалам ұшымен» күн көретін жұмыс іздеп, сенделіп жүр.
“Бәрі бірдей тойшы болса, қойды кім бағады” деген сұрақ кезінде Төле бидің өзін толғандырған! («Бәрің бірдей қойшы болсаң құл боларсың, Бәрің бірдей тойшы болсан қор боларсың, Бірің қойшы, бірін тойшы болсаң зор боларсың». Төле би).
Ал, қазіргі ата-ана тіпті баласының бойындағы құдай берген қарым-қабілетін елеп-екшемей, жоғары мектепке сүйреп, Мархабат аға (жазушы М.Байғұт) айтқандай «Беретінін беріп жіберіп», «білімді» де сатып әпергісі келеді! «Сүйреп қосқан тазының түлкі алмайтыны» ешкімнің қаперіне кірмейді! Осы тұста Ұлы Абайдың сөздері еріксіз еске түседі: «….Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?…Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол….Ғылымсыз ахиретте жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық ешбір ғибадат орнына жүрмейді…» (Абай. «Қарасөздер», оныншы сөз). Сол сияқты біліммен негізделмеген дипломның да қайда «жетелейтіні» белгілі.
«Кім болғың келеді?» деген сұраққа, «полицей болғым келеді» деп жауап берген 9-сыныптың бір оқушысынан, әлденеден үміттеніп, «Неліктен полицей болғың келеді» деп сұрадық. Бірақ, үмітіміз ақталмады!
Жылайсыз ба, күлесіз бе…. «левыйы көп қой» («левый» дегені- сірә көлденең табыс болса керек) деп жымыңдайды әлгі бала!
Бұл әңгімені бала қайдан естіді? Ең нашар деген мұғалімнің өзі балаға «левыйы көп мамандық жақсы» деп үйретпейтіні белгілі. Яғни, баланың отбасыда көргені мен мектепте алған тәлім-тәрбиесі қабыспай жатыр. Осыдан-ақ, «құндылықтардың» орны ауысқан мына заманда, кейбір отбасылардың балалары үшін кімнің «идеал» екенін өздеріңіз саралай беріңіздер.
Мұғалімге сыйлық беру жайына тоқтала кетейік!
Жалпы, сыйлық беру – алу жақсы нәрсе, бірақ, ол туыс-бауыр, дос-жаран, құда-жекжат, көрші-көлем арасында болса ғана!
Ал, мұғалімге сыйлық ұсынудың ар жағында «Мен саған, сен маған» деген «тауарлы-ақша қатынасы» «құлағын қылтитып» тұрады! Кейбір ата-аналардың, мұғалімді «жолдан тайдырудың» ешқандай әдісінен жиіркенбейтіні жасырын емес. Былай шыға, бар мұғалімді қаралап «аттандап» шыға келетіндер де солар! Мұғалім де адам баласы, қоғамның бір мүшесі! Оның да басқалар сияқты толып жатқан «материалдық» проблемалары жетерлік. Жасыратыны жоқ, ұстаздардың арасында да ара-кідік өз нәпсісін тежей алмай «алтын көріп, жолдан тайып кететін, періштелер» кездесіп қалады.
Бір рет сыйлық алып, «ауызданған» мұғалім, келесі жолы дәметіп тұрады, ал үшінші жолы өзі сұрап алады! Шын мәнінде жомарт болса, оқушы – үлкен азамат болып, табыс тауып, тапқаны бала – шағасынан артылып жатса, …сол кезде ат мінгізсе де ешкім қой демейді..
Әлгі, «Атымтай жомарт» ата-ана өз баласының мектепке қажетті керек-жарағы, оқулықтарының бар-жоқтығын, күнделікті таңертең мектепке бара жатқанда сөмкесінде не бар екенін тексереді ме? Оқу жылы басында мектептен алған оқулықтардың бетін ашпақ түгілі, сол дорбадан шығармай, жыл соңында қайтып өткізетін балаларды да көріп жүрміз.
Тағы да бір тоқтала кететін жайт, көптеген ата-аналар өз балаларын кейінгі жылдары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен ҰБТ-ге дайындайтын ақылы курстарға береді. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен, кейбір курстардағы ұстаздардың не үйрететінін қайдам, әлде мықты жарнаманың әсері ме – сондай курсқа барған кейбір балалар өз ұстаздарына «шекесінен» менсінбей қарай бастайды.
Бірақ, түпкі нәтиже үшін тек мектеп жауап беретіні ата-ананың да, баланың да қаперіне кірмейді.
Ал, әлгі бала ҰБТ-де нашар нәтиже көрсетсе, барлығына ұстаз кінәлі!
Ұстаздардың түрлі науқандарға қатысып, барлық мерекелерде алаңға шығып «шад-шадыман бақытты бұқараның» ролін ойнап, үлкенді-кішілі шенеуніктердің табанында тапталғаны аздай, бүкіл қоғам таптағысы келеді.
Халқымыздың құлаққа ерсілеу естілетін «Көңілсізден көтенсіз (жігерсіз, жасық деген мағынада) бала туады» деген даналық сөзі бар. («Он үште отау иесі» дейтін халқымыздың, ҰБТ-е белгіленген межеге жете алмай қалған 18 жасар жігіттерінің жер тоқпақтап жылағанын да көрдік).
Езілген ұстаздың шәкірті қандай болады, кім болады?
Оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ!
«Құлдан да бір сұрау» дегендей, сөз соңында ата-аналарға айтарымыз…
Әлпештеп бағып-қағып өсірген баласы өмірден өз орнын тапса ғана ата-ана –бақытты! Ал, бақыттың кілті жоғары білімде емес, жоғары білім бақытқа бастар сан тарау жолдың бірі ғана екенін естен шығармайық!
Бала тәрбиесін тек мектеп пен ұстазға артып қоюға болмайды, бұл жолда бүкіл қоғам, оның ішінде ең алдымен ата-ана атсалысуы керек.
Балаларымыздың өмірден өз орнын табуына, болашақ мамандығы мен кәсібін дұрыс таңдауына немқұрайды қарамайық, ағайын!
(Ал, мектеп басшыларының «құлақтарына алтын сырға», ҰБТ-ң нәтижелерін талдаудың аяғы жақпай жүрген ұстаздармен «есеп айрысуға» ұласып кетпесін).
Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт: Мектептегі «қағазбастылық», басшыларға тапсырылатын артық қағаздар мен есептер туралы көп айтылып жүр. Мен оларға тоқталып жатпай, 11-сынып оқушыларын ҰБТ-ге дайындайтын мұғалімдердің «қағазбастылығы» туралы айтайын.
11-сынып оқушылары апта сайын сынақ тестін тапсырады.
Тест нәтижесі бойынша, мұғалім әр оқушының жұмысын бір параққа жеке талдап, жіберген қателіктері мен оқушыға игерілуі қиындық тудырып жатқан тақырыптарды көрсетуге міндетті. Сосын, сол көрсетілген қиындықтар мен кедергілерді еңсеру жолында атқарылатын жұмыстарды көрсете отырып, бүкіл сыныпқа мониторинг жасайды. Дарынды балалар мен үлгерімі төмен балалармен атқарылатын жұмыстар да жеке-жеке көрсетілуі тиіс. Ең моңында, осы толтырылған қағаздың бір данасы өзінде қалып, бір данасы дир.орынбасарына тапсырылады. Директордың орынбасары өз кезегінде, осындай есепті қалалық (аудандық) білім бөліміне тапсырады.
Енді қараңыз, бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы болса, басқа жұмысты (ертеңгі сабаққа дайындалу, өз білімін көтеру, уақыт ағынынан қалып қоймас үшін мерзімдік БАҚ-н қарап шығу т.с.с.) атқаруға мұғалімнің уақытын айтпағанда, күш-қуаты да қалмайды (Қағазға кететін ақшаны сөз қылу артық болар?!).
Ал, егер мұғалімде 1 сынып емес, бірнеше сынып болса ше? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ!
Ең өкініштісі, сол қағаздарды толтырып отырған мұғалім, өз қағаздарын ешкімнің (директордың орынбасары, білім бөлімінің қызметкері) оқымайтынын жақсы біледі. Себебі, соншама қағазды оқу үшін де қыруар уақыт керек екені белгілі.
Дегенмен, еліміздің білім саласына енгізіліп жатқан білім берудің Жаңа Бағдарламасы (Кембридж технологиясы) сәйкес ҰБТ-ң жүйесі де алдағы уақытта өзгерер деген үмітіміз бар.

Шыныбекұлы Өмір –Шымкент қаласы, жоғары санатты ұстаз,
ҚР педагог кадрларының біліктілігін арттырудың
деңгейлі бағдарламалары аясында аталған курсты
бірінші (ілгері) деңгей бойынша бітіруші.

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

3 COMMENTS

  1. Осы ҰБТ жүйесің мен де сәл оңтайлы өзгешелікпен қолданыста болғаның қалаймын.
    Оқитын бала білімін қайткенде де көрсетеді!

  2. Коишы коп болса кои арам олет , Ата- ана баланы тым болмаганда каршадаиынан баулу керек белгили бир маман иесине. Болмаса баланын оскенде жеке пикиримен санасуы керек. Даудын басы даирабаидын кок сиыры гои.

  3. Озық ойлы оқушы мен нашар оқушының проблемасын шешу ұшін мектепке реформа жүргізіліп, ұстаз қауымының шынайы бет-бейнесі айқындалуы тиіс. Күн көрістің қамымен деп, жалған мақтау марапаттау қағаздары арқылы санат алып, білімі шектеулі бола тұра ілбіп жүріп ақшамен диплом алып “Алтын белгі”-ге сабақ беріп жатқан коллегаларымыз арамызда баршылық. 1995-2005 жылдар аралығында ақшаға құныққан ЖОО кейбір азаматтар осындай сорақылықтарға барғаны жасырын емес қой. Әсіресе, коммерциялқ жолмен оқу орындарын бітіргендер сол жылдары “жауыннан соңғы саңырауқұлақтай” қаптады емес пе?!….Содан кейін ұстаз мәртебесі деген статус заң шеңбері аясында өз орнын тауып, күнделікті өмірде жүзеге асырылып жатқан қағида болып көшін түзеп кетер ед. Өмір аға дұрыс айтады: ұстаздар қоғамдық құрылымның қолшоқпары қызметінде жүр. Белгілі бір белгіленген заңы болмаған соң жергілікті әкімқара оларға өз саясатын жүргіздіріп актер ретінде көреді. Тіпті басынған әкімқара мен кейбір ата-ананың айқайынан қорғап алатын да статусы жоқ болған соң жүреді де көш түзелгенше деп

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА