22.07.2024

Мектепке Смағұл Сәдуақасұлы есімі берілді

Мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының есімі жас ұрпақтың жадында қайта жаңғырғандай. Еліміздің бас газетін «Еңбекшіл қазақ» болып тұрған тұста басқарған тұлғаның аты елордадағы №78 мектеп-гимназиясына берілді. Мектеп ұжымы бұл үшін біраз кедергіден өтіп, тер төккен көрінеді.

Аталған білім ошағының басшысы Жанар Жұмабекова айтулы оқиға ел Тәуелсіздігінің торқалы тойына тамаша тарту болғанын айтады.

«Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл толып отыр. Ширек ғасырға жуықтаған бұл шаттықтың қашанда бәсі басым. Осы айбынды мерейтой қарсаңында ел ішінде атқарылып жатқан игі іс-шаралар мен ізгі жұмыстар көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе, елорданың төрінде орналасқан №78 мектеп-гимназиясы үшін де есте қалатын жыл. Себебі білім ордасына мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы­ның есімі берілді. Осылайша, бірнеше жылдан бері жас ұрпақ­қа қайраткердің ерлік істерін насихаттау бағытындағы мектеп мұражайын ашу, тұрақты түрде «Смағұлтану» апталығын өткізу, қалалық деңгейде ғылыми конференция, республикалық дөңгелек үстел ұйымдастыру сынды ауқымды жұмыстардың нәтижесін көрдік. Негізі, мұндай маңызды бастаманы көтеріп, оның жүзеге асуында, филология ғылымының докторы, профессор, алаштанушы Дихан Қамзабекұлының еңбегін ерекше атап өту керек», дейді мектеп директоры Ж.Жұмабекова.

Біз осы ретте игі іске мұрындық болған Д.Қамзабекұлының өзін сөзге тарттық. Алаштанушы өз ойын С.Сәдуақасұлының өмірі мен еңбек жолы Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де насихатталуы керек екенін жеткізуден бастады. Оның айтуынша, ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының ағарту, білім, мәдениет, саясат саласындағы еңбектері қазақ халқына ғана емес, әлемдік тұтастыққа, адамзаттық үйлесімге қызмет етті. Соның ішінде Смағұл Сәдуақасұлы жастайынан саясатқа араласты. Білім, мәдениет, ақпарат, қоғамдық даму бағыты кіретін Халық ағарту комиссариа­тын (министрлігін) басқарды. Осындай азаматтың атын елордадағы мектепке беру ұсынысы әкімдік тарапынан бір ауыздан қабылданды.

«Дегенмен өздеріңіз білесіздер, біраз уақыт мекеме, жер атын өзгертуге мораторий жарияланды, содан кешеуілдеді. Оған қоса комиссия отырысы кезінде бірқатар кедергіге де кезіктік. Өкінішке қарай, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелерінің ішінде С.Сәдуақасұлын мүлде танымайтын, тіпті танығысы да келмейтін адамдар болды. Бір-екеуі қарсы сөйлеп, «таныстарыңды тықпалап жатырсыңдар» дегенге дейін барды. Әрине, Алашты және ұлт зиялылары қайраткерлігін білмеу – қоғамдық санадағы олқылық. Әлі есімізде, 1998 жылы астанада 40 мектеп болатын. Сонда біраз зиялы бұл оқу орындарына білім-ғылымның бастауында тұрған 40 Алаш тұлғасының есімін берейік дегенбіз. Ол кезде Алашты қадірлейтін шенеунік те аздау еді. Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында осы көзқарастың салқынын сезгенімізде, кімді кінәларымызды білмедік. Абырой болғанда, бәрібір зиялылық пен парасат жеңді. Түптеп келгенде жеңіс – нағыз табандылық танытқан мектептің ұжымы мен сол кездегі қалалық білім басқармасын басқарған Қасымхан Сенғазиевтікі. Біз ғалым ретінде істің сәтті басталып, дәйектелуін жүйелеп қана отырдық», дейді Д.Қамзабекұлы.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“Егемен Қазақстан” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА