16.07.2024

Еліміздің озат оқушылары азаттық алғаннан бері әлемдік білім бәйгелерінен Қазақстан қоржынына 404 медаль салған

Егемендікке жетіп, еңсе тіктеген тұста үнсіз атқарған іргелі істің бірі дәл сол ілім жиғандар мен қолда бар ғылымның жетістігін сақтап қалу жолындағы жанкештілік болса керек. Содан бері білімімен бәсекелесетін деңгейге жеткендейміз. Оған небір үздік білімдарларымыздың халықаралық пән олимпиадаларында оза шауып, бәйге алғаны дәлел бола алады. Еліміздің озат оқушылары азаттық алғаннан бері әлемдік білім бәйгелерінен Қазақстан қоржынына 404 медаль салған. Тәуелсіздік табысы деген осы емес пе?

Биыл қоржында – 26 медаль

Қазақстан 1998 жылы Ха­лық­аралық Олимпиадалық рейтингте (IMO, IPHO, ICHO, IBO, IOI) 50-орынға тұрақтапты. Арада 20 жылдай өткенде, яғни 2017 жылы аталған рейтинг бойынша еліміз 10-орынды иеленген екен. Бұл – расымен де ауыз толтырып айтатын жетістік. Мұндай дең­гейге қалай жеттік? Бізге әлем­дік интеллектуал әлеміндегі қазақ­стандық оқушылардың көрсет­кіші туралы ақпаратты беріп отыр­ған ұйымды құрып, дарын­ды балаларды оқытатын мектеп­терге лайықты қолдау жасаған­ның нәтижесінде қол жеткіздік. Бұл – республикалық «Дарын» ғы­лыми-практикалық орталығы. Аталған ұйым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы 24 мамырдағы №3002 «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» өкімімен құрылды. Қа­зіргі таңда Қазақстанның дарынды балалары мен талантты жастарын анықтап, оларды қолдаумен жетекші республикалық мекеме ретінде жұмыс істеп тұр.

Осы «Дарын» ғылыми-прак­ти­­ка­лық орталығының бөлім жетек­­шісі Ерқұлан Нұртазанов нә­ти­же 10 жылдап емес, жыл сайын жақсарып келе жатқанын жет­кізді.

«2021 жылғы ең беделді ха­лық­аралық пәндік олимпиада­ларда Қазақстанның жетістіктері арта түсті. Салыстырмалы түр­де қарасақ, 2020 жылғы халық­аралық олимпиадалардың нә­ти­же­­сінде 16 медальға қол жет­кіз­­ген едік, биыл 26 медаль ие­леніп отыр­мыз. Өзге де халық­аралық пән­­дік олимпиадалар, білім бәй­ге­ле­рі, ғылыми жобалар жарысы же­терлік. Мұндайдың бәрін сана­сақ, 5 мыңға жуықтайтын медаль бар. Алайда ондай жарыстарда 10 мемлекеттен ғана сайыскерлер бақ сынайды. Біз жоғарыда тек әлемдегі мо­йындалған, ең беделді 7 олим­пиаданың көрсеткіштерін сөз еттік, оның әрқайсысына 70-тен аса елден іріктелген мықты­лар қатысады. Жалпы, Қазақстан қоржынына спорт саласындағы чемпионат сияқты 7 атақты олимпиададан 1992 жылдан бері 404 медаль салынған. Оның ішінде алтын – 38, күміс – 136, қола – 230. Медаль сыртында аталған 7 түрлі жарыстан тағы 66 грамота бар. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері осыншама оқушының дүние­жүзілік деңгейде көзге түс­кенін білдіреді», дейді Е.Нұртазанов.

Орталық өкілінің дерегінше, биыл сол 7 түрлі халықаралық интеллектуалдар байқауынан 26 медаль әкелінген. Оның ішінде екеуі – алтын, 13 медаль – күміс, 11-і – қола. Алтын медальдардың біреуі 17-ші Халықаралық география олимпиа­дасынан (IGeO), екіншісі Халықаралық математика олимпиадасынан (IMO) алынған. Күміс медальға келсек, бесеуі Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO), үшеуі Халықаралық математика олимпиадасында, тағы үшеуі Химиядан халықаралық олимпиадада (IChO), біреуі Халық­аралық биология олимпиадасында (IBO), соңғы біреуі 17-ші Халықаралық география олимпиадасында (IGeO) қол жеткізілген. Дарынды дарабоздарымыз Информатикадан халықаралық олимпиа­дада (IOI) – 4, Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) – 2, Ха­лықаралық биология олимпиада­сында (IBO) – 2, Тіл білімі бойын­ша халықаралық олимпиадада (IOL) – 1, Химиядан халық­ара­лық олимпиадада (IChO) 1 қола медальды жеңіп алған.

Қазақстандық оқушылардың логикасы мықты

Ы.Алтынсарин төсбелгісінің, «Әлем мұғалімі» жаһандық сый­лы­ғының лау­реаты, республи­калық «Үздік педагог-2019» кон­курсының жеңімпазы Муамер Гүл 26 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Оның осы уақытқа де­йін дайындаған 3 мыңға жуық оқу­шысы түрлі деңгейде (облыстық, республика­лық, халықаралық) олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегерлері атанды. Ол олим­пиадаларға оқушыларды даяр­лау мұғалімді кәсіби тұрғыда дамытатынын айтады.

«Олимпиадаға үздіктерді дайын­дау үшін мұғалім өз кәсі­бін шын жақсы көруі керек. Сон­да ғана нәтиже болады. Бұл бізге не береді? Оқушыларды түр­лі жарыстарға даярлау әрда­йым өз бетінше ізденуді талап етеді. Тынбайтын ізденіс адам­ды дамуға, маман ретінде өсуге жетелейді. Өйткені жыл өт­кен сайын сайыстардың сұрақ­тары мен тапсырмалары өзге­ріп, жаңарып отырады. Демек сіз әркез жаңа қиындық­тарға кезігесіз, соларды жеңіп, жолық­қан кедергілерді жоюдың жолын іздеген сайын шыңдаласыз. Мә­се­лен, бұрындары олимпиа­да­ның есептері оңайлау болатын, қазір қиындады. Өйткені бала­лар­дың ойлау жүйесі басқа. Не­гізі қиындықтар тек олим­пиа­даның тапсырмаларына ғана емес, балаларға да қатысты. Әр буын­ның өз ерекшелігі бар. Ерте кездегі оқушыларды жарыстарға даярлау жеңіл еді, себебі олардың уақыт өткізетін әлемі шектеулі болды. Яғни қазіргідей смартфон, интернет, ойын-сауық орындары деген жоқтың қасы-тын. Ал қазіргі балаларда бәрі бар, ойы жиі бөлінеді. Сондықтан да зейінін бір нәрсеге тұрақтандыру, бірнеше сағаттық тапсырмаға отырғызу – шебер мұғалімнің ғана қолынан келетін іс. Оған қоса әр нәрсеге алаңдайтын адамның есте сақтау қабілетін арттыру да оңай шаруа емес. Міне, осының бәрі педагогті «пісіреді», дейді М.Гүл.

Үздік педагогтің ойынша, халық­аралық пән олим­пиа­далар­дағы Қазақстан көрсет­кішінің жыл сайын артып отыруы­на оқу­шылардың озаттығы және логи­касының мықтылығы септе­седі. Бірақ бұған ғана иек артып отыра беруге болмайды. Алдағы уақытта осы деңгейден де жоғары болу үшін республикалық олимпиаданы жылына бір рет қана емес, жиірек өткізу қажет.

АҚШ-тан шақырту алды

Халықаралық пән олимпиада­сының жеңімпаздары жайлы статис­тиканы қарасақ, бәрі дерлік – дарынды балаларға арнал­ған мектептердің оқушы­лары. Мұн­дай мектептерде сабақ­тардың күрделі болатыны белгілі. Осын­дайда балаға қосымша күш түсіретін олимпиадалардың зия­ны тимей ме? Қанша дегенмен негізгі сабағын қоса алып жүруі керек қой. Педагогика саласында көп жылдық тәжірибесі бар мұғалім, көптеген шәкіртін түрлі деңгейлі білім бәйгесіне «баптаған» Асылбек Оразбай үздік оқушылардың бәріне үлгеретінін айтады.

«Мен химия пәнінен сабақ бе­ремін. Жоғарыдағы әріптесімнің сөзінде жан бар, шынында да шыдамды балалар аз. Десек те педагог шебер болса, кез келген қиындықты жеңе алады. Қай іске де табанды келетін оқушылар да жоқ емес. Соның бірі – Халық­аралық химия олимпиадасынан (IChO) күміс медальды олжа­ла­ған шәкіртім Хайдар Қайыр­бек. Бұл жүлде оған оңай келген жоқ. 7-сыныптың оқушы­лары­на жарты жылдай сабақ бер­ген­нен кейін, бір күні олар­дан олим­пиадаға кімнің дайындал­ғысы келетінін сұрадым. Сонда Хайдар бірінші болып жазылды. Сөйтіп, құлшынып шыққан талапшыл балаларға химияның жеңілдеу есептерін бердім. Сон­да Хайдар шығара алмай қал­ды. Оның орнында басқа біреу бол­са, беті қайтып қалушы еді. Ал ол керісінше намыстанып, өзін қайрап маған қалайда мық­ты олимпиадашы болатынын айтты. Мен де болам деген бала­ның бетін қақпай, белін будым. Және осы уәдесінде тұрды, табан­ды­лық танытты. Сабағымен қатар олимпиадаға үздіксіз дайында­лып жүрдік. 7-сыныптың соңында еліміздің ең дарынды балалары жиналған Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің оқушылары ара­­сында өткен олимпиа­дада 1-орын­ға бір-ақ шықты. Ағыл­шын тілінен ақсап жүретін. Оған негіз­гі сабағын ұмытпау керегін түсін­дірдім. Содан жазғы демалыста ағылшынға дайындалып IELTS деңгейін 5-тен 6-ға, кейін тоқтамай 7,5-ке көтеріп тастады», дейді «тұлпарды тайынан таныған» ұстаз А.Оразбай.

Мұғалімнің айтуынша, Хайдар тағы бір жыл үздіксіз дайындалып облыстық олимпиа­даға қатысқан. Бұл бәйгеден де 1-орынды тақымға басып, рес­публи­­ка­лық олимпиадаға жолдама алды. «9-сынып оқушы­лары арасында абсолюттік бірін­ші орын» деген жетістік оны жі­гер­­­лендіре түсті. Одан әрі рес­­пуб­­­ликалық олимпиадада құр­дас­­тары арасында абсолюттік бірін­­ші орыннан түспей, алтын ме­даль қанжығалап келді. Осы­­лай­­ша, халықаралық жарыс­қа жол­­­­­дама алды. 10 мем­лекет­тің мық­­­тылары бақ сынайтын Яку­тия­­дағы олимпиадаға қатысып, кү­міс медальмен бірге үлкен тәжі­­рибе жинап кел­ді. 10-сыны­бын­да әлемдегі мойын­далған, «Мен­­делеев олимпиадасы аталып кет­кен, 70-тен аса елдің дарын­­ды дарабоздары жарысатын Ха­лық­­аралық химия олимпиа­да­сы­­нан қола медаль, 11-сыны­пта бір жыл тағы дайындалып дәл осы жарыс­тан күміс медаль жеңіп алды.

Олимпиада балаға не береді?

Иә, әлемдегі 70 мемлекеттің майталмандары ішінен суырылып алға шығу үшін Хайдар 7-сыныбынан 11-сыныбына дейін 4 жыл бойы тынымсыз еңбектенді. Осы еңбегінің нәтижесінде АҚШ-тағы оқу орнынан шақырту алды. Қазір мұхиттың арғы жағында білімін жетілдіріп жүр. Біз онымен байланысқа шықтық.

«Олимпиадалар менің АҚШ-тағы оқуға түсуіме үлкен ықпал етті, себебі шет елдер­дегі оқу орындары оқушының халықара­лық жетістіктеріне назар аударып отырады. Олимпиада қатысушы­ларының көбі даярлық кезінде тек олимпиадаға ден қойып, бас­қа пәндерге мән бермейді. Алай­да олимпиадада әртүрлі пән­дер­дегі білімге ие болу өте пай­далы, себебі олимпиада пән­дердің бағдарламалары өзара араласып, байланысып келе­ді. Әсіресе, химияда физика, био­логия және математика эле­менттері қатар кездеседі және мектепте сол пәндерге назар аударсақ, олимпиадаларда жақсырақ нәтиже көрсете аламыз. Сондықтан басқа олимпиада қатысушыларына негізгі сабақты қатар алып, жан-жақты білім игеруге кеңес беремін», дейді өзінен кейінгілерге Америкадан сәлем жолдаған жеңімпаз.

Хайдар қазір Maine штатында Colby College-де білім алып жүр. Бізге берген жауабына қарағанда, олимпиада кезінде алған білімі бүгінде оған зор пайдасын тигізіп жатыр. Жарыстардан жиған ілімі мен тәжірибесінің нәтижесінде біраз сабақта өзін сенімді сезінеді және өзге оқушылардан бір қадам алда екенін біледі.

Олимпиадашыдан ел коман­дасы­ның нәтижесін бұдан да жақсарту үшін қандай қадамға бару керек екенін сұрадық. Кейіп­керіміз: «Қазақстан командасы­ның теориялық жағынан да­йын­дығы басқа елдерден жоға­ры, яғни біздің теориялық дайын­дығы­мыз алтын және күміс медаль алуға жеткілікті. Бірақ пра­к­­ти­калық жағымыз әлсіздеу. Пан­демия кезінде олимпиадалар негізінен қашықтан өтті, сол себепті олимпиадалар тек теория­лық бөлімін қалдырған бола­тын. Егер олимпиадалар қайта бұрын­ғы форматқа оралса, біз прак­тик­алық дайындығымызға мән беруіміз қажет», деп жауап берді.

Дарынды балаларды қолдау жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Соның бір көрінісі – Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жоғарыда аталған 7 беделді олим­пиаданың жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы, еліміздегі ЖОО-ға конкурссыз гранттар беріледі. Алтын медаль үшін кемінде 1 500 АЕК (4 млн 375 мың 500 теңге), күміс медальға – 1 000 АЕК (2 млн 917 мың теңге), қола медаль­ға 500 АЕК (1 млн 458 мың 500 теңге) көлемінде ақ­ша­лай сыйақы иеленеді. Бұл ба­лаларға стимул болатыны сөзсіз.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ
“Егемен-Қазақстан” газеті

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА