09.10.2024

Білім саласының 270 қызметкері жемқорлыққа жол бергені үшін жазаланды

Қазақстанда үш жыл ішінде білім беру саласында 400 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелді.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен республикалық кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының деректеріне сәйкес соңғы үш жылда білім беру саласында 400 – ден астам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. 270 адам қылмыстық жауапқа тартылды.

Олардың арасында білім вице-министрлері, министрліктің еншілес ұйымдары басқармаларының төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ЖОО ректорлары, мектеп директорлары және тағы басқалары бар.

«Мысалы, биыл жазда халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековке (8 жыл) қатысты айыптау үкімі күшіне енді, ол ЖОО бухгалтерімен бірге стипендияға бөлінген 1,7 млрд теңгені ұрлаған», – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ, ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығына және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты университеттің жер телімін заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша іс тергеліп жатқанын атап өтті.

Кеңес барысында Марат Ахметжанов ЖОО оқытушыларының заңсыз сыйақы алғаны үшін санкцияны күшейтуді ұсынады.

Агенттік төрағасының айтуынша, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің ең көбі Атырауда – 24%, Нұр-Сұлтан – 20%, Шымкент – 12,5%, Алматы қаласында – 12%, Алматы облысында – 12%, Маңғыстау-10% және Түркістан-9% облыстарында жасалған.

«Көбінесе бейресми төлемдердің 64% – сессияны жабуға, 14% – университетке түсуге берілген. Әрбір үшінші жағдайда ЖОО қызметкерлері, қалған жағдайларда делдалдар мен үшінші тұлғалар бастама жасаған, 95% жағдайда сыйақы түрінде 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша берілген. Басқа жағдайларда – гүлдер немесе тәттілер. Сауалнамаға қатысқандардың 28%-ы басқа амал жоқ деп жауап берсе, ал әрбір бесінші адам бұл мәселені шешу ыңғайлы әрі оңай екенін айтқан»- дейді спикер.

Аталған мәселені шешу үшін Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың әзірленіп жатқан тұжырымдамасы аясында ЖОО педагогтері де кіретін мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілікті көздейтін ҚК-нің 247-бабы бойынша санкцияларды күшейтуді ұсынды. Бұл шара осы құрамды қылмыстық теріс қылықтардан орташа ауырлықтағы қылмыс санатына ауыстыруға мүмкіндік береді.

Кеңес соңында білім беру ұйымдары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беру, сондай-ақ алдын алу сапасын арттыру мақсатында Агенттік пен Білім және ғылым министрлігі арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.

 

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА