11.10.2024

Мұхтар жазған боламын деп бала Абай…

Айбар ЕрғалиұлыЖалпы білім беретін мектептеріндегі қазақ 4-сыныптарының арасында «Абай оқулары» өтті. Шараны мектеп оқушылары арасында Абай шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін қалыптастыру, 4-сынып оқушыларының Абай поэзиясына, ұлы ойшылдың рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында қалалық білім басқармасы ұйымдастырды.
Конкурстың іріктеру кезеңі 29-30 мамыр күндері өтсе, іріктеуден сүрінбей өткен жас түлектермен 14 мамыр күні №71-мектеп-лицейінде қорытынды конкурс ұйымдастырылды. Өрендерді ұлттық психология мен философияның атмосферасында тәрбиелеуді мақсат еткен бұл игі шараның биылғы басты олжасы «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» атты балалардың жеке шығармашылығына арналған бөлімдегі №64-мектеп-лицейінің 4-сынып оқушысы Айбар Ерғалиұлының балаң, балаң болса да ойлы жырлары болды.
Айбар… Биігіне қанат қағып арманның,
Туар әлі маған-дағы самғар күн.
Мұхтар жазған боламын деп бала Абай,
Көп ертегі, қиссаларды аудардым… деп толғаған бала жүректің лүпілі қазылар алқасын да, замандастары мен ұстаздарын да толқытса керек. Қазылар бір ауыздан бас жүлдені Айбар Ерғалиұлына берді.
Қазылар ақылдасуға кеткен қысқа үзілісте де сахнаға шығып өлең оқыған бала ақын Айбардың:
Кетсем де алыс жерлерге,
Кетсем де алыс елдерге.
Астанам сені сағынып,
Жүрегім соғар кеудемде… – деген тамаша лирикасына да куә болдық.
Ұстаздар балалардың қарымы мен талабын білмекші болып, қайымдастыруға шақырғанына да Айбар күллі жұртты риза қылып, берілген:
Отанымның жерінде,
Қазағымның елінде… деген ұйымдастырушылардың сөзін іліп әкетіп, табан астында:
Жыр оқиды жас ұлан,
Астананың төрінде, – деген отты сөзімен жиналған жұрттың ризалығын алды.
Байқау соңында Айбардың бала қиялын білгіміз келіп, әңгімеге тартқанда 4-сынып оқушысының ерлігіне таңдай қақпасқа шарасыз едік. Сол үшін өзің жайлы қысқаша мәлімет бере кетсең деген біздің сөзімізге Айбардың қайтарған жауабын қысқартпай беруді жөн көрдік.
Мен, Айбар Ерғалиұлы, 2001 жылы Қытай халық республикасында туылғанмын, екі жылдың алдында ата-анамның арманы бойынша қазақ еліне келгенмін, содан бері Астана қаласында кіші әкемнің үйінде жатып оқимын. Өз әке-шешем Қытайдан белгілі себептерге байланысты көшіп келе алмай жатыр. Мен сол ата-анамның арманы үшін, болашақ мақсатым үшін оларды сағынған сайын мен жақсы оқуым керек деп тырысамын. Олар болашақта келгенде менімен мақтанса екен деймін. Менің бала арманым: “Қазақтың мақтанышына айналған азамат болу” – деп күлімсіреді де,
Ақшиім, менің Ақшиім,
Сағындым туған жақсы үйім,
Өзіңнен ерте аттандым,
Болашақ үшін тас түйін.

Ақшиім, менің ауылым,
Ұнатушы едім дауылын,
Ұнатушы едім бауырмал,
Ата-ана, туыс, бауырым. – деп туған жеріне сағынышқа толы өлеңін оқып берді.
Біз 11 жасар баланың ата-анасынан жырақта жүрсе де, осыншалық талабының күштілігіне риза болып: “Еліңнің ертеңгі мақтанышы бол, қанатың талмасын, тұлпар тұяғыңа томар кезікпесін”, деп тілегімізді білдіріп қайттық.

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА