9 C
Нур-Султан
24.06.2021

Асхат Аймағамбетов. Педагогтердің есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін бұйрық күшіне енді.

Педагогтердің шамадан тыс есеп беру мәселесін түбегейлі шешетін Бұйрық мамыр айынан бастап күшіне енді.
Мен 2020 жылғы 6 сәуірде қол қойған № 130 бұйрықта орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері толтыруға міндетті құжаттардың нақты тізімі көрсетілген.

Бұл құжаттың маңыздылығы неде?

Бұдан былай мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден арылтатын заң жүзіндегі негіз пайда болды. Енді Министрлік бекіткен нақты тізім бар. «Педагог мәртебесі туралы» Заңға және Әкімшілік кодекске сәйкес, мұғалімдерден бекітілген тізімнен өзге құжаттар бойынша артық есепті талап еткендерді арнайы орган айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа тартуға болады.

Рет-ретімен тоқтала кетейін.

БІРІНШІДЕН.
Енді пән мұғалімі күнделікті екі құжатты толтырады. Біріншісі – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары.
Сондай-ақ оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындайды және әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады.
Қалған құжаттың еш қажеті жоқ.

Егер мұғалім жас педагогтің тәлімгері болып, сол үшін 17 мың теңгеге жуық үстемеақы алатын болса, онда жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады.

Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, онда оқу жылының басында тәрбие жұмысының жоспарын жасайды, өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдерін толтырады және қажеттілігіне қарай олардың жеке істерін жаңартып отырады.

Мектеп басшысы мен басшының орынбасарлары толтыратын маңызды құжаттардың да нақты тізімі белгіленді, артық құжаттың еш қажеті жоқ.

Колледж педагогтері толтыратын құжаттар тізімі де бекітілді. Олар жылдың басында жұмыс істеуге арналған оқу бағдарламасын құрып, күнтізбелік-тақырыптық жоспар жасайды, ал күн сайын сабақ жоспарын әзірлейді, теориялық, өндірістік оқыту және жеке сабақтарды есепке алу журналдарын толтырады.
Егер педагог куратордың қызметін атқарса, тағы бір құжат қосылады.

Шамадан тыс есеп беру көрсеткішін түбегейлі азайтуға қатысты нақты жұмыстар мектепке дейінгі және жоғары білім беру деңгейлері бойынша да жүргізіліп жатыр. Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаз жүктемесінен арылады. Қазіргі уақытта БҒМ тарапынан нормативтік құжаттарда көрсетілген бақылаудың жүргізілуіне қатысты толтырылатын құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Мәселен, кафедраның жұмыс жоспары, комиссияның хаттамасы, қызметтік оқу жоспары сынды құжаттар бізге қажет емес.

Жоғары оқу орындары бойынша бөлек пост жазамын.

Шамадан тыс есеп беруден арылту және құжаттама үлгілерін біріздендіру, ең алдымен, мұғалім жүктемесін жеңілдетеді. Оның шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік береді, артық құжат айналымын оңтайландырып, түрлі құжаттар арқылы ақпарат жинау сияқты ескірген тәжірибеден арылтады деген сенімдемін.

Барлық білім беру ұйымдарының назарында тек білім алушы болуы тиіс. Педагогтер барлық жұмыс уақытын білім беруге, білім сапасын арттыруға бағыттауы қажет және олардың балалармен жеке айналысуға мүмкіндіктерінің болуы маңызды. Сондықтан Министрлік мұғалімдерді артық жұмыстан арылту бойынша жұмыс жасап жатыр.

Бұл ретте мұғалімдерге артылған артық жүктемені азайту бойынша жағдай жасап қана қоймай, педагогтерден жоғары кәсіби біліктілікті және сапалы білім беруді талап ететін боламыз. Қоғамда білім беру сапасының неге ақсап тұрғанын түсіндіру үшін, педагогтердің шамадан тыс есеп беретіні, олардың өзіне тән емес жұмыстарға тартылуы, оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы олқылықтар туралы және тағы сол сияқты мәселелер айтылады.
Бірақ бұл проблеманың барлығы шешіліп жатыр және бұдан былай да шешімін таба береді. Дегенмен, білім сапасы, ең алдымен, мұғалімдердің біліктілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, педагог үнемі өзін-өзі жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы керек.

ЕКІНШІДЕН.
Жауапкершілікке тартуға кімнің құзыреті бар?

Педагогтерді кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, олардан қызметтік міндетіне кірмейтін мәселелер бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, ҚР БҒМ Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің аумақтық департаменттері ҚСжАЕК органдарында жоспардан тыс тексеруді тіркейді. Тексеруді ұйымға барып немесе қашықтан жүргізеді.

Құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін материалдар:

–​педагогтердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыс түрлеріне тартылғанын растайтын фото және бейнежазбалар, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе басқа да материалдар;

–​жазбаша тапсырмалар немесе олардың көшірмелері, бұйрықтардың көшірмелері, есеп беру нысандарының көшірмелері мен педагогтен білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептіліктің немесе ақпараттың талап етілуін растайтын басқа да материалдар;

–​Қазақстан Республикасының заңдарында көзделмеген тексерудің жүргізілгенін растайтын фото немесе бейнежазбалары, күні, тексеруші тұлғалардың аты-жөні, тексерудің мәні және басқа да материалдар;

–​тауардың немесе көрсетілетін қызметтің фото немесе бейнежазбасы, сондай-ақ, сатып алу рәсімдері, чектері, тауарлық шоттар, шот-фактуралар, түбіртектер мен басқа да материалдар;

– мектеп ұйымдастырмаған​іс-шараларға қатысқанын растайтын фото немесе бейнежазба, хаттардың, бұйрықтардың, актілердің, хаттамалардың көшірмелері немесе педагогтің іс-шараларға жіберілгенін растайтын басқа да материалдар бұзушылық жасау фактісін дәлелдейді.

Егер алғаш рет бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, Комитет және оның аумақтық органы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмайды, бірақ кінәлі адамға ескерту жасау туралы қаулы шығарады.

Бұзушылыққа қайта жол берген адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі 20-дан 120 АЕК-ке дейін.

Асхат Аймағамбетов. ҚР білім және ғылым министрі.

-ЖАРНАМА-

6 КОММЕНТАРИИ

  1. Қымбатты министр мырза! Ұстаздық өтілімім 30 жылға таяған ұстаз ретінде Сізге алғысым шексіз!!! Қазақстан қстаздары көптен күткен, ұстаздарды түсінетін нағыз халық министрі міне келді!!! Карантин жағдайы Сіздің дер кезінде ойланып, тез әрі нақты шешім қабылдай білетін , халықты тыңдай отырып дұрыс әрекет ететін нағыз көшбасшы-лидер екеніңізді көрсетті. Қазіргі таңда интернеттің әр түрлі платформаларын пайдалана отырыпсабағымды қызықты әрі сапалы өткізуге тырысып жатырмыз. Ата-ана алғысын алып жатқан жайымыз да бар. Сізден бір өтінішіміз- жаңарту кітаптары(тез арада шыққан болу керек) сапасыз, сын көтермейді, ал ереже деген мүлде жоқ. Елеусіз бір бұрышында болса болды, көптеген ережелерге мүлде мән берілмеген! Ал қазақ тілі болсын, орыс тілі болсын ережені білмей оқушы сауатсыз жазады! Өз сабағымда ережелерді тәптіштеп беруге тырысамын. Бірақ жас мамандар көбіне кітапта не бар сонымен жүргізеді ғой!!! Сондықтан да оқулық мәселесін өз қолыңызға алуды сұраймын. Мысалы 4 ,5 сынып оқулықтары (қазақ тілі орыс сыныптарвнда) күрделі мәтіндерді берген. Сөздерді жаңа үйреніп жүрген оқушының қызығушылығын күрт жоғалттық. Осығанға дейінгі Жампейсованың 4сыныпқа арналған қандай жақсы еді. Оқушының деңгейін үнемі ескеру керек қой. Сізден барлық оқулықтарды қайта, мұқият қарап шығуыңызды өтінемін. Еліміздің болашағы біздің- ұстаздардың қолында екенін еш ұмытпайық. Сіздің еңбегіңізге жеміс тілеймін! Көп жылдар білім министрі қызметін атқарып, еліне қызмет жасайды деген сенімдемін!!! Денсаулығыңыз мықты болсын!!! Жолыңыз ақ болсын!!! Еңбегіңіз жемісті болсын!!!

  2. Саламатсыз ба?! Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жоспары, дарынды оқушылармен жұмыс жоспары, өзіндік білім көтеру жұмыс жоспарлары, Ұбт, Ожсб мен жұмыс жоспары, жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс жоспары, үйірме(ақы төленбейді) жұмыс жоспары осы құжаттарды сұрау қаншалықты заңды???

  3. Салеметсіз бе,Асхат мырза!Мен 10жыл педөтілі бар ұстазбын!Болашақ біз сияқты жас ұстаздардікі.Сондықтан сіздің ұстаздарға жасап отырған игі істеріңіз қуантарлық жай.Соңғы жылдарда мұғалімнің мәртебесі айтарлықтай көтеріліп қалды.Ұстаз жалақысының өсуі де әрбір ұстаздың жұмысына деген ынтасын арттырды.Тек қазақ тілі маманы ретінде бүгінгі таңдағы қазақ тілі оқулығына көңілім толмайды.Бұл оқулықтарда сауаттылыққа мүлде көңіл бөлінбеген.Сауатсыз білімалушыдан сауатты болашақ күтуіміз бекершілік.Бұл жерде салмақ қазақ тілі мамандарына түсіп отыр.Себебі , ішіндегі мәліметтерді өзіміздің оқып,танысуымыз қажет етіледі.Басқа мамандықтардың тақырыптары берілгендіктен. Осы қазақ тілі оқулығын бір жақты жасасаңыз деген ұсынысым бар…»Әр мемлекетті әлсірету үшін,оның білім жүйесінен бастау керек» деген сөз осы кезде ,мына бағдарламаларға қарап ойланып, үрей пайда болады

  4. Салеметсіздерме Асқат мырза мұғалімдердің жан айқайын түсінгендеріңізге рахмет. Жалақысын көтердіңіз, енді құжат мәселелеріде реттеліп жатыр. Мұғалімдердің мәртебесі жоғары болса, жастар жұмысқа құлшына кіріседі. Рахмеет!

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Үздік студенттер ұлықталды

Елордада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «ТӘУЕЛСІЗДІК – АЛТЫН ТҰҒЫРЫМЫЗ» атты республикалық конференция өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шараны «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық...

Мектептердегі қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады

Еліміздің білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйесіне қатысты кемшіліктер жыл соңына дейін жойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Ішкі істер министрі Ерлан...

Мектеп құлап, алты адам қаза тапты

Бельгияның Антверпен қаласында салынып жатқан мектеп құлап, алты адам мерт болды, олардың бесеуі шетелдіктер. Бұл туралы The Brussels Times газеті хабарлады деп жазды Қазақпарат...

Магистратура мен докторантураға түсу ережелері жарияланды

Білім және ғылым министрлігі магистратура мен докторантураға түсу ережелерін жариялады. Магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін халықаралық сертификаттарды ұсынуға немесе кешенді тестілеу (КТ)...

Той кемімей, ой көбеймейді

Мұхтар Әуезов «Байлығыңмен емес, біліміңмен жарыс» дейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 мектеп-гимназия­сының директоры, химия ғылымдарының PhD докторанты Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ – қазақ қашан...