27.07.2024

Маңғыстау облысында үздік мұғалімдер марапатталды

Бүгін «Абай» мәдени кешенінде Ұстаздар күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімі педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұрпақ тәрбиелеуге қосқан зор үлестері үшін алғысын білдірді.

– Алдағы уақытта жаңа заң аясында мұғалімдердің жалақы мөлшерін ұлғайту, қосымша еңбек үшін үстемеақы төлеу, заңсыз тексерістерді болдырмау жүйелі жолға қойылады. Мұғалімнің ар-ұжданы мен қадір-қасиетін қорғау, болашақ іргесі – білімді жастарды ізгілендіруде атқарған еңбегін өз деңгейінде бағалау, әлеуметтік әрі материалдық қолдау көрсету іске асады. Жаңа заманның жас ұрпағына сапалы білім беру үшін педагогтар да кәсіби білім-біліктілігін жан-жақты жетілдіріп, үздіксіз ізденіс дағдысын қалыптастыруы тиіс, – деді Серікбай Трұмов.

Сондай-ақ өңір басшысы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық төсбелгілерін, облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамоталарын табыстады.

Бұдан бөлек, «Білім үздігі» дәстүрлі сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Биыл конкурсқа 12 аталым бойынша 160 мұғалім, 22 білім беру ұйымы қатысты.

«Үздік ауыл мектебі» алғашқы аталымы бойынша Түпқараған ауданы Ақшұқыр мектеп-лицейі үздік деп танылды. Бұл білім ордасы «ЮНЕСКО клубы» құрамына енген. «Үздік қала мектебі» аталымы бойынша «Білім-инновация» лицейіне, «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» аталымы бойынша Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжіне, «Үздік мектепке дейінгі ұйым» аталымы бойынша Қарақия ауданы «Айгөлек» балабақшасына, «Үздік қосымша білім беру ұйымы» аталымы бойынша Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебіне 1 миллион теңге сыйақы табысталды.

Педагогтар отбасын насихаттау және әлеуметтік қолдау мақсатында облыста жыл сайын «Үлгілі педагог отбасы» сайысы өткізіліп тұрады. Биыл осы номинация бойынша бас жүлдені Джамаловтар жанұясы иеленді.

Ал, «Жыл педагогы» атағын Түпқараған ауданы, Максим Горький атындағы бастауыш сынып мұғалімі Наталья Некрасова ұтып алды. Оған 1 000 000 тенге табысталды. Ол осыған дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгіні иеленген.

Сондай-ақ, қалған номинация иелеріне де 500 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.

Сондай-ақ, өз ісінің кәсіби маманы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, екі мұғалім «Ыбырай Алтынсарин», үш мұғалім «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін, тағы 19 ұстаз облыс әкімінің алғыс хаттарын алды.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА