03.05.2024

Балаға әлемді тану мүмкіндігін беру керек

Human hands open palm up worship. Eucharist Therapy Bless God Helping Repent Catholic Easter Lent Mind Pray. Christian Religion concept background. fighting and victory for god

Бүгінде 150 миллиард АҚШ долларлық қаражатымен әлемнің ең бай адамы саналатын, бес баланың әкесі Джеф Безос («Аmazon» интернет-дүкенінің қожайыны) бірде былай деген екен: «Мен балаларыма 4 жастан бастап пышақ ұстауға рұқсат бердім. Былай деп шештім: «Мен дүниені тану мүмкіндігінен айрылған баланың әкесі болғанша, тоғыз саусақты баланың әкесі болғаным артық!».

Назар аударайық: ең бай адам өз балаларын үлде мен бүлдеге орамай, олардың ізденістерін шектемей, оларды жасанды ортаға енгізбей, әлемді тануда толық еркіндік берген! Балаларын шын сүйген әке осылай жасауы да керек шығар!
Расында да, біздің балаларымызды өсірмейтін, дамытпайтын, алға жетелемей, керісінше, артқа тартатын мынандай шектеулер ғой:
— Сен мұны жасай алмайсың!
— Бұл сенің қолыңнан келмейді!
— Сен әлі кішкентайсың!
— Бір жеріңді ауыртасың! (Қолыңды кесесің!)
— Киіміңді былғайсың! (Құлайсың! Сындырасың! Төгіп аласың!)
— Тыныш отыр! (Шулама!), т.б.
Бала табиғатының бір ерекшелігі оның ұдайы, толассыз, еш тоқтаусыз әрекеттенуінде. Әрекет арқылы бала дүниені, өмірді таниды. Демек, оған бұл ізденісте жәрдем беру керек, оған дүниені зерттеу үшін мүмкіндік жасау қажет болар.
Баланың дүниені тануында майда-шүйдеге қарамау керек. Ондай майда-шүйделердің қатарына мыналарды жатқызуға болатын шығар:
— бір жерін ауыртып алуын,
— киімі мен денесінің былғануын,
— айналаны (үйді, ауланы) не ойыншықтарын шашуын,
— ойыншықтарының немесе ыдыс, басқа да бұйымдардың сынуын,
— айғай-шу шығаруын,
— ересектердің тыныштығы мен мазасын алуын, т.б.
Шындығында да баламыздың дүниені тануы, білуі, зерттеуі қасында мұндай нәрселерді елемеген дұрыс та болар! Бұған қоса біз балаларымызға бұл істе көмек көрсетуіміз керек емес пе?! Оларға әлемді танулары үшін жағдай жасауымыз қажет!
Егер менен «Баланы не нәрсеге үйрету керектігін бір сөзбен келтіріңіз!» деп сұраса, мен «Өзінділікке!» (самостоятельность) деп жауап берер едім.
Есімде, үлкен немерем Мүслиманың бір жасқа толмаған кезі. Ас бөлмесіне кіріп келіп, мынандай суретті көрдім: келінім Гүлжайна Мүслимаға кілегейді шай қасықпен аузына тосып, немеремді тамақтандыруда екен. Мен:
— Қызым, бұлай бергенше, қасықты Мүслиманың қолына ұстата сал: өзі-ақ жемей ме?! – дедім.
Келінім:
— Ой, ата, олай жасаса, Мүслима үстін де, едендегі кілемді де былғайды ғой! – деп жауап қатты.
Мен:
— Бірақ баланы тамақ жеп үйретудің басқа амалы жоқ емес пе?! Киімін де, кілемді де жуамыз! Ал басқаша оны үйрете алмаймыз емес пе? – дедім.
Келінім келісті.
Аз уақыттан кейін ас үйге кіріп келіп, еріксіз күліп жібердім: немерем кілегейді қасықпен өзі жеп отыр, алайда дастарханды да, киімін де, беті-басын да, едендегі кілемді де кілегеймен быламайлап тастаған! Алайда өзі мәз, мықшыңдап құтының ішіндегі кілегейді қасығымен іліп алуға талаптануда.
Артынан келінім Мүслиманың бетін жуып, бар киімін ауыстырып, едендегі кілемді де тазалап, біраз уақыт мықшыңдап жатты…
Бала осылайша ғана үйренеді! Оны қасық ұстауға, өздігімен тамақтануға басқаша үйретуге болмас. Ал бұл жолда біздер, ересектер, үшін талай келеңсіздіктер болады: бір нәрселер бүлінеді, былғанады, сынады, ауырады, тыныштығымыз бұзылады. Ондайларға біз түсінушілікпен қарауымыз керек. Ондайларсыз баланың дүниені тануы, өмір сүруге үйренуі мүмкін еместігін мойындауымыз қажет.
Баланың ең басты арманы – ересек болу. Сондықтан да оған ересектердің жұмысын тапсыру керек. Мәселен, біз қандай да бір әрекет жасағанда (үй жинау, тамақ пісіру, дастархан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенде сауда жасау, отын жару, малға қарау, кітап оқу, жұмысқа дайындалу, т.б.) оның бір шетін балаларға беріп қою керек, балаларға сол әрекетпен айналысуды ұсыну керек.
Ересектердің ісімен шұғылдану – бала үшін кереметтей қызықты да таңсық іс! Баланың осы ерекшелігін пайдалану керек! Яғни, балаларымыз титтей кезінен үй жинау, тамақ пісіру, дастархан жаю, ыдыс не кір жуу, аула мен қораны сыпыру, дүкенге барып сауда жасау, отын жару мен жағу, малға қарау, кітап оқу, т.б. әрекеттерге қатысуы керек. Алдымен ересектермен бірге, кейінірек өздігімен. Кезінде Л.С.Выготский былай айтпап па еді: «Бала алдымен бірлесе жасағанын кейінірек жекелей де жасай алатын болады» деп?
Мысалы, үйде ақша ұстауды балаға (немесе балаларға) 8-9 жасынан беру керек. Бұл үшін оған (оларға) аптасына пәленше ақша беріп, оған сатып алатын заттардың тізімін де қолына ұстату керек. Бала (балалар) бір нәрсені сатып алғанда тізімге қашан және қаншаға алғанын жазып қою керек. Жексенбі күні кешкі астан кейін бала (балалар) отбасы мүшелері алдында сауда жасағандығы туралы есеп беруі керек. Әрине, басында қолына ақша мен сатып алу мүмкіндігі берілген бала ақшаны беталды жұмсауы да әбден мүмкін. Ата-ананың бұл жерде даналық, сабырлық пен шыдамдылық, түсінушілік танытуы керек. Бұл үшін баланы ұрыспай, жазаламай, бұл келеңсіз жәйтті баламен бірге талқылап, оның мән-жапсарын баламен бірге түсінуге тырысқан дұрыс.
Үйде ақша ұстау арқылы баланың (балалардың) жауапкершілігі артып, оның (олардың) ұқыптылыққа, үнемділікке, қанағатқа, ысырапқа жол бермеуіне, есеп-қисап жүргізуге үйренуі ықтимал.
«Баланы жастан» дейді дана қазақ. Баланы ертеден ересектердің әрекеттеріне үйрету – әлемдік тәжірибе.
Мысалы, атақты кеңес педагогтары Борис және Лена Никитиндер балаларын 6 жасынан бастап жалғыз өздерін пойызбен басқа қалаларға жіберіп отырған. Әрине, сіздер «Ол заманда елдің пиғылы басқа еді. Ол кезде баланы қорықпай далаға шығарушы едік. Ал қазір тіпті аулаға шығарсаң да, оны қадағалап отыру керек!» деген уәж келтірерсіздер. Ол да дұрыс. Бірақ баланы өздігімен ересектердің әрекеттерін жасаудың амалдарын қарастырмаса, баалаларымыз қалайша үйренер екен?
Жапония теледидарларында мектепке дейінгі жастағы балалар үшін алуан түрлі реалити-шоулар ұйымдастырылады. Онда 5 жастағы кішкене балаларға қала ішінде өздігімен жол тауып, бір жерден екінші жерге бару тапсырылады. Балақандардың маршруты қаладағы толып жатқан видеокамералар арқылы толығымен қадағаланса да, оларға таңдау жасап, шешім қабылдау құқығы беріледі.
Мұнда да сіздер «Жапон мәдениетінің мынандай ерекшелігі бар: көшеде кез келген ересек адам кішкене баланы көрсе, одан жөн сұрауды, оғаан көмектесуді, оған жол сілтеуді өзінің міндетті борышы санайды. Сондықтан да бұл әрекет оларда жүзеге асуы мүмкін, ал бізде қайдам!..» деп тағы да күмән білдіруіңіз ықтимал. Бұл орынды да. Алайда біз болдырмаудың амалын келтіруден гөрі, болдырудың амалдарын қарастырайық! Болдырмау оңай, болдыру қиын!
Осы секілді әрекеттер балаларымызды пысық, еті тірі, еңбекқор, елгезек жасайды емес пе?! Осылайша балаларымыз қаршадайынан еңбекке, белсенді әрекеттерге бейімделіп өседі. Оларда еңбектену мен белсенді әрекет жасау дағдылары қалыптасады.
Менің бір танысым былай деп сұрайды: «Қазақ пен қытай аналарының айырмашылығы қандай?» Іле-шала бұл сұраққа өзі жауап береді: «Баласы жыласа – қазақ ана емшегін оның аузына тосады. Ал қытай анасы баласы жыласа, омырауын ағытып, сәбиін кеудесіне жатқызады. Неліктен? «Емшекті өзі тапсын!» деген мақсатта. Осыдан кейін кімнің еңбекқор болатындығын сізден сұрамай-ақ қояйын!» деп күледі танысым.
Бірақ балаға тек ересектер жасайтын әрекеттер ғана қызық емес. Оларға ересектермен бірге жасаған әрекеттер де қызық! Мынаны түсіну керек: бүгінгі күннің ұстанымы кешегідей «Бала үшін!» емес, «Баламен бірге!» Яғни, барлық әрекеттерімізге балаларды араластырумен бірге, өздеріміз де балаларымыздың әр әрекетіне қатысуымыз керек! Баламен бала болуымыз керек!
Ыбырай Алтынсарин да өзінің атақты өлеңінде осы жәйтті меңзегендей:
…Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!
Ағартушы ересектердің балалармен БІРЛЕСЕ әрекеттесуі жайлы емірене айтқаны көрініп тұр: «кел», «оқылық», «тоқылық» деп бас қосып, жұмыла оқып-үйренуге шақырады ол. Ыбырай атамыз бұл идеядан алыс болса, онда оның өлең жолдары басқаша келтірілген болар ма еді:
Бар, балалар, оқыңдар!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқыңдар!
Балаға ұсынған әрекеттерді онымен бірлесе атқарсақ – баламыздың көңілінен шығамыз, қомақты нәтижеге қол жеткіземіз. Балаға ұсынған тапсырманың өзімізге де қызықты екендігін көрсетуіміз керек сияқты. Егерде балаларға «Мынаны жасаңдар!» деген тапсырма беріп, өзіміз оны орындамайтын болсақ, онда балаларымыздың да әрекеттенуі екіталай. Мысалы, сабақта «Балалар, мынаны жасаңдар, өйткені ол ертең сендерге керек болады (мәселен, БЖБ, ТЖБ, ҰБТ-да қажет болады)!» деп, өзімізді «Ал маған мұның қажеті жоқ, өйткені мен оны білемін!» деген сыңайда шет ұстап, берілген тапсырманы орындауға асқан құлық танытпасақ, оқушыларымыздың да оны ынта-ыждаһатпен орындауы екіталай болады.
Балалардың қызығушылығы ересектермен бірге әрекеттесуден еселей артады. Тапсырма ұсынып, оның өзімізге де қызық екендігін көрсететін болсақ, оқушылардың да бұл тапсырманы асқан ыждаһатпен орындайтындығы анық. Әрине, бұл мақсатта сабақта мұғалімнің лапылдап жануы керек, осы арқылы оқушыларды да шабыттандыруы керек.
Сабақта әр балаға өз ой-пікірін айту мүмкіншілігін беріп, сабақ барысында әр баламен тілдесуге мүмкіндік тауып, олардың барлығын да демеп, ынталандырып отырса, — біз көптеген проблемаларымызды шешер ме едік? Ата-аналар да өз баласымен үйде кез келген жұмысты бірлесе орындап (бұған мектепте үйге берілген тапсырмаларды да қосу керек), ылғи да баласының икемдерін дамытып отырар еді…
Менің ойымша, осыны түсінсек, онда бәріміз де баламен бірге уақыт өткізуге ұмтылатын шығармыз: үйде де, мектепте де. Сонда біз баламен жұмыстың талай-талай әдіс-тәсілдерін қолданатын едік. Әке-шеше де, мұғалімдер де баламен бірге әрекеттенуі керек. Мұнда ең бастысы ересектер бала жұмысының өздеріне де қызықты екендігін көрсетуі керек. «Математикадан үйге қандай тапсырма беріп еді?.. Оу, мынау қызық тапсырма екен ғой! Қиындығы да мол! Кел, екеуіміз мұны бірге орындайық! Сенің ойыңша, алдымен не жасау керек? Алғашқы амалы қандай болады?» Осылайша баланың қызығушылығын арттырып, оны ынталандырып, оның әр жетістігі мен табысына риза болып, «алақайлай» отырып, бірге сабақтарға дайындалса ғой, шіркін!
Сабақта да мұғалім өзі ұсынған тапсырманы оқушылармен бірге шағын топ (жұп) құрамында орындаса немесе бір оқушының қасына отырып, ерекше ықыласпен жұмыс жасаса – оқушылардың да бұл тапсырманы орындауға қызығатындығы сөзсіз. Мүмкін осыдан оқушылардың ынтасы арта түсетін шығар?..
Біз баламен өткізген уақытымызды өміріміздің ең шұрайлы да қызықты сәттеріміздің бірі деп түсінуіміз қажет. Көп жағдайда ересек адамдар тек бір-бірімен өткізген уақытты ғана құнды деп есептейді, мәселен, той, жиындар, жұмыс, т.б.
Алайда бала әлеміне шарықтап, баламен қауышу кезінде өзіңді бала секілді жаманшылық атаулыдан таза, пәк болатындығымыз ересектермен қарым-қатынастан анағұрлым маңызды емес пе?! Баламен өткізген уақытта біздің қартаюымыз да тежеледі, денсаулығымыз бен өңіл-күйіміз де жақсарады.
Сондықтан да балаға көп көңіл бөлейік! Ғалымдардың пайымдауы бойынша балаға жұмсаған инвестициялардың қайтарылымы 5 есе екен! Бұл тұрғыдан алғанда ол тек адамның өзіне, өзінің дамуына салған инвестициялардан (өз біліміне, өсуі мен дамуына, оқуына, т.б.) ғана кем болады: өзіңе салған инвестиция 15 есе қайтады екен.
Демек, балаға бүгін қанша қаражат, уақыт, күш жұмсасақ, ертең бала есейгенде олар 5 есе қайтады деген сөз. Ересек болғанда баламыз бізге де қаражат, уақыт, күш-жігерін бізден бес есе көп қылып жұмсайды. Қартайғанда бұдан басқа бақыт бар ма екен?!.
-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА