27.07.2024

Мұғалім, ізденіс һəм сабақ туралы бірер сөз

1.Бауыржан Момышұлы соғыста жүріп күнделік жүргізген. Ол жазбалары 37 дəптерге жеткен.Бұл- Бауыржан соғыста жай жүрген жоқ анализ жасады, ойланды, толғанды деген сөз. Қан кешіп жүріп кітап диктовать етті. Содан Александр Бек “Волоколамское шоссені” жазды. Егер соғыста ізденуге, кітап оқуға болса, жайшылықта ізденуге, оқуға болады деген сөз. (Кітап оқуға уақыт жоқ, мүмкіндік жоқ дейтіндер үшін). Меніңше, мұғалімге ең керек қасиеттің бірі-ізденіс. Осыны тоқтатқан мұғалім мұғалім болуды да тоқтатады.

2. Жаңартылған білім мазмұнын сынайтындар көп,- біліп сынайтындар аз. Кемшілігі жоқ емес, жақсылықтары да аз емес. Екі жақсылығын айтайын:
1. Қазіргі пəндер шынайы өмірге қатты жақындатылған. Мысалы, ағылшын тілін оқыдың ба, онда керек жерде ағылшынша сөйлей біл дегенге саяды. Бұл он жыл немісше оқып, немісше нан сұрап жей алмаудан басқа жол.
2. Мысалы əдебиет пəнінің оқу мақсаттары теорияға, талдауға негізделген. Дəл қазір мектептегі теориядан алшақтаңқырап қалған мұғалімдер оқу мақсаттарына келгенде қиналыңқырап жүр. Мықты мамандар да бар. Енді теорияны індетіп іздеп, ізденіп оқымай болмайды.

3. Сабаққа керегі -көп əдіс емес, дөп əдіс. Əдіс деген-мақсат емес, мақсатқа жетудің құралы. Сабаққа көп əдісті тықпалап, баланы асықтырғаннан гөрі, мақсатқа апаратын дөп əдісті кіріктірген дұрыс.

4. Жоспар сабақ үшін жасалады, сабақ жоспар үшін өтілмейді. Сабақтың мақсаты-жоспарды орындап шығу емес, жоспарлы əрекет ете отырып, балаға үйрету һəм баланың үйренуіне жағдай жасау. Ситуация деген бар. Ситуацияға байланысты жоспардағы кейбір əрекеттер, амалдар өзгеруі яки орындалмай қалуы да бек мүмкін. Бұл- қалыпты жағдай.

5. Франсуздың “раппорт” деген сөзі бар. Қазақша байланыс дегенге келеді. Контакт. Мұғалім сыныппен байланыс орната білуі керек. Оқушылардың арасында да нық байланыс орнатуға жағдай жасау керек. Осыны орнатқан мұғалімнің сабағы жемісті болады. Керісінше, бес-алты жыл бір сыныпқа сабақ беріп жүріп, сыныппен байланыс орната алмайтын мұғалімдер де бар. Бұл мұғалімді сынып қабылдамады деген сөз. Бұл сыныпта таным процесі баяулайды.

6. Меніңше, мұғалімнің ең басты міндеті-баланы ояту. “Менің атым-Қожада” Рахманұлы ағай:”Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым” дейді. Шырағын жағу деген ең ұлы мəселенің бірі. Ғалымдар қар ұлпаларының бір-біріне ұқсамайтындығын анықтаған. Кеплер, Бентли сынды білгіштер осылай дейді. Қолыңа қонса, əп сəтте еріп кететін əрбір қар ұлпасының өзіне ғана тəн қайталанбайтын формасы болады екен. Осыған сүйеніп менің мынадай тұжырым жасауға ақым бар деп ойлаймын:”Əрбір бала да қайталанбайтын құбылыс. Ұстаз алдында отырған əр баланың бұл өмірге бұған дейін ешкімге берілмеген, бұдан кейін де ешкімге берілмейтін ерекше қабілет пен қасиетті арқалап келгенін білу керек һəм оны балаға білдіру керек.

7. Қиындатпау, керісінше оңайлату. Баланы қинай бергеннен білімді болмайды. Мысалы былтырғы нұсқау хатта (биылғыны оқығам жоқ) бірінші сынып оқушыларына алғашқы жартыжылдықта үй тапсырмасын бермеу ұсынылған. Бала мектепке үйрену, бейімделу керек. Ойнау да керек. Мектепке енді келген балаға шектен тыс тапсырма беру -мектептен алшақтату, бездіру деген сөз.

 

Абай Қалшабек
Фейзбук парақшасынан
-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА