28.04.2024

Мектепке дейінгі білім: міндет пе, әлде қажет пе?

Мектеп бағдарламасы жаңарып, оқушылар заман талабына сай білім алуға көшкен сайын мектепке дейінгі білім беруге деген жауапкершілік арта түсті. Бұл салаға ден қоюдың қажет екенін бүгінде үкімет те, қоғам да, ата-ана да сезінеді. Себебі күрделене түскен білім мазмұнын игеруге бала дайын болып келу керек.

Осыдан тура тоғыз жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен «Балапан» бағдарламасы бекітілді. 2010 жылдан бері жүйелі жүргізіліп келе жатқан бағдарламаның нәтижесінде 3-6 жастағы бала­лардың балабақшамен қамтылуы 95 пайызға жетті. 2020 жылға дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұрын ата-аналар балаларын балабақшаға таңнан кешке дейін қарап отыратын орын ретінде қарады. Ал қазір мектепке дейінгі білім беруге қо­ғамның өзі едәуір үлкен талап қояды. Міне, осы екіжақты талап пен жауапкершілік саланы жаңа сатыға көтеруі мүмкін. Ол – мектепке дейінгі білім беруді міндетті ету. Бірақ бұған мемлекет, қоғам, мамандар, бастысы – балалар дайын ба?

Бір қадам қос түйткілдің түйінін тарқатады

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінің профессоры Сайраш Нағашыбайқызы міндетті мектепке дейінгі білім беруді қолдайды. Оның айтуынша, бұл – шетелдік тәжірибеде бар дүние. Мәселен, Америкада мектепалды даярлық міндеттелген. Балабақшадан сертификат алып келгенде ғана мектепке қа­был­дайды. Ең маңыздысы баланы мектепке психологиялық, әлеуметтік жағынан дайындайды. «Мен бұл бастаманы тек мектепке дейінгі білім беру тегін болса қолдаймын. Себебі қазір міндетті болмағандықтан, көп ата-аналар балаларын балабақшаға бере бермейді. Оған түрлі себеп бар. Бірақ балаға орта керек», дейді профессор. Оның ай­туынша, бұл бастамаға ата-ана­лар дайын емес. Нақтырақ айт­қанда, ауылдық жердегі ата-аналар дайын болмай шығады. Мем­лекеттік балабақшаға берді дегенде де, 10-15 мың теңгенің өзі – ауылдықтарға айтарлықтай ақша. «Мұндай жағдайға барлық тарап үлкен дайындықпен келуі керек. Ата-аналарға мектепке дейінгі міндетті білім берудің қажеттілігі жөнінде насихаттап, педагогикалық сауатын арттырған абзал. Социометриялық әдіспен алып қарайтын болсақ, 3-6 жас­тағы балаларды 95 пайызбен қам­тып отырмыз деуге келмейді. Көбісі кезекте тұр, ала алмай жүр. Ата-әжесінің қолында өскенін қалайтындар тағы бар», дейді С.На­ға­шыбайқызы.

 

Профессордың зерттеуінше, шетел­дерде ең жоғары жала­қы­ны осы тәрбиешілер алады. Олар­дың айлығын көтеру арқы­лы екі бірдей мәселе шешілер еді: ал­дымен сапаны арттырамыз әрі ер адамдарды тартуға мүм­­кін­­дік болады. Еуропа ел­дерін­­де, анығы жалақысы жоғ­ары мем­ле­кет­терде ер тәрбие­ші­лер жиі кездеседі. «Ал біз­де, өкі­ніш­­ке қарай, бүгінгі бала­ларға ер адам­ның тәрбиесі же­тіс­пей тұр­ғаны байқалады. Кезін­де Кеңес үкіметі тұсында жалақы жоға­ры болды, сонда бала­бақ­шаға қыз­метке тұруға тала­са­тын­быз, талап күшті, жұ­мыс­қа кіру қиын еді», дейді аталған оқытушы.

Бұл қадамға бару үшін алдымен Білім туралы заңға өзгеріс енгізу керек екені белгілі. Онсыз біз ешқандай әрекетке бара ал­май­­мыз. Сонан соң үгіт-наси­хатты жүйелі жүргізу қажет. Сол нәтижесін бергенде ғана іске кірісуге болады.

 

Балаға да бала керек

Еркежан Нұрланбекқызы­ның тұңғышы үш жаста. Ол қызын қазақы салт бойынша ата-әже­сі­нің тәрбиесіне берген. «Ата мен әженің тәрбиесінде болған бала аңғарымпаз, көргенді болып өседі. Қызым үлкендердің қо­лын­­да екі жарым жасқа дейін жүр­ді, кейін балабақшаға бердік. Сонда бір нәрсені анық бай­қа­дым, балаға бәрібір бала керек екен. Оны өз ортасы мен құр­дас­тары ғана заман көшіне қарай қалып­­тас­­тыратынын түсіндік. Таң­нан кешке дейін тек ата-әже­сімен алысып, ат қып ойнай­тын ба­лапаным өз қатарына біраз­ға дейін қосыла алмады», – дейді ана. Оның айтуынша, адам қоғамнан тыс өмір сүре ал­май­­тын­дықтан, баланы бас­­тан бейім­деу қажет. Оның рөлі – бала­бақ­шаның қолында. Сон­дық­тан мектепке дейінгі білім беру қазіргі мемлекеттік бағдар­ла­мадағыдай, 3 жастан ғана емес, 2 жастан қолжетімді және толық қамтылғаны жөн.

Жапондық жаңашыл азамат, атақты «Sony» корпорациясы­ның негізін қалаушы, инженер Масару Ибуки адам өмірінде ерте балалық шақтан дамыту­дың орасан зор әсері барын 1971 жылы жарыққа шыққан өзінің «Үш­тен кейін кеш» (ағылшынша нұсқасы – «Кindergarten is too late») кітабы арқылы дәлелдеген. Бұл еңбек жапон педагогикасы­на төңкеріс жасады. Онда алғашқы үш жыл бала өмірінің негізі екені айтылған. Автор осы ең­бегін­дегі алғысөзінде: «Біз бала­лар­ды үш жастан кейін неге үй­­­рету керектігіне көп көңіл бөле­­­міз. Бірақ осы жастағы бала­лар­ға жүр­гізілген жаңа зерттеуге сәй­кес, бас миындағы клетка­лар­дың дамуы 70-80 пайызға дейін жет­кен, орындалып біткен. Бұл бізге күшімізді үш жасқа дейінгі ба­ла­ның миын дамыту жолы­на жұм­сауға тиіс екенімізді ай­қын­да­май ма?» деп өзінен бастап, бар­­ша қо­ғамға сауал тастай келе, осы кі­т­а­бын аналарға арнағанын айтады.

 

Қоғамнан мемлекеттік саясатқа дейін

Байқасаңыз, біздің елде де 3 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі ұйымдармен толық қам­тылмаған. Демек, 0-3 жас­тағы бала­лармен, яғни Ибуки дәлел­де­ген ең маңызды шақта ата-аналар айналысып отыр деген сөз. Сондықтан балаларды ерте жастан дамытуда Үкіметтің, ма­ман­дардың ата-аналармен жүргізетін жұмысы маңызды.

Қоғамның талабы біздің мем­лекет­тік саясатта да ескерілді. Оның бір айғағы – Елбасы­ның 2018 жылғы «Төртінші өнер­кәсіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында балаларды ерте жастан дамытуға ерекше назар аударуы. Онда: «2019 жыл­дың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде ба­­ла­­лардың ерте дамуы үшін өз бе­­тін­ше оқу машығы мен әлеу­мет­­тік дағдысын дамытатын бағ­­­дар­­ла­малардың бірыңғай стан­­дарт­­тарын енгізу қажет», – делінген.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО анық­­­­та­малығында: «Кіші жас­тағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту – баланың өсуіне, дамуына, денсаулығына, т­амақ­тануы мен гигиеналық та­лап­тардың сақталуына тікелей ық­пал етуші процесс. Мектепке де­йінгі ерте білім беру баланың дү­ниеге келген сәтінен бастап, оның бастауыш мектепке баруы­на дейін танымдық-сөйлеу, физикалық, әлеуметтік-тұлғалық және көркем-эстетикалық дамуы­­на ықпал етеді» – деп көрсетілген.

Осы халықаралық тәжірибе мен мемлекеттік саясаттың не­гі­зінде Білім және ғылым ми­нистр­лігінің басшылығымен Мек­теп­ке дейінгі білім берудің стан­дарт­ына бірқатар өзгерістер ен­гі­зіліп, «Мектепке дейінгі ба­ла­лық шақ» республикалық ор­та­лығы аталған саладағы педа­гог­тар жұмыс барысында қол­да­на­тын әдістемелік құралдар әзір­леді. Онда балаларды ерте жас­тан өз бетінше оқыту мен да­мы­ту, әлеуметтендіру бойынша әдіс­те­мелік көмек берілген. Демек, үк­імет пен үкімет жанындағы жауап­ты ведомство міндетті мек­теп­ке дейінгі білім беруге балаларды ерте жастан дамытуды қолға алу арқылы нақты қадам басып келеді. Десе де, 3 жасқа де­йінгі балаларды 100 пайыз бала­­бақ­­шамен қамтамасыз ете ал­­май оты­рып, міндеттілік туралы сөз қозғау қаншалықты қисын­ды?!

 

Бәрі баланың болашағы үшін

Жарайды, үкімет дайын де­ген­нің өзінде мұны мынадай көз­­қа­растағы қоғам қалай қабыл­дайды? Бір алматылық ана баласын балабақшаға бермейтінін жеткізді. «Өзім үйден мектепке дайындаймын. Біз де кезінде әріп танымай-ақ 1-сыныпқа барғанбыз. Балабақшаға орналастырып едім. Тәрбиешісінен үркіп қалған балам бұтына жі­беріп қойыпты. Ондай тәрбие көр­генше, үйде болғаны жақ­сы»,  деді көңілі қалған ата-ана. Ал мұндай ата-аналарға, бала­бақ­шаға баруды «трагедия» са­най­тын балаларға «мектепке дейін­гі білім алмаса, мектепке қа­был­дамауы мүмкін» десек, олардың санасында жарылыс болмай ма? Көп сұрақтың жалғыз жауабы – қамтылуын ғана емес, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын 100 пайызға жеткізу. Сонда ғана бала ата-анасын балабақшаға өзі сүйреп барады.

 

Айдана Шотбайқызы

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА