27.07.2024

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ЖАЗЫЛМАЙТЫН АУРУЫ

«Ысырапшылдыққа мемлекеттік деңгейде тосқауыл қоюымыз қажет» деді Түркістан облысына барған сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Естеріңізде бар болса, бұл тақырыпты Қасым-Жомарт Кемелұлы бірінші рет көтеріп отырған жоқ. Оның «тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу», «көзбояушылық, даңғазалық, ысырапқа белшеден батпау» туралы Тwitter-дегі парақшасында жазған пікірі қоғамда үлкен талқы тудырған. Себебі, той – қай отбасында да болатын қуанышты оқиға. Бірақ жұрттан қалмаймын деп тыраштанып, кредит алып, аста-төк той жасаудың соңы кейде кісі жыларлық жағдайларға әкеп соғып жатады. Бұл – шындық.

Ең жаманы – үлкендер осы істерімен жас ұрпаққа жағымсыз тәрбие беретіні, түрлі кештер, тойлар жасау арқылы ұл-қыздарды ойға емес, тойға баулып, жылтырақ өмірге қызығатын жолға салатынын түсінбейді. Солардың бірі – қазір ауқымы жағынан даңғойлықтың шегіне шығып кеткен мектеп бітіру кештері. Бұл мақаланы жазуыма жас ана Шынар Дәуренбекқызының Facebook-те жариялаған посты әсер етті. Балам деп өмір сүрген аналардың бірімін. Көп ата-анадан бір ерекшелігім – балаларымды тәрбиелеу барысында шамам келгенше балабақша, мектептердегі кейбір келеңсіз жайлар туралы ашық айтып, мәселе көтеріп жүрмін. Ол мәселелердің шешілуіне атсалыстым. Ұл-қыздары менің балаларыммен бірге оқыған ата-аналар бүгінде ол күндерді ризашылықпен еске алатыны сол істерімнің дұрыс екеніне сенімім артта түсті. Мысалы, ол кездерде баланы тұқыртып тәрбиелеу, мұғалімдікі дұрыс деп асыра сілтеу басқа мектептерді білмеймін, біздің қазақ мек­тептерінде болды (қазір қалай екені туралы айта алмаймын). Балаларым оқыған мектеп­терде осы жайдың ашық талқыланып, мұндай «тәрбиенің» тұлғаның қалыптасуына қалай әсер ететіні туралы байбаламсыз ашық әңгіме болды. Ата салттарымыз бен заманауи педа­го­гика туралы үш тарап та қажет мағлұмат алып, нәтижесінде мектептегі ұстаздар мен шә­кірттердің, педагогтар ұжымы мен ата-ана­­лардың арасында жақсы қатынас қалыптасты.

«Ақша жинау» деген кең жайылған ауруға ашық қарсы шықтым. Себебі, ата-аналар өзара күңкілдесіп, наразы болып жүрсе де, пікірлерін ашық айтпайтын. Соның себебін түсінбеуші едім. Сөйтсем, көбі «Зияным балама тиеді» деп сақтанады екен. Балам үздік оқитын, түрлі жарыстарда мектебінің атын шығарып жүрген белсенді де беделді оқушы болғандықтан, ондай сезімнен азат, еңсесі биік ата-ананың бірі едім. Мәселені көтеруіме де сол себепші болды. Парламент Сенатында қызмет ететін кезім. Мектепте жалпы жиналыс болатын күні Білім министрлігінің заң департа­ментінің директорына кіріп, ақша жинау мәселесінің қаншалықты заңды-заңсыз екенін нақтылап алдым, әрі жиналыста ол кісіге сілтеме жасай­тынымды ескерттім. Сосын жиналыста сөз сұрап алып: «Мектеп тіршілігіне жыл сайын бюджеттен қаражат бөлінеді. Ал келген-кеткен адамға шай беріп, сыйлық алу үшін ата-аналар ақша жинауға міндетті емес. Сыныптың қорына қаражат жинауға қарсы емеспін, ал басқа ойдан шығарылып, қолдан ұйым­дас­ты­рылатын «жиындарға» ақша бермеймін» дедім. Және солай еттім де.

Кейде ата-аналар хабарласып «Тағы ақша жинап жатырмыз, бірақ мұғалім сізге айтпауды өтінді» деп шағымданатын. Оларға «Сендердікі қиындықсыз келген ақша шығар. Мен сияқты күн-түн демей, жұмыс істеп тапсаңдар, босқа шашпас едіңдер» деймін. Сонда олар «Бала үшін ғой…» дейтін күмілжіп. Ақыры жинай­тын. Меніңше, бұл – әлі күнге дейін жа­зылмаған, керісінше жыл өткен сайын өршіп бара жатқан ауру.

Солай екеніне таяуда тағы көзім жетті. Айналамда жастар өте көп. Шәкірттерімнің өзі – бір қауым ел. Оған қоса қызмет ететін мекемеде де, өзім мүше түрлі қоғамдық ұйым­дарда да жастар үйіріліп қасымда жүреді. Ақыл-кеңес сұрайды, түрлі бастамаларымен таныстырып, қолдау күтеді, сырымен бөліседі, мұңын шағады… Жасыратыны жоқ, қара­жаттан қысылып қалғанда да қипақтап келіп тұрады.

Осыдан бірер күн бұрын осындай өтініш­пен бір шәкіртім келді. Жалғыз баласы биыл мектеп бітіретін. Солардың мектеп бітіруін салтанатпен атап өту үшін ата-аналар 100 мың теңгеден жинамақшы екен. Шошып кеттім. Ол ақшаның бәрін не істейтіндерін сұрадым. Бәрі есептеулі екен: мектепке пәлен теңгелік, директорға түген теңгелік сыйлық, сынып жетекшісіне, банкетке, асабаға, фотограф пен операторға, түлектерді лимузинмен қы­дыртуға… Астапыралла! Мектеп бітіру кеші емес, үйлену тойы сияқты ғой мынау. Лимузині несі? Бас-басына сыйлығы несі? Мұндайды кім шығарып жүр екен?

Шәкіртіме Білім министрлігіне хабар­лаймын деп едім, «балама күн көрсетпейді ғой» деп жыларман болды. Сөзінің жаны бар. Расында да, мектептегі сорақылықтар, оқушылардың қатыгездігі туралы бүкіл желі шулап жатқан жоқ па? Ал енді мұндай да­рақылықты қалай тоқтатуға болады? Жалғыз-жарым ата-ананың қолынан келмейтіні белгілі. Тек қоғам боп қарсы тұрсақ еңсеруге болатын, жыл өткен сайын өршіп келе жатқан кесел.

Біз мектеп бітіргенде де соның ұш­қындары болған. 90-жылдардың бас кезіндегі экономикалық жағдай сәл бәсеңсіткенімен, 2000-жылдардан бастап, мектеп бітіру кезінде осындай жөнсіз жарысу белең ала бастады. Ал қазіргі жағдайды өздеріңіз де білесіздер.

Өткен жылдар адам ақылын кемелдендіріп, жан дүниесін рухани байытып, соның нәтижесі ұрпақ тәрбиесінде жақсы үрдістердің қалыптасуына ықпал етеді деп үміттенеміз ғой. Ал ата-аналар мен қазақ мектептерінің қазіргі тірліктеріне қарасаң, мектеп бітіру кешін асаба жалдап, ең қымбат мей­рам­ханаларда тойлап, түлектерді лимузинмен қы­дыртып, мектеп директоры мен мұға­лімдерге қымбат сыйлық табыс етіп, балаларды жылтыраққа, у-шу өмірге бейімдеп, мақ­таншақтық пен дарақылыққа, ысырапшылдық пен даңғазалыққа үйретіп жатқандай… Жас ұрпаққа осы бағытта дұрыс тәрбие беруде Мемлекет басшысының пікірінен Білім министрлігі қорытынды шығаруына, сөйтіп, тиісті пәрмен қабылдауына көп жай бай­ланысты. Мақала басында сілтеме жасалған постта Қарағанды қаласындағы мектеп бітіру кеші туралы айтылған еді. Мен сұрастырып жүріп, Астанадағы бірнеше қазақ мектебіндегі дайындық одан асып түсетінін естідім. Ал сіздерде қалай?

Камал Әлпейісова,
жазушы

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА