Home Жаңалық Жоқ студенттерге стипендия төленген

Жоқ студенттерге стипендия төленген

0
Жоқ студенттерге стипендия төленген

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасындағылар бүгінге дейін білгендерін істеп келіпті. Мұны біз облыстық прокуратураның дәл осы салаға жүргізген тексеруінің қортындысын қолымызға алған соң, амалсыз айтып отырмыз. Мәселен, жыл сайын Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжі мен Аягөз қаласындағы политехникалық колледжіне және Өскемен қаласының екі бірдей осындай оқу орнына заңсыз гранттар беріп келген.

Ал колддеж әкімшілігінің әрекеттері тіптен есіргендік емес пе деп қаласыз. Студенттердің жатақханада тұру бағасына, мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшарттың жалпы сомасына енген коммунальдық қызметтер үшін шығындарды енгізген. Өзге өңірлерден келген студенттер жатақханамен қамтамасыз етілмесе де бөлмелерді үшінші бір адамдарға  жалға берген. Жұмыс орнымен қамтылған түлектердің саны туралы мәліметтерді жасанды түрде көбейтіп, жалған ақпарат таратқан. Білім ошағын бітірген түлектердің жұмыс орнын табуына көмек көрсетуі тиіс болса да, ол мәселеге тіпті мән бермеген екен.

Күршім колледжінде 12 студентті жалған оқытқан. Яғни аты бар да, заты жоқ. Оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері оқу сабақтарын өткізу кезінде теориялық және практикалық оқу журналдарында осы студенттерге баға қойған. Тіпті оларды аралық аттестаттауға жіберген. Курстан курсқа көшірген. Осы көзге көрінбеген студенттерге стипендия төленіп келген. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 8 миллион теңгені құраған. Қазір осы фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Көптеген колледждерде мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде конкурстық рәсімдер сақталмаған. Мемлекеттік гранттар заңсыз тағайындалып, мұғалімдердің біліктілігіне мән берілмеген. Яғни біліктілік талаптарына сай келмеген.

Мемлекет қазынасындағы қаражатты мақсатсыз жұмсау фактілерінен басқа мемлекеттік мүлікті заңсыз жалға беруден табыс табу деректері де анықталған. Мысалы, халық әртістері ағайынды Абдуллиндердің атындағы Шығыс Қазақстан облыстық өнер училищесінің аумағында көп уақыт ақылы автотұрақ қызметін көрсетіп келді. Заңсыз екені анықталған соң, прокурордың ұсынымымен автотұрақ жабылып, оның орнында спорттық алаң салу жоспарланды.

Осы аталған және өзге де заң бұзушылықтарды анықтаған Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, барлық тексеру нәтижелері бойынша прокурорлар 43 миллион теңгедан асатын залалды анықтады. Қадағалау актілері бойынша бүгінгі күнге дейін оның 36 миллион теңгесі өндіріліп алыныпты. Тәртіптік жауапкершілікке 60, ал әкімшілік жауапқа 4 қызметкер тартылған.

 

Жанболат Сәнияз
“Жасалаш” газетінен

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here