27.04.2024

МҰҒАЛIМДI БАЛАНЫҢ КӨЗIНШЕ ЖАМАНДАУ, ӨЗІҢ ОТЫРҒАН БҰТАҚТЫ КЕСКЕНМЕН БІРДЕЙ!

Облыстық «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң биылғы 31 қазан күнгi санында жарық көрген «Академиялық адалдық, оны оқытушы да, оқушы да бiлуi тиiс» деген мақала маған үлкен ой салды. Ошақтың үш бұтындай ата-ана, бала және мектеп үштағаны – бiрiн-бiрi сүйейтiн одақ. Олар бiрiге отырып қоғамның салиқалы, салмақты мүшесiн қалыптастырады. Ақыл-есi бүтiн, он екi мүшесi сау бала мектеп қабырғасында жүрiп, ұстаздар берген бiлiм мен тәрбиенi ата-анадан алған өнегемен ұштастыра отырып, оны бойына сiңiрiп, толыққанды орта бiлiм алып шығуға мiндеттi.

Алайда, мақалада айтылғандай, отбасындағы баланың тәрбиесi мен бiлiмiне алаңдауымызға негiз бар. Бүгiнгi мектепке ең бiрiншi кезекте ер мұғалiмдердi көптеп тартуымыз керек. Әр отбасында әкенiң алар орны ерекше, оның жүрiс-тұрысы, сөйлеген сөзi, ақыл-кеңесi әрбiр ұл мен қыз үшiн өте маңызды. Ал, әкесiз бала тәрбиелеп отырған отбасында барлық материалдық қажеттiлiктер қамтамасыз етiлген күннiң өзiнде де бәрiбiр әке орны үңiрейiп тұрады.

Сонау алпысыншы-жетпiсiншi жылдары дәл осы мәселе КСРО ғалымдарының алдынан шыққан болатын. Сол уақытта Мәскеудiң тапсырысымен балабақшалар мен мектептердiң бастауыш кластарына ер тәрбиешi, ер мұғалiмдер көптеп тартылып, олар туралы кинофильмдер түсiрiлiп, насихат жұмыстары қызу жүргiзiлдi. Бiздiң «Алпамыс мектепке барады» фильмi де сол идеологияның әсерiмен дүниеге келген туынды деп ойлаймын. Қарап тұрсаңыз, отбасында анасы, әжесi, балабақшада апайы, бастауышта апайы, сынып жетекшiсi, тiптi мектеп директоры, оның орынбасарлары тек әйелдерден тұратын мектептердiң саны басым. Ұл баланың әлжуаз, жасық, кiнәмшiл, өкпелегiш, не болса соны сөз етiп салғыласа кетулерiнiң бiр себебi осы болса керек. Сондықтан ұстаз рөлiн, оның iшiнде ер мұғалiмдердiң сапасы мен санын арттыру ұлттық кодымыздың жақсаруына зор мүмкiндiк берер едi. Олардың ең бiрiншi кезекте жалақысын көтеру қажет. Өйткенi, олар әрбiр отбасының асыраушысы. Екiншiден, қазiргi таңда ата-аналардың бала алдындағы жауапкершiлiгi көп жағдайда талапқа жауап бермейдi. Аптасына, айына деп айтпай-ақ қояйын, тiптi, тоқсанына бiр рет мектепке бармайтын, ұл-қызының сабағының жағдайынан, тәрбиесiнен, мектеп қабырғасындағы күнделiктi тiршiлiгiнен бейхабар ата-аналар аз емес. Оларды арнайы шақыртып, жұмысына хат жазып келтiре алмаймыз. Сол ата-аналар баласының сынып жетекшiсiн, мектеп психологының аты-жөнiн де бiлмейдi. Соңында ҰБТ кезiнде баласының төмен баға алып еңiреп жiбергенiнде қосыла жылап тұрғанын ғана көресiз. Бiрақ, ол кезде бәрi кеш болады. Сол жағдайға бармау үшiн ата-ана баласы мектеп табалдырығын аттаған күннен бiрге аттап, бiрге аяқтап, мұғалiмдермен қоян-қолтық байланыс жасағанда ғана оның айтарлықтай нәтижесi болады.

Кейбiр ата-аналарға арнайы жолығып, осы мәселенi көтергенiмiзде «жұмыстан қолым тимейдi» дегендерi де болды. Олардың басшыларына да жолықтық. «Бiз басшы болғанымызбен ең бiрiншi кезекте ата-анамыз. Сол себептi «ұл-қызымыздың сабағын бiлейiк, мектепте ата-аналар жиналысы бар едi. Бiр-екi сағатқа жiберiңiзшi» деген ата-ананы осы уақытқа дейiн көрмеппiн» деп ағынан жарылған мекеме басшыларына рахмет айтамыз. Демек, кейбiр ата-аналардың орынсыз сылтауы басқаға емес, ең алдымен өзiне жасаған қиянаты.

Өкiнiшке қарай, бiздiң көпшiлiгiмiз баламызда проблема бола қалса, оны ұстаздан, мектептен көремiз. Өзiмiз сол мектепте оқыдық, сол жерде бiлiм алдық. Сонда қай мұғалiм балаға терiс тәрбие берген едi?! Дастарқан басында, баланың көзiнше мұғалiмдердi, оның отбасын сөз етiп, iске алғысыз етiп жамандау түсiнген жанға ұрпақты апатқа әкелудiң төте жолы. Ұстазды баланың көзiнше жамандау, өзiң отырған бұтақты кесумен бiрдей!

Тоқсаныншы жылдары бiлiктi, бiлiмдi ұстаздар күнкөрiстiң қамымен базарға, айлығы қомақты өндiрiстер мен компанияларға кетiп, орындары ойсырап бос қалды. Кадр таңдауға, конкурс арқылы iрiктеп жасақтауға мүмкiндiк болмады. Осы тұрғыдан алғанда бүгiнгi таңда мектептерде бiлiм беру жүйесiндегi академиялық адалдық қағидатын қолға алу керек. Әрбiр мұғалiм, оқушы өз мiндеттерiне адал болуы тиiс. Мұғалiм бiлiмiн арнайы оқу орындарында көтерiп, шыңдап, iзденсе, оқушы ұстазынан өзiне керектi бiлiм мен тәрбиенi алса үлкен жетiстiктерге жетерi анық. Көшiрiп, ұрлап алған бiлiм не бередi?

Бiздiң ауданда бiршама мектептерде ата-аналар бөлмесi бар. Онда психологпен кеңесуге, баланың ұстаздарымен әңгiмелесуге барынша жағдай жасалған. Ата-аналар комитетi өткен оқу жылында «Ғибрат» атты кiтап шығарды. Онда газет бетiне жарияланған тәрбие, тәлiм, әдеп жөнiндегi мақалалар топтастырылған. Аудан мектептерiнде жыл сайын жаңа оқу жылы басталған соң белсендi, iскер, мектеп басшылығына бағынышты емес, қоғамдық жұмысқа қабiлеттi деген азаматтардан ата-аналар комитетiнiң төрағаларын сайлаймыз. Солар арқылы мектептерде пiкiрлесу, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi, мектепке келмейтiн ата-аналармен жұмыс тұрақты жүргiзiлiп тұрады. Бiздiң жұмысымызды облыстың басқа аудандары үлгi ретiнде сұратып алдырды. Сөз соңында айтарым, мұғалiм, ата-ана, шәкiрт ынтымақта, кеңесе отырып жұмыс iстесек, алар асуымыз да көп болар едi дегiм келедi.+

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, Созақ аудандық ата-аналар комитетiнiң төрағасы.

«Оңтүстiк Қазақстан» газетi

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА