Home Жаңалық ҰБТ жауаптарын сатып алғандар төмен баға алып қалуы мүмкін – Ұлттық тестілеу орталығы

ҰБТ жауаптарын сатып алғандар төмен баға алып қалуы мүмкін – Ұлттық тестілеу орталығы

0
ҰБТ жауаптарын сатып алғандар төмен баға алып қалуы мүмкін – Ұлттық тестілеу орталығы
 «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бұған дейінгі жылдардағыдан басқаша болғалы тұр. Министр Ерлан Сағадиев ішінара өзгертулер жасау арқылы ҰБТ-ның форматын жаңа жобаға айналдырғысы келетін сияқты. Бұрын мектеп бітіруші түлектер тек ҰБТ тапсырып, соның нәтижесінде аттестат алып, оқуға түсу мүмкіндігін шешетін болса, енді мемлекеттік қорытынды аттестация мен ұлттық тестілеудің ара-жігі ажыратылды. Сондай-ақ, түлектер тестілеу кезінде екі бірдей пән таңдап, тапсыра алады. Сонда бас-аяғы бес пән бойынша сұрақтарға жауап беріп, оқу грантын жеңіп алуға тырысады.
 

Пән көп болған сайын оған дайындалатын уақыттың да көп жұмсалатыны заңдылық. Бірақ, ұлттық тестілеу орталығының мамандары екі таңдау пәні арқылы талапкердің грантқа түсіп кету мүмкіндігі артады деп отыр. Және қазақ тілі пәні ұлттық тестілеуден алынып тасталған. Осы жағдай қоғамда үлкен шу да тудырған болатын. Мемлекеттік тіл сабағының негізгі пәндерден сырғып түсіп қалуын түсінбегендердің даурықпасы әлі күнге басылмай тұр. Бірақ, биліктің бұған да айтар уәжі бар. Қазақ тілі түбегейлі аластатылған жоқ, ол тек қорытынды аттестацияның аясына жіберілді дейді мамандар.

Жаңа талаптар бойынша, қазақ тілінде білім беретін мектептердің түлектері орыс тілінен емтихан, ал өзге тілде тәлім үйрететін оқу ордаларының түлектері қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндеттелген екен. Қазіргі таңда аталған қорытынды аттестация өз мәресіне жетіп те қойды. Осыған дейінгі асқақтап тұрған мәртебесінен айырылған «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың 93,5 пайызы өз білімдерін дәлелдеп шығып қойыпты.

Ал, 29 мамыр мен 9 маусым аралығында Қазақстанның бүкіл мектептерінде аттестациялау науқаны өтті. Оған жалпы саны 5180 мектептен 125 482 оқушы қатысқан екен. Барлық емтихан мектептің өзінде өткізілген. Бұл аттестацияда да 5 пән бар, оның төртеуі міндетті болса, біреуі таңдау пәні бойынша. Түлектердің 35 419-ы үздік, 58 347-і жақсы, 31 603-і қанағаттанарлық деген баға алып, мектепті көтеріңкі көңілде аяқтай алған. Тек 113 адам қойылған үдеден шыға алмаған екен. Бұл Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі таратқан су жаңа статистика.

Осы мемлекеттік емтихан барысында мектептерде, әсіресе, орыс және басқа тілде оқытатын оқу орындарында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеді ме екен деген сауал қоғамда туындағаны белгілі. Бұл туралы әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары көп айтты.

«Бұл әрине, сол мектеп басшылығының ар-ұятына байланысты мәселе» дейді Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов. Және емтихандағы сауалдар да Астанадан сол күні ғана жеткізіледі екен. Сондықтан мектептердегі аттестат алу үшін ұйымдастырылатын емтиханның әділ болғанына сенуге болатын секілді.

«Алғашқы мектепте өтетін емтихан мен ҰБТ-ны көпшілік адам шатастырып алып жатты. Ол дұрыс емес. Қазір қорытынды аттестацияны тапсырғандар тек аттестат алады. Сосын қорытынды аттестацияда бір пәнді таңдайды дедік ғой, ал ҰБТ тапсыруға келген кезде басқа мамандыққа қызығып, соған қатысты пәнге жауап беремін десе де құқығы бар. Ешкім оған «сен мектепте мына пәнді тапсырып едің, енді неге мынаны тапсырып жатырсың» деп шеттетпейді. Яғни, оқушы тест кезінде қай пәнді толтырса, біз соны санаймыз», – дейді Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

Ал, жоғарыда айтып өткен екі бейіндік пәннің (таңдау пәні) пайда болуы талапкер үшін артықшылыққа алып келеді дегенді түсіндіре отырайық. Мамандардың айтуынша, егер оқушы математика мен физиканы қатар таңдайтын болса, онда 54 мамандыққа өтініш жазатын мүмкіндік туындайды. Осы сала бойынша 175 мамандық оқытылады екен. Демек, физика мен математиканы таңдау арқылы талапкердің 40 пайыз оқу грантын ұтып алу мүмкіндігі бар деген сөз. Ал, бұрын жалғыз таңдау пәнімен мұндай мүмкіндік аз болатын еді.

Сондай-ақ, ҰБТ бір реттік тапсырумен тәмамдалып қалмайтындығымен де биыл қызық болғалы тұр. Алғашқы тестілеу сынынан өте алмай қалған талапкер тамыз айында тағы да тест тапсырып, студент атана алады. Бірақ, тек ақылы жүйедегі оқу орнына түседі және бір семестр ғана оқиды. Одан кейінгі үшінші мүмкіндік наурыз айында қарастырылған. Талапкер-студент ерте көктемде тағы да тест тапсырып бағын сынауы тиіс. Егер, лайықты межеден асыра балл жинай алып жатса, онда білім грантын еш даусыз иеленбек.

Ескі жүйе бойынша ұлттық тестілеуден өте алмаған талапкерлер не бір жыл бойы ауылда жүретін, не болмаса шетелдің оқу орындарына тапсырып көретін. Биыл осындай қиыншылықтың алдын алып отырмыз дейді министрлік.

Осыдан бірнеше апта бұрын КТК телеарнасының жаңалықтар қызметі интернет парақшаларда тест жауаптарының сатылып жатқаны туралы ақпарат таратты. Аталмыш ақпаратқа сенсек, интернеттегі топтардың артында тұрған пысықтар талапкерге қажетті 140 балды жинап беруге тас-түйін дайын екен. Бірақ, олар дайын болса, оларға жауап беретін мекеменің де айтар сөзі бар.

«Интернетте, әлеуметтік желі парақшаларында жүрген ҰБТ жауаптарын сатамыз деген топтардың барлығын ұйымдастырушылар қып-қызыл алаяқтар екені анық. Жалпы, тест сұрақтарының базасы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңына» кіреді, сол заңның шеңберінде қорғалады. Оларға еш сенудің қажеті жоқ. Оларға сенген балалар құр босқа ақшаларынан айырылады және еш дайындалмай ертеңгі күні төмен баға алып қалуы мүмкін. Біз дайындаған тест сұрақтары ешкімнің қолына топ етіп түсетіндей жағдайда емес, біз бәрін құпия базада дайындап жатырмыз. Тіпті, өңірлерге де әлі жіберілмеді. Ұлттық бірыңғай тесттердегі дұрыс кодтарды ешкім таппайды», – дейді Ұлттық тест орталығының мамандары.

Айтпақшы, биылдан бастап мектеп директорларының да рейтингі ҰБТ-ға тәуелділіктен арылады. Бұрын аудандық, облыстық білім бөлімдері директорлардың жұмысы мен еңбегін осы тест нәтижесіне қарап бағаласа, енді ондай жүйе білім саласынан біржола алынып тасталмақ. Әрине, директор мектеп басшысы ретінде балалардың ұлттық тестілеуге сапалы дайындалуын қадағалап, оларға барынша жақсы жағдай жасауы тиіс. Бірақ, ҰБТ көрсеткіші түптеп келгенде директордың беделі мен абыройына әсерін тигізбейді.

Осы ретте қоғам белсенділерінің де пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік. Көпшілігі ҰБТ сауалдары функционалдық сауаттылыққа, логикалық ойлануға бағытталса дейді.

«Мен ҰБТ құрылған сәттен бастап екі қателікке бой алдырып қойғанын айтқым келеді. Бірі – сұрақтардың шикілігі, екіншісі – қаптаған статистика мен санның көп болуы. Баланың анау қай жылы бүйтті, сүйтті дегенін сартылдатып жаттағанынан пайда бар ма? Оның бала ертең-ақ ұмытып қалады. Бала сұрақты оқып, оған жауап беру барысында сол сауал мен жауапты кейін кәдеге жарататындай, одан тағылым мен тәрбие, білім алатындай болуы керек. Сұрақтар мейлінше логикаға негізделген, ақыл-ойды жетілдіруі үшін жасалған болса, онда ҰБТ-ның пайдасы көл-көсір болар еді. Меніңше, онсыз да қалай мектеп бітіремін, оқуға қалай түсемін деп жүрген баланың басын санаға сыйымсыз ауыр сұрақтармен ауыртудың қажеті шамалы-ау. Мен өзім жоғарғы оқу орындарында сабақ беремін ғой. Үнемі 125 балл жинап келгендерге күмәнмен қараймын. Өз көзқарасым бойынша шын білімімен жинағандар аз», – дейді Қуандық Шамахайұлы.

Енді бірер күндерден соң басталатын Ұлттық бірыңғай тест сынына қазақстандық мектептер соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Оқушылардың көз ілмей кітап кеміріп, мұғалімдердің алаңдаушылықпен уақыт өткізетін сәті де таяу. Әсіресе, биылғы жаңашылдыққа үйренуге біраз уақыт жұмсалды. Өйткені, жыл ортасына жеткенде енгізілген бірқатар өзгерістерді мектеп басшылықтарының өзі енді-енді сіңіріп, оқушыларға түсіндіремін дегенше жаз да жеткен. Осы ретте Астана қаласындағы озық білім беруімен ерекшеленіп келе жатқан №73 физика-техникалық лицейінің директоры Құралай Байтәжіковамен пікірлесіп көрген едік.

«Пән неғұрлым көбейген сайын, баланың оған дайындалу уақыты да көбейеді. Бұл балаға да оңай емес. Бірақ, енді болашақта жақсы маман болып шығуы үшін бір-біріне жақын екі профилді пәнді таңдап алу өте дұрыс дер едім. Өйткені, университетте бәрібір сол биология мен химияны да оқиды. Демек, мектеп бітіру кезінде көрген қиындығы ертең университетке түскен кезде өзіне оңай болады. Әрине, бірінші жыл болған соң оның түсінбейтін тұстары да, қиындықтары да көп болады. Дегенмен алдағы уақытта бұл жаңа формат та бір ізге түсіп, қалыптасып кетеді деп ойлаймын. Мен өз мектебімнің оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Бастапқыда олардың өзінде де, ата-аналарда қорқыныш болды. Тіпті, оқушы түгіл өзіміздің де бойымызда үрей пайда болды. Бірақ, біз ұстаз ретінде оларға барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп, арнайы дайындық кестесін жасап, тестте жоғарғы балл алудың қамын жасап жатырмыз», – дейді Құралай Байтәжікова.

Ақжігіт Қазбек

Baq.kz 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here