26.04.2024

Біздегі мұғалімдер кімнің қолжаулығы?

Жұмысқа қабылдану жүйесі жаңарды ма?

«Мұғалім — мектептің жүрегі», — деген екен Ы.Алтынсарин. Қандай мұғалімді мектеп өзінің жүрегі етіп алып отыр, яғни қолында дипломы бар маман жұмысқа қай жүйе бойынша қабылданады? Кешегі Кеңесті қанша жазғырсақ та, ол кезеңнің де өзіндік жақсылықтары болғанын мойындауымыз керек. Алқа-қотан отырып, тың пікірлерін ортаға салған салиқалы ұстаздар бұл жайды да дәлелді салыстырды. Сол кезде мұғалімнің қолында дипломы, зор тәжірибесі бола тұра жұмыссыз қалу оқиғасы тіркелмепті. Себебі мұғалімді жұмыспен қамту жүйесі жолға қойылған-ды. Сондықтан да «бәлен мектепте маман жоқ» деген желеумен ол кезде ғайыптан тайып қойшының мұғалім болып кету хикаясы ілуде бір кездескен. Тоқырау жылдары бұл жүйе құрыды. Қаншама мұғалім сол нарықтық кезеңде дипломын сандық түбіне жасырып, өзі тірлік талабымен базарға ет сатуға шығып кеткені тағы ақиқат. Осылайша интеллигенцияның қарабайырлану үрдісі етек алды. Ал қалған қалта қамын емес, болашақ жайын ойлаған, жүрекжұтқан мұғалімдер жұмысқа орналасуға деген мемлекет тарапынан қамқорлық болмаған соң, өзіндік әрекеттер жасайды. Мұғалімді жұмысқа оқу мекемесінің басшысы қабылдау құзіретіне ие болды. «Оңтайына жаққан» мұғалімді мектеп басшысы қызметке алады, сол қырына ілінсе, қайта жұмыстан шығарып тастауға құқылы. Кеңес кезінде мұғалімді жұмыстан шығарудың да жүйесі, заңдылығы бар еді. Қазір ұстаздың бір-ақ сәтте бір ғана тұлғаның ықпалымен жұмыстан кету дерегі көп. Ал бүгін мұғалім түйіндемесін алып, мектеп директорының алдына барады. Ол оны шынында шолып шығып, оң шешім қабылдаса жақсы. Өйтпеген жағдайда мұғалім жұмыссыз қалмаудың амалын жасап, «пара» деген пәленің «құдіретіне» жүгінеді. Міне, қазіргі мұғалімді қызметке қабылдау жүйесінің сипаты осындай. Бұдан еліміздегі барлық мұғалім басшыларға пара беріп жұмысқа орналасады деген біржақты пікір тумауы керек. Еш түйіндеме, қандай да бір қызыл диплом көмектеспеген жағдайда, мұғалімнің жұмысқа қабылдану үшін «көк қағаздың» көмегіне жүгінетіні, одан бағзы бір басшылардың бас тарта қоймайтыны түсінікті біздің қоғамда. Қазіргі мұғалімдерді жұмыспен қамту жүйесінің әлсіздігінен мұғалім қалтасын қағып тұрып, ұстаздық өмірін тәлтіректеп бастауға мәжбүр кей жағдайларда. Дөңгелек үстелге арнайы келген аға буын ұстаздар өздерінің сол кезде жолдама арқылы еңбек жолын еш кедергісіз бастағандарын айтты. Тек жаңа заман ұстазы былайша ерекшеленеді екен:
Катиева Балнұр Дәулетқызы, мектеп мұғалімі:
— Мен қолыма диплом тие сала, жұмыс іздеу қамына кірістім. Қазір еңбек етіп жүрген мектебіме түйіндеме тастадым. Мектеп директорымен еш таныстығым болмағанын ерекше атап өткім келеді. Мектепке қажет болғандықтан, түйіндеме негізінде мені жұмысқа шақырды.
Міне, осылайша Балнұр ұстаз өзінің білімі арқасында ұстаздық өмірін сәтті бастағанын мақтанышпен айтты. Тек бұл жайт барлық мұғалімдерге бірдей тән емес екені бүкпесіз шындық. Сондықтан мұғалімді жұмысқа қабылдау жүйесінің заңды түрде жолға қойылып, жандануын қолдап пікір білдірісті ұстаздар.

Ұстазға жүктелген жауапкершілік қандай?

Мұғалім — болашақ бағбаны. Мұғалім қағидасында оқыту мен тәрбие беру — егіз үрдіс. Атап айтқанда, бірінші кезекте мұғалімнен талап етілетіні — білім сапасы. Себебі он екі жылдық білім жүйесіне көшу негізінде орта және жалпы білім беретін мектептердің маңызы артып отыр. Білім сапасын арттыруға қатысты көптеген бағдарламалар, мектеп аясында атқарылып жүрген іс-шаралар жетіп артылады. Соның басы-қасында ұстаз тұрады.
Яғни білім сапасын көтерудегі негізгі бастаушы тұлға ұстаз екені рас. Сапалы білім мен оның берілу барысының тексерілуі хақында ұстаздардың айтқаны мынадай:
Абирова Жанатгүл, Алматы қаласы, №7 Оқушылар үйі директорының орынбасары:
— Қазіргі кезде оқушы тек мектептегі біліммен шектеліп қалып отыр. Шәкіртті түрлі үйірме, қосымша сабақтарға тарту үдерісі әлсіз. Сосын біздегі білімдегі басты кемшілік — жалпы білім береміз де, баланың бейімі бойынша бағыттап оқыту жағы нашар.
Опабекова Фарида, мектеп мұғалімі:
— Қазіргі мұғалімде бала оқытатын уақыт жоқ, себебі ұстазға жүктелген міндетте шек жоқ. Ұстаз тек оқыту мен тәрбие беруді міндет етіп алса, мүмкін, бедел деп қыңқылдамас та еді. Мысалы, жоспарлы түрде келетін тексерулерден өзге қағазға шұқшиып келетіндер тым көп. Айбаты бет қаратпайтын тексерулер білім сапасына кері әсер етіп жүр.

Сариева Күлпаш Ынтымақбайқызы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
— Мұғалім қазіргі таңда түбегейлі өзгеру керек. Ол тоқтаусыз ізденіп, ерінбей еңбек еткенде, білім сапасы пайда болады. Ал қазір отандық білім жүйесінде ұстаздар ескі жүйеден ажырағылары келмейді. Жаңа дәуірдің мұғалімі білім бермейді, оқушыға бағыт-бағдар береді. Шайнап берген тамақ ас болмайды, сол сияқты «оқушыға білім беремін» деп жаттанды жолмен жүретін мұғалімді қазіргі оқушылар қабылдамайды. Оқушы үшін өзінің ізденгені әлдеқайда артық, әлдеқайда санасына сіңімді.
Ешімбетова Забира Бердібекқызы, Абай атындағы ҚазҰПУ, филология және көптілді білім беретін институтының оқу-әдістемелік бірлестігінің төрайымы:
— Қазақстан мұғалімдерін бір-ақ сәтте білім беруші тұлғасынан алып тастап, тек бағыттаушы орынға қойса, оқушылар түрліше қабылдауы мүмкін. Себеп біреу: мұғалім жалпы бағыт берсе, өз бетімен іздене қоймайтын оқушылар қайтпек? Сондықтан ұстаздың білім берушілік рөлі алынып тасталмайды.
Ордағұлов Иса Біләлұлы, Алматы қаласы, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру «Өрлеу» ұлттық орталығының оқытушы-тренері:
— Кеңестік кезеңнен қалған мұғалімнің басты кейіпкер болу жүйесі қазір жеміс бермейді. Мәселен, кеңестік дәуірде «үздік» деген бағаны тек мұғалімнің айтқанын сол күйі қайталаған оқушыға қойды. Ал жаңа жүйе бойынша «үздік» деген баға мұғалімнің берген бағыты бойынша өте терең ізденіп, өзіндік талдау жасаған оқушыға ғана қойылады. Осыдан екі жүйенің қайсысы өнімді көбірек беретінін бажайлай беріңіздер. Иә, тек жалаң біліммен ел көкжиегін кеңейту мүмкін емес. Сондықтан мұғалімнің келесі міндеті — оқушыларына елжандылық қасиет сіңіріп, отаншылдық тәрбие беру. Бұл ретте де мұғалім үнемі тексеру барысына ұшырап отыр. Ең өкініштісі сол, оқушының тәрбие ерекшеліктерін тексеріп келуші тұлғалар тек құжаттарға қарап өлшеп, кеседі.
Катиева Балнұр:
— Жас маман болсам да, тексеру кезінде ешқандай қысым көрген емеспін. Ұстаздығымның алғашқы жылдары маған бекітілген тәлімгердің көмегі көп тиді.
Абдрахманова Кулсин Халыққызы, Абай атындағы ҚазҰПУ, профессор:
— Тексерудің шектен шыққандығынан тол-тыруға тиіс құжаттар саны артуда. Қағазбастылық қасіреті білімнің қай деңгейін болмасын шарпып отыр.
Опабекова Фарида:
— Менің бір ішім ашитыны — сол саны көп, қажеті жоқ құжаттардың қайсыбірінің толтырылуға тиіс стандарты жоқ. Мен өзім тәжірибелі ұстаз болғандықтан, басқа мектептерге тексеру комиссиясының құрамында болдым. Содан бір құжатты әр мектеп түрліше толтырады екен. Құжат толтырудағы бірізділіктің жоқтығы «тырнақ астынан кір іздеп келетін» кейбір тексерулер үшін жемқорлықтың жалынын жағуға аса оңтайлы жағдай туғызып отыр.
Сариева Күлпаш:
— Мен айтар едім, ең алдымен мұғалімді тексеру үшін, сол тексеріп келетін тұлғалар сабақ берсін, өз шеберліктерін көрсетсін. Тек содан кейін ғана мұғалімді тексерсін.
Абирова Жанатгүл:
— Бізде факультатив сабақтың журналы болады. Соны толтыру ретін тексеріп келген бір комиссия құптайды, енді бірі жоққа шығарады. Мен өзім сол журналдың толтырылуының стандартын іздеп, еш мәлімет таппадым. Міне, ел болашағы — өрендеріміздің бойына қандай қасиеттерді тоғыстырғаны құжаттан «мәлім болады екен».
Айзат Рақышева:
— Қашаннан бері қазақ өсер баласының болмыс-бітімін қағазға қарап пайымдап еді?
Білім көгіндегі қағазбастылық пен құжат жүргізудегі жүйесіздік ұстаздар қауымын зор әлекке салып жатқанын осы сала мамандары растап берді. Қағазға қарап «білім болашағын болжайтын» кезге тоқтау салар күш бар ма екен?!
Мұғалімнің оқыту мен тәрбие беруден басқа еш заңда жазылмаған міндеттері бар. Олар төмендегідей:
Біріншіден: әр оқу жылында үш рет мұғалім 6-18 жас аралығындағы балалардың оқумен қамтылуын, олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына зерттеу жасап, мәлімет береді. Бұл еңбек тегін сипатта жүреді.
Мұғалім көшелерді кезіп, сол аумақтағы балаларды бүкіл отбасымен жазып, соңынан сандық ақпарат береді. Бермеген жағдайда, мектеп әкімшілігі тарапынан жазалау шарасына ұшырайды.
Сариева Күлпаш:
— Осы міндетті өз басым қырық бес жыл мұғалім болғанда әлі күнге түсіне алмай-ақ келемін. Тұрғындардың санын бақылайтын статистикалық бөлім бар емес пе? Көше аралап, халықты тізімдеу мұғалімнің маңдайына қай заң негізінде жазылып берілгені маған тіптен түсініксіз.
Ордағұлов Иса:
— Білім заңының 57-бабындағы «мұғалімнің міндеттері» деген тарауда «Мұғалім қоғамдық шараларға қатысуға құқылы» деп көрсетілген. Мына аталған іс-шараға мұғалімнің атсалысуы сол тараудан негіз алған болар деп ойлаймын.
Опабекова Фарида:
— Сіз айтқан заңда «мұғалім құқылы» делінген. Ал өмірде бізден ешкім «көше аралағың келе ме?» деп сұрамайды, міндеттеп береді.
Ешбір заңда көрсетілмеген мұғалімнің міндеті жалғыз көше аралау емес.
Айзат Рақышева:
Екіншіден: мұғалім кез келген қоғамдық шараға еркінен тыс тартылады. Әкімшілік ұйымдастыратын түрлі сипаттағы шаралардың «еріксіз белсенді қатысушысы» — мұғалім. Бұдан шығатын қорытынды — мұғалімнің демократиялық құқығы аяқасты болып отыр. Қашанғы мұғалім бұлайша «бөтен рөлдерді» ойнай бермек? Қоғамдық шараларға мұғалімнің қатысуы оның құқығын сақтай отырып, ерікті түрде жүзеге асса, тек ұстаздар қауымында ғана емес, қоғамның көптеген қырларында жаңашыл үрдіс көрініс берер еді.

Үшіншіден: саяси науқандарда мұғалім өзіндік тыныстан мүлде ада болады. Мәселен, мектепке кірген алғашқы күннен бастап, өзі қаласа да, қаламаса да еліміздегі беделді партияның мүшесі атанады да, айына партия жарнасын төлейді. Бұған мектеп әкімшіліктерін кінәлау артық, өйткені олар тек жоғарыдан келген «зілді бұйрықты» орындаушы ғана.

Төртіншіден: мұғалімнің ешбір заңда көрсетілмеген, бірақ пешенесіне жазылған тағы бір міндеті — мектеп кабинеттерін жуып-шаю, керек десеңіз, жөндеу жұмыстарын жүргізу. Ұстазының еден жуушының тірлігін жасап, құрылысшының кейпіне енгенін көрген оқушы жүрегінде қандай қастерлеу қалсын?! Жөндеу жұмыстары былай тұрсын, мұғалім сол еңбектің атқарылуына қажет қаржыны өз қалтасынан шығарады (бұл жайт көптеген мектептерде анықталған, тек жария етілмеген шындық). Қай заңдық негізде мұғалім өзінің онсыз да тесік қалтасын жалаңаштап, мемлекеттік деп аталатын мектепті жөндеп, сырлауға міндетті? Мұғалімнің жалақысын теспей сору кімдерге тиімді болып отыр? Жөн-жосықсыз «мұғалім міндетті» деген бір-ақ сөзбен ұстазды жерлеп, оны «әмбебап» етуді тыятын уақыт әлдеқашан жетпеді ме?

Жалақысы жартымды ма?

Айзат Рақышева:
— Қазіргі қоғамда кімнің қалтасы терең болса, сол сый-құрметке ие болатыны жасырын емес. Ал мұғалім жалақысы оны жарытып жүр ме? Жалпы, мұғалім жалақысы оның жүктемесі мен біліктілік санатына тәуелді. Кейінгі ретте жалақы мөлшеріне еңбек өтілі әсер етеді. Бір мысал келтірейін: 2007-2008 жж. мұғалім болып келген маманның орташа жалақысы 28-30 мың теңгені құраған. Арада бес жыл өткенде, мұғалім жалақысы қырық мың теңге мөлшеріне өскен. Ал биылғы аяқталған оқу жылында сол мұғалім 49 мың теңге жалақыға қол жеткізген. Аптасына 18 сағат өтетін мұғалімді өткен мамыр айында он пайыз келіп «жарылқап», үш жарым мың теңгені қосып берген. Сөйтіп, еңбек жолын отыз мың теңгеден бастаған мұғалім араға жеті жыл салып 52,5 мың теңге жалақыға қол жеткізген. Сөз болып отырған Алматы қаласының мұғалімі екенін ескерсек, оның пәтер жалдап тұратыны өз-өзінен түсінікті. Сонда мұғалім аталмыш жалақысын қай жаққа тартады? Тұрмыстық жағдайы төмен мұғалім ата-ана мен оқушы алдында қанша жоғары білім көрсетсе де, «шапанды сыйлайтын» қазіргі заманда оның анық абыройға ие бола алмасы ақиқат.
Білім беру үрдісі кезінде мұғалім тиісті мерзім ішінде оқушы дәптерін тексереді. Дәптер тексерген еңбегі «еленіп», жалақысына қосымша теңге қосылады. Назар аударайық: тәмам болған оқу жылының мамыр айында 18 сағат жүктемесі бар сол мұғалімге дәптер тексергені үшін 2949 теңге төленген. Бұл жанды мысал болғандықтан, сөз болып отырған мұғалімнің жетпіс оқушысы бар екенін ескерейік. Енді есептейік: орташа мөлшерде айына екі рет дәптер тексергенде, мұғалім әр тексерген дәптері үшін 21 теңге алады екен. Бұл күлкілі «21» саны орташа есептен туып отыр. Ал, нақты есепке жүгінсек, дәптер тексеру ақысының мұнан да төмендей берері сөзсіз. Көп қағаздан «көзі сүрініп кеткен» мұғалімнің әлгі дәптердегі қатесі «кең көлемде» талқыға салынады. Оқушы дәптерінің тексерілу сапасы мұғалім үшін қыл үстіндегі мәселеге айналған, себебі тексеру комиссиялары жанды сабаққа кіргенді әлдеқашан қойған, келе сала оқушы дәптері мен сынып журналдарына жармасады. Қағаз шіркінде сөйлеу қабілеті жоқ, сондықтан мұғалім дәптер мен журнал үшін басын бәйгеге тігеді.
Опабекова Фарида:
— Жоспарлы және төтеден келетін тексерушілер сабаққа кірмейді. Келген бойда құжаттарға шұқшияды.
Ордағұлов Иса:
— Негізі, бекітілген заң бойынша, тексеруге баратын тұлғалар өздері жайлы бір ай бұрын мәлімдеп, тексеретін құжаттарының толық тізімін жіберуі тиіс. Сол жариялылық негізде мұғалім де дайын, тексеруші де белгілі бір қалыптан шығып кетпес еді.
Сариева Күлпаш:
— Дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек, оларда мұғалімді төбесінен тырнадай қиқулап тексеру деген жоқ. Франциядағы маған белгілі жайт — ол елде мектеп мұғалімдерінің сабағына тікелей қатысып, бір сабақтан соң асығыс баға берілмейді. Бірнеше сабаққа қатысқан жоғарыдан келген тұлға кең ауқымда пікір жазып, мұғалімнің өзіне ұстатады. Сосын тағы бір жағымды жері — сабағы үздік деп танылған ұстаз Франция көлемінде өз тәжірибесін жан-жақты тарату мүмкіндігіне ие болады. Дамыған елдердегідей емес, бізде «тексерем» деп келетін кей тұлғалардың шектен шығып, мұғалімнің «еңсесін езіп» кететіні жалған емес.
Жоғарыда мұғалім жалақысы оның біліктілік санатына тәуелді дедім. Енді сол біліктілік санатынан сый боп келген теңгелерді сөйлетейін. Ең төменгі санат — ІІ, оған берілер ақы — орташа мөлшерде 2000 теңге. Ал мұғалімнің жүктемесі аз болса, онда бұл екі мыңның да таяздана берері хақ. Міне, осылайша қымбатшылық қысып тұрған заманда мұғалім жалақысы оны жарытпай, керісінше жылатып жүр. Қалтасы таяз мұғалімнің міндеті анау ұзын-ырға. Билік «аш баланың тоқ баламен ойнамайтынын» естен шығарған тәрізді. Бұл заңсыз міндеттерден арылып, жалақысы жетісер заман туа ма біздің мұғалімдерге?

Мұғалім мәртебесі неге мәз емес?

Жалпы, мұғалім беделінің төмендей түсуі тоқырау заманынан басталған. Бірақ кейін әлеуметтік деңгей көтерілсе де, мұғалім мәртебесі сол төмен күйде қалып қойды. Бұдан тек мұғалімдер қауымы ғана зардап шегіп отырған жоқ. Біз сапалы білім мен патриоттық тәрбиені сол қоғамда абыройы аса мәз емес тұлғадан күтіп отырмыз. Қазір тәуелсіздік алғаннан бері ерекше даму жолына түскен еліміз қоғамда өзіндік үні жоқ, ата-ана мен оқушы алдында құрақтай иіліп тұратын, сырт күштерге тікелей тәуелді тәлімгерден көп «жеміс» күтіп жүрміз. Мұғалім беделі мәселесін сөз еткен дөңгелек үстел қонақтары — ұстаздар мен басшылық тараптарының өз айтарлары бар.
Сариева Күлпаш:
— Мұғалім беделі оның білім деңгейіне, біліктілік дәрежесіне, мәдени бейнесіне, еңбек ету ережесіне байланысты деп ойлаймын. Қай кезде де білімді мұғалім сыйлы. Ал мұғалім басшылық немесе ата-ана тарапынан қысым көрген жағдайда заңға жүгінсін.
Абирова Жанатгүл Тәліпханқызы:
— Бүгінгі таңда мұғалімдерді тексеруде тоқтау жоқ. Мұны реттемейінше, мұғалім беделі биіктемейді.
Ахмедова Раушан Бәкірқызы, Алматы қаласы, мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру «Өрлеу» ұлттық орталығының директоры:
— Мұғалім мәртебесі тек оның жалақысымен өлшенбеуі керек. Ұстаз — үнемі ізденісте, үздіксіз еңбекте жүруі тиіс тұлға. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыруда «Өрлеу» ұлттық орталығының рөлі айрықша. Бұл жерде мұғалім үш айлық курстан өтіп, оқытудың жаңашыл технологиясын терең меңгереді. Мұғалім біліктілігін арттырған жағдайда оның жалақысы отыз, жетпіс және жүз пайызға көтеріледі. Қазіргі уақытта біздің орталықта қала бойынша 175 ұстаз Кембридж университетінің методикасы негізінде жаңашыл үрдісте оқытылып жатыр. Мұғалім абыройы деген тұста айтарым — бұл ретте ата-ананың орны өзгеше. Білім беру мекемелері ата-анамен жұмысты күшейтуі тиіс.
Опабекова Фарида:
— Өмірімнің отыз бір жылы ұстаздықпен өтіп келеді. Соңғы он жылда мұғалім қат-қабат қағазбастылықтың құрсауында қалды. Қағазбастылық мұғалімге көлденеңнен келген індеттей болып отыр. Мұғалім беделін көтеру алдымен оны көпірген көп қағаз қысымынан құтқарудан басталуы керек.
Ордағұлов Иса:
— Мұғалім беделі ең алдымен оның өзіне байланысты. Егер мұғалімнің құқықтық сауаты болса, кез келген жағдайда заңмен қорғана алса, онда артық жұмыс жасап, әуреге түспейді. Қазіргі жаңа заман мұғалімі жан-жақты білікті, барынша білімді, мейлінше мәдениетті болуы шарт. Ал мұғалімнің жазар қағазы мамандығына сай. Ұстаз беделін көтергісі келсе, біліктілігін арттырып, барлық заң негіздерінен мол хабары болу керек.
Катиева Балнұр:
— Жас маман ретінде айтарым — қазір мұғалім зор жауапкершілік алып отыр. Сол мол міндеттен арылу ниетімізде жоқ. Бар болғаны мұғалім қоғамның қауқарлы, әлуетті мүшесі болса екен дейміз.
Ешімбетова Забира:
— Тек мектеп мұғалімі ғана емес, барлық білім беру орындарына ортақ мәселе — қағазбастылық, тыйылмас тексеру. Содан белгілі болғаны — мұғалім еш уақытта өз беделін өзі көтере алмайды. Бүгінгі оқытушылар мәртебесі тікелей билік тарапына тәуелді. Біздің беделімізді арттыру үшін тек жалақы мәселесі емес, демократиялық құқық мәселесі жолға қойылу керек.
Абдрахманова Кулсин:
— Мұғалім беделін көтеру ауадай керек. Мұғалім болашақты аманат етіп алды. Енді сол аманатты аман-сау орындау үшін, қажетті шарттар жасалуы керек. Ұстаз әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандырылғаны абзал. Мәртебе дегенде алдымен ата-ана, үкімет, жалпы қоғам болып мұғалім беделін асыруға қатысты нақты әрекеттерге көшуі керек.
Түйін: А.Байтұрсынов бабамыз: «Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы», — деген екен. Осы аталы сөзді негізге алсақ, беделі төмен мұғалім сол мектептің, мектептегі оқушының жай-күйін бедерлеп отырған жоқ па? Ендеше, мәртебесі төмен мұғалім озық елдермен білім таластыра алатын ұлтжанды ұрпақ бейнесіне кепіл бола ала ма? Ойлануды қойып, нәтиже берер іске көшетін уақыт жетті, Қазақ елі! Мұғаліміңді ұлықтап, оның беделін бекемдеп беріп, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен теңесер күнге анық жету үшін баршамыз болып, ұстазды ширыққан сан түрлі мәселе шырмауынан құтқаруымыз керек!

Айзат Рақышева

http://kazakhstanzaman.kz/

-ЖАРНАМА-spot_img

1 КОММЕНТАРИЙ

  1. Осы мақалада айтылған жайлар қазіргі мектептегі мұғалімнің нақты жағдайын білдіреді. Енді осы айтылған жайларға тиісті мекемелер мен үкімет назар аударып, тездетіп шаралар қолданса, мұғалімнің мәртебесі жоғарылайтыны сөзсіз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА