08.05.2024

Нарсеитова Фатима. Ұстаз сапасы – ұлт болашағы

Бір мысал, қазақтың ай маңдай ақыны, педагогы Мағыжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген еді. Қазақ қашаннан ұстазына өзгеден өр мәртебе силағаны аян.

Тағы бір мысал, Александр Македонскийдің өзі: «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, ал ұстазым Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен. Міне, ұстазын ұлықтаған ұлылар.
Ал біздің бүгінгі күні мектеп мұғалімдерінің мәртебесі өз дәрежесінде ме?
Иә, айтудың өзі ауыр. Парасат иесі мектеп ұстаздарының әлі де әлеуметтік жағдайы жасалмай келеді, ол — шынайы шындық. Әрбір мұғалімнің ар жағында келешек ұрпағымыз, болашақ балдырғандарымыз бар. Өсе келе қазақ елін, туған жерін қорғайтын ер-азаматтар тұрғанын бәріміз де білеміз. Сол себепті, әрбір Қазақстан азаматы ұстаз беделін қоғамда, білім ордасында, тіпті көпшілік орындарында да жоғары қоюы тиіс.
Мемлекет және ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан педагог құқығын қорғайтын Заң қабылдайтын мезгіл жеткен сияқты. Әрине, «Мұғалімнің кәсіби кодексі» атты заңды құжат бар. «Қазақстан мұғалімі» республикалық газетінде (30 қараша 2012 жылы) жарияланды. Мұғалімнің кәсіби кодексінде күтпеген келеңсіз ситуацияларда өз құқығын қалай қорғауға болатындығы нақты, дөп басып айтылмаған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Педагог мәртебесі» деп аталатын бөлімінде педагог мәртебесін көтерудің негізгі факторларының бірі ретінде біліктілікті арттыру мәселесі қарастырылуы тегін емес. Себебі, педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесі оқу-тәрбие үрдісінің сапасын көтеру, өз қызметіне аса жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауға қолайлы жағдай туғызу болып табылады. Бағдарламаның жергілікті жерлерде жүзеге асуына ықпал жасайтын негізгі тұлға – білім беру саласының қызметкерлері.
Естеріңізде болса, 1997 жылғы Елбасының халыққа алғашқы Жолдауында былай деген еді, педагог үшін:
* педагог кәсібінің тартымдылығы;
* мансаптық өсу жүйесін қамтамасыз ету;
* барлық қызмет аясында білім алу, оның ішінде шетелде және кәсіптік құзыреттілікті дамыту.
1997 жылғы жолдауда айтылған мансаптық өсу жүйесін министрлік мықтап қолға ала бастады. Мұғалімдерді шетелде оқыту және кәсіби құзыреттілігін дамыту жұмыстары да өркендеп, жылдан жылға алға жылжып келеді. Оған мысал, Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері», ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетінің Білім беру факультетінің сарапшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы аясында тренерлерді оқыту курстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан педагогтардың мансаптық өсуіне, әл-ауқатын жақсартуға тағы бір мүмкіндік. Бір сөзбен айтқанда, вертикаль бойынша орындалып келеді. Бұл көңіл қуантарлық жағдай екені ақиқат.
Содан кейінгі жылдардағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларындағы мұғалім мәртебесіне бағытталған басты стратегиялық басымдықтарының байыбына баса тоқталайық:
«Мен бiлiм беру жүйесiндегi iстiң жағдайын түбегейлi өзгертудi стратегиялық мiндет санаймын. Елiмiз үшiн мұғалiм мәртебесiн арттыру, ең алдымен, ауылды жерде арттыру ең бiр өзектi мәселе. [2005 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 9-бет]. Бір отбасын асырап, бала санын арттырып отырған да ауыл мұғалімдері екендігі жасырын емес.
2007 жылдан бастап қосымша құн салығының ставкасын 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2 %-ға азайту. 2008 жылдан бастап әлеуметтік салық шамамен 30%-ға азайтылып, ол жұмыс берушілерді жұмысшылар жалақысын өсіруге ынталандыруы керек. [Қазақстан халқына Жолдауы, 2006 ж. «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы»]
Бірақ, азайды деген сөзді көз көріп, құлақ естімеді. Керісінше, мұғалім жалақысы 30%-ға артса, базар бағасы 60-100% -ға артады. Мұғалім жалақысына қосқаны қайсысы?
«Бiрiншi кезекте мұғалiм еңбегiне ақы төлеу мәселесiн шешу шарт» [2002 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 4-бет].
Осы жолдаулардан бері талай арықтан су ағып, талай өзен ағысының суы тартылды. Бірақ, төмен жалақысын қанағат еткен мұғалімдердің әлі де көнкөрісі ауыз толтырып айтарлықтай жағдайда емес. Көше сыпырушы мен еден жуушы жалақысынан аз ғана жоғары. Бірақ, жүйкеге аса ауыр салмақ түсіретін мұғалімдік мамандық иелеріне оңай емес. Мұғалімдер тау қопарып, тас шаппағанымен жүйке жұқаратын жұмыс атқаратындығы белгілі. Негізі, мұғалім жиырма жылдан соң рухани-моральдық тұрғыда шаршай бастайды. Зейнеткерлік жасқа зорға жетеді. Денсаулығы сын көтермейтін жағдайға жетіп, еңбек ету қабілеті төмендейді. Бұл ақиқат. Сондықтан:
*Жылына екі рет (диагнозына байланысты) тегін медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік беру;
* Жасы қырықтан асқандарға 50% жеңілдік коммуналды шығындарды өтеуге жеңілдіктер берілсе екен;
Дамыған елдерде мысалы, Филяндияда мектепте 20-25 жылға дейін қызмет еткен ұстазды сотта куәгер ретінде қабылдамайды екен. Себебі, оның есте сақтау қабілеті төмендеген, бір сөзбен айтқанда «алжыған» дейді екен.
Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсек те – білім беру саласында еңбек ететін педагогтардың басты арманы – өскелең ұрпақты, жас жеткіншектерді ұлттық құндылықтарды құрметтеп, өнегелі тәлім- тәрбиелеуге өз үлестерін қосу. Мұғалімнің ар-ұжданы, абыройы әлі де қоғамда бірінші, алдыңғы орынға қойылмай келеді. Оған көптеген себептер дәлел бола алады. Мысалы:
Бірінші себеп. Аттестациядан өтуі үшін жылына жоқ дегенде екі-үш мақала шығаруы тиіс, яғни, орта есеппен он бес мың теңге. Әрине, жанұя қаражатынан, мұғалім өз қалтасынан төлейді. Еңбегіне қарай өнбегі демекші, ілгеріде мақала жазған кісіге қаламақы төленетін. Ал қазір керісінше, неге?
Сынып оқушыларын баспадан шығатын газет-журналдарға еріксіз жаздырту тағы бір мәселе. Сөйтіп, мұғалім – мектеп директорының тегін қолшоқпарына айналады. Мұғалім бір жүктемеде жұмыс істесе бір журналға, екі жүктемеде жұмыс істесе екі журналға жазылуы тиіс екен. Бұл мұғалім қалтасына қол салу.
Екінші себеп. «Қазақстан ұлы держава болуы үшін бізге күш-қуаты, қажыр-қайраты мол, ақылды да ойлы, дарынды жастар керек» деді өз сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Оқушыға сенім артатын – ең бірінші, өсіріп-өндірген ата-анасы, ал екіншіден, біліммен сусындатқан ұстазы.
Ұлттық бірыңғай тест жыл бойына мұғалімдер шәкірттерін дайындайды. Нәтижесі белгілі болып, балы жетпесе тағы да сапалы білім бермеген мұғалімдер кінәлі. Ата-ананың ащы айқайына, ашынған ашуына, оқушының көз жасына куәгер болатын да мұғалімдер. Қазақтың жалпақ қара сөзімен айтсақ, сынып жетекшісі, пән мұғалімдері қара халықтың қарғысына қасқайып қарсы тұруы тиіс. Осындай олқылықтардың орнын кім толтырады? Сондықтан да мұғалім құқығы арнайы Заңмен қорғалуы тиіс. Мектеп психологі ата-анадан зәбір көрген мұғаліммен де жұмыс жүргізуі тиіс.
TIMSS, PISA, PIRLS халықаралық зерттеулерінің нәтежелерін талдау оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсеткен жүлдегер-елдер Филяндия, Гонконг (Қытай), Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада, Жаңа Зеландия және Шанхай (Қытай) болып табылатынын көрсетті.
1961 жылы Джон Кененди Ю.Гагариннің ғарышқа ұшуына байланысты алғашқы әсерін: «Кеңестер Одағы білім беруде жеңіске жетті», — деген сөздермен білдірген. 40 жыл өткен соң білім беру саласындағы жетістіктерімен Ресей де, Амеркандықтар да емес, мүлде басқа елдер мақтанатын болды. [Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы, А.Қ.Құсайынов, 31-бет]
Үшінші себеп. «Тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей мұғалімнің түсіне қолжетімді тұрғын үй кіреді. Мұғалімнің өз жалақысымен үй алыпты дегенді естімеппіз.
«Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. [2011жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 1-бет]. Кімдерге беріліп жатыр екен? «Ал мүмкіндігі жоқтар жағдайы келгенше ұзақ мерзімді жалға ұстай беретін болады. Осы екі түрлі жолды қарастыруымыз қажет. Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс». [2012 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 1-бет]. Әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болса мұғалімдеріміздің барлығы баяғыда баспаналы болар еді ғой. Бағасы аспандап тұрған қымбат үйлер немесе сапасыз арзан үйлер. Қаланың қиыр шетіне орналасқан ықшам аудандардан беріледі. Әрине, «арзанның құны татымас» дегендей ипотекаға алған тұрғын үйінің қабырғасы қауын піскенше қақырайды. Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған Қазақ елінен, мұғалімнің еңбегі – тұрғын үй алуға татымағаны ма?
Төртінші себеп. Биылдың өзiнде мұғалiмдердiң жалақысын бұрын жоспарланғандай 25 пайызға емес, 30 пайыздан астамға ұлғайту мүмкiндiгi бар деп санаймын» [2002 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 4-бет].
«Өткен жылы тек мұғалiмдердiң өздерiне ғана жалақы 35 пайыздан астам көбейтiлдi» [2004 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 6-бет]. Бүгінгі таңда педагог еңбегін материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін барабар Заңнамалық база мен жүйе құрылмаған. Мұғалім құқығы арнайы Заңмен қарастырылып, қоғам алдында құқығы қорғалуы тиіс. Мұғалім бір-екі қадам шәкіртінен алда болуы үшін әлеуметін көтеру қажет. Коммуналдық шығындарды өтеуге жеңіл-желпі жеңілдіктер жасалуы тиіс.
Білім беру жүйесі минуттармен өлшенеді. Ол рас, 45 минут сабақ. Сол 45 минуттың әр сикунты бағалы. Шексіз құнды.
Мұғалім еңбегін хирург-дәрігер еңбегімен салыстыру керек. Егер медициналық академия профессоры студенттерге операцияны қалай жасайтынын көрсетпей, тек аудиторияда түсіндіріп, оларды өз бетімен науқасқа операция жасауға жіберсе нәтижесі қандай болмақ? [Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы, А.Қ.Құсайынов, 127-бет]
Білім беру саласында дәл солай адам өміріне жауап беретін — мұғалім.
Педагог еңбегінің бір жақсылығы – біреудің баласын оқыту арқылы, елінің өсіп-өркендеуіне аз да болса, өз үлесіңді қосасың. Абыройлы тұсы осы. Жауапкершілігі де, жұмысы да жетеді. Есесіне, жалақысы аз, қағазы көп. Бұл салада жүргендер аптасына 6 күн ғана емес, жексенбіде де жұмысқа «жегіледі». Сол себепті курс тыңдаушыларының арман-тілектерінен мысал келтірейін:
* Сабақ жоспарын А4 ақ қағазына жазып, оны жылда қайталап жазбай, толықтырып отырса қағазбастылықтан құтылар еді. Жазбаны 3-5 жылға дейін қолдануына мүмкіндік беру;
* Оқушының дәптерін тексеруге 8 тг емес, көз майына татитындай төленуі тиіс;
* Сынып жетекшілігі де жоғары көлемде төленсе екен, қазір төленетін 3800 теңгені айтудың өзі ұят. Бір сыныпта 25 оқушы, оның артында 25 ата-ана, әже – атасы бар екендігі ескерілсе;
* Мемлекет тарапынан жылына бір рет болса да көрнекілік құралдарға қаражат бөлінсе;
* Аудандық (қалалық) облыстық, республикалық және бақылау комитетінің тексерулерінің бірыңғай жүйесі жасалса, біркелкі критерийлері болса деген ұсыныстарын айтты.
«Мектеп ішіндегі қағаздарының өзіне кейде үлгеріп, кейде үлгермей жүретін педагогтардың негізгі сабақ өткізу, тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты қызметін талапқа сай өткізетіндігіне күші жете бере ме деген сұрақ туындайды» [«Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы мәртебесі» мақаласы, 1-бет, Қоңырбаева С.С.]
Бап шаба ма, бақ шаба ма? – деген қазақ бабамыз айтқандай кімнің болашағын кім болжайды? Алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді…
Бесінші себеп. Сайлау науқаны қалай басталады, мұғалім – әкімшіліктің «барып кел, шауып кел» қолды-аяқты жұмсайтын баласына айналады. Соңғы уақытта мұғалімдердің әкімшіліктің тегін жұмыс қолы саналатындықтан, науқандық жұмыстардың бәрі мұғалімдердің белсенділігімен атқарылады. Ол ақиқат.
«Мысалы, алаңдардағы митингілер мен үлкен залдардағы жиналыстардың, тіпті, емхана, балабақшаның ашылу салтанатты шеруіне де қатысатын, еріксіз тыңдарманы мен көрерменіне айналуы, саяси науқандардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстардың қандайы болсын мұғалімді іздеп табады» [«Мұғалімнің қазіргі қоғамдағы мәртебесі» мақаласы,1-бет, Қоңырбаева С.С.]
Көше көшені кезетін де көнбіс мұғалімдер. Жалақысына қосымша ақша төленбейді, қаншама бағалы уақытын жібереді. Басты жұмысы бала тәрбиелеу екенін ұмыт қалдырамыз.
Мұғалімнің жеке басына сайлаудың қандай пайдасы бар? Жалақысы көбеймесе, әлеуметтік әл-ауқаты жақсармаса, сайлаған көсемдерінің көлеңкесі түспесе қандай үміт күтпек? Неге мұғалім сайлауға шақырту қағазын үйме-үй таратуы тиіс? Ол заңды ма? Ендеше, заң жүзінде еңбегі өтелсін! Сайлауға қатысқан үміткер жалақы төлесін! Мұғалім жалшы емес қой, немесе әкімшілік қызметін атқаруға тыйым салынсын!
Алтыншы себеп. Бүгінгі таңның таудай талабы – білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеу.
Осы заманғы білім беру және білікті кадрлар даярлау жүйесін дамыту [2007 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 12-бет].
Білім берудің мазмұны, мақсаты өзгерді. Осыған орай, тәрбие жұмысының да жүйесіне өзгерістер енгізілуде.
Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз.[2008 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 2-бет]. Білім сапасы туралы айту әлі де ертерек.
«Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде оқу орындарын тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек». [2008 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 2-бет].
жетінші себеп. Оқушының төлқұжаты – күнделік болса, біліммен сусындататын – оның оқулығы. «Бәрі де мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан біздің 2008 жылдан бастап, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшіп, педагогтардың кәсіптік деңгейін, оқулықтар мен білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруымыз керек. [Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы 8-бет].
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстандық оқулықтар мен қатар математика, жаратылыстану, техникалық ғылымдар бойынша шетелдік оқулықтар қолданылатын болады делінген. Оқулықтың жетіспеушілігі бұл шынында үлкен проблема. Ал оқулықтың мазмұнын ашу, әрлендіру, түрлендіру тікелей мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Оқулық жазуға — лауазымы айшылық жерден айқайлап тұратын, бірақ, практикадан хабары аз, теориялық бір бағытта ғана жұмыс істейтін атақты педагогтар қамтылады. Практикалық бағытта еңбек етіп, суығы мен ыстығына көніп жүрген мектеп мұғалімдері шет қалып қояды. Қан майданның қақ ортасында жүрген мұғалімдер оқулық жазуға қатысса, сосын өз іс-тәжірибесінен өткізсе нұр үстіне нұр болар еді. Оқушының тәрбиесіне мектеп мұғалімі ғана жауап бермеуі тиіс, жалпы ата-ана, қоғам болып тәрбиелеуге тиіспіз. Сонда ғана еңбегіміз өнімді болмақ.
Сегізінші себеп. Ал енді, педагог-тәрбиешілер, қазіргі таңда «мектепке дейінгі мекеменің педагогы» деген атқа сай ма, білімі лайық па? Балабақшада 2-3 жылдай жұмыс істеуіме тура келді. Сонда байқағаным, тәрбиешілердің 70-80% жоғары білімді, мектептің педагогтары жұмыс істейді екен. Себебін сұрастыра келгенде, олар баласын балабақшаға орналастыру үшін мектептегі жұмысын тастауына тура келгендерін айтты. Баланы балабақшаға орналастыру қияметтің қияметі екендігін мен өзім де баламды орналастырғанда байқады. Жекеше балабақшаның айына 35 мың теңгесін кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Соның ішінде педагогтардың қаражаты көтермейді. Балабақша бағасы қыркүйектен бастап 5 есеге қымбаттайды деген сыбыс бар. Сонда қалай болады?
Тоғызыншы себеп. «Біз мұғалім мамандығының беделі мен абыройын қайтаруға міндеттіміз» [2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту бағдарламасы 8-бет].
«Әркім өзі талпынбақ,
Басына бітер бағы үшін» деп Ақтамберді жырау жырлағандай, мұғалімнің мәртебесі ең алдымен мұғалімнің өзіне байланысты. Шын, мәнінде мұғалімнің мәртебесі тек қана оның жалақысын көтеру емес, ең бірінші ұстаз мәртебесі оның интелектуалды, білімдік, жеке-дара ерекшеліктерінің бағалануымен көтеріледі. Ұстаздың абырой-беделі соған байланысты ақталмақ.
Мұғалімнің басты байлығы — білігі мен білімі өмірлік рухани азығы. Осы тұрғыда айта кететін басты мәселе мұғалім аз жалақысын жыл бойына қанағат тұтып келді, енді мәртебесі туралы сөз қозғағанымыз абзал болар еді. Алғаш рет мұғалімнің мәртебесі туралы әңгіме 2002 жылғы тамыз кеңесінде көтерілген. Содан бері мұғалімнің мәртебесін көтеру мәселесі құжаттардағы өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Әрине, сөз жоқ ең бірінші мұғалімнің бетіндегі беделі, ар-ұжданындағы абыройы тікелей өзіне байланысты. Қыр басына өршелеп шығу қиын, ал қыр етегіне құлдилап түсу оңай. Себебі қыр жерге қарай итермелейді, соған қарсыласып қырдың басына шығудың өзі – үлкен ерлік, еңбек. Адамның атақ – абыройы да сол сияқты. Сені қоршаған жандардың сенімінен шығып, олардың саған деген ықылас пейілі жақсы болуы үшін көп уақытты талап етеді.
Жалпы, бұл мәселені әр мұғалім бір сәт өзі ойланып көрсе…
Оныншы себеп. «2015 жылға қарай Ұлттық иннова¬ция¬лық жүйе толыққанды жұмыс істеп, 2020 жылға қарай елде енгізілетін талдаулар, патенттер мен дайын технологиялар түрінде өз нәтижелерін беруге тиіс.
Білім беру саласында Астана қала¬сын¬да құрылып жатқан бірегей оқу орындары – “Жаңа Халықаралық Университет”, “Арнаулы Қор” және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан “Интеллек¬туал¬дық мектептер” секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ». [2010 жылы, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы 10-бет].
XXI ғасыр – білім ғасыры. Қазақстан мемлекеті алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына тек білім мен жоғары технологияларды игеру арқылы жететіні анық. Қазіргі таңдағы мұғалімдер үш тілді жетік білуі тиіс деген міндет те үдеп келеді. Ал оған мұғалімнің қабілеті жете ме? «2015 жылға дейін 10% мұғалімдердің ғылыми дәрежесі болуы тиіс, ал 2020 жылға дейін 20% –ға жетеді» — деді М.А.Әбенов.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық модернизация – Қазақстанның маңызды даму бағыты» деп аталған Жолдауында оқыту үдерісін технологияландыру мәселесін жандандыруды ұсынған. Соған байланысты Кембридж университеті және Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектебі бірлесіп дайындаған іргелі жобаға Республиканың барлық білім ұйымдары ат салысуда. Тұлғаны тәрбиелеуде Кембридж ұсынып отырған жеті модульдік бағдарламаның барлық бағыттарын қолдану өте тиімді. Бұл бағдарламада да әттеген-айлар жетерлік. Мысалы, мектепте жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-де және одан да үлкен. Жасы қырық-елуден асқан мұғалімдердің үш ай сандалып (сабағын видеоға түсіруге) қалада оқуға денсаулықтары көтере бермейді. Ақша үшін сабылады. Жас буыны бекімеген бағдарламаларға жастарды тарту керек, бірге өсіп, бірге дамиды. «Жастай оқыған оқуың — тасқа ойып жазғанмен бірдей, орта жаста оқыған оқуың – құмға жазғанмен бірдей, ал егде тартқанда оқыған оқуың — суға жазғанмен бірдей» дейді халық даналығында. Жас ерекшелігі ескерілсе екен.
Он бірінші себеп. Мемлекетіміздің негізгі ұлтының тілі — қазақ тілінің заң жүзінде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына да бірнеше жыл болғанымен, іс жүзінде толық күшіне ене алмай тұрғаны бәрімізге белгілі. Әртүрлі деңгейдегі мекемелердің іс-қағаздарының толық қазақ тіліне көшпегені, БАҚ-да басқа тілдегі хабарлардың басым болуы, мемлекеттік деңгейдегі жиындардың қазақ тілінде ашылып, ресми тілде жалғасып жататыны соның айғағы. Кез келген халықтың ең басты рухани байлығы – тілі. Тілі бар халық ешқашан жойылмайды. Елімізде 130 астам ұлт өкілдерінің тұратынын ескере келе мемлекеттік бағдарлама барлық тілдердің дамуына бірдей жағдай жасап отыр. Қалалық (ауылдық), аудандық (аймақтық), облыстық және республикалық біліктілікті арттыру орталықтарындағы тәрбие кафедраларының меңгерушілері міндетті түрде қазақ тілін білуі тиіс. Қазақстан — біздің туған Отанымыз. Қазақ ұлтының тәрбиесінің қыр-сырын өзге ұлт өкілдері қазақ болмаса қалай тәлім-тәрбие береді. «Балық басынан шіриді» демекші, тілің бұралып қазақтың тәрбие тағылымын қалай түсіндіресің?! Ең алдымен, тәрбие басында қаны қазақ азаматы отырғаны жөн. Сонда алға жылжимыз.
Он екінші себеп. Мектеп мұғалімдерінің бірыңғай үлгіде тігілген формадағы киім киюі. Ия, керемет! Мысалы, ішкі істер қызметкерлеріне жыл мезгіліне байланысты жылда форма береді. Мемлекет тарапынан былғары аяқ киім де тегін береді. Ал мұғалім өз қалтасынан шығарып тіккізеді. Тағы да мұғалім қаражатына қол салу.
Бұндай келеңсіздікке жол берілмесе екен деп тілейік, әріптестер!
Мұғалімді қолдайтын да қорғайтын да — ҚР Білім және ғылым министрлігі. «Екі кісі ұрысса, бір кісі арашашы болсын» деп ел даналығында айтылғандай білім және ғылым министрлігі мұғалімнің жанашары да қорғаны да арашашысы да болса екен деген үкілі үмітіміз бар. Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған аяулы ұстаздар беделін көтеру өзекті мәселені Тамыз кеңесінде кең ауқымда республика деңгейінде күн тәртібіне қойып, жалпы көпшілік талқысына салғаны жөн болар еді!
Сондықтан сіз болып, біз болып мұғалім деген асыл, ардақты атты қастерлеп, қайтадан өскелең ұрпақ құрметтейтіндей жоғарғы дәрежеге жеткізуіміз тиіс. Мемлекет те, қоғам да, Қазақстанның әрбір азаматы мұғалімге құрметпен қарап, абыройын төмендетпей, мүддесін аяққа таптамай, сыйластықпен, құрметпен беделді етуіміз қажет. «Білім басы — бейнет, соңы – зейнет» дегендей мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне сенемін.
Кез келген жұмыста, ұжымдық ортада тәртіппен тәлім-тәрбие қатар болмаса, ол жұмыс жемісті жетістік бермейді. Сондықтан да, білікті де білімді басшы өз тарапынан қызметкерлерін ынталандырып отырса, онда күтілетін нәтижеден де артық қорытынды шығуы ғажап емес. «Жай ұстаз хабарлайды, жақсы ұстаз түсіндіреді, керемет ұстаз қалай жасау керектігін көрсетеді, ал ұлы ұстаз шабыттандырады» — деген Улиям Уордтың даналық сөзін сөзге арқау ете отырып, хабарлап, түсіндіріп, не жасау керектігін көрсете отырып ойымызды одан әрі өрбітейік.
Сонымен, сыртқы пікірлер мен бағдарламадағы қарастырған мәселелерді талдай отырып, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіндемесіне төмендегідей ұсыныстар беріледі:
* Ұстаз болу – ұлы игі іс. Ұстаз болуға бейім, педагог мамандығын сүйетіндерді осы мамандыққа тарту жүйесін жасау.
*  Педагог өз халқының, елінің патриоты болуы керек;
* Мұғалім мамандығының жоғары әлеуметтік және құқықтық мәртебесі (Педагог еңбегін материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін барабар Заңнамалық базасы, жүйесі құрылмаған. Мұғалім құқығы арнайы Заңмен қарастырылып, қоғам алдында азаматтық құқығы қорғалуы тиіс);
* Мұғалім еңбегіне мемлекеттік қолдау көрсету және ынталандыру жүйесі (мұғалімге жылына бір рет болатын «Мұғалім күнінде» ақшалай сыйақы берілсе);
* Әрбір педагогтың біліктілігін дер кезінде арттыру, қайта даярлау курстарынан 3-5 жылда өтуін қаржылай қамтамасыз ету;
* Педагогтердің білім сапасын анықтауда жүргізілетін мониторинг, рейтинг жұмыстарын жетілдіру, бағалау критерийлерін нақтылау;
* Аттестациялау мен мониторинг кезінде қоғамдық және көпшілік пікірлерін ескеру;
* Нәтижесіне қарай төлем жүргізу, жетістігіне қарай айлық төлеу секілді заманауи еңбек ақы формасына көшу;
* Әр пән мұғалімінің өз пәні бойынша сабақ беруін қамтамасыз ету;
* Педагогтардың кәсіби беделін көтеру мақсатында қоғамдағы педагогтің имиджін қалыптастыру шараларын, жұмыстарын тиімді, жоспарлы ұйымдастыру;
* біліктілікті арттырудың талаптарын жеңілдете қарастыру (мысалы: жол қаражатын дер кезінде төлеу, біліктілікті арттыру орталықтарының жылдық жоспары алдын ала берілсе, екі апталық (үш айлық) курсты дәріскерлер сол ауданға барып оқытса);
* Қазақстанда әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-де және одан да үлкен. Ұлағатты ұстаз жас маманға тәлімгер болып, іс-тәжірибесімен бөлісіп, бағбандай баулуы тиіс. Жылына бір рет «Жас маман және ұлағатты ұстаз» атты байқау өткізілсе. Жүлделі орын және сыйақы тағайындалса мектеп ұжымы үшін де мақтаныш болары сөзсіз.
* Ұстаз мәртебесі, беделі жөнінде республикалық, облыстық, қалалық (аудандық) деңгейде Тамыз кеңесінде жеңіл-желпі қаралып қана қоймай, нақты шешім шығарылуы тиіс;
* Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған мамандарға қосымша жәрдемақы төлеу;
* Жылына баспанасы жоқ жалдамалы пәтерлерде жүрген педагогтарға, яғни, жоқ дегенде 50 мұғалімге тұрғын үй берілуі тиіс немесе тұрғын үй алу үшін ұзақ мерзімге жеңіл пайызды несие берілуі тиіс. Басында баспанасы бар педагог-мұғалімдер еліне адал қызмет етеді;
* Жылына екі рет (диагнозына байланысты) тегін медициналық тексеруден өтуіне мүмкіндік беру;
* Жасы қырықтан асқандарға 50% жеңілдік коммуналды шығындарды өтеуге жеңілдіктер берілсе екен;
* Мұғалімдерді шетелде оқыту және кәсіби құзыреттілігін дамыту жұмыстарын одан әрі өркендетіп, шетелге шығуына мүмкіндік туғызу;
* ЖОО-на берілетін білім беру гранттарына біліктілікті арттыру орталықтарының жастарын, оқығысы келетін талапкерлер деңгейін бағалаудың талаптарын қайта қарау,
Осындай педагог кадрлардың еңбегіне қолдау мен ынталандыру шараларын жүзеге асырсақ мұғалім иығындағы әлеуметтік ауыртпашылығы сәл де болса жеңілдеп қалар еді. Мұғалім жолдастардың беделі биік боларына еш талас жоқ болар еді. Жеңілдіктерге, жүлдеге кім қызықпайды?
Мектепте білім берудің ең үздік жүйесінің тәжірибесі келесі үш фактордың шешуші рөл атқаратынын растайды:
1) Лайықты адамдар ғана мұғалім болуы тиіс;
2) Олар оқытушылық қызметтің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін дайындықтан өтуі қажет;
3) Әрбір оқушы сапалы білім алатындай жағдайды қамтамасыз ету қажет.
Сондықтан, барша халық болып, мұғалімнің хал-жағдайын жақсартып, мүддесін ел болып, қоғам болып қорғайық, халайық!

Нарсеитова Фатима Серикбайқызы. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы

kazbilim.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА