Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Жұлдыз Сүлейменова қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасы бойынша алшақтыққа қатысты пікір білдірді.
«Елімізде 7500 мектеп бар, оның 6000-ы – ауылдық мектептер. олардың 4000-ы – толыққанды 1200-ден 3600 балаға дейін оқитын ірі ауыл мектептері. 2000-ы – шағын мектептер. Қалған 1500 мектеп – қаладағы мектептер. Біздегі үлкен мәселе – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасы бойынша алшақтық. Оны жою – кешенді күрделі мәселе. Білім саласына салынған инвестиция, осы саладағы реформалар бүгін-ертең немесе 1 апта, 1 жыл көлемінде нәтижесін бермейді. Бұл – ұзақ процесс. Бірақ мен айтқан кешенді мәселелер қолға алынды. 2019 жылы Мемлекет басшысы Президент болып сайланғаннан кейін Тамыз кеңесіне барды. Сонда барып, мұғалімдердің алдында уәде берді. «Ұстаздардың жалақысын көтереміз, заң қабылдаймыз» деді. Сөйтіп, Парламент қабырғасында 10 жылдан астам уақыт бойы жатқан Педагог мәртебесі туралы заң 2019 жылдың желтоқсан айында қабылданды», — дейді Жұлдыз Сүлейменова.