13.06.2024

Ақтөбеде мектеп түлегі жусаннан парфюмдік иіс жасап шықты

№78 орта мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» үміткері Элла Бекова өз ұстазымен бірге жусаннан парфюмдік иіс жасап шықты. Екі жылдық еңбегінің жемісін көпшілікке таныстырып, халықаралық конференцияда оқу грантын да жеңіп алды.

Элла Бекова бүгінде болашақ мамандығын таңдап қойған түлек. Ол медицина саласын құп көріп отыр. Жас түлек дәрігер болуды армандап, осы салаға бейімделе бастағанда бірнеше зерттеу жұмысын жүргізуді жөн көрді. Оған сынып жетекшісі Жаннұр Бақытжанқызы қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды.

Элла Бекова
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

– 2022-2023 жылдары жусаннан эфир майын алу әдісін ойлап таптық. 2023-2024 оқу жылдары әрі қарай дамытып, парфюмдік иіс алдық. Біздің елімізде бұл сала кенжелеп қалған. Сондықтан өз брендімізді қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын. Біз әйелдерге де, ерлерге де парфюмдік иіс табамыз деп үміттенемін. Қазір біздің қолымызда ерлерге арналған иіс бар, – деді Элла Бекова.

Жас зерттеуші әуелі жусанды теріп алады. Кейін одан гербарий жасап, гүлі мен жапырағын бөледі. Гүлін шыны ыдысқа салған соң екі ас қасық күнбағыс майын құйып, бір қасық спирт, лимон шырынын қосады. Осы қоспаны күн сәулесі жоқ жерге екі апта сақтайды. Кейін негізгі шикізаттан бөлінген сұйықтықты сүзіп алып, эфир майын шығарды.

– Зерттеудің екінші сатысында парфюмдік иісті ойлап таптық. 5 мл эфир майына 2,5 мл этил спиртін құйдық. Түрлі өсімдікті пайдаланып, сынақ жүргіздік. Соңында қалампыр мен райхан гүлін кептіріп, соны қосып, бекіттік. Нәтижесінда осындай парфюмдік иіс сүзіліп алынды. Алдағы уақытта зерттеуді әрі қарай дамытып, өңірлік, отандық брендке айналдырғым келеді. Атауын «Жусан» деп қойдық. Әртүрлі байқауға жобаны ұсындық. 2023 жылы жас ғалымдар фестивалінде бас жүрде алдым. Қырғызстанда өткен байқауда 1-орын алып, оқу грантын иелендім, – деді Элла Бекова.

Ғылыми зерттеу жобасының негізгі тақырыбы – дәрілік өсімдіктерден эфир майын алу. Негізгі жұмыс 2021-2022 оқу жылында жүргізілді.

– Жусан қолжетімді, өзімізде өседі. Эфир майын алған соң әрі қарай жобаны дамытуды қолға алдық. Парфюм иісін алып көру үшін көп өсімдіктен гербарий жасалды. Алғашында сәтсіздіктер болды. Гербарий жасау кезінде өсімдіктің толық өскенін күтеміз. Оны кептіріп, кітапханаларға барып, анықтау жұмысы жүрді. Кейін эфир майына қосып, күттік. Соңғы тәжірибеде қалампыр мен райхан гүлі нәтиже берді. Ғылыми жұмыста қиындықтар болады. Ол үшін Қ.Жұбанов атындағы АӨУ оқытушы-ғалымдарымен ақылдастық. Зертханасына барып, қарапайым тәжірибе өткізу жолын білдік,- деді №78 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Жаннұр Бақытжанқызы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА