-9 C
Нур-Султан
22.03.2023

Семейлік оқушы ауыз су мәселесін шешудің тиімді тәсілін ойлап тапты

Қазақстандық дарынды оқушылар мен студенттер еліміздегі экология мәселесін шешудің тың әдістерін ұсынды. Бес қаладан іріктеліп алынған жобалардың арасынан семейлік оқушының ұсынысы топ жарып, 12 жобаның ішінде үздік атанды.

«Eco Network» ұйымы ұйымдастырған республикалық экобайқауға Алматы, Астана, Қостанай, Семей жән Ақтау қалаларынан 45 жоба түскен. Олардың арасынан іріктеліп алынған 12 бастама сайыстың ақтық кезеңіне жолдама алды. Бұл тұста мектеп оқушылары, университет пен колледж студенттері ұсынған жобалардың ішінде қалдықтарды қайта пайдалану және баламалы энергия көзіне көшу бойынша бастамалар мен ауылдық жерлердегі, шалғай елді мекендердегі ауыз су және жылу сияқты мәселелерді шешуге бағытталған ауқымды жобалар да болды.

«Ересектерге қарағанда балалардың экология мәселелеріне қызығушылығын ояту әлдеқайда оңай екені белгілі. Мәселен, 10 ересектің ішінен тек біреуі ғана осы проблемаға көңіл аударса, 10 баланың жартысына жуығы әрі қарай бұған қызығып кетеді. Бұл – біздің зерттеуіміздің статистикалық мәліметі. Сондықтан да, бұл жолы біз байқауды жасөспірімдер арасында өткізуді жөн көрдік. Бірнеше апта ішінде ұйымдастырушылар ең тартымды, ең тиімді деген 12 жобаны іріктеп алды. Олардың арасында жемістерді баламалы энергия көмегімен кептіру аппараты сынды технологиялық жобалар да, экосөмке, қайта өңделген қағаздан дайындалған қойын дәптерлер секілді маркетингтік ұсыныстар да бар», — дейді «Eco Network» платформасының негізін қалаушысы және қазылар алқасының төрағасы Евгений Мухамеджанов.

«Ең бастысы, байқаудың жеңімпаздары ақшалай сыйлық алып қана қоймай, алдағы уақытта өздерінің экологиялық бастамаларын жүзеге асыруды аяғына дейін жеткізу үшін тәлімгерлердің қолдауына жүгіне алады», — деп қосты ол.

Байқау нәтижелері бойынша қазылар алқасының шешімімен семейлік оқушының өнертабысы үздік атанды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Тоғжан Ниязбек конденсация әдісімен ауадан су жинау құрылғысын ойлап тапқан. Бүгінде оның жобасына жергілікті әкімдік те қызығушылық білдіріпті. Жас өнертапқыш әрі қарай жұмысын жалғастыру үшін 300 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.

«Осындай мұнараларды орнату арқылы біз елді мекендердегі ауыз су мәселесін шеше аламыз. Ең бастысы, құрылғы толығымен денсаулыққа зияны жоқ экологиялық материалдардан жасалған. Қазір мұнараның прототипі Семейдегі мектебімізде тұр. Әрбір адам оның көмегімен ауадан су жинау расымен мүмкін құбылыс екенін өз көзімен көре алады. Құрылымы қарапайым бір мұнарадан тәулігіне 50-ден 100 литрге жинауға болады», — дейді оқушы.

Сонымен қатар, екінші орынды еншілеген «Reveco» жобасының авторлары 150 000 теңге еншілесе, үшінші орынға табан тіреген жеміс-жидек пен көкөністерге арналған «Гелиокептіргіш» жобасының құрастырушылары 100 000 теңгеге ие болды.

Айта кетсек, бүгінде 100-ден аса ұйым – ECO Network қозғалысының мүшесі. Оның ішінде Jusan Bank балалар арасында өтіп жатқан эко-байқауға демеушілік етіп қана қоймай, экологиялық бастамаларға білек сыбана қатысып отыр.

«Мұндай экологиялық жобалардың, әсіресе балалар арасында маңыздылығы жоғары. Себебі, балалар – біздің болашағымыз, олар өсе келе қоғамды және экологияны қорғау мәселесіне қоғамның көзқарасын өзгерте алады. Міне, сондықтан біз осы байқауды қолдап отырмыз. Банк – өз тарапынан жобалардың демеушісі ғана емес, экологиялық қозғалыстың белсенді қатысушысы. Бұл ретте біз кеңселерде енгізген қоқысты сұрыптау жүйесін атап өткім келеді. Осылайша, банк өз қызметкерлерін де табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулиды. Одан бөлек, Jusan биыл көміртек ізін есептеп шығарды және алдағы жылдары ол көрсеткішті төмендетпекші. Өз кезегінде біз бүкіл қазақстандық қоғамның орнықты дамуы мақсатын көздейтін серіктестерімізді қолдауға әрқашан дайынбыз», — дейді Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова.

Сонымен қатар, шара барысында экологиялық тақырыпқа арналған түрлі шеберлік сағаттары мен байқау демеушілері ұсынған сыйлықтардың ұтыс ойыны өткізілді.

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Мотивация беретін үздік 5 фильм

Кей кезде ойлаған арманың мен мақсатың орындалмаған кезде барлығынан шаршап кетесің,  сол кезде мотивация іздейсің. Арманыңыз бен мақсатыңыдан бас тартпай, әрі қарай да армандай...

Оқушылар арасында математика-жаратылыстану бағытында республикалық олимпиада өтіп жатыр

20-25 наурыз күндері Шымкент қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша республикалық олимпиада өтеді, деп хабарлады «Дарын» РҒПО мамандары. Бұл -  математика, физика, химия, биология, география...

Мемлекет басшысы Наурыз мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. "Наурыз...

«Алаштану» және «Тұлғатану» пәндері енгізіледі

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында халықтың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін ояту мақсатында атқарылатын жобалар туралы баяндады. "Халықты...

Шетелдік ғылыми тағылымдама: өзгерістер мен жаңартулар

Білімде шекара жоқ. Қазіргі таңда оқимын, білімімді шыңдаймын деген дарынды жастардың кез келген елге барып, тең дәрежеде білім алуына толық мүмкіндігі бар десек қателеспейміз. Президент...