13.06.2024

Президенттен алған марапат мерейімді өсірді – ұстаз Пернебай Арынов

Сауран ауданы Қосмезгіл елді мекенінде орналасқан Қызыл әскер орта мектебінің мұғалімі Пернебай Арынов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін алды. Бұл ауыл мұғалімінің абыройын арттырып, мерейін өсірді.

Бүгінде ұлағатты ұстаз таққан «Шапағат» медалін қызықтап көрушілер көп.

Ауылдың атын шығарып, абыройын арттырған азаматтың есімін жерлестері де мақтанышпен айтып отыр.

Ал, шапағаттың шарапатына бөленген ұстаз бұл марапат еңбекті еселей түсу үшін серпіліс сыйлағандығын жеткізді.

«Бұл тек қана менің ғана марапатым емес, барлық Түркістан облысының ұстаздарының еңбегінің бағасы деп білемін. Еңбек ер атандырады деген осы болар» – дейді ол.

Пернебай Арынов 2001 жылдан бері Қызыл әскер жалпы орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді.

Ауыл мектебінің әлеуетін арттырып, шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде жеткен жетістіктері көп.

ҰБТ-дан үздік шыққан оқушылары бүгінде еліміздің беделді оқу орындарында оқып жүр.

Одан бөлек, оқытқан балалары аудандық, облыстық, тіпті республикалық білім бәйгесінен жеңімпаз атанған.

Өзі де жиі жиі білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып отырады. Байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленген кездері көп.

Мәселен, «Үздік география алаңы» қалалық байқауынан 3-орын, қалалық пән мұғалімдер олимпиадасынан 1-орынды жеңіп алған ұстаз ҚР Білім және Ғылым министрлігі «Құрмет» грамотасымен марапатталып, «Ең үздік мұғалім» атанған.

Сондай-ақ, аудан әкімінің, «Аманат» партиясының алғыс хатын иеленді. Еңбек жолында бірнеше мақаласы қалалық және республикалық баспасөз беттерінде жарияланды.

«Ел үшін еңбек етіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп жүргенімді мақтан тұтамын. Президентіміздің жыл сайынғы жолдауларына сәйкес қазіргі таңда мұғалімдердің жалақысы өсіп, мәртебесі артып келеді. Білімге деген көзқарас та оңалды. Ұлы Абай атамыздың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – деген сөздері бүгінгі күні де маңызын жоғалтпаған. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы жолында жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар үшін Президентімізге алғыс айтамын» – дейді Пернебай Сапарбайұлы.

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА