17 C
Нур-Султан
26.09.2022

Білім саласын толық отарсыздандырмай, ойы азат ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес – Аятжан Ахметжан

Kazunite тілшісі Қазақстандағы орта білім беру жүйесін отарсыздандыру мәселелері бойынша ұлттық мектеп жобасының авторы, химия ғылымдары бойынша PhD докторанты, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының директоры Аятжан Ахметжанмен сұхбат құрды.

– Аятжан мырза, шетелдік сарапшылар Қазақстанда тәуелсіздік алғаннн кейін деколозинация, яғни отарсыздандыру жарты жолда тоқтап қалғанын жазып жатыр. Отарсыздандыруда баса мән берілетін бір сала – білім саласы. Сіздіңше, Қазақстанда білім саласы қаншалықты отарсыздандырылды? Қазақстандағы білім құралдары “Кремльдің ықпалынан” арылды ма?

– Иә, білім саласы, оның ішінде орта және жоғары білім саласында отарсыздану толық жүрмей, шынайы тәуелсіз ұрпақ тәрбиелу мүмкін емес. Өкінішке қарай бізде отарсыздану жүрген жоқ. Әлі күнге мектепте орыс тілі мен орыс әдебиетінің оқытылуы – соның нақты дәлелі.

Әлем әдебиетінен тек орыс әдебиетін оқитын елдің білім саласының отарсыздануы туралы әңгіме айту қиын шығар. Бізде бұған биыл ғана мән беріліп жатыр. Енді 2024 жылдан бастап орыс тілі «әлем әдебиеті» деп оқытылатыны айтылды. Бірақ мүмкін бе, мүмкін емес пе, ол уақыт таразысында.

Одан тыс оқулықтың біразы орыс оқулықтарының көшірмесі деңгейінен әлі қатты алыс кеткен жоқ. Отандық оқулықтар жасалғалы неше жыл болса да, біз алысқа ұзаған жоқпыз. Себебі билік ұлттық бағытқа қадам жасауын екі мыңыншы жылдың басында тоқтатқан. Ал 2014-2015 жылдан кейін орысқа жақындап барамыз.

– Ресей – біз үшін шет ел болғандықтан, орыс әдебиетінің «шетел әдебиеті» ретінде оқытылуы заңды ғой. Жүзеге асатын шығар деп үміттенеміз. Ал елде жалпы аз ұлттардың тіліндегі мектептер мен мемлекет құраушы халықтың тілі – қазақ тіліндегі мектептердің оқулықтарындағы идеология бір-біріне үйлесе ме? Жат «пропаганда» жоқ па?

– Аз ұлттар мектебін екіге бөліп қарастыру керек болар. Біріншісі – орыс тіліндегі мектептер. Ол мектептер үшін, өкінішке қарай Қазақстанның тәуелсіздігі аса маңызды болмай тұр. Орыс мектептеріндегі оқушылар болашағын көбіне Ресеймен байланыстыратыны байқалады. Ал оқу материалдары ретінде Ресей материалдарын қолданатын мектептер де көп. Тіпті, қазір мұндай жеке мектептер де көптеп ашылуда.

Басқа ұлттардың тілінде оқытатын мектептерге келсек, олардың оқулықтарында аса көп идеологиялық мәселе де, «пропаганда» да жоқ. Тек мектептің ішкі тәрбие жүйесі алаңдатын мектептер бар. Түркістан облысындағы өзбек, тәжік, Алматы облысындағы ұйғыр, Жамбыл облысындағы дүнген мектептері соны көрсетіп отыр қазіргі таңда.

– Біраз жылдар бұрын Түркістан қаласында бір мектепте “біздің Президентіміз” деп Өзбекстан Президентінің суретін іліп қойғаны, оны әкімшілік байқап қойып, дереу алдырғаны жөнінде жазғанбыз. Қазір Қазақстандағы аз ұлттар тіліндегі мектептердің оқулықтары мазмұны жағынан бақылана ма? Қазақстандағы балалар ұлтына, тіліне қарамастан, «Қазақстан азаматы» деген құндылықты сіңіріп өсуі қажет. Әлде өзбек мектептері Өзбекстанда шыққан, орыс мектептері Ресейде басылған оқулықтарды оқып, сол елдің отаншылдығын қабылдап өсіп жатыр ма?

– Кейбір орыс мектептері, әсіресе, жекеменшік мектептер Ресейде басылған оқыту құралдарын пайдаланатынын жаңа айттым. Ал басқа өзбек, ұйғыр, тағы басқа тілдердегі мектептерге келсек, ол мектептерде бірінде діни уағыз көп, бірінде әсіреұлтшылдық бар. Отаншылдық пен бірлік туралы айту қиындау. Кейбірі тіпті өздерінің жеке туын жасап, жеке тәртіп орнатқысы келетіні тағы бар. Осы алаңдатады.

– Статистикалық деректер, әсіресе, шетелдік әлеуметтанушылар Қазақстанның қазақтануы 2014 жылға дейін жақсы жүргенін айтады. Біз қазір аз ұлттардан бөліп қарап отырсақ та, орыстар Қазақстанда азшылыққа айналғаны анық. Ол – табиғи процесс. Алайда 2021 жылы Қазақстанның шетелде оқып жатқан студенттерінің 80 пайызы Ресейде оқып жүргені көрсетілген. Ресейдің өзінің пост-кеңестік ел ретінде жаңарудан өтпегенін білеміз. Біздің білімқұмар азаматтардың сонда да Ресейге барып оқитыны неден?

– Әрине, Ресейде оқитындар көп. Себебі орыс тіліндегі сыныпта білім алатындар ел оқушыларының 30% шамасын құрайды. Оларға Қазақстандық университеттер қызық емес. Екіншіден, Ресейдің теларнасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының «пропагандасы» қатты жүріп тұр. Тәуелсіздік алсақ та, бұған тосқауыл қоюды ойламадық. Сондықтан Ресейдің «пропагандалық» телеарналары мен басқа да ақпарат құралдарының жетегінде кетіп жатқан халық көп. Үшіншіден, Ресей университеттері біздің анау Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау облысына дейін барып үгіт жүргізеді. Гранттар көп бөледі. Олардың Қазақстанға бағытталған жұмысы өте қатты жүреді. Осының бәрі Қазақстан азаматтарының Ресейде оқуының ең басты себептері деп ойлаймын.

– Биыл қанша жас Ресейге оқуға түскені жайлы әзірге көрсеткіш жоқ. Сіздіңше, Ресейдің Украинаға соғыс ашуы және шекаралас жатқан пост-кеңестік елдерді қайтадан Кремль төңірегінен, орталықтан басқару, билеп-төстеу ниетін ашық білдіріп отырғаны Ресейде оқуға деген ұмтылысты өзгертті ме?

– Өзгерткен жоқ. Олардың саны қазірге азаймайды. Себебі біздің орыс тілді қоғам орыс «пропгандасына» уланған. Олардың жалғыз ақпарат көзі – орыс «проапагандасы». Соның жемісі қазірге өзгермейді.

– Жастардың Ресейде оқығаны Қазақстан үшін қандай пайда және қандай зиян әкелуі мүмкін?

– Жастардың Ресейде оқуы агрессиялық елде білім алуы – трагедия. Ресейде ғылым да жоқ, білім де жоқ, соңғы 40-50 жылда ашқан жаңалығы да жоқ. Бірақ сананы улайтын идеологиясы қатты. Ал ондай елде білім алу сол кеңестік идеологиядан алыстамайды.

– Сіздіңше, шетелде оқығысы келетін жастар қай елдерге барып оқуы керек?

– Шетелде оқығысы келетіндер үшін мен көбінде Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа мен Америка құрлығын ұсынар едім. Ғылым қайда, жастар сонда оқуға талпынуы керек.

– Қазақстанда әлі де болса кейбір оқулықтарға реформа қажеті айтылып жүр. Сіздіңше, қандай оқулықтар өзгертілуі керек?

– Бізде оқулықтар ұлттық бағытта бұрылуы керек. Қазақтың арғы-бергі танымына жақындау керек. Нағыз ұлттық оқулықтар жасалуы керек.

– «Ұлттық оқулық» деген қандай оқулық, ашыңқырап жіберсеңіз.

– Ұлттық оқулық деген жұрттан аударма емес, бірден қазақ тілінде, көшірусіз жазылған, ұлттың құндылықтары әр мазмұнның астарында анық көрінетін, төл оқулық. Ондай оқулықты жазу үшін не істеу керек екенін де он жылдан бері айтып келеміз.

– «Қажетсіз пәндер көп» дегенді жиі айтамыз, қандай пәндер алынып тасталып, қандай пән қосылуы қажет?

– Маған салса, орыс тілін, орыс әдебиетін алып тастар едім. Орнына әлем әдебиеті пәні енуі керек. Қазақ баласы әлемнің жауһар туындыларымен сусындауы керек. Түркі әлемінің, туысқан ұлттар әдебиетінен нәр алуы керек. Ал орыс тілі мен әдебиеті осы қатарда шет тілі ретінде ғана оқытылса болады. Одан тыс жаратылыстану бағыттағы ғылымдағы қасаң теориядан қолданбалы бағытқа бұрылуы. Мектептің оқу бағдарламасы өндіріске жақындауы керек.

– Мысалы?

– Мысалы, роботжасау секілді пәндер енгізілуі керек. Зертханаларды дамытып, практикалық дүниелерге мән берілуі қажет. Біздің балаларымыз білімді болып өсуі үшін оларға қажетсіз сабақтарды оқыта бергенше, болашаққа қажет білім беру керек.

– Ұлттық мектеп ашып, әсіресе, солтүстік облыстардан ұлттық білім орындарын ашып жатқаныңыз қуантады. Баласын орысша оқытқысы келетін ата-аналардың ұлттық мектепке қызығушылығын ояту үшін қандай ерекше қадам жасап жатырсыздар?

– Ұлттық мектептерде ең бірінші, мектептің ішкі-сыртқы келбеті, пән мазмұны ұлттық құндылықтарға баса мән беріп отырмыз. Бұл жерде басты дүние толық кешенді жұмыс жүргізу аса маңызды. Жалпы біздің ең басты ерекшелігіміз білім сапасының жоғарылығы мен бағдарламаның ұлттық тәрбиеге негізделуінде. Бұл жайлы тәптіштеп айтсам, ұзақ әңгіме болып кетер еді. Бірақ көп ата-ананы қазір дәл осы білім сапасы мен ұлттық тәрбие беру мәселесі ойландыратыны анық. Біздің мектепетрдің ерекшелігі де осында.

– Сіздердің жобаларыңыз, тәжірибелеріңіз бойынша Қазақстандағы мемлекеттік мектептердің білім жүйесін, оқулықтары мен әдістерін жетілдіруге бола ма?  Ол үшін не қажет?

– Әрине, болады. Біз қазірге дейін 120-дан аса оқу әдістемелік кешенін дайындадық. Кейбір жекеменшік мектептер біздің оқулықтармен оқытып жатыр. Менің дәл қазіргі арманым – қазіргі бастаған ұлттық мектеп моделімді толық аяқтау. Егер кедергілерден аулақ болып, санамдағы ұлттық мектеп моделін толық іске асыра салсам, орда еліміздің, ұлтымыздың білім саласына үлкен төңкеріс болар еді. Бұл ең алдымен тәуелсіз елдің болашағы үшін керек. Ұлт ретінде қалыптаспай, мына елдің ертеңін жарқырату мүмкін емес.

Біздің ұлттық мектептер – ұлттың келешегі үшін керек жоба. Өкінішке қарай, не мемлекеттен, не жекелерден еш қолдау көре алмай отырмыз. Арманымызды орындауға әліміз жетпей жатқан жағы бары жасырын емес. Бірақ сонда да тайсалмай еңбектеніп, ойымыздағы идеяны толығымен жүзеге асыруға ұмтылып келе жатырмыз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен Нәзира БАЙЫРБЕК

-ЖАРНАМА-

Пікір қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -

СОҢҒЫ ЖАЗБА

Мектепте оқушылардың ұялы телефон қолдануына тыйым салуға бола ма – министр жауабы

Мектепте оқушылардың ұялы телефонды қолдану немесе оған тыйым салу шешімін білім ордасының қамқоршылық кеңесі шешеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде оқушылардың сабақ кезінде гаджеттерді ұстауына...

10-11 сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағаты көбейеді

10-11 сынып оқушылары үшін ағылшын тілі пәнінің сағатын көбейту жоспарланып отыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай мәлімдеді. «Математика, физика, химия,...

Министрлік «Өзін-өзі тану» пәнін ресми түрде алып тастауды ұсынды

Оқу-ағарту министрлігі «Өзін-өзі тану адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының күшін жою туралы» бұйрықты ашық талқыға шығарды. «Өзін-өзі тану адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасын бекіту туралы туралы» ҚР...

Шымкентте АИТВ жұқтырған балалардың жоғары білім алуына көмектесеміз – Ғылым министрі

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2006 жылы Шымкентте абайсызда Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырған балаларды кездесуге шақырды. «2006 жылы Шымкентте 80-ге...

«Үздік педагог» байқауына өтінім қабылдау 25 қыркүйекке дейін ұзарды

«Үздік педагог-2022» байқауының бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды қабылдау тағы 3 күнге ұзартылды. Яғни қазақстандық мұғалімдер 2022 жылғы 25 қыркүйекке дейін құжат тапсыра алады....