19.05.2024

Астана маңындағы Қосшы қаласында мектеп тапшылығы қашан шешіледі

Елорда іргесінде орналасқан Қосшы қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық шешіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың Қосшыға жұмыс сапары барысында айтылды.

Вице-премьер атап өткендей, 2019 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қосшы қаласын одан әрі дамыту, оның ішінде үш ауысымды мектептер мәселесін шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қазіргі уақытта қала халқының саны шамамен 65 мың адамды құрайды. Бұл облыстық маңызы бар қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Бұл ретте халықтың жыл сайынғы өсуі әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсіреді.

Қалада жобалық қуаты 3,7 мың орындық 3 мектеп жұмыс істейді. Алайда, қазір оларда 6,8 мың оқушы білім алады. Орын тапшылығы 3,1 мың орынды құрайды. Үш ауысымды оқытуды жою үшін 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Мәлім етілгендей, биылғы 1 қыркүйекте жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 77% төмендетуге мүмкіндік береді.

Е. Тоғжанов 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысын жеделдетуді тапсырды, оны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл мектеп «Лесная поляна» тұрғын алабында орналасқан негізгі мектепке жүктемені азайтады, онда 4,6 мың бала оқиды (жобалық қуаты 2,4 мың орын). Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Премьер-Министрдің орынбасарына келесі жылы тағы 2 мектеп іске қосылатынын, оның біреуі жеке инвестиция есебінен салынатынын хабарлады.

Қосшы қаласының мектептерінде үш ауысымды оқыту мәселесі 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін толық шешілетін болады.

«Мемлекет басшысы оқу орындарында жайлы жағдай жасауды тапсырды. Оны іске асыру үшін Үкімет үш ауысымда оқытатын мектептерде екі ауысымдық оқыту форматына көшу мәселелерін шешуде. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында мәселе өз шешімін табады», — деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары жаңа қала тарихындағы бір ауысымда 100 адам қабылдайтын бірінші заманауи қалалық емханада болды. Ол 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі және оның ашылуын қала тұрғындары асыға күтуде. Емхана заманауи медициналық және зертханалық жабдықтармен жабдықталған және дәрігерлермен, медбикелермен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар вице-премьер полиция бөлімінің жаңа ғимаратындағы қауіпсіздік және құқық тәртібін қорғауды мониторингілеу жүйесімен танысты. Жаңа полиция корпусы барлық қажетті жабдықтармен, соның ішінде бақылау және тәртіптің сақталуын бақылау мониторларымен жабдықталған.

Сапар қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов Ақмола облысының әкімдігіне Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, мектеп пен емхананы педагогикалық және медициналық персоналдармен толықтыруды аяқтауды, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау объектілерін қажетті жабдықтармен және мүлікпен толық жарақтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Фото: primeminister.kz

-ЖАРНАМА-spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

- ЖАРНАМА -spot_img

СОҢҒЫ ЖАЗБА